Сдать пробный ЕНТ
Русский

Скачай приложение iTest

Готовься к школьным экзаменам в более удобном формате

Қос сөздер, түрлері, емлесі

Конспект

Қос сөздер екі сөздің қосарлануынан не бір сөздің қайталануынан жасалады. Қос сөздің екі түрі бар: 1) қайталама қос сөздер; 2) қосарлама қос сөздер.

 

Қайталама қос сөздер бір сөздің қайталануынан жасалады: жиі-жиі, әрең-әрең, ойдым-ойдым, мая-мая, көзбе-көз, үйір-үйір, т.б.

 

1) Қайталама қос сөздердің жасалу жолдары:

а) қосымшасыз-қосымшалы сөздердің қайталануы: тау-тау, қатар-қатар, биік-биік; таудай-таудай, айта-айта, жүгіре-жүгіре, т.б.

ә) бір сыңары қосымшалы, бір сыңары қосымшасыз түбірдің қайталануы: жан-жақтан, үй-үйді, бетпе-бет, апа-жезделі, т.б.

б) бір түбірдің әртүрлі қосымша жалғанып қайталануы: жөнді-жөнсіз, айтар-айтпасы, тұрар-тұрмастан, қолы-қолына, т.б.

в) екінші сыңары бірінші сыңарына еліктеу арқылы жасалған қос сөздер: ет-мет, ат-мат, шай-пай, түйе-мүйе, т.б.

г) екінші сыңары дыбыстық өзгеріске ұшырап жасалған қос сөздер: жарқ-жұрқ, сарт-сұрт, жалт-жұлт, т.б.

д) күшейткіш буын арқылы жасалған қос сөздер: тап-таза, мөп-мөлдір, сұп-суық, аппақ, көкпеңбек, жып-жылтыр, теп-терең, т.б.

 

Екі түбірдің қосарлануы арқылы жасалған қос сөздер қосарлама қос сөздер деп аталады.

 

Қосарлама қос сөздің екі сыңары екі түрлі сөзден болады: сый-құрмет, ата-ана, ағайын-туыс, төсек-орын, қазан-ошақ ыдыс-аяқ, т.б.

Қосарлама қос сөздің құрамы әр алуан болады:

1) Мағынасы бір-біріне жақын синонимдес қос сөздер: аяқ-табақ, жан-жануар, дос-жаран, ағайын-туыс, бақ-береке, ырыс-құт, т.б.

2) Мағынасы бір-біріне қарама-қарсы антонимдес қос сөздер: үлкен-кіші, кәрі-жас, алыс-жақын, ащы-тұщы, алыс-беріс, жоғары-төмен, т.б.

3) Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз қос сөздер: бала-шаға, киім-кешек, көйлек-көншек, жүн-жұрқа, қыз-қырқын, шал-шауқан, келін-кепшік, жігіт-желең, т.б.

4) Екі сыңары да мағынасыз қос сөздер: апыр-топыр, ығы-жығы, апыл-ғұпыл, оқта-текте, абыр-сабыр, әлек-шәлек, т.б.

5) Кейінгі жылдары қалыптасқан қосарланған қос сөздер: үгіт-насихат, оқу-ағарту, саяси-экономикалық, қазақша-орысша сөздік, т.б.

 

Қайталама қос сөздер де, қосарлама қос сөздер де әрқашан дефис арқылы жазылады. Мысалы, ар-намыс, ыза-кек, әдет-ғұрып, мая-мая, салдыр-гүлдір, тәп-тәтті, елу-алпыс, ербең-ербең, ас-мас, орын-орнына, тек күшейткіш буын арқылы жасалған аппақ және көкпеңбек қос сөздері ғана бірге жазылады.



Вопросы
  1. Антонимдес қос сөз қатысқан сөйлемді көрсетіңіз.

  2. Берілген қос сөздің сыңарын белгілеңіз. Абысын-…

  3. Екі сыңары да мағынасыз қос сөз қатысқан сөйлемді көрсетіңіз.

  4. Екінші сыңары дыбыстық өзгеріске ұшырап жасалған қос сөзді және оның қай сөз табы екенін табыңыз.

  5. Екінші сыңары мағыналы қос сөзді сөйлемді көрсетіңіз.

  6. Екінші сыңары мағынасыз қос сөз қатысқан сөйлемді табыңыз.

  7. Еліктеуіш сөзден жасалған қос сөзді көрсетіңіз.

  8. Емлеге сай жазылмаған қос сөзді көрсетіңіз.

  9. Емлеге сай жазылған қос сөзді көрсетіңіз.

  10. Күшейткіш буын арқылы жасалған бірге жазылатын қос сөз қатысқан сөйлемді көрсетіңіз.

  11. Отбасындағы 2 ұл бір-біріне кім болатынын анықтаңыз.

Сообщить об ошибке