Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаяу Мұса Байжанұлы, Мұхит Мералыұлы, Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы поэзиясы

Конспект

 

Қазақтың белгілі ақыны, әнші-сазгер Жаяу Мұса Байжанұлы 1835 жылы Павлодар өңіріндегі Жасыбай көлінің жағасында дүниеге келген.

 

Жасынан өнерге бейім болып өскен Мұса әкесінің көмегімен сауатын ерте ашқан. Ауыл молдасынан бес-алты жыл оқып, кейіннен бірнеше жыл Омбыда білім алған. Жазғы демалыста еліне келгенде Шорман балаларының озбырлығын әшкерелеп газетке мақала жазған Мұсаны Шорманның Мұстафасы он екі жылға жер аудартады. Бұл жаза әскери жазамен ауыстырылып, Мұса генерал Черняевтің отрядында арбакеш болып жүргенде, Шоқан Уәлихановпен танысып, пікірлес болған. Шорманның Мұсасының қысымымен астындағы атынан айырылған Мұса «Жаяу Мұса» атанады. Осы оқиғаға байланысты

 

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,

 

Қалмайды кімдер жаяу зорлық қылса?

 

Шорманның Мұстафасы атымды алып,

 

Атандым сол себепті Жаяу Мұса, –

 

деп басталатын атақты «Ақ сиса» әнін шығарған.

 

Жаяу Мұса шығармаларының тақырыбы әр алуан. Ақынның «Көкаршын», «Ақ сиса», «Хаулау», «Сапар» өлеңдері заман шындығын жырлауға арналған.

 

Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім» деген өлеңдері – махаббат, жастық шақ, сүйіспеншілік тақырыбын жырлаған лирикалық шығармалар. Ақынның «Сұрша қыз» өлеңінде адам сезімі қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен қабаттаса, байланыстырыла суреттелсе, «Сәулем қыздар» өлеңінде суреткерлік шеберлігі ерекше өрнекпен танылған. Жаяу Мұсаның әсем ырғақпен, сұлу сыршылдықпен дараланған туындысы – «Көкаршын» өлеңін ақынның өзі «ән еркесі» деп бағалаған. Жаяу Мұсаның «Олжабай батыр» атты көлемді дастаны мен «Данышпан қыз» деген поэмасы бар. Жаяу Мұса мұрасынан «Жақсы мылтық», «Қаршыға», «Бүркіт», «Қақпан» атты аңшылық тақырыбындағы өлеңдері де ерекше орын алады. Орыстың ақыны Крылов мысалдарын көп оқыған Жаяу Мұса «Бөдене мен қасқыр», «Шал мен торғай» деген мысал өлеңдер жазған. Дарынды дала перзенті Жаяу Мұса Байжанұлы 1929 жылы өзінің атақонысында 94 жасында қайтыс болған.

 

Мұхит Мералыұлы – 1841-1918 жылдары Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген көрнекті ақын, әнші-сазгер. Мұхиттың азан шақырып қойған аты – Мұхамбеткерей. Мұхит бала кезінен музыкаға, суретке бейім болып өскен.

 

Мұхиттың «Айнамкөз», «Алуаш», «Қилым», «Ақ Айша» атты алғашқы өлеңдері арнау түрінде шыққан. Мұхит шығармаларының биік шыңы – «Жылқышы» әні. Мұхит ақынның он төрт шумақтан тұратын «Зәуреш» әні – адамның ішкі жан тебіренісін көрсететін психологиялық шығарма. Өлеңде:

 

Құланның түзде көрдім шоқыраған,

 

Қайыңның жазда көрдім жапырағын.

 

Сен қалған отыз ұлдан жалғыз, Зәуреш,

 

Бір уыс бұйырмады топырағың, –

 

деп, әкенің балаға деген шексіз махаббаты зар болып өріліп, өлең болып төгілген.

 

Мұхит туындылары өнер көкжиегінде кеңінен қолданылуда. «Жалбыр» операсында «Алуаш», «Қыз Жібекте» «Үлкен Ораз», оркестрде «Айнамкөз» пайдаланылған.

 

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы 1856 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты №5 ауылда Сандыбай бұлағында дүниеге келген. Әкесі Сандыбай ұсталық кәсіппен айналысқан шағын шаруалы адам болған. Ауыл молдасынан оқып, хат таныған Ыбырай «Мың бір түн», «Қыз Жібек», «Мұңлық – Зарлық», «Бозжігіт», т.б. дастандарды, қиссаларды өлеңмен жатқа айтқан ерекше талант иесі болған.

 

Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Шалқыма», «Бір қызық – ит жүгіртіп, аң ауласа», «Гәкку» деген әндеріне ақынның өз өмірі арқау болған. Ыбырай ақындығының шырқау шыңы – «Қалдырған» өлеңі. Ақын:

 

Қызығың, дүние, өткен күн,

 

Кейінгі қуып жеткен күн.

