Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Көпжасушалы жануарлардың құрылысы мен тіршілігі

Конспект

Қоректік зат және тіршілік. Кез келген тіршілік иесі сияқты жануар ағзасы де үздіксіз жұмыс істейді. Мұның барысында кейбір жасушалар тозып, бұзылып немесе тіршілігін жояды. Олардың орны дәл сондай жаңа жасушалармен толығып, калпына келеді. Сонымен қатар бүкіл тіршілік процестерінің үздіксіз жүруіне қуат пайдаланылады. Жануар ағзасы мұндай «құрылыс материалы» мен қуатты қайдан алатынын қарастырайық.

 

Ағзаға қорек болып, оның тіршілігін қамтамасыз ететін, яғни оған «құрылыс материалын» да, энергияны да беретін заттарға нәруыз, май және көмірсулар жатады. Сонымен бірге мұндай материалдарға көптеген минералды тұздарды және суды жатқызуға болады. Осындай заттардан ағза өз денесін құрып, тіршілік етеді.

 

Нәруыз – мөлшері мен тіршіліктегі қызметі жағынан жасушаның ең маңызды органикалық заты. Нәруыздардың тірі ағзада атқармайтын қызметі жоқ.

Жасуша құрамындағы майлардың мөлшері аз, 5-10%-дан аспайды. Олар да тіршілік процесінде құрылыс материалы, қуат көзі, жасушаны сумен қамтамасыз ететін зат ретінде маңызды рөл атқарады.

 

Көмірсулар жануар жасушасында 1-5%-дай болады, ал бауыр мен бұлшықет жасушасында көбірек кездеседі:

 

Көмірсулар (глюкоза, сахароза, т.б.) – ағзадағы негізгі қуат көзі.

 

Жануарлар дайын органикалық заттармен (өсімдікпен, басқа жануармен және т.б.) қоректенеді. Бірақ қоректің (жемнің, азықтың) құрамындағы нәруыз, май және басқа қоректік заттар ешбір өзгеріске түспей, бірден жануар жасушаларын түзеді, оны «жөндеп», қалпына келтіреді деген қате ұғым тумауы керек. Жануар ағзасында ол заттар ыдырап, ерітіндіге айналады. Сол ыдыраған бөлшектерден жануар ағзасы тек өзіне тән нәруыздарды, майларды және басқа заттарды синтездеп алады.

 

Бұл заттар ағзаның мүшелеріндегі өз қызметін атқарып тозған, жойылған жасушалардың қайтадан түзіліп жаңаруына жұмсалады. Оларды «құрылыс материалы» деуге болады. Органикалық заттар үздіксіз ыдырағанда үнемі қуат бөлініп шығады. Ол жаңа органикалық заттардың синтезделуіне, тыныс алуға, қозғалуға және т. б. жұмсалады.

 

Қорытынды. Сонымен кез келген ағзаның тіршілік етуі үшін қоректік зат қажет. Сол үшін ағза қоректенеді; оның ағзасында ас қорытылады. Астың қорытылуы – ерекше жолдармен жүзеге асатын күрделі құбылыс. Мұнымен жоғары сыныпта тереңірек танысасыңдар.

 

Омыртқасыз жәндіктердің асқорыту жүйесі және астың қорытылуы. Көпжасушалы жануарлардың даму деңгейіне және тіршілік қалпына қарай асқорыту жүйесінің құрылысы әр түрлі. Жәндіктердің асқорыту жүйесінің құрылысын, оның біртіндеп күрделенуін нақтылы түсіну үшін ерекшеліктері айқын көрінетін бірнеше өкілдерін салыстырып қарастыралық.

 

Бұлардың ең қарапайым құрылысы бар өкілдерінің бірі – гидра (1-сурет). Ол негізінен сулы ортада тіршілік етеді. Дене мөлшері ұсақ. Гидра денесінің пішіні мен құрылысының сызбанұсқалық суретімен танысыңдар. Оның денесі жасушалардың сыртқы – эктодерма, ішкі – энтодерма қабаттарынан тұрады.

 

        

Гидраның сыртқы көрінісі

 

1-сурет. Гидра және оның құрылысы.

 

Эктодерма қабаты тері-бұлшықет жасушаларынан, атпа жасушалардан, жүйке және аралық жасушалардан түзіледі (1-сурет).

 

Энтодерма қабаты асқорыту-бұлшықет жасушалары мен безді жасушалардан тұрады және ішек қуысын астарлап жатады. Атпа жасушалар қармалауыштарда орналасады және олардың ішінде улы сұйығы бар қапшығы (капсуласы) болады. Қапшықта шиыршықталған жіңішке атпа түтікше-жіп жатады. Мұндай жасушаның гидра денесі жабынынан сәл қалтиып шығып тұратын сезімтал талшығы болады. Судағы ұсақ шаян немесе су бунақденелілерінің дернәсілі гидра денесіндегі сезімтал талшыққа тиіп кетсе, қапшықтағы атпа жіпше лезде жазылады да, денесіне жайылады. Гидра жемді қармалауыштары арқылы ауызына апарып, жұтады. Жем ішек қуысына түскен соң безді жасушалардан сәл бөлініп, ас ұсақталып қорытыла бастайды. Асқорыту-бұлшықет жасушаларының талшықтары ас түйіршіктерін араластырады да, пайда болған жасуша жалғанаяқтары (амеба сияқты) ол түйірлерді орап алып, цитоплазмаға өткізеді. Ас одан әрі вакуольдерде қорытылады. Қоректік заттар ағзаның барлық жасушаларына сіңіріледі. Қорытылмаған қалдық заттар ауызы арқылы сыртқа шығарылады.

 

Қорытынды. Сонымен гидра сияқты ішек қуыстыларда жасушаішілік асқорыту және ішек қуысы ішіндегі асқорыту болады.

 

Ақ сұлама (планария) сияқты құрттар (2-сурет) ауызы арқылы жұтқыншағын айналдырып сыртқа шығарады да, қорегіне сұғындырып, оны тұтас жұтады. Қорек ішекте қорытылады. Сөйтіп ауыз, жұтқыншақ және ішек ақ сұламаның асқорыту жүйесі болып табылады.

 

2-сурет. Ақ сұламаның (планарияның) құрылысы.

 

Ал өздеріңе жақсы таныс шұбалшаңның асқорыту жүйесі күрделі. Оларда ауыз, жұтқыншақ, өңеш, жемсау, қарын және ішек болады (3-сурет). Ас жемсауда жұмсарады, қарында араласады, ішекте қорытылады.

 

Кеміргіш бунақденелілер (мысалы, зауза қоңыз) аузындағы төменгі тісшелі жағымен жапырақ түйірін аздап ұсақтайды. Бұдан соң өңеш арқылы ас тісшелі қарынға түсіп, сонда әбден ұсақталып, араласады. Ішекте қорытылып, сіңеді.

 

3-сурет. Шұбалшаңның асқорыту, қанайналым, жүйке жүйелері.



Сұрақтар
  1. Ағзаның  құрылыс материалы

  2. Жасуша құрамындағы майдың мөлшері:

  3. Көмірсу жануар жасушасында:

  4. Ауызы арқылы жұтқыншағын айналдырып сыртқа шығарып, қорегін тұтас жұтатын құрт:

  5. Атпа жасушалардан, жүйке және аралық жасушалардан түзілетін қабат:
Қате туралы хабарландыру