Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров шығармалары

Конспект

 

ХХ ғасырдағы қазақтың ұлттық әдебиетінің жаңа жолмен дамуына зор үлес қосқан, Қазақстанның қоғамдық тарихында көрнекті орын алатын қайраткер Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысының Нілді болысының бірінші ауылында орта шаруалы, өз еңбегімен күн көрген Сейфолланың шаңырағында дүниеге келген. Әкесі Сейфолла мен анасы Жамал ұлдарына азан шақырып қойған Садуақас деген есімін еркелетіп, Сәкен деп атап кеткен.Сәкеннің әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы, ал шешесі Жамал әңгімеші, ертегіші адам болған. Осындай өнегелі отбасында тәрбиеленген Сәкен де жастайынан ел ішіндегі ақын-жыршылардың, әншілердің өлең-жырларын қызыға тыңдап, құмартып өскен. Әуелі ауыл молдасынан оқып, хат таныған Сәкен 1905 жылы Нілді мыс қорыту зауытына келіп кісі қолында жұмыс істей жүріп, орысша үйренеді. Тырнақалды қадамын Нілді зауытында қалжың өлең жазудан бастаған болашақ қаламгер «Айқап» журналына хат-хабар, сын мақала, бірнеше өлеңдерін бастырған. 1914 жылы Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жиырма жасар Сәкеннің «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шыққан. 1916 жылы семинарияны бітірген Сәкен Сілеті-Бұғылы деген жерде ауыл мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық, шығармашылық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталған. Ақмола қаласындағы әр түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген Сәкен 1918 жылы ұсталып, Ақмола. Петропавл түрмелерінде, атаман Анненковтың «Азап вагонында», Колчактың Омбы лагерінде ауыр азап шегеді. Тоғыз айға созылған ауыр азаптан 1919 жылы наурыз айында қашып шыққан Сәкен «Дүйсенбі» деген жалған атпен Әулиеата жеріне келіп, кеңес өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысқан. Сәкен бұл азапты күндер мен көрген қиыншылығын «Тар жол, тайғақ кешу» атты мемуарлық романында жан-жақты баяндаған.

 

Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты алғашқы жыр жинағына кірген өлеңдері ағартушылық, демократтық бағытта жазылған. Ақын өзінің «Кім басшы аға халыққа», «Жетімге», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Оқымаған қазақ», «Інішегіме» атты өлеңдерінде халықты өнер-білім үйренуге, мәдениетті болуға, ғылым игеруге шақырса, «Туған»ел», «Нұра», «Жайлауға көшу», «Айт күні», «Жайлауда қымыз ішу» сияқты өлеңдерінде елге сағыныш, туған жерге деген махаббат, ауыл көрінісі, ел тұрмысы, этнографиялық жайттар суреттелген.

С. Сейфуллиннің әдеби-шығармашылық мұрасын төмендегідей топтап көрсетуге болады.

 

Поэзиялық шығармалар жинағы

Драмалық шығармалары Прозалық шығармалары Зерттеу еңбектері

«Өткен күндер», 1914 ж.

«Асау тұлпар», 1922 ж.

«Домбыра», 1924 ж.

«Экспресс», 1926 ж.

«Көкшетау», 1929 ж.

«Альбатрос», 1933 ж.

«Қызыл ат», 1934 ж.

«Социалстан»,1935 ж.

«Бақыт жолына», 1917 ж.

«Қызыл сұңқарлар», 1920 ж.

«Тар жол, тайғақ кешу», 1927 ж.

«Жер қазғандар», 1928 ж.

«Айша», 1922 ж.

«Жемістер», 1935 ж.

«Бандыны қуған Хамит»

«Жұбату»

«Қазақ әдебиеті», 1932 ж.

«Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», 1933 ж.

