Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жиембет, Ақтамберді, Үмбетей жырау толғаулары

Конспект

 

Жиембет жырау Бортоғашұлы ХVІІ ғасырда өмір сүрген әрі әскербасы, әрі ақын, әрі жырау болған. Жиембет жырау Еңсегей бойлы ер Есім ханның тұсында өмір сүрген. Есім ханның көрші хандықтармен арада болған соғыстарына қатысып, ерлігімен, іскерлігімен танылған.

 

Жиембет алған бетінен қайтпайтын қайсар, бірбеткей, өжет адам болған. Хан-әкімдерге бас имей, айтарын батыл да ашық айтқан, бас кетер деп тіл тартпаған.

Әмірің қатты Есім хан,

 

Бүлік салып бұйырдың, –

 

деп, бүлікшіл ханның теріс мінезін ашық әшкерелеген.

 

Жиембет толғауларынан жыраудың ерлік істері мен өрлік мінезі, ерен батырлығы мен қайтпас қайсарлығы айқын көрінеді. Мысалы,

 

Менің ерлігімді сұрасаң,

 

Жолбарыс пен аюдай.

 

Өрлігімді сұрасаң,

 

Жылқыдағы асау тайындай.

 

Зорлығымды сұрасаң,

 

Бекіре мен жайындай.

 

Беріктігімді сұрасаң,

 

Қарағай мен қайыңдай, –

 

деп, жолбарыс пен аюдай, асау тайындай, бекіре мен жайындай, қарағай мен қайыңдай деген теңеу сөздерді пайдалана отырып, өзінің асқақ бейнесін жасаған.

 

Ел арасына сөзі өтімді болған Жиембет жыраудан сескенген және өзіне қарсы тұрғаны үшін Есім хан Жиембетті інісі Жолымбетпен бірге жер аударып жібереді. «Ханға қарсы тұрам деп» ел-жұрынан айырылған Жиембет жырау өзінің сағынышын «Қол-аяғым бұғауда» толғауында:

 

Қайырылып қадам басарға

 

Күн болар ма мен сорға

 

Өзен, Арал жерлерім?!

 

Қиядан қолды көрсеткен

 

Төбеңе шығар күн бар ма,

 

Жотасы биік дендерім?! –

 

деп жырлаған. Жиембет жыраудың «Әмірің қатты Есім хан», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Қол-аяғым бұғауда», «Басы саудың түгел-дүр» деген толғаулары бар.

 

Ақтамберді Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанның Қаратау өңірінде ауқатты жанұяда дүниеге келген. Бердіке деген жамағайын туысының қолында өскен болашақ жырау ақындық талантымен тым ерте 10-11 жасында-ақ танылған.

 

Дұшпаннан көрген қорлығым

 

Сарысу болды жүрекке,

 

Он жетіде құрсанып,

 

Қылыш ілдім білекке.

 

Жауға қарай аттандым

 

Жеткіз деп құдай тілекке, –

 

деп өзі жырлағандай, жорық жыршысы болған Ақтамберді 17 жасынан бастап қазақтардың Орта Азия хандықтарымен арада болған соғыстарға қатысқан. «Ел-жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап» деп жырлаған Ақтамберді қазақ жерін жаудан аман алып қалуда ерен ерлік көрсетеді, талай рет жау қолында қалып, өлім аузынан қайтады. Сонда да мойымаған батыр-жырау өз бейнесін «Салпаң да салпаң жортармын» толғауында:

 

Жапанға біткен терекпін,

 

Еңсемнен жел соқса да теңселмен,

 

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын

 

Балталасаң да айырылман,

 

Сыртым – құрыш, жүзім – болат,

 

Тасқа да салсаң майырылман! –

 

деген жолдар арқылы шынайы сипаттаған.

 

Ақтамберді толғауларының өзіндік ерекшелігі – батырдың жан серігі ретінде бағаланған жылқы түлігін әспеттей суреттеуі. Жырау «От басар орны отаудай» толғауында:

 

Ор қояндай қабықты,

 

Қиған қамыс құлақты,

 

Сары мысықтай азулы,

 

Саптыаяқтай ерінді,

 

Омырауы есіктей,

 

Ойынды еті бесіктей, –

 

деп, батырға лайық тұлпардың сипатын суреттеген.

