Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Сүйекті балықтар класы

Конспект

Сүйекті балықтардың терісі жалпақ, ірі қабыршақтармен қапталған. Қабыршақтарында ағаш дініндегі жылдық сақиналарға ұқсас сызықтар бар. Осы сызықтарға қарап, балықтың жасын ажыратуға болады.

 

Сүйекті балықтардың қаңқасында сүйектер өте көп. Олардың қаңқа бөлімдері шеміршекті балықтардың қаңқа бөлімдеріне ұқсас. Сүйекті балықтардың желбезектерінің сырты сүйекті қақпақпен жабылған.

 

Сүйекті балықтардың көпшілігінің аузы бас бөлімінің алдыңғы тұсында орналасады. Жақ сүйектерінде және т.б. сүйектерде де тіс бар. Тұқы балықтарының желбезек доғаларында жұтқыншақ тістері болады.

 

Шортан

 Аққайран,

Табан

Ақмарқа

Сүйекті балықтар

 

Сүйекті балықтарда торсылдақ болады. Іші ауаға толы торсылдақ ұрықтың даму кезеңінде ішектен бөлінеді. Ол балықтың дене салмағын өзгертіп, судың түрлі қабаттарына өтуіне жағдай жасайды. Торсылдақ кейбір балықтарда тыныс алуға, дыбыс шығаруға қатысады. Су түбінде тіршілік етуге бейімделген сүйекті балықтарда торсылдақ болмайды.

 

Бұлардың иіс, дәм сезуі, бүйір сызығы шеміршекті балықтарға ұқсас.

 

Балықтар дара жынысты, қосжыныстылық сирек кездеседі. Тек теңіз алабұғасы ғана қосжынысты. Аталықтарының да, аналықтарының да екі-екіден жыныс бездері бар. Аталық безден бөлінген сұйықтық шоғал деп аталады. Оның құрамында өте көп мөлшерде аталық жыныс жасушасы – сперматозоидтар болады. Аналық безде уылдырық деп аталатын майда жұмыртқажасушалар жетіледі. Сүйекті балықтар сырттай ұрықтанады, сондықтан да өте көп мөлшерде уылдырық шашады.

 

Кәсіптік мәні бар балықтарды көбейту үшін, арнайы балық зауыттарында қолдан ұрықтандырып, шабақтар өсіріледі.

 

Кейбір балықтар көбею кезінде жылыстап, өрістейді. Мысалы, бекірелер, албырттар теңізден өзенге өрістеп, уылдырық шашады. Ал өзен жыланбалығы (угорь) керісінше, өзеннен теңізге өтіп уылдырық шашады. Ұрықтанған уылдырықтан бірте-бірте дернәсіл, одан шабақ өсіп жетіледі.

 

Сүйекті балықтардың 4 класс тармағы бар.

 

Шеміршекті-сүйекті балықтар. Бұлардың қаңқасында сүйектен гөрі шеміршек көбірек. Сондықтан шеміршекті балықтарға ұқсас белгілері бар. Мысалы, тұмсығының болуы, құйрық жүзбеқанат қалақтарының тең болмауы. Оларда сүйекті балықтарға тән желбезек қақпағы және торсылдағы болады. Бұл балықтар бекіретектестер отрядына топтастырылған. Олардың денесін бойлай 5 қатар ірі мүйізді шытыралар орналасқан. Мұндай шытыралар жонында, екі бүйірінің арқа және құрсақ тұсында да бар. Балықтардың жеке түрлерін осы шытыралардың санына қарай ажыратады.

 

Бекірелердің кәсіптік мәні зор. Дәмді еті, қара уылдырығы қымбат бағаланады. Сондықтан да халқымыз «балық патшасы – бекіре» деп атайды. Қортпа, шоқыр, пілмай, орыс бекіресі Каспий теңізінде кездеседі. Олар уылдырық шашу үшін Еділ, Жайық өзендеріне көтеріліп өрістейді.

Ондай балықтарды өрістегіш балықтар деп атайды. Бекіре балықтарының тіршілігін байқаған халқымыз «бекіренің басы тасқа тимей, қайтпайды"– деп қорытынды жасаған. «Бекіренің бал татыған еті», «бекіренің бес кеспесі» – деген сөздер бекіре етінің құндылығын аңғартады.

 

Бекіре балықтарының бір тобы – тасбекірелер.

 

Қазақстанда кездесетін сырдария тасбекіресі мен пілмай сирек кездесетіндіктен Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген. Олар туралы 6-сыныптың оқулығында толық мәліметтер берілген.

 

Қостынысты балықтар. Олар желбезегімен әрі өкпемен тыныс алады. Құрғақшылық мезгілде суы тартылып қалатын өзендерде тіршілік етеді. Қостынысты балықтардың торсылдағы өкпеге айналған. Дене пішіні ұршық тәрізді, тұрқы 30 сантиметрден 2 метрге дейін жетеді. Жұп жүзбеқанаттары нашар дамыған. Олар Амазонка өзенінде, Африканың, Австралияның өзендерінде кездеседі. Оларды бірөкпелілер және қосөкпелілер деп 2 отрядқа бөледі.

