Халықаралық балаларды қорғау күні Алматыда «Жасанды интеллект дәуірі» атты II жас зерттеушілер форумы өтті. Іс-шара еліміздің барлық өңірінен келген 400-ден астам дарынды оқушыны біріктірді. Олардың қатарында республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері бар.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Биылғы кездесу Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығы аясында өтті.
Негізгі тақырып жасанды интеллект дәуіріндегі жас зерттеушілердің рөліне арналды. Оқушылар өздерінің ғылыми жобаларын таныстырып, интеллектуалдық жарыстарға қатысты, академиктермен, жас ғалымдармен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесті.
Ашылу рәсімінде ҚР оқу-ағарту вице-министрі Сергей Компаниец сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытуға, талантты жастарды қолдауға және жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
Оқушылардың ғылымға қызығушылығы артып келеді. Биыл республикалық ғылыми жобалар конкурсының мектепішілік кезеңіне 28 мыңнан астам оқушы қатысып, 24 мыңнан астам ғылыми жоба ұсынды.
Қазақстандық оқушылар халықаралық алаңдарда да жиі танылып жүр. АҚШ-та өткен Regeneron ISEF-2026 ғылыми-инженерлік жобалардың дүниежүзілік көрмесінде Қазақстан оқушылары, оның ішінде жасанды интеллект саласындағы жобалары үшін арнайы марапаттарға ие болды.
Бағдарламаға үздік ғылыми жобалар көрмесі, ғылыми-фантастикалық комикстер конкурсы, интеллектуалдық жарыстар, «Жас Қаныш» республикалық конкурсы, академиктер мен жас зерттеушілердің баяндамалары енді.
Іс-шара оқушылардың ғылыми ойлауын дамытуға, заманауи технологиялармен жұмыс істеуіне және өз идеяларының нақты өмірде қалай қолданылатынын көруіне мүмкіндік береді.