Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Республиканың рухани өмірі: Білім және ғылым

Конспект

Соғыстан кейінгі жылдарда ағарту ісіне бөлінетін қаржының көлемі арта бастады. Мектептерге көмек көрсетілді, қор жасау үшін жексенбіліктер ұйымдастырылды, малшы балалары үшін мектеп-интернаттар салынды. 1947 жылы “Қазақ КСР-де жоғары жəне орта білім беруді одан әрі дамыту шаралары туралы” қаулы қабылданды. Жоғарғы және орта білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы молайды.

1949 жылы жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім беру ісі қайтадан қолға алынды. Оқуға тартылмай жүрген 15 жасқа дейінгі бала саны 1948 жылы 200 мың болса, 1955 жылы 16 мыңға азайды.

1950 жылдары мектептерде политехникалық білім беруге, оқушыларды өндірістік еңбекке араластыруға, мектептің өмірмен байланысын нығайтуға бағытталған шаралар жүргізілді.

1959 жылы “Мектептің өмірмен байланысын нығайту жəне халыққа білім беру жүйесін одан əрі дамыту туралы” заң қабылданды. 1962-1963 оқу жылынан бастап 8 жылдық білім беруге көшу, 11 жылдық еңбек-политехникалық мектептерін құру, жұмысшы жастар мектептерін көбейту, мектеп-интернаттар жүйесін кеңейту шаралары көзделді.

1946-1956 жылдары кəсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 344,5 мың жас маман дайындалды. 1965-1966 оқу жылында 39 жоғары оқу орындарында 144,7 мың студент оқыды. Соғыстан кейінгі 20 жыл ішінде жоғары білімді мамандар даярлау 11 есеге өсті. 1965 жылы халық шаруашылығында 0,5 млн-нан астам дипломды маман жұмыс істеді.

1970 жылдары жалпыға бірдей орта білім беруге көшу науқаны өріс алды. Кабинеттік жүйені енгізу шаралары атқарылды. Ауыл мұғалімдеріне жеңілдіктер жасалынды. Жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесін тарату, әдістемелік жаңалықтарды енгізу жұмыстары жүргізілді. 1980 жылдардың басында жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің жүзеге асқандығы жарияланды. 1984 жылы кезекті мектеп реформасы басталды. Мектептің материалдық базасын нығайту, 6 жастан бастап оқыту, жаңа пəндер енгізу, мұғалім беделін көтеру қарастырылды.

Қазақ мектептерінің жағдайы ауыр болып қала берді. 1970 жылдары ірі агрокешендер құрылып, “болашағы жоқ” елді мекендер жойылып, шағын комплектілі қазақ мектептері жабылды. 1950-1970 жылдары орыс тілінде оқытылатын мектептер 1,5 мыңға артқанда, қазақ мектептері 3891-ден 2577- ге азайды.

1980 жылдардың ортасында ЖОО-ның саны 55-ке жетті. Бұл жылдары студенттік құрылыс отрядтары өріс алды. Орта арнаулы оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан 550 мыңға жуық студенттер мен оқушылар 200 түрлі мамандық алды.

1960-1970 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы КСРО-дағы ірі ғылыми орталықтардың біріне айналды. Қазақстандық ғалымдардың еңбектері шет елдерге танымал болды.

Д.В.Сокольский катализаторларды электрохимиялық əдістермен зерттеу мәселесін көтерді. Социалистік Еңбек Ері, академик У.М.Ахметсафин гидрогеология жəне гидрофизика ғылымдары саласында нәтижелі еңбек етті. М.А.Айтхожин бастаған ғалымдар тобы генетика мен микробиология саласында табысқа жетіп, өсімдік жасушаларындағы информасомаларды ашты. Академик А.И.Бараев басқарған Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылығы ғылым академиясының Шығыс бөлімі топырақ қорғаудың жаңа жүйесін жасауда зерттеулер жүргізді. Академиктер Ә.Х.Марғұлан мен Е.А.Букетов есімдері ғылыми ортада ғана емес, көпшілік қауым арасында кеңінен танымал болды. Ғалымдар аллергология, онкология, вирусология салаларында табыстарға жетті.

