Елордада «Өрлеу» БАҰО-ның Қалалық филиалы – Кәсіби даму институты ресми түрде жұмысын бастады. Ашылу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жаңа кеңістіктің мүмкіндіктерімен танысты.
«Өрлеу» БАҰО-ның Астана қаласындағы жаңа филиалының директоры болып Ерлан Қалмақов тағайындалды. Ол әр жылдары ішкі және жастар саясаты салаларында еңбек етіп, Қостанай облысының мәдениет және дін істері жөніндегі басқармаларын басқарған. 2024–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры қызметін атқарды.
Институтта жобалық және зерттеушілік оқыту, STEM және пәнаралық оқыту, оқу және кәсіби даму кабинеттері, «Ыбырай Алтынсарин» кабинеті мен дыбыс жазу студиясы жасақталған.
Филиал жұмысының негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект пен STEM технологияларын педагогтердің тәжірибесіне енгізу. Жергілікті сервер, VR-жабдықтар мен 3D-принтер мұғалімдерге жаңа технологияларды теория жүзінде ғана емес, тәжірибе барысында меңгеруге мүмкіндік береді.
Ашылу рәсімі педагогтермен өткен «Кәсіби диалог» алаңымен жалғасты. Кездесуде кәсіби даму, білім сапасын арттыру және мұғалімдерді қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды.