Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Үстеу, түрлері, емлесі, сөйлемдегі қызметі

Конспект

Үстеу – іс-әрекеттің, қимылдың сындық, сапалық белгісінің сипатын, жай күйін білдіреді. Үстеу грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуге, өзгертуге көп көне бермейді. Үстеу құрамына қарай екіге бөлінеді: 1) дара үстеулер; 2) күрделі үстеулер. Дара үстеулерге негізгі және туынды үстеу жатады.

 

Негізгі үстеулер түбір мен қосымшаға бөлшектенбейді. Мысалы: ерте, тез, жоғары, қазір, жылдам, шапшаң, кеш.

 

Туынды үстеулер екі түрлі жолмен жасалады: 1) жұрнақ арқылы; 2) кейбір септік жалғауларының түбірмен сіңісіп, көнеленуі арқылы.

1. Туынды үстеу жасайтын жұрнақтар:

 

-ша, -ше: құсша, ізінше, балаша, бүркітше, жаңаша, бұлбұлша, жекеше;

-лай, -лей, -дай, -дей, -тай, -тей: осылай, жүрелей, жаздай, күндей, көктей, асықтай, жапырақтай, жұлдыздай, арыстандай, т.б.

-дайын, -дейін, -тайын, -тейін: бұлбұлдайын, бүркіттейін, жұдырықтайын, асықтайын, бүйректейін, тотыдайын, сұңқардайын, жорғадайын, балықтайын, т.б.

-шама, -шалық: соншама-соншалық, мұншама-мұншалық, т.б.

-майынша, -мейінше, -байынша, -бейінше, -пайынша, -пейінше: оқымайынша, үйренбейінше, білмейінше, жаттықпайынша, көмектеспейінше, жүгірмейінше, сөйлеспейінше, сыналмайынша, күреспейінше, т.б;

 

2. Кейбір үстеулер түбірге септік жалғауының сіңісіп, көнеленуінен жасалады:

 

Барыс септіктің көнеленуінен: бекерге (жүрме), ертеңге (дейін), зорға (жетті), босқа (отырма), текке (күлме), т.б.

Жатыс септіктің көнеленуінен: өткенде (айтқан), байқаусызда (жығылды), қапыда (қалды), т.б.

Шығыс септіктің көнеленуінен: төтесінен (айтты), шалқасынан (құлады), т.б.

 

Көмектес септіктің көнеленуінен: кезекпен (сөйлеу), ретімен (айтты).

Күрделі үстеу сөздердің бірігуінен, тіркесуінен, қосарлануынан жасалады: Сөздердің бірігуінен жасалған күрделі үстеулер: қыстыгүні (қыстың+күні), ендігәрі (енді+гіден әрі), бүрсігүні (бұдан+арғы+күн), бүйтіп (бұлай етіп), бүгін (бұл+күн), былтыр (бұдан+арғы+жыл) т.б.

Сөздердің қосарлануы мен қайталануы арқылы жасалған күрделі үстеулер: ертелі-кеш, алды-артынан, бетпе-бет, анда-санда, некен-саяқ, ілгері-кейін, жоғары-төмен, әрі-бері, оқта-текте, т.б.

 

Сөздердің тіркесуі арқылы жасалған күрделі үстеулер: таңертеңнен қара кешке дейін, күні бойы, таң атқанша, ала жаздай, қыс бойы, т.б.

Тілімізде тұрақты тіркестер арқылы жасалатын күрделі үстеулер де кездеседі: қас пен көздің арасында, аяқ астынан, томаға тұйық, құлан таза, т.б.

 

Үстеу мағынасына қарай жеті түрге бөлінеді:

 

1. Мезгіл үстеуі қашан? қашаннан? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың, іс-әрекеттің мезгілін, мерзімін, уақытын білдіреді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: таңертеңнен (қашаннан?) кетті, жазғытұрым (қашан?) келеді, ала жаздай (қашан?) еңбектенді, күні-түні (қашан?) оқыды, т.б.

 

2. Мекен үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің орындалатын орнын, мекенін көрсетіп, қайда? қайдан? қалай қарай? сұрақтарына жауап береді. Мысалы: Тауға қарай (қалай қарай?) өрмелеу, алға (қайда?) жылжыды, ілгері-кейін (қайда?) қозғалды, жоғарыдан (қайдан?) түсті, т.б.

 

3. Сын-қимыл (бейне) үстеуі іс-әрекеттің, қимылдың амалын, тәсілін, сын-бейнесін білдіреді. Сұрақтары: қайтіп? қалайша? қалай? кімше?

Мысалы: Ақырын (қалай?) жүгірді, қазша (қалайша?) қаңқылдады, бекерден-бекер (қалай?) отырма, балаша (кімше?) мәз-мейрам болды, бүркіттейін (қалайша?) шүйілді, қолма-қол (қалай?) хабарласты, т.б.

 

4. Мөлшер үстеуі қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеуі сынның немесе қимылдың көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіреді. Мөлшер үстеуі етістікпен тіркесіп келгенде, қимылдың шама-шарқын, мөлшерін білдіреді. Мысалы: сонша (қанша?) шаршапты, біршама (қаншама?) кешігіп қалды, недәуір (қалай?) өскен екен. Ал сонша (қанша?) биік, біршама (қанша?) алыс, недәуір (қалай?) ұзақ дегенде мөлшер үстеулер сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін, көлемін білдіреді.

 

5. Күшейткіш үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің, сынның сапасын, белгісін не солғындатып, не күшейтіп көрсетеді. Сұрағы: қалай? Мысалы: әбден жүдепті, керемет биледі, мүлдем қозғалта алмады. Сонымен бірге күшейткіш үстеуге сын есімнің күшейтпелі шырайын жасайтын ең (биік), өте (салмақты), аса (терең), тым (терең), кілең (жүйрік) сөздері де жатады.

 

6. Мақсат үстеуі не мақсатпен? қалай? деген сұраққа жауап беріп, іс-әрекеттің, қимылдың орындалу мақсатын білдіреді. Мысалы: әдейі айтты, қасақана кетіп қалды, жорта білмегенсіді, әдейілеп шақырды.

 

7. Себеп-салдар үстеуі не себепті? қалай? неге? деген сұрақтарға жауап береді. Себеп-салдар үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу себебін білдіреді. Себеп-салдар үстеуіне: құр босқа, лажсыздан, босқа, амалсыздан, бекерге, шарасыздан сөздері жатады. Бұл сөздер етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: босқа ренжіді, лажсыздан келісті, т.б.

 

Үстеудің мағыналық түрлерінің кестесі

 

ҮСТЕУДІҢ ТҮРЛЕРІ

СҰРАҚТАРЫ

МЫСАЛДАРЫ

1. Мезгіл үстеуі

Қашан? Қашаннан? Қашаннан бері?

Бүгін, былтыр, биыл, таңертең, бүрсігүні, қыстан бері, ала жаздай, күні-түні, ендігәрі, күндіз, бағана, таңсәріге дейін, енді, қазір, әлгінде, ежелден, кеше.

2. Мекен үстеуі

Қайда? Қайдан? Қалай қарай?

Кейін, алдыға, артқа, әрі-бері, ілгері-кейін, әрмен қарай, тысқары, төменнен, жоғары-төмен, алдыдан.

3. Сын-қимыл (бейне) үстеуі

Қалай? Қайтіп? Қалайша? Кімше?

Тез, жылдам, бетпе-бет, ақырын, бірден, әрең-әрең, жиі-жиі, бірте-бірте, бұрынғыдай, бұлбұлша, арыстандай, келе сала, емін-еркін, лезде, осылай.

4. Мөлшер үстеуі

Қанша? Қаншама? Қаншалық?

Қыруар, біршама, әжептәуір, неғұрлым, мұншама, соншалық, әжептәуір, мұнша, сонша, бірталай, көп.

5. Күшейткіш үстеуі

Қалай? Қандай?

Тым, өте, ең, тіпті, әбден, мүлдем, нағыз, керемет, аса, өңкей, кілең, орасан, ылғи, сәл, нақ, ерен, дәл.

6. Мақсат үстеуі

Қалай? Не мақсатпен?

Қасақана, әдейі, жорта, әдейілеп.

7. Себеп-салдар үстеуі

Не себепті? Неге?

Құр босқа, текке, амалсыздан, шарасыздан, лажсыздан, босқа, бекерден-бекер, бекер, босқа.

 

Сөздердің бірігуінен жасалған күрделі үстеулер бірге жазылады. Мысалы: бұл жыл – биыл, бұл күн – бүгін, жаздың күні – жаздыгүні, ендігіден әрі – ендігәрі, қыстың күні – қыстыгүні, күздің күні – күздігүні;

 

Сөздердің қосарлануынан, қайталануынан жасалған күрделі үстеулер дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы: анда-санда, бетпе-бет, арлы-берлі, жиі-жиі, ертелі-кеш, күні-түні, жоғары-төмен, т.б.

 

Тіркесу арқылы жасалған күрделі үстеулер бөлек жазылады. Мысалы: қыс бойы, таңсәріде, келе сала, төмен қарай, жоғары жаққа.

 

Үстеудің сөйлемдегі негізгі қызметі – пысықтауыш. Шыңғыстың сырты тез (қалай?) жылынбағандықтан, ерте (қашан?) көктемейтін. Ережені жаттамайынша (қайтпейінше?), тапсырманы орындай алмайсың.

 

Үстеулер түрленіп келіп, басқа сөйлем мүшелерінің де қызметін атқарады.

 

Үстеу атау септігінде тұрып бастауыш қызметінде жұмсалады. Еріншектің ертеңі (несі?) бітпес. Күшейткіш үстеулер сапалық сын есіммен тіркесіп келіп, күрделі анықтауыш қызметін атқарады. Бәйгеге өңшең жүйрік, кілең сәйгүлік (қандай?) аттар қосылды.



Вопросы
  1. Күшейткіш үстеуді табыңыз.

  2. Негізгі үстеуді анықтаңыз.

  3. Дара үстеуді көрсетіңіз.

  4. Күрделі үстеуден болған тіркесті табыңыз.

  5. Мекен үстеуі қатысқан тіркесті анықтаңыз.

  6. Сөйлемдегі үстеулердің мағыналық түрі мен сөйлемдегі қызметін анықтаңыз.

    Аз уақытта қыруар жұмыс бітті.

  7. Бастауыш қызметіндегі үстеуді көрсетіңіз.

  8. Баяндауыш қызметіндегі үстеуді көрсетіңіз.

  9. Дефис арқылы жазылатын үстеуді табыңыз.

  10. Дыбыстық өзгеріске ұшырап біріккен үстеуді көрсетіңіз.

  11. Емле ережесіне сай жазылған үстеуді белгілеңіз.

Сообщить об ошибке