 

С. Сейфуллиннің 1922 жылы Орынборда басылып шыққан «Асау тұлпар» жинағы қазақ поэзиясына жаңалық әкелген туындылардан құралған. Жинаққа енген «Асығып тез аттандық», «Қызыл ерлер», «Жолдастар», «Жұмыскерлерге», «Біздің тұрмыс – экспресс», «Қара айғыр» өлеңдерінде өмірге енген жаңалықтарды, жаңа заманның көрсеткіші болып табылатын: пойызды, ұшақты, экспресті, жұмысшы табын ерекше шабытпен жырлаған. Жинаққа енген «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Қашқынның ауылы», «Шөлде» өлеңдерінде Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкеннің туған жерге, кең далаға деген сүйіспеншілігі, еркіндікті, бостандықты аңсауы жырланған.

 

С. Сейфуллиннің шығармаларында символға айналған: асау тұлпар, қызыл сұңкар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын бейнелері бар. Осылардың ішінде Сәкеннің «Көкшетау» поэмасында, «Жемістер» повесінде, «Аққудың айырылуында» шығармасында сұлулықтың, тазалықтың идеалы ретінде алынған бейне – аққу. Әсіресе, Сәкеннің гуманистік көзқарасын көрсететін «Аққудың айырылуы» шығармасында бірінсіз-бірі тірлік ете алмайтын аққу құстардың барша қасиеті махаббаттың, сүйіспеншіліктің идеалы ретінде асқақтата суреттелген.

 

С. Сейфуллиннің ақындық поэзиясының биік шыңы – «Көкшетау» поэмасы. Поэма «Көкшетау», «Қалмақ қызы», «Әнші ақындар», «Қазіргі Көкшетауда» деген төрт бөлімнен, 47 тараудан тұрады. Поэманың тоғыз шумақтан тұратын прологы эстетикалық көркемдігімен, мағынасының тереңдігімен ерекшеленсе, таудың аңызын баяндайтын «Жеке батыр» тарауы үш шумақтан тұрады. Поэманың ең негізгі бөлімі қазақ-қалмақ қарым-қатынасының бір оқиғасын суреттеуге арналған.

 

Ұрыста қолға түскен қалмақ қызының портретін ақын:

 

Сол қыздың он жетіге келген жасы,

 

Оралған аш беліне қолаң шашы.

 

Қап-қара қарлығаштың қанатындай

 

Иілген ақ маңдайда екі қасы, –

 

деген жолдармен кескіндесе, поэманың негізгі кейіпкері Адақ бейнесін:

 

Қара сұр, ұзын бойлы, емес талпақ,

 

Денесі көк құрыштай, өркеш – шалқақ,

 

Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,

 

Қақпақтай қобы жауырын – топшы жалпақ, –

 

деп, мүсіндік портретін жасаған. Сыртқы мүсініне ішкі жан дүниесі сай келген, адамгершілікті ту етіп ұстаған Адақ үлесіне тиген қалмақ қызына өзінің тұлпары Керкөжекті мінгізіп, еліне қайтарады.

 

Поэмада қолға түскен қалмақ қызының тағдырын жұмбақ тәсілмен жаза отырып, шығарма сюжетіндегі драматизмді үдете көрсетіп, шығарманың трагедиялық сипатын қоюлата түсу ақынның суреткерлік шеберлігінің бір қыры болып табылады.

 

«Көкшетау» поэмасы – күрделі композицияға құрылған, сан алуан образдар галереясы жасалған, бірнеше сюжеттік желісі бар шығарма.

 

С. Сейфуллиннің қаламынан туған «Тар жол, тайғақ кешу», «Жер қазғандар», «Айша», «Жемістер», «Бандыны қуған Хамит», «Жұбату» атты прозалық шығармалары, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» деген пьесалары, «Қазақ әдебиеті», «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» сияқты зерттеу еңбектері қазақ әдебиетіне қосылған құнды мұралар қатарына жатады.

 

Сталиннің жеке басына табыну кеселінен жазықсыз жалаға – репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 26 ақпанда ату жазасына кесілген.

 

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, ауыл адамдарының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, әлеуметтік өмірдің қайшылықтары мен күрделі оқиғаларын шындық болмысымен суреттей білген Бейімбет (Бимағамбет) Жармағанбетұлы Майлин 1894 жылы Торғай өңірінде Дамбар болысындағы Ақтөбе деген жерде дүниеге келген. Әкесінен екі жасында жетім қалған Бейімбет шешесі Гүлғизар мен әжесі Бойдастың тәрбиесінде өскен.

