Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Новости

АҚТӨБЕДЕГІ БАТЫС ӨҢІРІ ДИРЕКТОРЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫНДА БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының 1200-ден астам мемлекеттік мектеп директорлары, білім бөлімдері мен басқармаларының басшылары «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» форумында бас қосты.

Smart Bilim мектебінің базасында олар үшін диалог алаңы ұйымдастырылып, жиынға қатысушыларға білім беру саласындағы бақылау және мониторинг шараларының қорытындылары және биылғы жылға арналған жоспарлар туралы айтылды.

TEDx форматындағы интерактивті сессияға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Ведомство басшысы педагогтерді толғандырған сауалдарға жауап беріп, білім беру сапасын одан әрі арттыруға негізделген бес негізгі бағытқа тоқталды. Атап айтсақ: білім берудегі менеджментті нығайту және басшылардың кадрлық резервін қалыптастыру, педагогтарды даярлау және қайта даярлау тәсілдерін жетілдіру, оқу бағдарламаларын жаңарту, инфрақұрылымды кешенді жақсарту, сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау.

«Білім жүйесіндегі кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мықты менеджерлерді іріктеу және даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы басталды. Іріктеудің барлық бес кезеңінің қорытындысы бойынша Республикалық кадр резервіне 208 кандидат өтті. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби даму жүйесі түбегейлі өзгеруде. Ынталандыру мақсатында жұмыс істеп жүрген тәжірибелі топ-менеджерлер «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге 3-6 айлық тағылымдамаға жіберіледі. Педагогтерді қолдау шаралары жалғасады. Осы жылдан бастап білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының жалақысы қайта қаралатын болады», - деді Ғани Бейсембаев.

Форумға барлығы 1200-ден астам білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Олар күні бойы білім сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдады. Сондай-ақ менеджердің басқару құзыреттері, кадрлық әлеуетті дамыту, НҚА қабылдайтын және білім беру саласындағы маңызды бағыттар бойынша тренингтерге қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, барлық өңірді қамту үшін директорлар форумы бес аумақтық бөлімшеге бөлінді. Бұған дейін министр Астана және Алматы қалалары, Түркістан, Алматы, Жетісу, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының мектеп директорларымен кездесулер өткізген болатын. Қорытынды басқосу Шымкент қаласының, Қызылорда және Жамбыл облыстарының білім беру ұйымдарының басшыларымен өтеді деп жоспарлануда

Ссылка на источник: МОН РК