Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов шығармалары

Қазақ әдебиеті

Тақырыптың тесті
Конспект

Бір ғасырдың куәсі болған жыр дүлдүлі, айтыс шебері Жамбыл Жабаев 1846 – 1945 жылдары өмір сүрген.

Домбырамды қолға алам.

Өлең кірген түсіне,

Жөргегінде мен болам, –

деп, жырлағандай Жамбыл бала кезінен-ақ өлең-жырға әуес болған. Бұл туралы ақын өзінің «Менің өмірім» деген естелігінде: «Менің ағам, әкемнің інісі, белгілі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес болдым Он екі жасымда одан домбыраны үйрендім. Домбыра қолыма тигенде, бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді. Менің қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені қатты қызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда дауысым бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім. Он төрт жасымда әкемнен қол үзіп, өзімше күн көруге мықтап бел байладым», – десе, «Әкеме» өлеңінде:

Өлең мен сөзді дос қылып,

Құрамын ақын санатын.

Батаңды маған бер, әке.

Тіліме менің ер, әке,

Жапаның ұлы ақын боп,

Жақсы істепті дер, әке, –

деп, әкесінен бата сұраған.

Жамбыл өзінің алғашқы «Шағым» деген өлеңін 13 жасында шығарған. Бұл өлеңінде де молдадан оқудан бас тартып, әкесінен ақындық жолға түсуге бата сұраған. Жамбылдың балаң өлеңдерімен танысқан Сүйінбай ақын: «Сенің өлеңдерің ақиқат пен әділдікті айтатын болсын, жырларың жекелеген адамдар емес, бүкіл халыққа жағатын болсын. Шындықты айт, әділдікті жырла! Өлең-жырыңды дауылдата бер! Жолың болсын! Бақытың ашылсын! » деп батасын берген. Сүйінбайдан бата алған Жамбыл ұстаз өсиетіне адал болып:

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай.

Сырлы сұлу сөздері –

Маған тартқан сыйындай!

Сүйінбай деп жырласам

Сөз келеді бұрқырап,

Қара дауыл құйындай! –

деп, Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап, ұстазының есімін кие тұтып өткен.

Жамбыл өзінің қисса айту өнерімен, өткір де уытты өлеңдерімен, айтыскер ақындығымен Жетісу өңіріне, көршілес қырғыз еліне атағы жайылған.

Жамбыл Жабаевтың өлеңдері – заман ағысын, қоғам тынысын көрсететін, өмір ағымын жырлайтын өміршең жырлар. Ақынның көп жырлаған тақырыбы – жарлы мен жалшының, кедей-кепшіктің азапты өмірі, аянышты күйі. Ақын «Жылқышыға» өлеңінде:

Сары түнде сарылып кірпік ілмей,

Салқын күзде бір жылы үйді білмей.

Сахарада салақтап күндіз-түні,

Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей, –

десе, «Сараң бай мен жомарт кедей» өлеңінде:

Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,

Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап

Ең болмаса айранға тойғызса деп,

Жатса-тұрса тілейді «А, Құдайлап», –

деп, бай мен кедейдің арақатынасын шыншылдықпен суреттеген. Жамбыл өзінің «Мәңке туралы», «Қалиға», «Сәт сайланарда», «Шалтабайға» деген өлеңдерінде халық қамын ойламайтын билік басындағылардың әділетсіздігін, парақорлығын, екіжүзді аярлықтарын өткір сынай отырып, көпшіліктің алдында әшкерелеген. Жамбыл «Өстепкеде», «Кәкімге», «Кәдірбайдың төбеті», «Есенәлі мешкейге» өлеңдерінде адам мінезіндегі, қоғамдағы ұнамсыздықты, жағымсыз әрекеттерді ащы да уытты сатира тілімен мінеп-шенеген, әжуалап күлкі еткен. Жамбыл Жабаев «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» өлеңдерінде 1916 жылғы Маусым жарлығына байланысты елдің ауыр халі мен халықтың наразылығын көрсетсе, «Ленинградтық өренім», «Алынбас қамал», «Москва», «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті» өлеңдерінде Ұлы Отан соғысының әділеттілігін жырлап, азаматтарды жауға қарсы күреске шақырған. Ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы поэзиялық шығармалардың ең таңдаулы туындыларының бірі болып табылады. Өлеңнің әдеби-тарихи маңызы туралы ленинградтық ақын А.Прокофьев: «... Жамбылдың «Ленинградтық өренім» жыры халықтың рухын көтеруде ерекше қызмет атқарды...», – деп жазса, Н.Тихонов: «Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарына тұрды», – деген. «Правда» газеті «Ленинградтық өренім» туралы: «Бұл хаттың құндылығын біз күшті резерв келіп жеткенге бағаладық. Қазақстан халқы бізге өзінің туысқандық сәлемін, махаббатын және достық сезімін жіберді де, біз қуатымыз екі есе артып, ұрысқа кеттік», – деп жазған.