 

Ауыл молдасынан сауатын ашқан Бейімбет 1910 жылы Әбдірахман Арғынбаевтың медресесінен дәріс алған. 1913-1914 жылдары Троицкідегі «Уазифа» мектебінен, одан кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінен білім алған. «Ғалия» медресесінде татар халқының жазушылары Ғалымжан Ибрагимовпен, Мәжит Ғафуримен танысқан, олардан тәлім-тәрбие алған. Медреседе шығатын «Садақ» қолжазба журналында алғашқы көлемді туындысы «Шұғаның белгісі» жарияланған. 1916-1921 жылдары ауылда мұғалімдік қызмет атқара жүріп, ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбына «Қанды тұман», «Съезд», «Әкесінен хат», «Садақбайға», «Қанды кек» деген шығармаларын жазған.

 

Бейімбет Майлин 1923-1937 жылдары аса өнімді еңбек етіп, елуге тарта кітап пен жинақ жариялаған.

 

Бейімбет Майлиннің әдеби шығармашылық мұрасын төмендегідей топтап көрсетуге болады.

 

Поэзиялық шығармалары Прозалық шығармалары

Драмалық шығармалары

«Мұқтаждық»

«Мал», «Қарынға»

«Байлыққа», «Ажар»

«Қанды тұман»

«Кедей», «Қойшы»

«Қараша үй», «Қанай»

«Ақсуаттың жанында»

 

«Шал мен қыз»

«Мырқымбай»

«Рәзия қыз», «Ұлу»

«Қашқан келіншек»,

«Байдың қызы», т.б.

«Шұғаның белгісі»

«Сары ала тон»,

«Сексен сом»

«Шапайдың хаты»

«Айранбай», «Егеубай»

«Кеңес ағасы –

 

Кәмила»

«Раушан – коммунист»

«Қара шелек»

«Күлтай болыс»

«Арыстанбайдың Мұқышы»,

«Азамат Азаматыч» т.б.

«Шұға», «Жалбыр»

«Біздің жігіттер»

«Майдан», «Амангелді»

«Талтаңбайдың тәртібі»

«Шаншар молда»

 

«Ауыл мектебі»

«Неке қияр» «Көзілдірік»

 

Бейімбет Майлиннің ақындық шығармашылық жолы 1912 жылдан басталған. Ақынның «Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа», «Қарынға» өлеңдерінде кедейлердің ауыр халі, мұқтаждығы көрсетіліп, қоғамдағы әділетсіздіктер сыналса, «Қанды тұман», «Қанды кек» шығармалары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі аласапыранды суреттеуге арналған. «Кедей», «Жауыз кім?», «Қысқы түнде», «Қараша үй», «Қойшы» шығармалары ауылдағы таптық теңсіздіктер зардабын көрсеткен. «Мырқымбай» топтама өлеңдерінде жаңа заманға сай кедейдің санасында туған өзгерістерді бейнелеген. «Қыздың сәлемі», «Қашқан келіншек», «Ақсуаттың жанында», «Аужар», «Рәзия қыз», «Маржан» шығармаларында әйел теңсіздігі сөз болса, «Шал мен қыз», «Азат әйел», «Ғазиза», «Ажар» өлеңдерінде азаттыққа қолы жеткен жастар жайы жырланған. «Құбақан», «Көзілдірік» өлеңдерінде адам бойындағы жағымсыз қылықтарды сықақ еткен. «Бүгін», «Құтты болсын мейрамың», «Кедейге», «Ұлы күн» өлеңдерінде кедейлердің қуанышына ортақтастығын білдіріп, олардың жаңа қадамын қуана құптаған. «Кедейге» деген өлеңінде:

 

Сенің зарың – зарлайтыным өмірде,

 

Сенің арың – арлайтыным өмірде.

 

Сен не көрсең мен де соны көрмекпін,

 

Белді буғам ауырға да, жеңілге, –

 

деп, өзінің тілегі де, жүрегі де кедейлермен бірге екенін ақтарыла жеткізсе,

 

«Ұлы күн» өлеңіндегі:

 

Кедей деп туғам, кедей деп өлем,

 

Не көрсем де, кедеймен көрем.

 

Кедей қуанса, кедей жұбанса,

 

Бір елі көкке тимейді төбем, –

 

деген жолдар арқылы ақын бұл ойын нақтылай түскен.

Кедей тақырыбын өзінің қаламгерлік бағдарламасы етіп ұстанған Б. Майлин кедейлердің өкілі ретінде Мырқымбайды типтік бейне ретінде алып, осы тақырыпқа жиырма шақты поэзиялық шығарма жазған.

 

Б. Майлиннің ерекше көп жырлаған тақырыбы – әйел теңдігі мәселесі. Бұл тақырыпқа арнаған өлең-поэмалары: «Қыздың сәлемі», «Қашқан келіншек», «Ақсуаттың жанында», «Рәзия», «Маржан», «Зәйкүл», «Байдың қызы», «Шал мен қыз», «Азат әйел», «Ғазиза», «Тең әйел», «Ажар». Ал «Қанай», «Кемпірдің ертегісі» поэмалары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен азамат соғысының шындығын суреттеуге арналған. Сонымен бірге ақынның балаларға арнаған «Хан күйеуі» және «Өтірікке бәйге» деген поэмалары бар.

 

Б. Майлин шығармашылығының ең тартымды да көркем саласы прозалық шығармаларының тұңғышы – әйел теңсіздігі тақырыбын ерекше ашып көрсеткен, қысқа-қысқа он үш тараудан тұратын «Шұғаның белгісі» повесі. Повестің тақырыбы – жастардың бас бостандығы, әйел теңсіздігі. Шығарманың кейіпкерлері:

 

Шұға – негізгі кейіпкер. «Төрт ұлдың ортасында бұлаңдап өскен қыз. Аққұба, талдырмаш, көзі де қап-қара, өзі де үріп ауызға салғандай еді».

Әбдірахман – Шұғаның сүйген жігіті. Уәдеге берік, табанды, сүйгеніне адал, білімді, мінезге бай азамат. «Әбдірахман школды бітіргенде, дабысы жер жарды. Өте зерек болған ғой, учительдері де мақтаса керек».

Есімбек – Шұғаның әкесі, бай. Әбдірахман кедей болғандықтан, қызымен қосылуға қарсы болып, Әбдірахманға жала жабады, түрмеге отырғызады.

Айнабай – бірді-бірге соғып, екі елдің арасына от салып тұтандырып жүретін қызылкөз бәле.

Күлзипа – Айнабайдың қызы – жасы 17-лер шамасында. Орта бойлы, қара сұрлау, тік қабақ, сұстаныңқырап тұратын қыз.

Құрман – Есімбектің құдасы.

Зәйкүл – Шұғаның жеңгесі.

Қасымжан – оқиғаны баяндаушы әңгімеші жігіт.

 

«Шұғаның белгісі» повесі – жастардың теңдікті, еркіндікті аңсап, әлеуметтік әділетсіздіктерге қарсы үн көтере бастағанын реалистікпен бейнелеген көркем туынды.

 

Б. Майлиннің «Кедей теңдігі», «Айранбай», «Сексен сом», «Шапайдың хаты», «Сары ала тон» әңгімелерінде кедейлердің өсу жолын көрсетсе, «Күлтай болыс», «Кеңес ағасы – Кәмила», «Раушан – коммунист» шығармаларында кедейлердің тұрмыс-тіршілігіндегі, ой-санасындағы өзгерістерді әйелдер бейнесі арқылы жеткізген. «Ұлболсын», «Қызыл әскердің үйі», «Қара шелек», «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», «Көктеректің бауырында», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Колхоз қорасында», «Он бес үй» шығармаларында кедейлер өміріндегі шаруалардың ұжымдық шаруашылыққа бірігуі кезіндегі оқиғалар сөз болған. «Қанды кек», «Өлім тырнағында» әңгімелерінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен азамат соғысы жылдарының оқиғасы, таптық күрестің барысы суреттелген. Жазушы «Азамат Азаматыч» романында, «Раушан – коммунист» повесінде қазақ кедейлері қатарынан оқыған адамдардың шыға бастауын көрсеткен.

