Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Былқылдақденелілер (ұлулар)

Конспект

Былқылдақденелілер – денесі жұмсақ, үш қабатты, екіжақты симметриялы көпжасушалы омыртқасыз жәндіктер. Олардың денесі бастан, тұлғадан, аяқтан, бақалшақтан және бақалшақ қалдығынан тұрады. «Былқылдақденелілер» ұғымы кейінгі кезде «ұлулар» деп те пайдаланылуда. Былқылдақденелілердің 130 мыңнан астам түрі белгілі.

Тип 7 класқа жіктеледі. Олар: бауыраяқтылар класы; қосжақтаулылар класы; басаяқтылар класы; сауытсыздар класы; сауыттылар класы; күрекаяқтылар класы және біртақташалылар класы. Бізге былқылдақденелілердің алғашқы үш класының өкілдері көбірек таныс. Бауыраяқты былқылдақденелілердің денесінен симметрия айқын байқалмайды. Бұл топтағы жәндіктер денесі буылтықсыз, өте жұмсақ болғандықтан, былқылдақденелілер типіне біріктірілген.

 

Былқылдақденелілер типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері. Бұлардың буылтық құрттардан негізгі айырмашылығы – денесі бунақтарға бөлінбейді. Сондықтан ішкі мүшелердің денеде орналасуы қайталанбай, атқаратын қызметі бірдей, біртұтас күйде болады. Айқын жіктелмесе де олардың бас бөлігін тұлғадан ажыратуға мүмкіндік бар. Былқылдақденелілердің ішкі мүшелері бастан кейінгі тұлға қапшығында орналасады. Тұлғадан ерекше қатпарлы қабат – шапанша (мантия) түзіледі. Тұлға мен шапанша аралығында шапанша қуысы болады, ал шапаншаның үстіңгі бетінен бақалшақ қалыптасады. Зәршығару жүйесі мен жыныс тесіктері және артқы ішектің аузы шапанша қуысына ашылады. Бақалшақтар құрылысы үш түрлі үлгіде кездеседі: қозғалмалы бөлікті тақташа түрінде (сауытты былқылдақденелілерде); екі жақтау түрінде (қосжақтаулыларда); имек немесе бұрала оралған түтік түрінде немесе қақпақша тәрізді (біртақталылар, бауыраяқтылар және күрекаяқтыларда). Аяқ – былқылдақденелілердің негізгі қозғалу мүшесі.

 

Асқорыту жүйесі едәуір күрделі. Дененің алдыңғы бөлігіндегі ауыз тісшелері (үккі) тілге және жұтқыншаққа жалғасады. «Бауыр» деп аталатын асқорыту безінің аузы қарынға ашылады. Қорек қарыннан ішектің ортаңғы және соңғы бөлігінен өтеді. Қорытылған ас артқы (аналь) тесігі арқылы сыртқа бөлінеді. Қосжақтаулы былқылдақденелілерде жұтқыншақ жойылып кеткен. Сондықтан үккі болмайды. Сөйтіпкөп жасушалы жәндіктерден бұрын кездеспеген асқорыту мүшесі – бауырды былқылдақденелілерде бірінші рет байқаймыз.

 

Тағы бір ерекшелік – былқылдақденелілерде қантарату жүйесі ашық. Алайда екі (бауыраяқтыларды) немесе үш қуысты (қосжақтаулыларда) «жүрек» болады. Көптеген былқылдақ -денелілердің қаны түссіз. Қанның түсі көгілдір (басаяқтылар) былқылдақденелілер де бар. Жүректің бір немесе екі жүрекшесі, бір қарыншасы бар. Жүректі жүрек қабы қаптайды.

 

Былқылдақденелілердің зәршығару жүйесі бір немесе екі бүйректен және несепағар түтіктен құралады. Қан құрамындағы улы заттар бүйректен өтіп, сүзінді сыртқа бөлініп шығады.

 

Ұлудың тура дамуы

Былқылдақденелілердің көпшілігінің жүйке жүйесі жүйке түйіндерінен тұрады. Алайда басаяқты былқылдақденелілердің жүйке жүйесінің күрделеніп, жүйке талшықтарының жинақталуы нан ми түзілетіні мәлім. Басаяқтылардың көз құрылысы да күрделі. Кальмарлар, каракатицалар, сегізаяқтар өте жылдам реактивті қозғалыс жасайды. Олар саңылауы арқылы шапанша қуысына су жинап алады да, оны түрі өзгерген аяқ ойысынан күшпен айдап шығарады. Денесінің алдыңғы бөлігінде орналасқан аяқтары түрін өзгертіп, қармалауыштарға айналады. Аяқтарының орналасуы және пішініне қарай бұл жәндіктер бауыраяқтылар, күрекаяқтылар, т.б. кластарға жіктеледі.

 

Бауыраяқты былқылдақденелілер – теңізде және құрлықта тіршілік ететін жәндіктер. Оларды көлдерден, тоғандардан, суқоймалардан да кездестіруге болады. Түйіртек, жұмырлақ көлдерде және тоғандарда мекендейді. Шалшық ұлуы, тоспаұлу және қошқармүйіздер баяу ағатын суқоймаларда кездеседі. Жүзім ұлуын жүзімдіктен, ал жалаңаш шырышты бау-бақшалар мен өзге заттар астынан кездестіре аламыз.

