Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Буынаяқтылар типі

Конспект

Буынаяқтылар – денесі буылтықты, екіжақты симметриялы, көпжасушалы жәндіктер. Денесінің сырты тығыз хитинмен қапталған, аяқтары бунақталған. Осы типке жататын жәндіктердің барлығының аяқтары буын-буын бунақтармен жалғасқандықтан, буынаяқты жәндіктер деп аталған. Жер шарын мекендейтін жануарлар дүниесінің 80 пайыздан астамы буынаяқтылар үлесіне тиеді. Қазір ғылымға олардың 1 миллионнан астам түрлері белгілі. Буынаяқтылар типінің негізгі үш класы бар. Олар: шаянтектестер, өрмекшітектестер және бунақденелілер класы. Өзен шаяны, асшаян, таңқышаян, қыршаян шаянтектестерге жатады. Өрмекшітектестердің өкілдері: айқышты өрмекші, бүйі, қарақұрт, мизан. Бунақденелілердің түрі өте көп. Оларға: тарақан, көбелек, маса, шегіртке, инелік, қоңыз, дәуіт, т.б. кіреді.

 

Циклоп

Таңқышаян

Асшаян

Өзеншаян

 

 

Буынаяқтылардың сан алуандығы

 

Буынаяқтылар типіне жататын жәндіктердің негізгі ерекшеліктері. Буынаяқты жәндіктердің арғы тегі көпқылтанды буылтық құрттар деп есептеледі. Буылтық құрттардан негізгі айырмашылығы – денесі хитинді затпен қапталған. Хитин дегеніміз – жасуныққа ұқсас ағзалық зат. Шаянтектестерде хитинге әктенген заттар сіңеді. Ал өрмекшітектестердің, бунақденелілердің хитинінде нәруыз көбірек болады. Жабынның ішкі жағынан жеке будаланған тері-бұлшықет қапшығының бұлшықеттері бекінеді. Соның нәтижесінде дене бөліктері біріне-бірі тәуелсіз, дәлме-дәл, өте шапшаң және тиімді қозғалыс жасай алады.

 

Буынаяқтылардың сыртқы хитинді жабыны өте жеңіл. Сондықтан буынаяқтылар салмағы ауыр бақалшақты былқылдақденелілерден әлдеқайда оңтайлы қимылдайды. Хитин берік болғандықтан, созылмайды. Буынаяқтылар денесі өскенде хитинді жабын мезгіл-мезгіл денеден сыпырылып, түлейді. Хитинді жабынның қалың-жұқалығы барлық жәндіктерде біркелкі емес. Өзен шаяны, таңқышаян жабыны, қоңыздың қатты қанаты және жабыны өте қалың. Ал маса, шыбын тағы басқа жәндіктердің жабындары жұқа болады.

 

Шаянтектестер суда тіршілік ететіндіктен, желбезек арқылы тыныс алады. Асшаян, өзен шаяны, таңқышаяндардың денесі бас пен көкірек бөлігі тұтасқан. Ол баскөкірек және құрсақ бөліктерінен құралады. Жүрегі және қан тамырлары қанды дене қуысына айдайды. Сондықтан, қантарату жүйесі тұйықталмаған – ашық жүйелі. Зәршығару жүйесі бездер арқылы жүзеге асады. Ол дененің (өзен шаяны) бас бөлігінде орналасады. Жүйке жүйесі шұбалшаңға өте ұқсас, бірақ күрделірек құрылысты. Көру, иіс сезу, сипап сезу және тепе-теңдік сақтау мүшелері едәуір дамыған. Шаянтектестердің басым бөлігі дара жынысты және олар жынысты жолмен көбейеді. Орташа және ірі денелі шаянтектестер (таңқышаян, омар, асшаян, өзен шаяны) құрттарды, былқылдақденелілерді, балықтарды, өсімдіктерді қорек етеді.

 

   

                            Құршаян                             

 

   Құсжегіш өрмекші

                 

Өрмекшітектестердің сан алуандығы

 

Сонымен бірге балықтардың, бақалардың, басқада су жануарларының өлексесін жеп, табиғатта санитарлық рөл атқарады. Ұсақ шаянтектестер (дафния, циклоп) өте ұсақ қоректік бөлшектерді, ұсақ ағзаларды қорек етеді. Өздері балықтарға жем болады. Балықтардың желбезектерінде паразиттік жолмен тіршілік ететін түрлері де бар. Циклоптар кейбір құрттардың дамуына аралық ие болып табылады.