 

Байланбаған асаудай,

 

Сырт айналып тепкен күн, –

 

деп өмірдің өтпелілігі, кәрілік туралы философиялық ой толғайды. Үкілі Ыбырайдың жастық шақ, махаббат жайындағы өлеңдерінің бірі – «Қарақат көз» өлеңінде халықтық поэзия дәстүріндегі суреттеу тәсілі арқылы

 

Қарақат көзді сүмбіл шаш,

 

Оймақ ауыз, қиғаш қас.

 

Қарақат көзді ақ тамақ,

 

Қараған жан таң қалмақ... –

 

деп ару қыздың тартымды тұлғасын, сұлу сипатын бейнелеген. Ақын, әнші, сазгер Үкілі Ыбырай мұрасынан ерекше орын алатын «Гәкку» әні – «Қыз Жібек» операсының негізгі ариясына айналған классикалық туынды. Ыбырай «Жаңғызтау» толғауында қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздікті, атамекенінен айырылып зарланған елдің көз жасын шыншылдықпен бейнелеген.

 

Үкілі Ыбырай – Құдайбергенмен және Доскей ақынмен айтысқан айтыскер ақын.

 

Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы 1929 жылы жазықсыз жаламен түрмеге түскен. 1932 жылы қайтыс болған ақынның ән-өлеңдері арада отыз жыл өткен соң ақталып, қазақ әдебиеті тарихынан өз орнын алған.

 



Сұрақтар
  1. Жаяу Мұса Байжанұлының өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  2. Жаяу Мұса Байжанұлы пікірлес болған ұлы тұлғаны көрсетіңіз.
  3. Жаяу Мұса Байжанұлының поэмасын көрсетіңіз.
  4. Жаяу Мұсаның суреткерлік шеберлігін танытатын өлеңін көрсетіңіз.

  5. Мұса Байжанұлының өлеңіне сай қажетті сөзді көрсетіңіз.

    Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса,

    Жарасар қамзол сұлу, белін буса.

    Шорманның Мұстапасы атымды алып,

    Атандым сол себептен ____________.

  6. Жаяу Мұсаның өзі «Ән еркесі» деп бағалаған өлеңін көрсетіңіз.
  7. Жаяу Мұса Байжанұлының дастанын белгілеңіз.
  8. Жаяу Мұсаның әлеуметтік әділетсіздік, заман шындығын суреттеген өлеңін көрсетіңіз.
  9. «Қорлыққа жас та болсам шыдай алмай

    Өмірім Мұстафамен дауға қалды» – деген үзінді Жаяу Мұсаның қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  10. Мұхит ақынның азан шақырып қойған атын көрсетіңіз.
  11. Мұхит Мералыұлы қай жылдары өмір сүргенін көрсетіңіз.

  12. Мұхит Мералыұлының өлеңін көрсетіңіз.
  13. Мұхит шығармаларының шыңы болып бағаланған әнді көрсетіңіз.
  14. Мұхиттың «Зәуреш» әні қай қатарға жататынын көрсетіңіз.
  15. Мұхиттың «Зәуреш» әні неше шумақтан тұратынын көрсетіңіз.
  16. Е. Брусиловский «Жалбыр» операсына Мұхиттың қай әнін пайдаланғанын көрсетіңіз.

  17. Бос орынға Мұхит әніне байланысты қажет сөзді көрсетіңіз.

    Қайыңның жазда көрдім жапырағын,

    Құланның тауда көрдім шоқырағын.

    Сен қалған ______ ұлдан едің, Зәуреш,

    Бір уыс бұйырмады топырағың.

  18. Ыбырай Сандыбайұлы қай жылдары өмір сүргенін көрсетіңіз.

  19. Ыбырай Сандыбайұлы халыққа қандай атпен мәлім болғанын көрсетіңіз.
  20. Үкілі Ыбырайдың әкесі қандай кәсіппен айналысқанын көрсетіңіз.

  21. Үкілі Ыбырайдың ару қыздың сұлу сипатын суреттеген өлеңін көрсетіңіз.

  22. Үкілі Ыбырайдың Ақан сері әнімен аттас әнін табыңыз.

  23. «Қызығың дүние өткен күн,

    Кейінгі қуып жеткен күн.

    Байланбаған асаудай,

    Сырт айналып тепкен күн» – деген үзінді Үкілі Ыбырайдың қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  24. Үкілі Ыбырайдың толғауын көрсетіңіз.

  25. Үкілі Ыбырай талантына тән ерекшелікті көрсетіңіз.

  26. Үкілі Ыбырайдың туған жерін белгілеңіз.

  27. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ән-өлеңі (-дері)

  28. Жаяу Мұсаның өз басынан өткен оқиғаларын баяндайтын шығарма (-лар)

  29. Үкілі Ыбырайдың өз өмірі негіз болған өлеңі (-дері)

  30. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ән-өлеңдері

Қате туралы хабарландыру