Тахауи Ахтанов, Хамза Есенжанов, Ілияс Есенберлин прозасы

Қазақ әдебиеті

Тақырыптың тесті
Конспект

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі өкілі, жазушы, драматург, сыншы Тахауи Ахтанов 1923 жылы Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданының Шетерғыз ауылында дүниеге келген. Т.Ахтановтың көркем прозадағы алғашқы қадамы 1955 жылы жазған «Алғашқы ән» әңгімесінен басталған. Жазушы қаламынан бұдан басқа «Қызғаныш», «Күй аңызы», «Алыстан жеткен сарын», «Ол солай еді», «Көкқұтан» әңгімелері туған. Т.Ахтанов шығармашылығынан өзіндік орын алатын өнер мен өнер адамының тағдыры тақырыбы. «Қызғаныш» атты әңгімесінде суретші өнері назарға алынса, «Күй аңызы» әңгімесіне күй тарихы мен күйші тағдыры арқау болған. Әңгімеде қарт күйші Естемес пен жас күйші Оразымбеттің күй тарту өнері, «Нар идірген» күйінің шығу тарихы сөз болған.

Т.Ахтановтың «Үндістан хикаясы», «Теңіз хикаясы», «Шынтас», «Махаббат мұңы» деген повестері мен «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» атты романдары, «Күтпеген кездесу», «Сәуле», «Арылу», «Ант», «Әке мен бала», «Жолы болмас жігіттің» пьесалары, «Керуен» сын-мақалалар жинағы қазақ әдебиетіне қосылған қазына болып табылады. «Махаббат мұңы» повесіне ақын қыз Ләззаттың тағдыры арқау болса, 1956 жылы басылған «Қаһарлы күндер» романы мен соңғы роман-дилогиясы «Шырағың сөнбесін» Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған. Жазушының «Боран» романы қазақ әдебиетіне қосылған құнды шығармалардың бірі. Романда мал шаруашылығы, малшы жігіт Қоспан тағдыры бейнеленген. Романның негізгі кейіпкері Қоспан тағдыры психологиялық шеберлікпен суреттелген.

Т.Ахтановтың қазақ драматургиясына қосқан «Ант», «Сәуле», «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу», «Әке мен бала» драмалары мен «Күшік күйеу», «Арыстанның сыбағасы» атты комедиялары бар. Драматург «Түнгі сыр», «Аңырақай», «Арпалыс» деген үш бөлімнен тұратын, дәуірдің әлеуметтік-саяси шындығы, күрес жолдары, қым-қиғаш тартыстар суреттелген «Ант» драма-дастанына тарихи тақырыпты арқау еткен.

Дәуір шындығын, тарихи оқиғаларды бар болмысымен суреттей білген Тахауи Ахтанов шығармалары – қазақ әдебиетінен өзіндік орын алатын көркемдік мәні жоғары туындылар.

1908 жылы Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген көрнекті қазақ жазушысы Есенжанов Хамза Ихсанұлы өзінің шығармашылық жолын өлең, әңгіме жазудан бастаған. Алғашқы әңгімелері «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Он алты жаста еді» әңгімелері «Әдебиет майданы» журналында жарияланған. Қазақ әдебиетіндегі айтулы туындылар қатарына жататын «Төңкеріс үстінде», «Шыңдалу», «Тар кезең» деген үш кітаптан тұратын «Ақ Жайық» трилогиясы үшін жазушы 1967 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Өз кезінде роман-трилогия туралы көптеген құнды пікірлер айтылған. Ғұлама жазушы М.Әуезов шығарманы: «Еуропа үлгісімен жазылған бірінші роман», – деп бағалаған. Роман кейіпкерлері: Хакім, Мүкәрама, Шолпан, Әлібек, Меңдігерей, Құныскерей, Жүніс қажы, Шұғыл, оның ұлы Ехлас пен Нұрыш, Абылаев, сұлтан Арон, Ахметше, Нұрым, Ораз, Һарон Қаратаев, тілмаш Құрбанов бейнелері сан қилы оқиғалар іс-әрекеттер барысында жаңа қырынан ашылып отырады.

Х.Есенжановтың 1977 жылы шыққан «Ағайынды Жүнісовтер» деген екі кітаптан тұратын дилогиясы «Ақ Жайық» трилогиясының жалғасы болып табылады. «Ағайынды Жүнісовтер» роман-дилогиясы «Әлібек пен Гүлжиһан және Әділбек» және «Хакімдер» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Романда әр қилы, сан алуан тағдырлы, өзгеше мінезді кейіпкерлер автор суреттеуіндегі өмір шындығын нақты көрсеткен. Әйгілі төрт кітаптан тұратын роман-тетралогияда қазақтан шыққан алғашқы заңгер Бақытжан Қаратаев, қайраткер Әбдірахман Әйтиев, ағайынды Жанша мен Халел Досмұхамбетовтер, күрескер ақын Сәкен Сейфуллин, қайраткер Ораз Исаев сияқты тарихи тұлғалар бейнесі де әр қырынан сомдалған.