 

Өрмекшітектестер – құрлықта тіршілік ететін буынаяқтылар. Бұл класқа жататын жәндіктердің денесі екі бөліктен: баскөкірек және құрсақ бөлімінен тұрады. Бұларда мұртша болмайды. Жабыны үш қабатты. Ол жәндіктің денесін судың булануынан қорғайды. Бұлардың дене қуысы аралас қуысты, сондықтан қантарату жүйесі ашық жүйелі. Өрмекшітектестердің баскөкірек бөлігінде 6 жұп аяқ орналасады. Бірінші жұбы – күйісаяқ; екінші жұбы – тұтқыаяқ; қалған 4 жұбы – жүруге арналған аяқтар. Сөйтіп, өрмекшітектестерде жүретін 8 аяқ болады. Ал құрсағында ешбір аяқ орналаспайды және көпшілігінде буылтықсыз, тегіс болып келеді. Өрмекшітектестердің көпшілігі сатанбез және мальпигий тамырлары арқылы қажетсіз заттарды бөледі. Бұлар құрлықта тіршілік етеді. Өкпе қапшығы және демтүтік (трахея) тынысалу мүшелері болып табылады. Демтүтік – жәндіктің құрлықта өмір сүруге бейімделуінің нәтижесінде пайда болған жаңа түзіліс. Өкпе – желбезектер туындысы. Өрмекшітектестер тек қоймалжың күйдегі қоректі ғана пайдалана алады. Сондықтан өлтірген жәндігінің денесіне нәруызды ыдырататын бауыр мен сілекей безінің сөлін енгізеді. Қоймалжыңданған қоректі жұтқыншағы мен сорады. Тамақтың денеден тысқары қоймалжың күйге ауысып қорытылуы астың ішектен тыс қорытылуы деп аталады.

 

Бұл – бұған дейінгі жәндіктерде байқалмаған құбылыс. Өрмекшітектестерде құрсақ жүйке тізбекшесіндегі жүйке түйіндерінің іріленуінен түйінді жүйке жүйесі түзіледі. Сезім мүшелерінің құрылысы едәуір күрделі. Өрмекшітектестер – дара жынысты, іштей ұрықтанады. Аналықтары жұмыртқа салып, жұмыртқадан ұрпақтары тікелей дамиды. Өрмекшітектестер – жыртқыш, паразит. Кейбіреуі қан сорады (кене). Көпшілігі өсімдік және бунақденелілермен қоректеніп, олардың табиғаттағы санын реттейді. Енді біреулері шағып (қарақұрт, бүйі, қыршаян), адам мен үй хайуанаттарына үлкен қауіп төндіреді.

 

Өрмекші құрылысының сызбанұсқасы:

1 – күйісаяқ; 2 – күйісаяқтың тырнақ тәрізді ұшы; 3 – улы без; 4 – сорғыш қарын; 5 – бұлшықет; 6 – кеңейген аш ішек; 7 – мальпигий түтігі; 8 – қантарату жүйесі; 9 – өкпе; 10 – демтүтік; 11 – аналық без; 12 – өзек; 13 – жүйке жүйесі; 14 – тұтқаяқ; 15 – төрт жұп жүру аяқтары; 16 – өрмек бездері; 17 – көздері



Сұрақтар
  1. Денесі буылтықты, екіжақты симметриялы, көпжасушалы жәндік:

  2. Шаянтектестердегі жасуныққа ұқсас ағзалық зат:
  3. Шаянтектестердің зәршығару жүйесі:
  4. Құрлықта тіршілік ететін буынаяқты:

  5. Өрмекшітектестердің жүретін аяқ саны:
  6. Буынаяқтылар типінің өрмекшітектестер класына жататын өкілі?

  7. Өрмекшітектестердің дене бөліктері?

  8. Өрмекшілерде болатын тамақтың денеден тысқары қоймалжың күйге ауысып қорытылу құбылысы?

  9. Буынаяқтылардың қай түрінде зәршығару жүйесі бездер арқылы жүзеге асады?

  10. Денесі буылтықты және сырты тығыз хитинмен қапталған, екіжақты симметриялы жәндік?

  11. Буынаяқтылардың арғы тегі

Қате туралы хабарландыру