 

Жыраудың шығармашылығынан өзіндік орын алатын «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауында Ақтамбердінің еліне, халқына деген сүйіспеншілігі, ер-азаматқа тән игі қасиеттер, ел басқаратын әкімдердің қандай болу керектігі жан-жақты жырланған.

 

Көпті көрген көнекөз жырау «Баларыма өсиет» толғауында:

 

Бірлігіңнен айырылма,

 

Бірлікте бар қасиет.

 

Татулық болар береке

 

Қылмасын жұрт келеке.

 

Араз болсаң алты ауыз

 

Еліңе кірген әреке.

 

Ақылың барың ұғарсың

 

Ойың болса сезімді..., –

 

деп, ұрпағын береке-бірлікке, татулыққа, ынтымаққа ұйымшылдыққа шақырған. Жырау толғауларында дыбыстық үйлесімділік шебер қолданылған. Мысалы,

 

Жағалбайлы деген ел болар,

 

Жағалтай деген көл болар,

 

Жағалтайдың жағасы

 

Жасыл да байтақ көл болар, –

 

деген өлең жолдары бірыңғай «Ж» дыбысынан басталып, аллитерацияға құрылған. Ақтамберді жырау Сарыұлының толғаулары: «Жағалбайлы деген ел болар», «Жел, жел есер, жел есер», «Жағама қолдың тигенін», «дұшпаннан көрген қорлығым», «Көк көгершін, көгершін», «Салпаң да салпаң жортармын», «Жауға шаптым ту байлап», «От басар орны отаудай», «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Ағайының көп болса», «Еділ, Жайық екі өзен», «Балаларыма өсиет».

 

Үмбетей – 1706 – 1778 жылдары өмір сүрген жырау, жыршы, Бөгенбай батырдың жауынгер серігі. Үмбетейдің әкесі Тілеу қаһармандық жырларды, ескі аңыздарды, билердің шешендік сөздері мен нақылдарын жетік білетін шежіре, халықтың музыка мұрасын да жан-жақты меңгерген дәулескер қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Үмбетейдің өмірдегі де, өнердегі де ұстазы өз әкесі болған. Үмбетей толғауларында сырт жаулармен күресте аты шыққан батырлар тұлғасы ерекше жырланған. Жырау толғауларынан ерекше орын алған тұлға – Бөгенбай бейнесі. «Бөгенбай өліміне» толғауында жырау:

 

Уа, Алатаудай Ақшадан

 

Асып тудың Бөгенбай,

 

Болмашыдай анадан

 

Болат тудың Бөгенбай!

 

Құбыла көшкен байтақтың

 

Ордасындай Бөгенбай!

 

Темір жұмсап, оқ атқан

 

Қорғасындай Бөгенбай!

 

Қолтығы ала бұғының

 

Пәйкесіндей Бөгенбай!

 

Білегі жуан бүркіттің

 

Тегеурініндей Бөгенбай! –

 

деп, Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ерлік тұлғасын асқақта жырлап, батырды қорғасынға, тегеурінді бүркітке теңейді. Үмбетей жырау «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» толғауында:

 

Аруағыңа болысқан,

 

Қашпаған қандай ұрыстан

 

Керейде батыр Жәнібек,

 

Қаз дауысты Қазыбек,

 

Қу дауысты Құттыбай,

 

Қаракерей Қабанбай,

 

Қанжығалы Бөгенбай, –

 

деп ел қорғаны болған батырларды дәріптеп, қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстауды – бүкіл Сарыарқа атырабын – қазақ жерін – атамекенді жаудан қорғап қалған Бөгенбай батырдың ерлігін жырлай келе, халық ауыз әдебиетіндегі естірту үлгісін пайдалана отырып, оның өлімін Абылай ханға:

 

Жасыңда болған сырласың,

 

Үлкен де болса құрдасың.

