Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Дауысты дыбыстар: жуан, жіңішке; ашық, қысаң; еріндік, езулік дауыстылар, емлесі

Конспект

Тіл дыбыстары дауысты дыбыстар және дауыссыз дыбыстар деп екіге бөлінеді.

Дауысты дыбыстар саны – 12. Олар: а, ә, о, ө, е, ы, і, ұ, ү, и, э, (у). Дауысты дыбыстар өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырамауы арқылы үннен жасалады.

Дауысты дыбыстар тілдің қатысына қарай екіге бөлінеді: 1) жуан дауысты дыбыстар: а, о, ы, у. Жуан дауысты дыбыстарды айтқанда тіл артқа тартылып, тіл үсті дөңестенеді. 2) жіңішке дауысты дыбыстар: ә, ө, і, е, и, э, у. Жіңішке дауысты дыбыстар тіл ұшының ілгері созылуы арқылы жасалады.

Қазақ тілінде сөздер не тек жуан дауысты дыбыстардан, не жіңішке дауысты дыбыстардан құралады. Мысалы, тек жуан дауысты дыбыстардан құралған сөздер: арыстан, аққу, рақат, қараторғай, дауылпаз, тасбақа, т.б. Тек жіңішке дауысты дыбыстардан құралған сөздер: өмір, көктем, жүгері, мереке, күміс, ілгіш, т.б.

Басқа тілден енген сөздерде, қос сөздер мен біріккен сөздерде жуан дауысты мен жіңішке дауысты дыбыстар араласып келе береді. Ондай сөздер аралас дыбысты сөздер деп аталады. Мысалы, емтихан, синтаксис, жөн-жосық, оқта-текте, азық-түлік, Темірқазық, Екібастұз, көзқарас, т.б.

Дауысты дыбыстар жақтың қатысына қарай ашық және қысаң болып екіге бөлінеді: 1) ашық дауыстылар жақтың кең ашылуы арқылы жасалады. Олар: а, ә, о, ө, е, э. 2) қысаң дауыстылар: ы, і, и, ұ, ү, у. Қысаң дауыстыларды айтқанда, жақ кең ашылмай, ауа қысылып шығады. Тек ашық дауыстылар арқылы жасалған сөздер: орман, өлең, әке, әдеп, бақыт, т.б. Тек қысаң дауыстылар арқылы жасалған сөздер: қызықты, ыдыс, ірімшік, ілгіш, киік, қырқу, т.б.

Дауысты дыбыстар ерін мен езудің қатысына қарай еріндік және езулік болып екіге бөлінеді: 1) еріндік дауыстылар: о, ө, ұ, ү, у. Еріндік дауыстылар еріннің алға қарай созылып, дөңгеленуі арқылы жасалады. 2) езулік дауыстылар езудің кейін тартылуы арқылы жасалады. Олар: а, ә, е, и, э, ы, і. Тек еріндік дауысты дыбыстар қатысқан сөздер: қосу, өру, ұлу, күлу, т.б. Тек езулік дауысты дыбыстар қатысқан сөздер: ақыл, әдемі, отырықшы, егінші, еңбекшіл, т.б.

Қазақ тілінде сөздің алғашқы буынындағы еріндік дауыстылар кейінгі буындардағы езулік дауыстыларды айту кезінде өзіне ұқсатып, еріндік дауыстыға айналдырып алады. Бұл ерін үндестігі немесе айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар сөздер деп айтылады.

 

ЖАЗЫЛУЫ

АЙТЫЛУЫ

Құрық

Жүгері

Жұмыс

Көңіл

Көркем

Өнер

Орын

Құрұқ

Жүгөрү

Жұмұс

Көңүл

Көркөм

Өнөр

Орұн

 

Қазақ тілінде дауысты дыбыстар буын талғамайтын және буын талғайтын болып екіге бөлінеді.

Буын талғамайтын дауысты дыбыстар: а, е, ы, і. Буын талғамайтын дауысты дыбыстар сөздің барлық буынында жазыла береді. Мысалы, балалық, қызықты, ынтымақ, береке, инелік, еңбекшіл, ертегіші, т.б. Буын талғайтын дауысты дыбыстар: ә, о, ө, ұ, ү негізінен сөздің бірінші буынында жазылады, тек басқа тілден енген сөздерде, қос сөздер мен біріккен сөздерде, адам аттарында ғана сөздің екінші, үшінші буындарында кездеседі.

