Бүгін, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Абай облысында ХХIV республикалық Абай оқулары басталды.Абай мен Шәкәрім кесенелерінің мұражай-кешенінің базасында еліміздің барлық өңірінен 130-дан астам мектеп оқушылары жиналды.Жарысқа қатысушылар «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілімді ұғады», «Жүйрік он жүйрік озар жарысқанда», «Ұлы» атты алты номинация бойынша бақ сынайды. Басты шарт – жарысқа қатысушылар ақындардың барлық шығармаларын жатқа білуі қажет.
Айта кетсек, қазылар алқасы қатысушылардың Абайдың қарасөздерін толық білуі, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай және Мағауия Абайұлдарының шығармаларын жатқа оқуын бағалайды. Сондай-ақ, ақындардың рухани болмысына эссе жазу, шығарма мәтіндерін мәнерлеп айту, толық білуі бойынша бірнеше критерийлер қолданылады.
Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және грамоталарымен, сонымен қатар, естелік сыйлықтарымен марапатталады. Абай Құнанбаевқа арналған шығармашылық байқау үш күнге созылады. Салтанатты марапаттау рәсімі 10 тамызда Жидебайда «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің базасында өтеді.