 

Сексеннен аса бергенде,

 

Қайырылмас қаза келгенде

 

Батырың өлді – Бөгенбай! –

 

деп естіртеді де:

 

Бөгенбай сынды батырдың

 

Береке берсін артына-ай,

 

Сабыр берсін халқына-ай

 

Жасаған ие жар болып,

 

Бейіште нұры шалқығай! –

 

деген жолдармен батырдың қазасына ортақтасып, ел қорғаны болған батырынан айырылған еліне көңіл айтады.

 

Жыраудың «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бекболат биге» деген толғаулары – жаман қылықтан сақтандырып, жақсылыққа, адамгершілікке үндейтін дидактикалық сарындағы шығармалар. Үмбетей жыраудың «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бекболат биге», «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» деген толғаулары бар.



Сұрақтар
  1. Ақтамбердінің толғауын көрсетіңіз.
  2. «Дұшпаннан көрген қорлығым

    Сары су болды жүрекке» – деп толғаған жырауды көрсетіңіз.

  3. «Он жетіде құрсанып, білекке қылыш ілген» батыр-жырауды белгілеңіз.
  4. Жағалбай деген ел болар,

    Жағалтай деген көл болар,

    Жағалтайдың жағасы

    Жасыл да байтақ ну болар, – деген Ақтамберді толғауында қолданылған көркемдік тәсілді көрсетіңіз.

  5. Ақтамберді толғауларында ерекше жырланған түлікті көрсетіңіз.
  6. Ақтамбердінің жылқы түлігін ерекше жырлаған толғауын көрсетіңіз.
  7. Оңтүстік Қазақстанның Қаратау өңірінде дүниеге келген жырауды көрсетіңіз.

  8. Үмбетейдің ұстазы кім болғанын көрсетіңіз.
  9. Үмбетей толғаулары поэзияның қай түріне жататынын табыңыз.
  10. Үмбетейдің арнау түріндегі толғауын көрсетіңіз.
  11. Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірткен жырауды көрсетіңіз.
  12. «Қаз дауысты Қазыбек», «Қу дауысты Құттыбай», «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай есімдері» қай жыраудың толғауында кездесетінін көрсетіңіз.
  13. Бос орынға Үмбетей толғауында кездесетін керекті сөзді көрсетіңіз.

    Жасыңда болған сырласың,

    Үлкен де болса құрдасың,

    __________ аса бергенде,

    Батырың өлді – Бөгенбай!

  14. «Бөгенбай сынды батырдың

    Береке берсін артына-ай,

    Сабыр берсін халқына-ай,

    Жасаған ие жар болып,

    Бейіште нұры шалқығай!» – деген Үмбетей жыраудың толғауы ауыз әдебиетінің қай жанрына жататынын көрсетіңіз.

  15. «Ел-жұрты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап» деген сөзді айтқан жырауды көрсетіңіз.
  16. Ақтамберді жыраудың әкесінің атын көрсетіңіз.
  17. «Күмбір-күмбір кісінетіп...» деп толғаған жырауды белгілеңіз.
  18. Жиембет жыраудың: «Менің ерлігімді сұрасаң – Жолбарыс пен аюдай», – деп қай ханға айтқанын көрсетіңіз.

  19. Бос орынға Жиембет толғауында кездесетін теңеу сөзді көрсетіңіз.

    «...Өрлігімді сұрасаң – Жылқыдағы асау _______ ».

  20. Жиембеттің әкесінің атын көрсетіңіз.
  21. Жиембеттің елінен қуылған себебін көрсетіңіз.
  22. Жиембеттің толғауын көрсетіңіз.
  23. Есім ханның тұсында өмір сүрген жырауды көрсетіңіз.
  24. «Еңсегей бойлы ер Есім» деп толғаған жырауды көрсетіңіз.
  25. Жиембет жырау қай ғасырда өмір сүргенін көрсетіңіз.
  26. «Жатқан жері даладай, Екі өркеші баладай» (Үмбетей жырау).

    Көркемдегіш құралдың қайсысы қолданылғанын табыңыз.

  27. Үмбетей өнерден де, өмірден де дәрісті кімнен алғанын белгілеңіз.

  28. «Еңсегей бойлы ер Есім» толғауында Жиембет жырау өзінің ерлігін неге теңейді?

  29. Жыраулар поэзиясының өкілі (-дері)

Қате туралы хабарландыру