Халық ауыз әдебиетіне жастайынан құлағы қанып өскен Жамбыл – «Көрұғлы», «Манас», «Мұңлық-Зарлық», «Ләйлі – Мәжнүн», «Жүсіп – Зылиха», «Шахнама», «Қыз Жібек», «Едіге батыр», «Шора батыр» жыр-қиссаларды, дастандарды таңнан-таңға ұрып жырлап, кейінгі заманға жеткізген жыршы. Жамбылдың өзі шығарған екі дастаны бар: Олар: «Өтеген батыр» және «Сұраншы батыр». ХVІІІ ғасырда Абылай хан тұсында есімі белгілі болған Өтеген батыр Жамбыл дастанында қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын еркін заманды іздеуші, бақыт пен жайлы қоныс үшін күресуші ретінде суреттелген. «Сұраншы батыр» дастаны ХІХ ғасырда өмір сүрген, Қоқан хандығына қарсы ерлікпен күрескен Сұраншы Хакімбековтің ерлігі туралы тарихи деректер негізінде шыққан.

Жамбыл Жабаев шығармашылығынан айтыс ерекше қомақты орын алған. Айкүміспен, Бөлектің қызымен, Сарбаспен, Досмағамбетпен, Шашубаймен, Бөлтірікпен айтысы Жамбылдың төкпе ақындық қасиетін көрсетеді. Жамбыл айтыстарының ішіндегі атақ-абыройын аспандатқан ең таңдаулысы – 1881 жылғы Құланаян Құлмамбетпен айтысы. Жамбылдың Құлмамбетті жеңуінің негізгі себептері төмендегідей:

1 .Жамбыл Құлмамбет сияқты бірсарынды емес, ойы кең, жан-жақты болған;

2. Жамбыл батырлық, ерлік, адамгершілік сияқты адами құндылықтарды жырлаған;

3. Жамбыл өзінің руы мен тайпасының көлемінде ғана қалып қоймай, бүкіл қазақ елінің көрнекті тұлғаларын халықтың рухани қазынасы ретінде ту етіп көтерген;

4. Қазақ халқының ырысы көрші елдермен байланыста екенін көрегендікпен болжаған;

5. Халық ұғымындағы «бәлекет қуу» тәсілін шебер пайдаланып, Құлмамбетке бәлекет кейпін таңып, оны қатты састырған.

Жамбыл – әлемге әйгілі болған ақын. 1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен көркемөнерінің бірінші онкүндігіне, 1937 жылы грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс тонды батыр» поэмасының 750 жылдық тойына қатысып, ұзақ жыр айтқан. Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығында әлемнің әр түкпірінен құттықтау хаттар келіп, Мартин Андерсен Нексе, Катарина Сусанна Причард сияқты атақты қаламгерлер Жамбыл шығармашылығына жоғары баға берген. Мысалы, көрнекті француз жазушысы Ромен Ролланның: «Батыс Альпінің жүрегінен қазақ халқының және адамзаттың жыршысы Жамбылға туысқандық сәлем жолдаймын» деп хат жолдауы қазақ халқының атақты ақыны Жамбыл Жабаевтың орны мен шығармаларының маңызын көрсетеді.

«Жетісу ақындарының алтын діңгегі» (М.Әуезов), «Халық поэзиясының алыбы», «ХХ ғасырдың Гомері» атанған, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деген ұлы тұлға, «Жүз жасаған бәйтерек» Жамбыл Жабаев 1945 жылы жүзге аяқ басқан шағында дүниеден озған.

Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Шыңғыстау бөктеріндегі Бөрілі деген жерде дүниеге келген. Білім сапарын ауыл мектебінен бастаған бала Мұхтардың кішкентай кезінен сусындап өскен рухани қазынасы атасы Әуездің Мүрсейіт қолжазбасындағы Абай өлеңдері еді. Ұлы ақын Абай өмірден өткенде жеті жаста болған М.Әуезов өзі нәр алған бұлағы Абайды телегей терең мұхитқа айналдырған.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін, он бір жасар Мұхтар Семей қаласында тұратын немере ағасы Қасымбектің тәрбиесінде болған. 1908 жылы бесжылдық орыс училищесіне түсіп, оны бітірген соң төртжылдық мұғалімдер семинариясын 1919 жылы бітіріп шыққан. Білімнің адам өміріндегі маңызын жете түсінген М.Әуезов 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетін, 1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің аспирантурасын бітірген.

М.Әуезов өзінің алғашқы туындыларын 1917 жылдан бастап жаза бастаған. Жазушының «Қазақтың өзгеше мінездері» мақаласы Ташкенттен шығатын «Алаш» газетінде, «Адамдық негізі – әйел» мақаласы Семейде шығатын «Сарыарқа» газетінде басылып шыққан. М.Әуезовтің тырнақалды көркем туындысы 1917 жылы семинарияда оқып жүргенде жазған «Еңлік – Кебек» пьесасы қазақ театрының алғаш шымылдығын ашқан көркем туынды болып табылады.

М.Әуезовтің әдеби-шығармашылық мұрасын төмендегідей салаларға бөліп қарастыруға болады.

Прозалық шығармалары Мақалалары

«Қорғансыздың күні»

«Жетім»

«Көксерек»

«Қараш-Қараш оқиғасы»

«Қыр суреттері»

«Кім кінәлі?»

«Оқыған азамат»

«Ескілік көлеңкесінде»

«Қаралы сұлу»

«Абай жолы»

«Барымта»

«Жуандық»

«Бүркітші»

«Іздер»

«Қазақтың өзгеше мінездері»

«Адамдық негізі – әйел»

«Оқудағы құрбыларыма»

«Қайсысын қолданамыз»

«Ғылым тілі»

«Оқу ісі»

«Мәдениетке қай кәсіп жуық»

«Асыл нәсілділер»

«Түркістан осылай туған»

Жазушының Еуропалық прозаның деңгейіндегі алғашқы көркем шығармасының бірі 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» әңгімесінде тағдыр тауқыметін тартқан үш мұңлық әйелдің өмірі суреттелген. Шығармадағы адамдықтарын ту етіп ұстап отырған үш әйелге азғындықтың, арамдықтың қара күйесіндей болған Ақан мен Қалтай қарама-қарсы бейнеде алынған. Жазушы арам ниеттің құрбаны болған Ғазиза бейнесін: «Ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде, кірбең қабағында қалың уайымның салған ізі бар», – деп бейнелеген. Осындай қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық, адамдар арасындағы қайшылық, қазақ әйелінің басындағы ауыр хал, айықпас мұң, өгейлік, өктемдік құрбаны болған адам тағдыры жазушының «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кәнәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық», «Жетім», «Қараш-Қараш оқиғасы» шығармаларында барынша реалистікпен суреттелген. М.Әуезовтің «Қыр суреттері», «Кім кінәлі?», «Сөніп-жану» әңгімелерінде тозығы жеткен кертартпа салт әмеңгерліктің құрбаны болған әйелдер тағдыры туралы айтылған. Қаналған адамның қанаушы тапқа қарсы ашық айқасын көрсеткен идеялық-көркемдік жағынан Әуезов шығармасының шоқтығы болып табылатын туынды – «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінде қазақ қоғамының шындығы, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік, дала билеушілерінің заңсыз үстемдігі, байлардың кедейлерге жасаған өктемдігі, зорлық-зомбылығы, кедейлердің байлардан көрген қиянат-қорлығы ашық суреттелген. М.Әуезовтің «Іздер», «Білекке білек», «Қасеннің құбылыстары», «Үш күн», «Құм мен асқар», «Шатқалаң», «Бүркітші», «Асыл нәсілділер» әңгімелері төңкерістен кейінгі жаңа өмірді, колхоз тұрмысын суреттеуге арналған.