 

Б. Майлин қазақ әдебиетіндегі драматургия саласында да қарқынды еңбек еткен. «Ауыл мектебі», «Шаншар молда», «Неке қияр», «Көзілдірік», «Талтаңбайдың тәртібі», «Шұға», «Жалбыр», «Біздің жігіттер», «Майдан», Ғ. Мүсіреповпен бірігіп жазған «Амангелді» пьесаларында поэзиялық, прозалық шығармаларындағы тақырыптарды тереңдете түскен. Жазушының ең көрнекті де көлемді, таптық тартысқа құрылған драмалық шығармасы – «Майдан». Шығарманың әдеби маңызын Қазақстан жазушыларының бірінші съезінде сөйлеген сөзінде М. Әуезов: «Драмалық ірі серпіннің басы», – деп өте жоғары бағалаған. Пьесаның негізгі кейіпкерлері:

 

Досан – кеңес тәрбиесін алған, колхоз құрылысына белсене қатысушы.

Зәуре – кеңес заманында сауатын ашқан, қоғамдық қызмет атқарушы қазақ әйелі.

Пүліш – Досанның әйелі. Тап жауларының үгітіне еріп, колхозға қарсы әрекеттер жүргізген.

Әліш – Зәуренің күйеуі. Тап жауларының сөзіне еріп, Зәуренің жұмысына кедергі жасаған.

Бекболат бай, оның бәйбішесі Мамық, байдың сыбайластары Көдебай, Демесін, Әбді, Есен – колхоз құрылысына қарсы үгіт, өсек таратып, елді колхоздан үркітіп отырған.

 

Б. Майлиннің «Майдан» пьесасы терең драмалық тартысқа құрылған, қоғамның шытырман шындығын өткір суреттеген көркем туынды.

 

Қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу, даму кезеңдеріне өзінің поэзисымен де, прозасымен де, драмасымен де қомақты үлес қосқан қарымды қаламгер Бейімбет Майлин 1937 жылы сталиндік репрессияға ұшырып, жазықсыз мерт болған.

 

Көрнекті ақын, ірі эпик Ілияс Жансүгіров 1894 жылы Жетісу өлкесінде дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған Ілияс ескіше хат танитын, араб-парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды жинайтын, ауыз әдебиетінің түрлері: аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді көп білетін, көкірегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерден хабардар, әңгімеші, домбырашы, ұста әкесінің тәрбиесінде өскен. Алғашқы сауатын өз әкесінен ашқан Ілияс кейін Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден дәріс алған. 1917 жылдан кейін ары қарай оқуға жағдайы келмеген Ілияс әкесіне көмектесіп, шаруашылықпен айналысқан. Ауылдағы айт пен тойда әзіл өлеңдер шығарып, айтысқа түсіп ел аузына іліне бастаған шағында қолына Абай өлеңдері жинағының түсуі Ілиястың ақындық өнерге деген көзқарасын мүлдем өзгерткендей болады. Жетісу өңіріндегі әр түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп өзінің алғашқы туындыларын «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жариялай бастаған. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы шыққан. І. Жансүгіров 1927 – 1937 жылдар арасында қажырлы еңбек етіп, поэзия, проза, драматургия, сын, аударма саласында жиырмадан астам кітап шығарған.

 

Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық еңбегінде 1916 жылдың ерекше маңызы бар. Өзінің «Қысқаша өмірбаянында» көрсеткендей, осы жылы 1909 жылы Петербургте шыққан ұлы ақын Абай жинағы қолына түскен.

