Бүгін елордада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген отырысы өтті. Оның жұмысына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, министрлік өкілдері, білім басқармаларының, бағынышты ұйымдардың басшылары, педагогтер, сарапшылар және білім беру жүйесінің өзге де қызметкерлері қатысты. Отырысқа қатысушылар мектепке дейінгі, орта, кәсіби және техникалық, инклюзиялық білім беру салаларын жан-жақты талқылады. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева кадрлық әлеуетті нығайту, педагогтердің аттестаттаудан өтуін жетілдіру, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелеріне тоқталды.«Елімізде мықты кадрлар құрамын қалыптастыру мақсатында «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы іске қосылды. Жыл басынан бері 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Педагогтердің аттестаттаудан өтуі Ұлттық платформа базасында автоматтандырылуда. Бұдан былай педагогтің қызметі туралы мәліметтер оның жеке кабинетінде жинақталатын болады», - деді Наталья Жұмаділдаева. Алқа отырысында сондай-ақ, оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан білім беру инфрақұрылымын дамыту, мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елімізде 85 мектеп ашылды. Жыл соңына дейін 132 мың орындық 154 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. «Мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда министрлік білім беру ұйымдарына лицензиясы мен тәжірибесі бар күзет қызметтерін тарту, жабдықтарды жаңарту және меншік түріне қарамастан барлық білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету бойынша бірқатар нормативті құқықтық актілерді әзірледі», - деді Еділ Оспан. Сонымен қатар, алқа отырысында цифрландыру мәселелері де қаралды. Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясовтың айтуынша, министрлік мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қоюдың бірыңғай базасын енгізу және оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда оқулықтардың 93% цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқу-әдістемелік жинаққа енгізілді. «Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және орындарды бөлуде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында балаларды кезекке қоюдың бірыңғай базасы енгізілуде. Қазіргі уақытта балабақшаларға кезекке қою мен орындарды бөлудің іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Пилоттық жоба сынақтан өтіп, бекітілгеннен кейін ол барлық ел аумағында қолданысқа енгізілетін болады», - деп атап өтті Айбат Ілиясов. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев іс-шараны қорытындылай келе, межеленген жоспарларды жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. «Мемлекет педагог мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды, білім беру жүйесін дамыту бойынша барлық міндеттемелерін орындауда. Біздің басты міндетіміз – әрбір баланы сапалы біліммен, саналы тәрбиемен қамтамасыз ету. Бұл білім беру жүйесінің әрбір саласының үйлестірілген жұмысына тікелей байланысты», - деді оқу-ағарту министрі. Айта кетейік, бүгінде білім беру жүйесінде 22 мыңнан астам ұйым, 500 мың мұғалім және 6 миллион бала бар.
Скачай приложение iTest
Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате