Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Омыртқалы жануарлардың көбею ерекшеліктері

Конспект

Балықтардың көпшілік түрлері мен қосмекенділердің жыныс мүшелерінің құрылысы ұқсас, бұлар – дара жыныстылар. Аналық ағзаның бір жұп аналық безінде уылдырық деп аталатын өте майда жұмыртқалар түзіледі. Ал аталық балық немесе бақаның ағзасында бір жұп аталық безінде сперматозоидтар пісіп жетіледі. Жыныс бездері жетілген соң балықтар (мысалы: сазан, бекіре, тұқы, т. б.) болашақ ұрпақтарының өсіп-жетілуіне қолайлы суға барып, уылдырықтарын шашады. Мысалы, бекіре уылдырық шашар кезде теңізден тұщы сулы өзенге қарай өрістейді. Олар уылдырық шашып болған соң теңізге қайта оралады.

 

Балықтар уылдырықтарын суға жеке-жеке шашпайды. Көп жағдайда уылдырықтар бір-бірімен сілемейлі, тығыздау шырышты зат арқылы байланысады. Ішінде жүздеген, кейде миллиондаған уылдырықтары бар осындай мөлдір түзілім су түбіндегі өсімдіктерге бекініп тұрады (1-сурет). Уылдырық шашылған жерге аталық балықтар келіп, ішінде сперматозоидтары бар сұйықтығын төгеді. Талшықты сперматозоидтар уылдырықтармен қосылып, оларды ұрықтандырады.

 

 

Алабұғаның уылдырығы Уылдырықтағы ұрық

 

Дернәсіл Шабақ

 

1-сурет. Өзен алабұғасының дамуы.

 

Бақа, тритон, құрбақа және т. б. қосмекенділер де уылдырықтарын суға шашады (2-суреттегі бақа уылдырығының даму барысын балықпен салыстырыңдар).

 

Көпжасушалы ұрықтың пайда болуы, одан дернәсілдің дамып-жетілуі уылдырықтың ішінде өтеді. Дернәсіл уылдырықтағы қоректік заттардың мол қорымен қоректенеді. Одан соң уылдырық қабығынан шығады. Алғашқы кезеңде уылдырықтан қалған кішкентай сарықапшық түріндегі қоректік затпен қоректенеді. Ол таусылған соң майда жасыл балдырларды, қарапайым жәндіктерді, ұсақ шаяндарды қорек етеді. Өздігінен қорек аулап, тіршілік ете бастаған балық дернәсілін шабақ дейді. Шабақ ересек балыққа ұқсас болады. Тек дене мөлшері мен қоректенуінде ғана өзіне тән аздаған ерекшеліктері бар.

 

Ал бақа дернәсілі – итшабақтың (шөмішбалық) дамуының әр сатысында елеулі өзгерістері болады. Уылдырықтан шыққаннан кейінгі ерекше белгі – артқы аяқтың білінуіне 2,5 айдай, екі жұп аяқтың қалыптасуына 3 айдай уақыт кетеді. Дернәсілдер 2 жыл 8 айда кәдімгі ересек бақаға айналып, құрлыққа шығады (2-сурет).

 

         

 

Уылдырық Ұрық Итбалық 2 апталық

 

     

 

Итбалық 10 апталық Ересек бақа

 

2 сурет. Бақаның дамуы

 

Жорғалаушылар мен құстардың көбеюінде де ұқсастықтар бар. Бұлар ұрықтың дамуына қолайлы жағдайлары (жылу мен ылғал) бар жерге іштей ұрықтанып жұмыртқалайды. Құстар ұя салады. Ал кесіртке, шаян, тасбақа жұмыртқаларын құм, көң, өсімдік қалдықтары шіріндісінің арасында қалдырады (3-сурет).

 

Жорғалаушылар жұмыртқасы жылу мен ылғалды айналасындағы ортадан алады, құс жұмыртқаларын өзінің дене қызуымен басып, шығарады.

 

Жорғалаушының жұмыртқасы да, құс жұмыртқасы да қоректік затқа өте бай.

Тауық жұмыртқасының ішіндегі ақ уыз бен сары уыз – құс ұрығының әлі жұмыртқадан шықпаған кездегі қорегі болып саналады.

 

              

 

3-сурет. Кесіртке және оның жұмыртқадан шығуы.

 

Құстың да, жорғалаушының да жұмыртқадағы ұрықтарының дамуы өткен омыртқасыздар ұрықтарының даму сатыларынан өтеді. Жұмыртқа ішіндегі дамуының соңында балапан жұмыртқаны түгел толтырады (3а-сурет). Тек жұп-жұқа жарғақ пердемен бөлінген, ішінде ауасы бар жұмыртқаның бір шетіндегі қуыс қана сақталады. Балапан тұмсығымен әлгі жұқа пердені тесіп, алғаш рет ауамен тыныс алады. Одан соң мүйізді кішкентай тұмсығымен жұмыртқаның қатты қабығын тесіп, сыртқа шығады.

 

А      Ә

 

4-сурет. Құстың жұмыртқада дамуы (а) және сүтқоректінің (ә) жатырда дамуы.

 

Тауық, үйрек, саңырау құр, бөдене және тағы басқа да көптеген құстардың балапандары жұмыртқадан көзі ашық, денесінде мамығы бар болып шығады. Бұл балапандар үсті сәл дегдіген соң өздігінен қорек іздеп, анасына еріп, жүгіріп кетеді. Осындай балапан шығаратын құстарды ширақ балапан шығаратын құстар деп атайды (4-сурет).

