Семей қаласында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кеңес өтті. Оған 200-ге жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының басшылары, бухгалтерлер, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Министр білім беру жүйесінде қабылданып жатқан шаралар мен білім сапасын арттыруға баса назар аударды.
«Министрліктің басым міндеттерінің бірі - білім беру ұйымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту болып қала береді. Мықты басшыларды іріктеу және даярлау бағдарламасы әзірленіп жатыр. Барлығы ашық әрі айқын болу үшін жоғары білікті педагогтер базасын және мектеп директорларының кадрлық резервін құру жоспарлануда», - деді Ғани Бейсембаев.
Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және цифрлық технологияларды қолдана отырып шешу жолдарына тоқталып өтті. Сондай-ақ қазіргі жағдай туралы Абай облысы білім басқармасының басшысы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары баяндама жасады.
Естеріңізге сала кетейік, Министрлік сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында аумақтық бөлімшелер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, әкімдіктер мен мәслихаттар депутаттары және қоғам өкілдерін тарта отырып мониторингтік топтар құрған болатын. Өңірлерде таяу уақытта барлық облыстық білім басқармалары, аудандық, қалалық білім бөлімдерін қамтитын «білім аудиті» басталады.
Кеңес қорытындысы бойынша білім беру саласындағы қазіргі жағдайды өзгертуге қатысты кешенді шаралар қолдану туралы шешім қабылданды. Ол білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу және қаржылық тәртіпті күшейтуге катысты. Айта кету керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда.