Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI бөлім. 19 ғасырдың II жартысындағы Қазақстан мәдениеті. Орыс демократиялық мәдениеті және қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов

Конспект

19 ғасырдың II жартысы – орыс демократиялық мәдениетінің көтерілген кезеңі. Қазақстанды игерудің барысы және орыс-қазақ қатынастарының тереңдеуі өлкені зерттеуді кеңейту қажеттігін туғызды. П.П.Семенов-Тяньшанский (1827-1914) Алтайға, Жетісу мен Орта Азияға саяхат жасады. Оның басшылығымен дайындалған “Ресей. Отанның толық географиялық сипаттамасы” деген еңбектің “Қырғыз өлкесі”, “Түркістан өлкесі” атты екі томы Қазақ өлкесі мен Орта Азияға арналған. Саяхатшы ғалым Верный, Семей қалаларында болды.

Көрнекті зерттеуші Л.Мейер “Орынбор ведомствосының қырғыз даласы” еңбегінде Кіші жүз тарихын жан-жақты сипаттады.

М.Красовский “Сібір қырғыздарының облысы” еңбегінде қазақ халқының шығу тегіне көңіл бөлді. А.Н.Добросмыслов Қазақ жерлерінің Ресей құрамына қосылу дəуірін толық зерттеді. Оның “Торғай облысы. Тарихи очерк” еңбегінде Қазақстанның саяси дамуы жөнінде сирек кездесетін мәліметтер сақталған.

Шығыс зерттеушісі, академик В.В.Радлов (1837-1918 ж.ж.) Іле алқабын, Жетісуды зерттеді, халық ауыз əдебиетінің үлгілерін жинақтады.

Украин ақыны Т.Г.Шевченко 1847-1857 жылдары Қазақ өлкесінде айдауда болып, шығармаларын қазақ тақырыбына арнады. “Қазақ шаңырағы”, “Атқа мінген қазақ”, “Байғұстар” суреттерінде қазақ халқының тұрмысын бейнелеген. “Менің ойларым” өлеңінде қазақ және украин халқының өмірін салыстыра жырлайды.

Қазақ тарихын зерттеуді ғылыми жолға қоюда 1845 жылы ашылған орыс географиялық қоғамының Орынбордағы, Омбыдағы және Семейдегі бөлімдері үлкен орын алды. Қазан, Петербург университеттерінің шығыстану бөлімдері Орта Азия мен Қазақстанды зерттеді.

19 ғасырдың соңғы ширегінде облыстық статистикалық комитеттер ұйымдастырылып, өлкенің тарихы, этнографиясы, рухани-материалдық мəдениеті туралы мəліметтер жинастырылды.

Шоқан (Мұхаммед-Қанапия) 1835 жылы қарашада Құсмұрын бекінісінде туып, Сырымбетте өсті. 1847 жылы күзде 12 жасында Омбыдағы Сібір кадет корпусына оқуға түсті. 1853 жылы 18 жасында оқуды бітіріп, корнет деген офицерлік атақ алды. Шоқанның орыс ғалымы И.Н.Березинмен, ұстазы Н.Ф.Костылецкиймен байланыста болуы ғылымға деген бағытын дұрыс анықтауына себеп болды. Ол Пушкин мен Лермонтовтың, Батыс Еуропа жазушыларының шығармаларымен таныс болды. Ғалым П.П.Семенов-Тяньшанский, Г.Н.Потанин және ақын С.Ф.Дуров Шоқанның білімділігін жоғары бағалаған.

1855 жылы генерал Гасфорт сапарына қатысып, Жетісу, Тарбағатай, Орталық Қазақстан, Іле Алатауында болды. Шоқан сапарларында тарихи аңыз, өлеңдерді жинай жүрді. 1856 жылы Ыстықкөлдің көлемін топографиялық және картографиялық деректерде сипаттады. П.П.Семенов-Тяньшанскиймен 1856 жылы Құлжаға барды. Қытаймен сауда байланысын жақсартуға үлесін қосып, Қытай ұлықтарымен келіссөз жүргізді. Шоқан 1857 жылы Алатау қырғыздарына барып, қырғыздың “Манас” шығармасына көңіл аударды. 1858-1859 жылдары өзін əлемге əйгілі еткен Қашғар саяхатына барды. Шоқан Марко Поло мен Иезуит Гоестен кейін бұл елге тұңғыш барған шетелдік болып есептеледі. Орыс жазушысы Ф.М.Достоевскиймен алғаш 1854 жылы Омбыда танысып, Семейде, Петербургте қайта кездеседі. 1861 жылдан кейінгі кезеңдері бұрынғы бағытынан өзгере бастаған Ф.М.Достоевскийдің көзқарасына Шоқан сын көзбен қарай бастады.

1861 жылы Шоқан ауруға шалдығып, ауылына қайтады. Омбыда қазақтың сот реформасындағы мəселелерді шешуге ат салысты. “Даладағы мұсылмандық туралы”, “Көшпелі қырғыздар туралы”, “Сот реформасы туралы” еңбектерін жазды. 1864 жылы Шоқан генерал Черняевтің əскери экспедициясы құрамында Əулиеата бекінісін алуға қатысады. Алайда генералдың əділетіз істеріне наразы болып, 1864 жылдың маусымында Верныйға қайтады.

1865 жылы "Русский инвалид" газетінің 51 санында Қытайдағы дүнгендер көтерілісі туралы ақырғы еңбегі жарияланды.

1865 жылғы сəуірде Алтынемел жотасы етегіндегі Көшен тоғаны деген жерде сұлтан Тезектің ауылында қайтыс болды.



Сұрақтар
  1. Шоқан Уәлихановтың қайтыс болған жылы:

  2. Шоқан генерал Черняевтің қатысқан экспедициясы:

  3. Шоқанның орыс жазушысы Ф.М.Достоевскиймен алғаш кездескен қаласы:

  4. Шоқанды әлемге әйгілі еткен саяхат:

  5. Шоқан П.П.Семенов-Тяньшанскиймен Құлжаға барды:

  6. Шоқанның білімділігін жоғары бағалаған адамдардың бірі:

  7. Шоқан оқыған оқу орны:

  8. Орыс геогафиялық қоғамының Қазақстандағы бөлімдері ашылды:

  9. Көрнекті шығыс зерттеушісі, академик В.В.Радлов зерттеген өңірлер:

  10. Кіші жүз тарихын жан-жақты сипаттаған көрнекті зерттеуші:

  11. П.П.Семенов-Тяньшанскийдің еңбектері:

  12. Шоқан Уәлиханов 1864 жылы Черняевпен қатысқан жорығы:

  13. Ш.Уәлиханов Қазақстандағы ислам діні жайындағы пікірін жазған мақаласының атаңыз:

  14. Халықтың өзін-өзі басқару негізінде Қазақстандағы билікті қайта құруды талап еткен:

  15. Ш. Уәлихановтың білімділігін жоғары бағалаған саяхатшы-ғалымдар кім?

  16. 1855-жылы Г.Х. Гасфорттың экспедициясына қатысып,

    Ш. Уәлиханов қай өңірлерді аралады?

Қате туралы хабарландыру