 

Торғай, бозторғай, қарлығаш, қараторғай, көгершін, жыртқыш құстар (бүркіт, қаршыға, қыран және т. б.), қара қарға сияқты құстардың балапандары жұмыртқасынан әлі көзі ашылмаған, мамығы жетілмеген, құлақ саңылауы жабық, дәрменсіз күйде шығады. Мұндай құстарды қызылшақа балапан шығаратын құстар деп атайды (4-сурет).

 

Құстар өз балапандарына көп қамқорлық жасап, баулып өсіреді.

Ал кесіртке, жылан, тасбақа сияқты жорғалаушылар жұмыртқаларын қолайлы жерге көміп кеткен соң өз «ұрпақтарын» іздемейді. Олар жұмыртқадан шығып, өз алдына тіршілік ете береді.

 

Сүтқоректілердің жұмыртқалары мөлшері жағынан онша үлкен емес. Мысалы, үйқоян жұмыртқажасушасының мөлшері 0,2 мм, микроскоппен ғана көруге болады. Ұрықтануы аналық ағзадағы жұмыртқа жолында жүреді. Ұрықтанған жұмыртқа жатырға жұмыртқа жолымен келеді. Жұмыртқа жолымен қозғалып келе жатқанда бірнеше рет бөлініп, көпжасушалы ұрыққа айналып, жатырға түседі. Ұрық қабығы жатыр қабырғасымен тығыз түйіседі. Осы жерде ұрық қабығының бүртіктері жатыр қабырғасына жабысып, тығыз байланысады.

Сөйтіп ұрықтың ана ағзасымен байланысын қамтамасыз ететін мүше – ұрықжолдас (плацента) пайда болады. Ұрық ұрықжолдасқа кіндік арқылы байланысады. Кіндікті қан тамырлар торлап жатады. Осы қан тамырлар арқылы ұрық ана қанындағы қоректік заттармен, оттегімен қамтамасыз етіледі. Ұрық денесіндегі зиянды заттар мен көмірқышқыл газы ана қанына кіндік арқылы тасымалданып, оның зәршығару мүшелері арқылы сыртқа шығарылады (3ә-сурет).

 

Баласын тірі туатын жануарлардың ұрықты құрсақта көтеру кезеңі буаздық деп аталады. Ұрықтың жатырда даму ұзақтығы сүтқоректілердің барлығында бірдей емес. Мысалы, сұр тышқанның буаз болу мерзімі – 18 күн, арқардыкі 150 күн болса, піл баласын 600 күндей көтереді.

 

Ін қазатын кемірушілер мен көптеген жыртқыштардың ұрпақтары көзі ашылмаған, терісі түксіз, дәрменсіз болып туады. Мәселен, мысықтар мен иттің жаңа туған күшігін көрген боларсыңдар.

 

Ал ін қазбайтын кемірушілердің (үйқоян, қоян, сазқұндыз және т. б.), арқар, бұғы, бұлан сияқты сүтқоректілердің, үй малдарының (сиыр, қой, ешкі және т. б.) төлдері көзі ашық, терісі түкті, ширақ болып туады. Олар туып, сәл денесі кепкен соң енесіне еріп жүре береді. Дегенмен белгілі бір мерзімге дейін енесі төлдеріне қамқорлық жасап, оларды сүтімен асырайды. Жайылуға, қорегін аулауға, жауынан қорғануға және тағы басқа тіршілік етуге қажетті әрекеттерге үйретеді.

 

Жеке даму

 

Кез келген тірі ағзаның, соның ішінде жануар ағзасының да жасы, тіршілік ету мерзімі бар. Мысалы, хайуанаттар бағында бозторғай 20 жылдай, бүркіт 46, сұр тырна 43, үнді пілі 70-80, қоңыр аю 30-50, қасқыр 15, түлкі 10-12, қоян 5-7 жылдай тіршілік етеді.

 

Әдетте біз жасты ана құрсағынан шыққан, жарық дүниеге келген күннен бастап есептейміз. Ал ғылым көпжасушалы ұрық пайда болуынан бастап, оның біртіндеп, сатылап өзгеріп, қалыптасып тууы, одан әрі сатылап өсіп, біртіндеп есеюі, өз ата-анасындай ересек болуы, одан біртіндеп қартаюы – міне, ағзасының (өсімдік не жануар) ұрықтан қартайып өлгенге дейінгі бүкіл тіршілік кезеңдерін біртұтас қарайды. Оған «ағзасының жеке дамуы» деген атау береді.



Сұрақтар
  1. Уылдырық шашар кезде теңізден тұщы сулы өзенге қарай өрістейтін балық:
  2. Өздігінен қорек аулап, тіршілік ете бастаған балық дернәсілі:

  3. Бақа дернәсілі:
  4. Ширақ балапан шығаратын құс:

  5. Қызылшақа балапан шығаратын құс:

  6. Балықтардың аналық организмінің бір жұп аналық безінде түзілетін құрылымдар:

  7. Су түбіне бекініп тұратын уылдырықтардың күйі қандай болады?

  8. Тауық жұмыртқасы қандай затқа бай ?

  9. Ұрықжолдас деп аталатын мүшенің қызметі ?

  10. Организмнің жеке дамуы дегеніміз не?

Қате туралы хабарландыру