 

Ақындық қадамының алғашқы жылдарында жазылған: «Арман», «Өзіме», «Сәлемдеме» өлеңдерінде өз заманының әлеуметтік мәселелеріне үн қосып, қоғамдық теңсіздікті жырлаған. Жаңа өмір құру үшін ең қажет нәрсе оқу-білім екенін түсінген ақын өзінің «Жастар», «Саналы жастарға», «Оқимын», «Баласынан анасына хат» өлеңдерінде қазақ жастарына арнап ағартушылық, өсиеттік идеялар айтқан.

 

Ілияс Жансүгіров поэзиясындағы ерекше жырланған тақырып – табиғат лирикасы. Ақынның «Ағынды менің Ақсуым», «Ақшам», «Бұлт», «Желді күн», «Жазғы таң», «Жауында», «Жел», «Тас», «Жазға салым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс», «Желді қарағай», «Ауылдың алды» өлеңдерінде туған жер, оның тау-тасы, өзен-көлі, табиғат құбылыстары, әр жыл мезгілдерінде табиғатта болатын өзгерістер және олардың еңбек әрекеттерімен байланысы жан-жақты суреттелген. Ақын Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасының биік шыңы – «Жетісу суреттері» атты топтама өлеңі. «Жалпы сын», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деп аталатын тараулардан тұратын шығарма Жетісу табиғатының сөзбен салынған суреті іспеттес. «Жетісу суреттері» туралы академик-жазушы М. Әуезов: «Мен Ілиясты бұрын да білуші ем, өлеңдерін оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным «Жетісу суреттері» өлеңін оқығаннан кейін», – деген.

 

Ілияс поэзиясының бір саласы халықаралық тақырыпқа арналған «Саясат қошқарлары», «Коммуна», «Гималай» деген өлеңдерден тұрады. Ақынның «Гималай» өлеңі «Сұрау» және «Жауап» деген екі бөлімнен құралған саяси өлең болып табылады.

 

Алғашқы «Әншіге», кейінірек жазған «Әнші» өлеңдерінде «қазақтың аспанының аясында ән шалқытқан, дауысы көкте дамылдаған» Әсет Найманбаевтың әншілік өнерін әуелете жырлаған, өнер тақырыбын өлеңіне арқау еткен Ілияс Жансүгіров «Күй», «Күйші» «Құлагер», «Көбік шашқан» поэмаларында да әсем ән мен тәтті күй тақырыбын одан әрі жалғастырып, тебірене толғаған. Ақынның «Күйші» поэмасы құрылымы жағынан әлеуметтік-психологиялық шытырман шиеленіске құрылған драмалық туындыға жатады. Поэма кейіпкерлері: Кене хан, Қарашаш – хан Кененің қарындасы, Күйші – сарыүйсін руынан шыққан жігіт, Сапақ – Әлімқұл датқаның баласы.

 

Поэмада әділетсіздікті, зорлықты, қатыгездікті тізе бүктіретін ұлы күш, бостандыққа, азаттыққа жеткізетін зор қайрат – өнер деген идея насихатталған. «Күйші» поэмасында ақын зұлымдықты, өлімді жеңген өнердің құдірет-күшін көрсеткен.

 

І. Жансүгіров: «Күй» поэмасында:

 

Қобызшы ол – «Ақкөбікті» аңыратқан,

 

Боздатып «Бозінгенді» күңіренткен, –

 

деп, қылқобыз өнерінің шебері қобызшы Молықбай күйшінің өнері жайлы жырлаған. Поэмаға арқау болған ботасынан айырылған боз інгеннің зарынан туған «Бозінген» күйінің тарихына тоқталған.

 

Ілияс Жансүгіровтің өнер тақырыбына арнаған шоқтығы биік шығармасы – «Құлагер» поэмасы. Поэма кейіпкерлері: Ақан – Арқаның атақты әнші-сазгері, Күреңбай – сыншы, Батыраш – мақтаншақ, қызғаншақ, қара ниетті адам.