 

БАСҚА ТІЛДЕН ЕНГЕН СӨЗДЕР

ҚОС СӨЗДЕР

БІРІККЕН СӨЗДЕР

Куә

Дүдәмал

Күмән

Антоним

Лото

Мазмұн

Мағлұмат

Мәжбүр

Дәстүр

Әп-әдемі

Дәрі-дәрмек

Той-томалақ

Құл-құтан

Ат-көпір

Дүние-мүлік

Салт-дәстүр

Күндіз-түні

Күмбір-күмбір

Аягөз

Қараөткел

Орынбор

Көнетоз

Аққұтан

Айнагүл

Меңдіқұл

Жанбота

Келіссөз

 

Кейбір сөздерде сөздің соңында ә дыбысы айтылғанымен, а дыбысы жазылады.

 

АЙТЫЛУЫ

ЖАЗЫЛУЫ

Рәзинә

Жәмилә

Рәсуә

Жәйләу

Шәй

Кітәп

Рәзина

Жәмила

Рәсуа

Жайлау

Шай

Кітап

 

Ы, і әріптеріне аяқталған сөздерге тұйық етістіктің у жұрнағы жалғанғанда, ы, і әріптері түсіп қалады. Мысалы, оқы+у=оқу, тоқы+у=тоқу, қобалжы+у=қобалжу, бекі+у=беку, жекі+у=жеку, ірі+у=іру, т.б.

Соңғы буынында ы, і әріптері бар сөздерге тәуелдік жалғауының ІІІ жағының жалғауы жалғанғанда, түбірдегі ы, і әріптері түсіп қалады. Мысалы, халық+ы=халқы, бөрік+і=бөркі, көрік+і=көркі, т.б.

Й, ы, і әріптеріне біткен сөздерге тұйық етістіктің у жұрнағы жалғанғанда, ю әрпі жазылады. Мысалы, той+у=тою, жай+у=жаю, байы+у=баю, кейі+у=кею, т.б.

Я, ю әріптері й+а, й+о дыбыстарының қосындысы болып келеді де, қосарлы дыбыстар деп аталады. Я, ю қатысқан сөздер айтылуы мен жазылуында және дыбыс саны мен әріп санында өзгеріс бар сөздер болып саналады. Мысалы, қоян – қойан, аю – айу, қою – қойу, т.б. Тек айуан, хайуан, кейуана, диуана, миуа, қиуаз сөздерінде ю әрпі жазылмайды. И қазақтың төл сөздерінде қосарлы ый және ій дыбыстарының қосындысы болып айтылады, бірақ жазылғанда жалаң и түрінде жазылады.

 

АЙТЫЛУЫ

ЖАЗЫЛУЫ

Жыйын

Қыйын

Тыйын

Ыйық

Кійім

Кійіт

Ійне

Жиын

Қиын

Тиын

Иық

Киім

Киіт

Ине

 

Мұндай сөздер әріп саны мен дыбыс санында, айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар сөздер деп аталады.

Қосарлы ый әріптері тек сый, тый түбірінен тараған сөздерде жазылады. Мысалы, сый, сыйлық, сыйлау, сыйластық, сыйымды, сыйлы; тый, тыйым, тыйылу, тыю, тыяды, тыйдыр, тыйғызу, тыйыл, т.б.

Йы, йі әріптеріне аяқталған сөздерге көсемшенің й жұрнағы жалғанғанда, соңғы ый, ій әріптерінің орнына и жазылады. Мысалы, байы+й+ды=байиды, кейі+й+ді=кейиді, ұйы+й+ды=ұйиды, т.б.



Сұрақтар
  1. Ашық дауыстылар қатарын толықтырыңыз: а, ә, о, ө, е, ...

  2. Қысаң дауыстыларды табыңыз.

  3. Әрі жіңішке, әрі ашық дауысты дыбысты анықтаңыз.

  4. Әрі жуан, әрі қысаң дауысты дыбысты анықтаңыз.

  5. Еріндік дауыстылар қатарын анықтаңыз.

  6. Бірыңғай езулік дауыстыларды табыңыз.

