Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Шандор Петефи, Ғабдолла Тоқай, Расул Ғамзатов шығармалары

Конспект

 

Венгер халқының ұлттық поэзиясының негізін қалаған Шандор Петефи – небәрі 26 жыл ғана өмір сүрген халық ақыны. Туған халқының бай ауыз әдебиетін үлгі тұтып, оны реалистік әдебиет деңгейіне көтерген Шандор Петефидің поэзиясы, өмірі қазақ халқының күрескер, жауынгер ақыны Махамбет Өтемісұлының шығармаларымен үндеседі. ХІХ ғасырда өмір сүрген екі ақын өлеңдеріндегі ортақ идея – туған халқын озбырлар мен үстемдерден азат ету.

 

1823 жылы қарапайым кедей отбасында дүниеге келген Шандор Петефи 15 жасынан бастап өлең жазған, театр өнеріне қызығып өскен. Өзі өмір сүріп жатқан заманның шындығын жырлаған «Ұлт өлеңі», «Ұлтыма», «Венгрия халқы», «Бостандыққа» деген өлеңдерінде ақынның азатшыл, күрескер, айбынды үні көрініс тапқан. Шандор Петефи 1849 жылы Шегешвар жерінде венгер халқының азаттығы үшін қаламмен де, қарумен де күресіп, перзенттік борышын өтеп кеткен азамат ақын. Шандор Петефидің «Ұлт өлеңі» – ақынның күрескерлік рухын танытатын отаншыл, халықшыл сезімге толы қайсар жыр.

 

Татар халқының жаңа бағыттағы реалистік әдебиеті мен татар әдеби тілінің негізін салған көсемсөзші, аудармашы, азаттық жыршысы, гуманист, күрескер ақын Ғабдолла Тоқай 1886 жылы Татарстанның Арск ауданының Кушлауч ауылында дүниеге келген. Өзінің мақалалары мен өлеңдерінде патшаның отарлау саясатын, ел ішіндегі халыққа жасалған озбырлықты әшкерелеген. Ақынның «Әй, махаббат», «Егер сен болсаң» өлеңі әйел теңсіздігі, бостандық, теңдік мәселесін көтерсе, «Күзгі жолдар», «Боран» өлеңдерінде халықтың ауыр тұрмысын көрсеткен. Татар халқының көрнекті ақыны Ғ. Тоқай мен қазақ халқының Абайдан кейінгі ұлы ақыны С. Торайғыров шығармаларындағы рухани байланыс олардың поэзиясындағы азаматтық асқақ сезімнен, туған халқына деген шексіз сүйіспеншіліктен көрінеді. С. Торайғыров Ғ. Тоқайдың «Арыстан мен тышқан», «Екі тышқан» деген екі мысалын аударған. Ақын Ғ. Тоқайдың «Өмір жолына қадам басқандарға» өлеңінде лирикалық қаһарман өмірінің екі кезеңін: бала кезінде Апуш атанған ақынның мектептегі кезеңі мен азамат болып, өмірге араласқан кезеңін суреттей келе, балалық шаққа деген сағыныш сезімі жырланған. Аталған өлеңінде ақын оқу-білімнің маңызын, білім-ғылым игеру оңайға түспейтінін, ол жолда табандылық, талмай іздену керек екендігін көрсеткен.

 

Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов 1923 жылы Цада деген авар ауылында ақын Ғамзаттың шаңырағында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдер жинағы 1943 жылы жарық көрген Расул Ғамзатовтың одан кейін «Мен туған жыл», «Бір үйдің балалары», «Биік жұлдыздар», «Жұлдыз бен жұлдыз тілдесер», «Тауда менің жүрегім», «Тырналар» деген өлеңдер жинағы мен «Тау қызы» поэмасы, публицистикалық шығармалары жарияланған. «Менің Дағыстаным» өмірбаяндық прозалық шығармасында Расул Ғамзатов әрі қаламгер, әрі негізгі қаһарман болып суреттеле отырып, өз халқының дәстүрі мен жалпы адамзаттық құндылықтарды, тіл мен ұлт тағдырын көтерген. «Ана тілі» өлеңіндегі ақынның:

Егер тілім ертең болса құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ, –

 

деген жолдар нағыз патриот азаматтың тұлғасын танытса, «Менің Дағыстаным» кітабынан алынған үзіндіде Парижде кездескен дағыстандық суретшінің туған жерге сағынышы суреттелген.

 

Р. Ғамзатов – қырық жасында «Биік жұлдыздар» кітабы үшін Лениндік сыйлыққа ие болған, өз елінің аумағынан шығып, әлем таныған тұлғаға айналған дарынды ақын.



Сұрақтар
  1. Расул Ғамзатовтың әкесі кім болғанын табыңыз.
  2. Расул Ғамзатовтың өмірбаяндық шығармасын табыңыз.

  3. Ғ. Тоқай қай жылдары өмір сүргенін көрсетіңіз.

  4. Расул Ғамзатовтың алғашқы өлеңдер жинағы қай жылы жарық көргенін көрсетіңіз.
  5. Расул Ғамзатовтың Лениндік сыйлық алған кітабын табыңыз.

  6. Расул Ғамзатов қай халықтың ақыны екенін көрсетіңіз.

  7. Р. Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабындағы негізгі мәселені белгілеңіз.

  8. Шандор Петефидің өлеңдерінің негізгі тақырыбын көрсетіңіз.

  9. Шандор Петефи қай халықтың ақыны екенін көрсетіңіз.
  10. Шандор Петефи неше жыл өмір сүргенін белгілеңіз.
  11. Ш. Петефи алғашқы өлеңін неше жасынан бастап жазғанын көрсетіңіз.

  12. Шандор Петефидің өлеңдері қазақ халқының қай ақынының шығармаларымен үндес екенін көрсетіңіз.

  13. Шандор Петефидің өлеңін көрсетіңіз.
  14. Шандор Петефи «Ұлт өлеңін» қай халыққа арнағанын табыңыз.

  15. Шандор Петефидің «Ұлт өлеңі» қандай лирикаға жататынын көрсетіңіз.

  16. Ғабдолла Тоқай қай халықтың ақыны екенін көрсетіңіз.
  17. Ғ. Тоқайдың өлеңін көрсетіңіз.

  18. Ғ. Тоқайды кішкене кезінде қалай атағанын көрсетіңіз.

  19. Ғ. Тоқайдың әйел теңсіздігі тақырыбындағы өлеңін табыңыз.

  20. Ғ. Тоқайдың «Өмір жолына қадам басқандарға» өлеңі адам өмірінің неше кезеңі туралы екенін көрсетіңіз.

  21. Ғ. Тоқайдың шығармаларын қазақ тіліне аударған ақынды белгілеңіз.

  22. Ғ. Тоқайдың қай өлеңінде халықтың ауыр тұрмысы суреттелгенін табыңыз.

  23. «Егер тілім ертең болса құрымақ,

    Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ», – деген жолдар Р. Ғамзатовтың қай шығармасынан алынған үзінді екенін белгілеңіз.

  24. Р. Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» кітабының негізгі қаһарманын көрсетіңіз.

  25. «Менің Дағыстаным» кітабының қаһарманы Парижде кіммен кездескенін белгілеңіз.
  26. М. Бернестің орындауындағы әйгілі «Тырналар» әнінің сөзін жазған ақын.

  27. Р. Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» әңгімесі қандай тақырыпта жазылған?

Қате туралы хабарландыру