Республикада 40.377 ғылыми қызметкер болып, оның 864-і – ғылым докторы, 650-і – Ғылым академиясының академиктері, корреспондент-мүшелері, профессорлар. Қазақтар негізінен, ауыл шаруашылығы, медициналық, гуманитарлық ғылым салаларында жүрді. Жаратылыстану ғылымдары саласында қазақтар үлесі тым аз болды. Ғылыми еңбектердің басым көпшілігі орыс тілінде жазылды. Қазақстан философтарының диалектикалық логика саласындағы еңбектері маңызды болды. 1970 жылдары құқықтық ғылымда жаңа бағыттар пайда болып, заң актілерін белгілеу жұмыстарына қатысты. Отырарда қазба жұмыстарын жүргізген археологтар табыстарға қол жеткізді. 1969 жылы Есік қаласының жанындағы қорғаннан сақ жауынгерінің табылуы дүниежүзі тарихшыларының назарын аударды.

Тоқырау жылдарында қатты зардап шеккен ғылым – қоғамдық ғылымдар. Ғалымдар ғылыми еңбектерін əкімшілік сызып берген шеңбер көлемінде ғана жазды. Ғылыми еңбектерді бағалау мен ғылыми дəреже беруді Мəскеу шешті. Жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан ғалымдардың сандық мөлшеріне шек қойылды. Қазақ халқының ұлт ретінде ыдырау жолына түсуі сырына үңілу талабы жасалмады.

Әсіресе Қазақстан тарихы қатты бұрмаланды. Тарихшылар тек Кеңес заманының жетістіктерін зерттеуге жұмылдырылды. Тəуелсіздік үшін күрескен қайраткерлер буржуазияшыл-ұлтшыл ретінде сипатталды.

Кеңес билігі тұсындағы ауыр нəубеттердің сырын ашуға бағытталған зерттеулер жүргізуге тыйым салынды.



Сұрақтар
  1. “Қазақ КСР-iнде жоғары және орта бiлiм берудi одан әрi дамыту шаралары” туралы қаулысы қабылданды:

  2. 1980 жылдары еліміздегі ЖОО-ның саны жеттi:

  3. 1946-1956 жылдар аралығында республиканың кәсiптiк-техникалық бiлiм беру жүйесiнде дайындалған жас маман жұмысшылардың саны:

  4. Жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық білім беру ісі қайтадан қолға алынған мерзім:

  5. 1965-1966 оқу жылындағы жоғары оқу орындарының саны:

  6. 1984 жылы мектеп реформасындағы жаңалық:

  7. 1980 жылдардағы орта арнаулы оқу орындарының саны:

  8. Есімдері ғылыми ортада ғана емес, көпшілік қауым арасында кеңінен танымал болған ғалымдар:

  9. Қазақтар үлесі тым аз болған ғылым саласы:

  10. Тоқырау жылдарында қатты зардап шеккен ғылым саласы:

  11. Генетика және микробиология саласындағы еңбегі Лениндік сыйлықпен атап өтілген ғалымды көрсетіңіз:

  12. Катализаторларды электрохимиялық әдістермен зерттеу мәселесін дұрыс көтере білген кім?

  13. Генетика мен микробиология саласында қомақты табыстарға жетіп, информосомаларды ашқан қай ғалым?

  14. 1984-жылғы кезекті мектеп реформасы бойынша қарастырылған шаралар қандай?

  15. Ленин атындағы Бүкiлодақтық ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының Шығыс бөлiмiнде топырақ қорғаудың жаңа жүйесiн жасау бағытында зерттеулер жүргiзген кім?

  16. 1960-1980- жылдарда медицина жағында еңбек етіп жүрген Қазақстан ғалымдары қай салаларда табыстарға жетті?

  17. Соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанның жоғары білім жүйесінде басым болған мамандықтар қайсы?

Қате туралы хабарландыру