 

Поэма оқиғасы Арқаның атақты әнші-сазгері Ақан сері трагедиясына құрылған. Арқада Ереймен тауының бауырындағы Құсақ көлінің жағасында паң Нұрмағанбет 94-ке келіп қайтыс болған әкесі Сағынайға ас береді. Жыр дүлдүлі Ілияс аста өткен ат бәйгесіне қосылған 1300 аттың ішінен жиырма жүйрік атқа жырмен сипаттама берген. Бәйгеге 30 боз, 20 жирен, 40 қара, 90 торы, 70 көк, 200 кер ат қосылған. Бәйгеге қосылған 1300 жүйріктің алдында келе жатқан Құлагер Көкөзекке түсе бергенде, қандықол қарақшылардың қолынан мерт болады. Бұл трагедия поэманың «Жалғыз қазық» тарауында жырланған. Жан серігі тұлпарынан айырылған Ақан зарлы да мұңды атақты «Құлагер» әнін шығарған. Поэма Ақан трагедиясымен аяқталған. «Құлагер» поэмасы қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар, ақынға «Қазақ поэзиясының Құлагері» (М. Қаратаев) деген атақ әперген, Ілияс Жансүгіровтің соңғы поэмасы болып табылады.

 

І. Жансүгіровтің «Жол аузында» деген прозалық шығармалар мен «Құқ» атты фельетондар жинағы, «Жолдастар» романының, «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» пьесаларының да қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар.

 

Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшыраған.



Сұрақтар
  1. С. Сейфуллиннің тұңғыш өлеңдер жинағы қалай аталғанын көрсетіңіз.

  2. С. Сейфуллин Анненковтың «Азап вагонында», Колчак түрмесінде қанша ай азап шеккенін көрсетіңіз.

  3. С. Сейфуллиннің повесін көрсетіңіз.

  4. С. Сейфуллиннің повесі – 1935 жылы жазған «Жемістер» шығармасы.

  5. Сәкен еңбек жолын қай жерде бастағанын табыңыз.

  6. «Қара сұр, ұзын бойлы, емес талпақ,

    Денесі көк құрыштай, өркеш – шалқақ.

    Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,

    Қақпақтай қобы жауырын, топшы жалпақ», – деген С. Сейфуллиннің қай кейіпкерінің портреті екенін көрсетіңіз.

  7. С. Сейфуллиннің «Жер қазғандар» повесі қай жылы жазылғанын көрсетіңіз.

  8. С. Сейфуллиннің ағартушылық бағыттағы өлеңін белгілеңіз.

  9. С. Сейфуллиннің гуманистік көзқарасын танытатын шығармасын көрсетіңіз.

  10. Бейімбет Майлиннің алғашқы өлеңін көрсетіңіз.

  11. Б. Майлин шығарған қолжазба журналды көрсетіңіз.

  12. «Сені зарың – зарлайтыным өмірге,

    Сенің арың – арлайтыным өмірде», – деген үзінді Б. Майлиннің қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  13. Б. Майлиннің әйел теңдігін жырлаған шығармасын көрсетіңіз.

  14. Б. Майлиннің «Майдан» драмасын сахналаған режиссерді көрсетіңіз.

  15. Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесі қанша тараудан тұратынын көрсетіңіз.

  16. Б. Майлин прозаларының бас кейіпкері кімдер екенін көрсетіңіз.

  17. Б. Майлин прозаларының бас кейіпкері – қазақ кедейі.

  18. І. Жансүгіровтің тұңғыш кітабы қалай аталғанын көрсетіңіз.

  19. І. Жансүгіровтің пьесасын көрсетіңіз.

  20. 1916 жыл І. Жансүгіровтің өмірінде несімен ерекшеленетінін көрсетіңіз.

  21. І. Жансүгіров ерекше шабытпен жырлаған өлкені көрсетіңіз.

  22. І. Жансүгіровтің халықаралық тақырыпқа арнаған шығармасын көрсетіңіз.

  23. Молықбай І. Жансүгіровтің қай шығармасының кейіпкері екенін көрсетіңіз.

  24. «Күйші» поэмасындағы жігіттің есімін көрсетіңіз.

  25. І. Жансүгіров Құлагердің өлімін поэманың қай тарауында жырлағанын көрсетіңіз.

  26. І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында Құлагердің мерт болуы қай тарауда суреттелетінін табыңыз.