  7. Езулік дауысты дыбыстардан жасалған сөздер қатарын табыңыз.

  8. Әрі жуан, әрі жіңішке дауыстыға жататын дыбысты белгілеңіз.

  9. Бірыңғай жуан дауыстылардан тұратын сөздерді табыңыз.

  10. Ашық дауыстылар катарын белгілеңіз.

  11. Дауысты дыбыстарды белгілеңіз.

  12. Дауысты дыбыстардың жақ қатысына қарай бөлінуін көрсетіңіз.

  13. «Ы» дыбысына тән сипаттаманы табыңыз.

  14. Құрамында үш дауысты дыбысы бар сөздер қатарын көрсетіңіз.

  15. Жуан дауыстылардың қатарын белгілеңіз.

  16. Бірыңғай жіңішке дауысты дыбыстарды көрсетіңіз.

  17. Тіл дыбыстары нешеге бөлінетінін табыңыз.

  18. Дауысты дыбыстар қалай жасалатынын табыңыз.

  19. Жуан және жіңішке дауыстылар қалай жасалатынын табыңыз.

  20. Тек жуан дауысты дыбыстар қатысқан сөздер қатарын көрсетіңіз.

  21. Тілдің қатысына қарай дауысты дыбыстар қалай бөлінетінін белгілеңіз.

  22. Тек жіңішке дауысты дыбыстар қатысқан сөйлемді табыңыз.

  23. Жуан, жіңішке дауысты дыбыстар аралас келген сөздер қатарын табыңыз.

  24. У дыбысының жуан дауысты дыбыс болып тұрған қатарын табыңыз.

  25. Жақтың қатысына қарай дауысты дыбыстар қалай бөлінетінін көрсетіңіз.

  26. Тек ашық дауысты дыбыстан жасалған сөздерді табыңыз.

  27. Ашық және қысаң дауыстының аралас келуінен жасалған сөздер қатарын көрсетіңіз.

  28. Тек қысаң дауысты дыбыстар қатарын табыңыз.

  29. Еріндік және езулік дауыстылар қалай жасалатынын көрсетіңіз.

  30. Еріндік дауысты дыбыстар қатарын көрсетіңіз.

  31. Еріндік дауысты дыбыстар қалай жасалатынын табыңыз.

  32. Тек еріндік дауысты дыбыстар қатысқан сөзді көрсетіңіз.

  33. Езулік дауысты дыбыстар қалай жасалатынын көрсетіңіз.

  34. Тек езулік дауысты дыбыстар қатысқан сөзді белгілеңіз.

  35. Еріндік пен езулік дауысты дыбыс араласып келген сөзді көрсетіңіз.

  36. Айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар сөзді табыңыз.

  37. Айтылуы бойынша жазылған сөзді көрсетіңіз.

  38. Езулік дауысты дыбыстар қатарын табыңыз.

  39. Ерін үндестігі бойынша өзгеріске түсетін сөзді белгілеңіз.

  40. Буын талғамайтын дауысты дыбыстар қатысқан сөзді көрсетіңіз.

  41. Буын талғайтын дауысты дыбыстар қатысқан сөзді көрсетіңіз.

  42. Ашық, қысаң дауысты дыбыстар қалай жасалатынын анықтаңыз.

  43. Езулік дауыстыны табыңыз.

  44. Бірыңғай жіңішке буынды сөздер қатарын көрсетіңіз.

  45. Дауыстылардың тілдің қатысына қарай бөлінуін белгілеңіз.

  46. Жуан, жіңішке дауыстылардың аралас келген қатарын көрсетіңіз.

  47. Тек жіңішке дауыстылардың қатарын белгілеңіз.

  48. Бірыңғай еріндік дауысты дыбыстан тұратын сөзді анықтаңыз.

  49. Дауыстылар еріннің қатысына қарай қалай бөлінетіндігін көрсетіңіз.

  50. «І» дыбысы қате жазылған сөз (-дер)

  51. Қысаң дауысты дыбыстар

  52. Қысаң дауысты (-лар) саны

  53. Құрамында жіңішке әрі езулік дауыстылары бар сөздер қатары

  54. Құрамында жуан әрі еріндік дауыстылары бар сөз (-дер)

Қате туралы хабарландыру