Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қазақтардың 1773-1775 жылдардағы Е.И.Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы

Конспект

1770 жылға дейін Жайық пен Еділ өзендері бойындағы қазақтар мен қалмақтардың арақатынасы күрделі болды. 1771 жылы 30 мыңнан астам қалмақтардың бұрынғы Жоңғарияға қарай көшіп кетуі жер тапшылығын бəсеңдетті. Қазақ рулары өз иеліктерін қайтарып алудан үміттенді. Алайда патша өкіметінің мақсаты қазақтарды ығыстырып, казак әскері мен орыс помещиктерінің иеліктерін кеңейту болды.

Е.Пугачев басқарған 1773-1775 жылдардағы орыс шаруалар соғысына Еділ мен Жайық бойындағы башқұрт, татар, Орта жəне Кіші жүз қазақтары қатысты. Қазақтардың қарсылығын туғызған жағдайлар: 1) Патша үкіметінің Каспий теңізінің солтүстік-батысындағы шұрайлы жерлерді орыс помещиктеріне бөліп беруі; 2) Петербург билеушілерінің осы аймақты жазалаушы топтармен ойрандатуы; 3) Жайық бойында патша үкіметінің бекіністерді көптеп салуы.

1773 жылғы 20 қыркүйекте Е. Пугачев Нұралыға арнайы үндеу жолдады. Жер мен суды қазақтарға қайтаруға уəде беріп, қазақтарды өзіне тарту мақсатын ұстанды. Кіші жүздің ірі ақсүйектері – Ералы, Досалы, Айшуақ сұлтандар, Нұралы хан көтерілісті қолдады. 1773 жылы қарашаның 17-нен 18-не қараған түнінде Нұралының өкілі Зəбір молда Усиха өзені маңында Пугачевке жолықты. Алайда Жайық бекінісін қоршаудағы Пугачевтің сəтсіздігі Нұралы ханның көмек беруге асықпауына себеп болды. II Екатерина Нұралы ханға арнайы грамота жіберіп, Пугачевті өзіне жақындатпауын талап етті. Пугачев күштерінің Орынбор əскери шебіне жақындауы, осы өңірде көшіп-қонып жүрген қазақтарды рухтандырды. Досалы сұлтан өзінің ұлы Сейдалы басқарған топты көмекке жіберді. Қазақ жігіттері Жайық бекінісін қоршауға табан тіресе қатысты. Кулагин бекінісін алуда басты күш қазақтардан құралған топ болды. Орынборды қоршауға 200-ге жуық қазақ қатысты.

1773 жылдың қарашасында Пугачевтің манифесіне арқа сүйеген қазақтар Жайықтың оң жағасына өтіп, малдарын жайды. Нұралы хан бастаған ақсүйектер екі жақты бағыт ұстанды: 1) соғысты пайдаланып, жер тапшылығын жою; 2) өзіне бағынышты қазақтарды қазақтарды тəуелділікте ұстау жəне жеңілсе патша алдында ақталу.

1773 жылғы қазанда қазақтар Пресногорьковск бекінісіне,Троицк, Гагарьевск редуттарына шабуылдады. 1774 жылы жазда қазақтар арасында Звериноголовск бекінісі төңірегінде Пугачев тығылып жүр деген лақап тарады. Торғай өзенінің бойында старшындар Құдайменді мен Тайыр басқарған шаруалар ашық қақтығыспай, қыр көрсетумен шектелді.

Орынборды қоршаудағы сəтсіздік Пугачев күштерінің Троицк бекінісіне шегінуіне себеп болды. Орта жүзден Дəуітбай би Пугачевтің үндеуіне қолдау білдіріп, старшындармен бірігіп, соғысты қолдайтын шешімге келді. 1774 жылғы күзде Сібір шептеріне шабуылдаған қазақтар патша əскерінің қысымымен Сырдария бойына ығысты. Бұхар хандығына дейін барған Орта жүз қазақтары Тобыл мен Есіл өзендері бойына қайтып оралды.

Кіші жүз қазақтарының қозғалысы үш кезеңге бөлінеді: 1) Пугачев үндеулері Кіші жүзде жиі тарап, қазақтардың көтеріліске стихиялық бағытта тартылуы (1773 ж. қыркүйек – 1774ж. наурыз). 2) Көтерілістің кең таралуы (1774 ж. наурыз – 1774 ж. күз). 3) Қозғалыстың басылуы (1775 ж. қыркүйек – 1776 ж. ақпан).

Орта жүз қазақтары қозғалысы үш кезеңге бөлінді: 1) Пугачев шабармандарының Орта жүзді аралап, көтеріліске шақыруы (1773 ж. қыркүйек – 1774 ж. сəуір). 2) Орта жүз жасақтарының жоғарғы Жайық жəне Ой бекіністері төңірегінде Пугачев күштерін қолдауы (1774 ж.сəуір- маусым) 3)Орта жүз қазақтарының Ертіс жəне Оңтүстік Сібірдегі əскери шептерге қауіп төндіруі (1774ж. жазы – 1776 ж.).

1774-1775 жылдары Сібір шегінде орналасқан патша əскері 3500 болса, 1775 жылы қосымша 626 адам, кейін 409 солдат әкелінді. 1775 жылы Жайық бойындағы шаруалар соғысы əлсіреді. А.В.Суворов бастаған күш Пугачев көтерілісінің басты орталықтарын талқандады.

1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысына қазақ халқының белсене қатысуы орыс-қазақ байланысындағы маңызды оқиға.



Сұрақтар
  1. 1773-1775 жж. Жайық бойындағы шаруалар соғысы әлсіреді:

  2. 1774 жылы Пугачев тығылып жүр деген лақап тарады:

  3. 1774  жылғы күзде Сібір  шептеріне шабуылдаған қазақтар патша əскерінің қысымымен ығысты:

  4. Пугачевты қолдауға шешім қабылдаған Орта жүз биі:

  5. Орта жүз қазақтарының Пугачев көтерілісіне қатысу қозғалысы бөлінді:

  6. Орынборды қоршаған қазақтар саны:

  7. Пугачев көтерілісі кезінде кіші жүз қазақтарын рухтандырған жағдай:

  8. Пугачевке жолыққан Нұралы ханның өкілі:

  9. Е.Пугачевтің Нұралы ханға үндеу жолдаған мерзімі:

  10. 18 ғасырдың 70 жылдары қазақтардың жер тапшылығын бәсеңдеткен жағдай:

  11. Кіші жүз қазақтарының Пугачев көтерілісіне қатысу қозғалысы бөлінді:

  12. Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысы болған мерзім:

  13. Пугачев бастаған шаруалар соғысына  Кіші жүздің ірі ақсүйектерінен кім қатысты?

  14. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысқан қазақтарды көрсет.

Қате туралы хабарландыру