 

Жүзім ұлуы

 

Қосжақтаулы былқылдақденелілер – Жер шарына кең таралған көпжасушалы жәндіктер. Олар мұхитта, теңізде, тұщы су қоймаларын да, өзендерде тіршілік етеді. Құрлықта кездеспейді. Жануартекті жеммен қоректенеді, паразиттік жолмен өмір сүретіндері де бар. Қосжақтаулы былқылдақденелілер класының өкілі айқұлақ сендерге 6-сыныптан таныс. Олардың бақалшағы ашып-жабылатын екі жақтаудан тұрады.

 

Сондықтан бұл жәндіктер қосжақтаулы былқылдақденелілер деп аталған. Бұлардың бас бөлігі жойылып кеткен. Денесі тек тұлға және аяқтан ғана құралады. Мысалы, айқұлақтың аузы аяғының қасында орналасқан. Айқұлақта бас болмағандықтан, оның тілі де, жұтқыншағы да жоқ. Сондықтан қорек тікелей өңешке түседі. Одан қарынға өтіп, ішекке барады. Қосжақтаулы былқылдақденелілер – дара жынысты жәндіктер. Олардың ғаламшарымызда 20 мыңға жуық түрлері мекендейді.

 

Басаяқты былқылдақденелілер – ең жоғары құрылымды жәндіктер. Бұларда бақалшақ жойылып кеткен. Суы тұзды және оңтүстіктегі теңіздерде, мұхиттарда ғана мекендейді. Басаяқты былқылдақденелілер – өте ірі жәндіктер. Мысалы, тереңсу кальмарының ұзындығы – 18 м, мұның 10 метрі қармалауыш. Қармалауыштың жуандығы 20 см. Басаяқтылардың денесі бастан және тұлғадан құралады. Ауыз төңірегінде өте күшті 8–10 қармалауыштар болады. Қармалауыштардың ішкі жағында бірнеше қатар сақиналанған сорғыштар бар. Сегізаяқтар қармалауыштардың жәрдемімен су түбінде жүріп, қорегін аулайды. Сөйтіп бұлардың басындағы қармалауыштар аяқ қызметін де атқарады. Каракатица және кальмар өте баяу жүру үшін қармалауышы мен басын алдыға қаратып жүзеді. Өте шапшаң қозғалу қажет болған жағдайда денесінің артқы бөлігімен реактивті қозғалады. Аяғы (қармалауыштары) басында болғандықтан, бұл жәндіктер басаяқты былқылдақденелілер класына жатқызылады. Басаяқтылардың қазіргі кезде 800-ге жуық түрлері бар.

 

Басаяқты былқылдақденелілердің бір өкілі – кальмар. Шеміршекті бассүйегінде ми орналасады. Бұл – оның басы. Бастың екі жағында үлкен көздері бар. Оның құрылысы адам көзінің құрылысына ұқсас. Бір қызығы: көздің біреуі бір затты, екіншісі екінші затты жеке-жеке көре алады. Кальмарлар су тереңінде сағатына 50 шақырымдық жылдамдық пен жүзіп, қорегін аулайды.

 

Каракатица да – басаяқты былқылдақденелі жәндік. Ол су түбін ала тіршілік етеді. Құмда жасырынып жатқан асшаянды аулайды. Жемін аулау үшін құмға бас бөлігіндегі ойыстан су атқылатады. Құм жан-жаққа ұшып, асшаян көрініп қалады. Енді оны ұстап жеу каракатицаға қиындық келтірмейді.

 

Сегізаяқ су түбінде баяу қозғалады. Өзге басаяқтылар тәрізді сегізаяқ жауынан сиялы сұйықтығын шашып, құтылып кетеді. Бір қызығы сегізаяқты «сиқырлап» ұйықтатуға болады. Ол үшін сегізаяқтың аузын жоғары қаратып, қармақшаларын төмен салбыратса болды. Ол дереу ұйқыға батады. Енді оған не жасаса да сезбей, ұйықтай береді.



Сұрақтар
  1. Денесі жұмсақ, үшқабатты, екіжақты симметриялы көпжасушалы омыртқасыз жәндіктер:
  2. Былқылдақденелілердің ерекше қатпарлы қабаты:

  3. Былқылдақденелілерде ғана кездеспеген асқорыту мүшесі:
  4. Былқылдақденелілердің қантарату жүйесі:

  5. Құрлықта кездеспейтін, мұхитта, теңізде, тұщы су қоймаларында, өзендерде тіршілік ететін жәндіктер:
  6. Бақалшағы екі жақтаудан тұратын былқылдақденелі?

  7. Тағам ретінде қолданылатын былқылдақденелі?

  8. Былқылдақденелілерде тұлғадан ерекше қатпарлы қабат не түзіледі?

  9. Қосжақтаулы былқылдақденелілерде болмайды?

  10. Денесі жұмсақ, үш қабатты, екіжақты симметриялы көпжасушалы омыртқасыз жәндік?

  11. Айқұлақта болмайтын мүше

  12. Қос жақтаулы ұлу

  13. Тағамға пайдаланылатын қосжақтаулы ұлу 

Қате туралы хабарландыру