  27. «Раушан – ел ішіндегі күң әйелдердің арасынан шыққан көсем» деген пікірдің иесін табыңыз.

  28. С. Сейфуллиннің 1922 жылы Орынборда басылып шыққан жинағын табыңыз.

  29. І. Жансүгіровтің қазақ тілі бейнелеу қуатының керемет күшін көрсеткен, стильдік-көркемдік тұрғыдан айрықша туындысын белгілеңіз.

  30. Суреттелген ағаш, шөп атаулыдан тұтас ботаникалық бауды толтыруға болатындай І. Жансүгіров туындысынның тарауын табыңыз.

  31. Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі сюжеттік байланыстың қай оқиғадан басталғандығын табыңыз.

  32. Терлікбай, Ермек, Мүслима деген кейіпкерлер С. Сейфуллиннің қандай шығармасында кездесетінін анықтаңыз.

  33. С. Сейфуллиннің «Қызыл сұңқар», «Тар жол, тайғақ кешу» шығармаларында баяндалған оқиғалармен үндес поэмасын табыңыз.

  34. І. Жансүгіровтің «Дала» поэмасының тұлғалы қаһарманын атаңыз.

  35. «Дала» поэмасы қалай аяқталатынын белгілеңіз.

  36. Қазақстанда Жоғарғы Үкімет аппаратында басшылық қызмет атқарған қаламгерді көрсетіңіз.

  37. Б. Майлиннің Қостанайға барып, жаңадан шығарған газетінің атын табыңыз.

  38. Табиғат лирикасында натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылары бар ақынды табыңыз.

  39. С. Сейфуллиннің 1922 жылы басылып шыққан өлеңдер жинағы.

  40. Бейімбет Майлиннің шын есімін анықтаңыз.

  41. «Жеке батыр» тарауы («Көкшетау») неше шумақтан тұратынын табыңыз.

  42. І. Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңінің бірінші тарауы қалай аталатынын белгілеңіз.

  43. С. Сейфуллиннің революционер жолдастарымен қамалған азап вагонының кімдікі екенін белгілеңіз.

  44. «Лермонтов болмағанмен біздің Ақан,

    Кісі ме еді ақындықтан құр алақан?

    Ортасын олқы көрген бұл да дара,

    Имеген иттерге бас сері, дарқан» – деп, Ақан сері туралы айтқан ақынды белгілеңіз.

  45. І. Жансүгіровтің халықаралық тақырыпқа арналған өлеңін көрсетіңіз.

  46. С. Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасы қай жылы жазылғанын белгілеңіз.

  47. М. Горькиймен шығармашылық байланыста болған қазақ қаламгерін белгілеңіз.

  48. Б. Майлиннің бір шығармасындағы баққаны-өсек, іздегені-пәле, жұрт арасына іріткі салып, атыстырып-шабыстырып жүретін кейіпкерін табыңыз.

  49. Б. Майлиннің шығармасы (-лары)

  50. І. Жансүгіровтің «Күй» поэмасынан алынған үзіндідегі  теңеу, кейіптеулер

    Боздаған ботасына зар илеген,

    Қозғалған қоңыр іңірді әлдилеген.

    Екі көз жасты өзендей сорғалатып,

    Төрт табан құмды қосып нан илеген.

    Сыр суы көңіл босап сыңқылдаған,

    Аспанда қаз бенен қу  қаңқылдаған.

    Тұнжырап жиде, жыңғыл дым үндемей,

    Күйініп көкте жұлдыз, жел жылаған.

  51. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы негізгі кейіпкер (-лер)

  52. Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі кейіпкер (-лер)

  53. Берілген үзіндідегі метафоралар

     

    Шаңы – бұлт, екпіні – жел, аттар – қаңбақ,

    Балалар ұран салды, безді зарлап.

    Шапқан ат, салған ұран – күңіренді Арқа,

    Уда-шу, ұлан-азар болды жан-жақ.

  54. С. Сейфуллиннің «Далада» өлеңінің тармақтары

  55. С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасының бөлімдері

Қате туралы хабарландыру