М.Әуезовтің шығармашылық мұрасының биік шыңы төрт кітаптан (тетралогия) тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясы. Романның бірінші кітабы 1942 жылы, екінші кітабы 1947 жылы жарыққа шыққан. 1949 жылы дилогияға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген. 1952 жылы романның үшінші, ал 1956 жылы төртінші кітабы жарыққа шыққан. Өзара тұтасқан төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» 1959 жылы ең жоғарғы сыйлық – Лениндік сыйлыққа ие болған. Мұхтар Әуезов «Абай жолы арқылы бүкіл дүниежүзіне, қала берді қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Қазақ халқының ұлылығын, оның өткен өмірін, тарихын, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, бір сөзбен айтқанда бір халықтың бүкіл болмыс-бітімін көркемдік тәсілмен жарқырата, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берген. Романның осы ғажайып құдіреті көптеген ұлт өкілдерінің таңданушылығын туғызған. Мысалы, Бенжамин Матип: «Қазақ неткен ғажайып халық», – деп таңырқаса, К.Федин: «Өзінің қалай қазақ болып кеткенін білмей қалған». Л.Арагон: «Эпикалық «Абай»романы – ХХ ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі», – деп ерекше жоғары баға берсе, К.Фадеев: «Қазақ әдебиеті «Абай» секілді романдары арқылы жержүзілік мәні бар әдебиетке айналды», – деген. Қырғыз жазушысы Ш.Айтматов: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: бірі – «Манас», бірі – Мұхтар Әуезовтің«Абай жолы», – десе, ғалым Қ.Сәтбаев: «Абай жолы» романын «Қазақ халқының көркемдік энциклопедиясы» деп бағалаған. З.Қабдолов: «Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады», – деген пікір айтқан.

Эпопеяның бірінші кітабында Семейден оқудан қайтқан Абайдың өсу жолы, азаматтық тұлғасының қалыптасуы сөз болса, екінші кітапқа Абайдың ақындық талантының толысуы, орыс әдебиетінің қазынасымен нәрленуі, жаңа бағыттағы жазба әдебиеттің қалыптасуына қосқан үлесі арқау болған. Романның үшінші кітабы Абайдың азаматтық күрескерлігі, демократтық көзқарасының қалыптасуы, соңынан ерген өнерлі жастарға ұстаздық қамқорлығы сөз болған. «Абай жолының» төртінші кітабы Тобықты мен Көкен елінің жер дауы тұсындағы Абайдың азаматтық, ойшылдық, халықшылдық қайраткерлік еңбегі барынша ашылған.

«Абай жолы» роман-эпопеясында лек-легімен бейнеленген кейіпкерлер топтамасы бар. Олар:

Құнанбай және басқа үстем тап өкілдері: Сүйіндік – жалтақ, Байдалы – табанды, қырыс адам, Бөжей – сыр бермес, Қаратай – жеңген топтың жақтасы, Майбасар, Ызғұтты, Шұбар, Жиренше, Жұмағұл, Тәкежан, Әзімбай – мансапқорлар, Оразбай – жауыздық иесі;

Абай және Абай төңірегіндегілер: Ербол, Оспан, Әбіш, Кәкітай, Әбен, Әбіл, Сейіт, Сейіл, т.б.;

Өнер адамдары: Әбіш, Дәрмен, Мағаш, Кәкітай, Мұхамеджан, т.б.;

Халық өкілдері: Дәркембай, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Иса, т.б.;

Әйелдер тұлғасы: Зере – ел анасы, Ұлжан – аналардың үлгісі, Сары апаң – үстем рудың қисыны келсе дау соғатын кеуделісі, Тоғжан – махаббат таңының үлгісі, Әйгерім – жас жігіттің нақ сүйер сұлу жары, Салтанат, Керімбала, Салиха, Қуандық, Үметей – қазақтың сұлу да сымбатты, өнерлі де өр мінезді қыздарының үлгісі. Төрт кітапта жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар.

Орыс адамдарының бейнесі: Михаилов – романдағы күрделі тұлға, Павлов –орыс халқының адал адамдарының ұнамды бейнесі.