Хамза Есенжановтың романдары – қазақ әдебиетінің қорын байытқан, шырғалаң дәуірдің шынайы болмысын көрсеткен, заман келешегі үшін күрес жолын таңдаған, азаттық аңсаған ерлердің мұң-мұратын терең психологиялық иіріммен толғаған, өтпелі дәуірде өмір сүрген азаматтардың ауыр да азапты тағдырын сұрапыл жылдар тартысын қаз-қалпында бейнелеген тарихи шежіре.

Қазақ әдебиетінің тарихында ең көп, он жеті роман жазған қаламы қарымды жазушы Ілияс Есенберлин 1915 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Ілияс өзінен кейінгі бауыры Раунақ екеуі балалар үйінде тәрбиеленген. Жазушылық қадамын өлең жазудан бастаған І.Есенберлиннің алғашқы шығармалары «Сұлтан», «Айша» дастандары 1945 жылы жарық көрген. Одан кейінгі кезеңдерде «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы, «Большевик туралы поэма», «Біржан сал трагедиясы» жарияланған. 1960 жылдардан бастап проза жанрына қалам тартқан І.Есенберлиннің «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повестері, «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Маңғыстау майданы», «Аманат», «Алтын Орда», «Көшпенділер», «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар», «Аққу құстың қуанышы», «Алтын аттар оянды» романдарының қай-қайсысы болсын тың тақырыптарды көтеріп, қазақ әдебиетіндегі соны мәселелерді суреттеген.

1974 жылы жарық көрген «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романы тың игеру тақырыбына арналса, «Айқас» романына адам бойындағы асыл қасиет адамгершілік мәселесі арқау болған. «Ғашықтар», «Алтын құс» романында махаббатты қастерлеу, сезімге адалдық туралы сөз болса, «Қатерлі өткел» романына үш ақынның тағдыры арқау болған, ал «Маңғыстау майданы» романы мұнайшылар тақырыбын көтерген. «Айқас» романы үшін жазушыға Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері деген құрметті атақ берілген.

Ілияс Есенберлиннің атағын әлемге танытқан «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» атты тарихи романдардан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы.

Трилогияның бірінші кітабы «Алмас қылыш» романында қазақ елінің ХV ғасырдағы көптеген тарихи оқиғаларынан мағлұматтар беретіндіктен роман-хроника деп аталған. Кітапта басты қаһарман Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының Қазақ хандығы қол астына топтасуы баяндалған. Екінші кітап «Жанталас» қазақ халқының ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресі; қазақ елінің ахуалы; үздіксіз жүргізілген қантөгіс соғыстар; сыртқы жаулардың толассыз шабуылы туралы тарихи оқиғалар суреттелген Трилогияның «Қаһар» атты үшінші кітабы ХІХ ғасырдың 30 – 40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған Ресей отаршылдығына қарсы қозғалыстың жай-күйі әңгімеленген. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – қазақ әдебиеті тарихында тарихи роман ретінде шоқтығы биік тұратын, таным-тағылымы мол көркем туынды. Туған халқының ұзақ тарихын көркем шежіреге айналдырған қайратты қаламгер Ілияс Есенберлин 1983 жылы 68 жасында қайтыс болған.

Конспект сұрақтар
  1. Таһауи Ахтановтың 1956 жылы жарық көрген романын көрсетіңіз.
  2. Ахтановтың комедиясын көрсетіңіз.
  3. Т.Ахтановтың алғашқы әңгімесін белгілеңіз.
  4. Т.Ахтановтың «Боран» романының кейіпкерін табыңыз.
  5. Т.Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесіндегі қарт күйшінің есімін көрсетіңіз.
  6. Т.Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесі қай күйдің шығуы туралы екенін табыңыз.
  7. Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» повесінің кейіпкерін көрсетіңіз.
  8. Т.Ахтановтың тарихи тақырыпқа жазған драмасын көрсетіңіз.
  9. Т.Ахтановтың Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармасын белгілеңіз.
  10. Хамза Есенжановтың алғашқы әңгімесін табыңыз.
  11. Х.Есенжановтың «Ақ Жайық» романының кейіпкерлерін белгілеңіз.
  12. І.Есенберлин өмірге келген қаланы көрсетіңіз.
  13. І.Есенберлиннің трилогиясын табыңыз.
  14. І.Есенберлиннің тың игеру тақырыбына арнаған романын көрсетіңіз.
  15. І.Есенберлиннің «Алтын құс» романының оқиғасы өтетін қаланы көрсетіңіз.
  16. І.Есенберлиннің дастанын көрсетіңіз.
  17. І.Есенберлиннің үш ақынның тағдыры туралы шығармасын табыңыз.
  18. І.Есенберлиннің мұнайшылар тақырыбына арнаған романын көрсетіңіз.
  19. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабын көрсетіңіз.
  20. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын құрайтын романдарды көрсетіңіз.
  21. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «роман-хроника» деп аталатын кітабын белгілеңіз.
  22. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының қай кітабында Кенесары Қасымов бастаған қозғалыс туралы айтылғанын белгілеңіз.
  23. І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» кітабының бас қаһарманын көрсетіңіз.
  24. І.Есенберлиннің романдарының санын көрсетіңіз.
  25. І.Есенберлиннің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алған шығармасын көрсетіңіз.
Тақырыптың тесті