 

Саусаққанатты балықтар. Бұл балықтар ерте заманда кеңінен таралып, кейін жойылып кеткен. Қазіргі кезде оның бір ғана – латимерия деген түрі сақталған. Ғалымдардың пікірі бойынша, құрлыққа алғаш шыққан қосмекенділердің арғы тегі, осы саусаққанатты балықтар. 1938 жылы Үнді мұхитының Африка жағалауынан латимерия алғаш рет ауға түсті. Саны аз болғандықтан, ауға өте сирек түседі.

 

Латемерия

Іле шармайы

 

Латимерия – аузында өткір тістері бар жыртқыш балық. Денесінде желі өмір бойы сақталады. Үлкен өкпесі күрделі өзгеріске ұшырап, майлы мүшеге айналған. Ішкі танау тесігі болмағандықтан, атмосфералық ауамен тыныс ала алмайды. Жұп жүзбеқанаттары еті мол жалпақ қалаққа айналған. Жүзбеқанаттарының қаңқасы бес саусақты аяқтарға ұқсас.

 

Сәулеқанатты балықтар. Қазіргі кезде тіршілік ететін балықтардың 90%-дан астамы осы топқа жатады. Дүниежүзінің түрлі су айдындарында кеңінен таралған және олардың кәсіптік мәні зор. Сүйекті қабыршақтары денесіне жапсарласа орналасқан. Құйрық жүзбеқанатының екі қалағы тең, торсылдағы бар, қаңқасы сүйектен тұрады. Сәулеқанатты балықтардың кәсіптік мәні бар отрядтарына ғана тоқталамыз.

 

Майшабақтектестер отряды. Көпшілік түрлері теңіздерде топтанып тіршілік етеді. Майшабақтардың Солтүстік Мұзды мұхит теңіздерінде көп тараған түрі – мұхит майшабағы. Сардинка (Қиыр Шығыс теңіздерінде), қылқа (килька) (Балтық, Қара теңіздерінде), түлкібалық (тюлька) (Каспий, Қара теңіздерінде) көптеп ауланады.

 

Каспийдің солтүстік аймағында, Жайық өзенінде кездесетін еділ майшабағы Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген.

 

Албырттектестер отряды. Дене тұрқы орташа, ірі балықтар. Олар құйрық бөліміне жақын орналасқан майлы жүзбеқанаты арқылы басқа балықтардан бірден ажыратады. Бұлардың көпшілік түрлері өрістегіш балықтар. Албырттар Қиыр Шығыс теңіздерінде көптеп кездеседі. Уылдырық шашу үшін Амур өзеніне көтеріледі. Тіршілігінде бір-ақ рет уылдырық шашып, өледі. Оған кета, нерпа, құнысбалық, т.б. балықтар жатады. Албырт балықтарынан қызыл уылдырық алынады. Бұған таулы алқаптың өзен-көлдерінде кездесетін, бахтах (форель) балығы да жатады. Еті өте дәмді болғандықтан, оны кейде «патша балығы» деп атайды. Каспий және арал албырттары деген түрлерінің саны аз болғандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген.

 

Трескалар отряды. Қазіргі кезде кәсіптік мәні зор балықтардың көпшілігі осы отрядқа жатады. Трескалар солтүстік жарты шардың қоңыржай және арктикалық теңіздерінде кеңінен таралған. Олардың еті, бауыр майы қымбат бағаланады. Бауырынан балық майы алынады. Оның құрамында Д витамині мол. Оны мешел ауруына қарсы ем ретінде пайдаланады.

 

Көзауықтар (камбалалар) отряды. Олардың тұлғасы жалпақ, екі көзі де денесінің арқа жағында орналасқан. Теңіздің түбінде тіршілік етуге бейімделген. Арқа жағының түсі қарақошқыл, ал құрсақ жағы ақшыл болады. Оларды арнайы темір аулар салып аулайды. Көзауықтың тілбейне (глосса), қалқан деген түрлері Арал теңізіне жерсіндірілген. Соңғы жылдары Арал балықшылары көзауықты аулап, табыс көзіне айналдыруда.

 

Тұқытектестер отряды. Бұл отрядқа тұщы суларда тіршілік ететін аққайран, мөңке, қаракөз, табан, ақмарқа, қаяз балықтары жатады. Тұқы, мөңке балықтарын қолдан жасаған тоған суларында өсіру тиімді әрі пайдалы. Олар (ақ амур, дөңмаңдай, т.б.) өсімдіктермен қоректенеді.

Қазақстанның су айдындарында 180-ге жуық балық түрлері кездеседі. Соның 16 түрі сирек кездесетіндіктен, Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген. Солардың ішінде біздің елімізде ғана кездесетін балқаш алабұғасын, іле шармайын сақтап қалудың маңызы зор.



Сұрақтар
  1. Сүйекті (костные) балық

  2. Сүйекті балықтарда алғаш рет зәрдің уақытша сақталатын мүшесі:
  3. Аталық безден бөлінген сұйықтық:
  4. Дәмді еті, қара уылдырығы қымбат бағаланатын балық:

  5. Саусаққанатты балық:

  6. Сүйекті балықтардың  денесі қандай бөлімдерге бөлінеді?

  7. Балықтардың жасын қалай ажыратады?

  8. Сүйекті балықтардың желбезегінде не болмайды?

  9. Су түбінде тіршілік етуге бейімделген сүйекті балықтардың қандай мүшесі болмайды?

  10. Сүйекті балықтар неше класс тармағына бөлінеді?

Қате туралы хабарландыру