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейге көтерген ұлы жазушының ұлы туындысы.

М.Әуезовтің қаламынан отыз екі драмалық шығарма туған. Олар тақырыптық ерекшеліктеріне қарай бірнеше салаға бөлінеді:

1) аңызды, эпосты, тарихи оқиғаны арқау еткен пьесалары: «Еңлік – Кебек», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Бекет»;

2) тарихи-революциялық тақырыпқа жазылғандары: «Октябрь үшін», «Түнгі сарын», «Ақ қайың»;

3) кеңестік өмірді бейнелейтін пьесалары: «Тартыс», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Алуа»;

4) Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналғандар: «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш», «Асыл нәсілділер»;

5) фантастикалық пьесалар:«Дос – Бедел дос», «50 жыл өткен соң»;

6) ақындар өмірі туралы драмалары: «Абай», «Ақан – Зайра», «Қарагөз»;

7) сценарийлер: «Қалқаман – Мамыр», «Райхан», «Абай әндері».

Ұлы суреткер, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы заңғар биігі Мұхтар Әуезов бойындағы нағыз суреткерге тән ерекшеліктер: сыршылдық, терең психолог, сезімталдық, жіті байқағыштық, парасаттылық, шалқар шабыттылық, шеберлік, шығармашылық қиял, дарындылық – бәрі тұтасып келіп бір тұтас ЖАЗУШЫ деген ұлы қасиетті құраған.

Конспект сұрақтар
  1. Жас Жамбылға бата берген ұстазын көрсетіңіз.
  2. Бос орынға Жамбыл өлеңіне сай сөзді көрсетіңіз.   Өлең мен сөзді дос қылып,   Құрамын ақын санатын   Батаңды маған бер, _____.
  3. Жамбылдың ұлт-азаттық тақырыбына жазған өлеңін көрсетіңіз.
  4. Жамбылдың дастанын көрсетіңіз.
  5. Жамбылдың тарихи деректер негізінде шығарған дастанын белгілеңіз.
  6. Жамбылдың ел билеушілерінің әділетсіздігін сынаған өлеңін көрсетіңіз.
  7. Жамбылдың сатиралық үлгідегі өлеңін белгілеңіз.
  8. Жамбылдың Құлмамбетті жеңуінің себебін көрсетіңіз.
  9. Жамбылдың Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнаған өлеңін көрсетіңіз.
  10. Жамбылдың Ұлы Отан соғысына аттанған баласына арнаған өлеңін көрсетіңіз.
  11. Жамбылдың Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жазған өлеңін көрсетіңіз.
  12. «Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарына тұрды», – деген сөзді кім айтқанын табыңыз.
  13. Жамбылға «Жүз жасаған бәйтерек» деген атақтың берілу себебін көрсетіңіз.
  14. М.Әуезовтің алғашқы көркем туындысын көрсетіңіз.
  15. «Ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде, кірбең қабағында қалың уайымның салған ізі бар» деген жолдар кімнің портреті екенін көрсетіңіз.
  16. М.Әуезовтің драмалық шығармасын көрсетіңіз.
  17. М.Әуезовтің Тургеновтен аударған шығармасын белгілеңіз.
  18. «Еңлік – Кебек» шығармасындағы Найманның биін көрсетіңіз.
  19. «Қарагөз» пьесасындағы Қарагөздің сүйген жігітін көрсетіңіз.
  20. Л.Арагон: «ХХ ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі» деп М.Әуезовтің қай шығармасын айтқанын көрсетіңіз.
  21. Тобықты мен Көкен елінің жер дауы «Абай жолы» романының нешінші кітабында берілгенін көрсетіңіз.
  22. «Күйі бірдің – күні бір. Туысым – аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар» деген сөзді айтқан «Абай жолы» романының қай кейіпкері екенін көрсетіңіз.
  23. «Абай жолы» романында бас кейіпкер Абай қай қыздың тағдырына қатысты билік айтқанын көрсетіңіз.
  24. «Абай жолы» романында Абайға махаббат туралы алғаш рет ой түсірген қыз кім және ол кімнің қызы екенін көрсетіңіз.
  25. «Абай жолы» романын «Қазақ халқының көркемдік энциклопедиясы» деп бағалаған ғалымды көрсетіңіз.
Тақырыптың тесті