Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қазақстан 1917 жылғы Қазан төңкерісі кезінде

Конспект

Бұрынғы империядан Уақытша үкіметке ауыр мұра қалды: таптық, әлеуметтік, экономикалық, ұлттық, діни қайшылықтар. Империалистік соғыс ұзаққа созылып кетті. Уақытша үкімет ұлт мәселесін, аграрлық мәселені түбегейлі шешіп бере алмады. Елге ашаршылық қаупі төнді. Еңбекшілердің Уақытша үкімет саясатына наразылығы күшейді. Сырдария, Жетісу облыстарының тұтас аудандарын аштық жайлады.

Жұмысшы, солдат, шаруа депутаттары Кеңестерінің ықпалы барған сайын арта түсті. 1917 жылғы мамырда Семей облысындағы Даубай кенішінде, Риддерде жұмысшылар ереуілі болып өтті. Жұмысшы депутаттары Кеңестерінің бастамасымен Петропавл, Семей, Орал, Перовскінің кәсіпорындарында, кен зауытында, мұнай өнеркәсібінде 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді.

Уақытша үкіметтен жер де, астық та алмаған шаруалар аграрлық мəселені өздерінше шеше бастады. Болыстар мен ауылнайлардың жері мен малын күшпен тартып алды. Верный уезінің болыстарында болыстарды орнынан түсіріп, байлардың көп малын айдап кетті. Қарқаралы, Павлодар уездерінде Бөкей Ордасында қазақ шаруаларының бой көрсетулері болды.

1917 жылғы 29 тамызда Перовск Кеңесі бүкіл өкімет билігін Кеңестерге беру қажеттігі туралы қарар қабылдады. Семейде бүкіл өкімет билігі Кеңестерге берілгендігі туралы қарар қабылданды. Черняев, Әулиеата Кеңестері де оындай көзқарас ұстанды. 1917 жылдың күзіне қарай революциялық өрлеу қуатты серпін алды.

Темір, Қостанай, Петропавл уездерінде, Бөкей даласында, Жетісу, Сырдария, Ақмола облыстарында шаруалардың жаппай бой көрсетулері көбейді. Перовскіде солдатқа алынғандар əйелдерінің манифестациясы өтті. Павлодар, Петропавл, Верный, Əулиеатада еңбекші əйелдердің бой көрсетулері болды.

1917 жылғы 22 қарашада Қоқан қаласында Бүкілтүркістандық төтенше ІV сьезд ашылды. Съезді ашқан Мұстафа Шоқай: “Орталықта болып жатқан оқиғалар шет аймақтарды өзін-өзі қорғаудың және ұлы ұлттық төңкерісті құтқарудың жайын ойлауға мәжбүр етуде” – деп мәлімдеді. Съезде Түркістан үкіметі – Уақытша Кеңестің құрылғанын жариялады. Министр-төраға және ішкі істер министрі болып М.Тынышбаев сайланды. Кейін оны М.Шоқай алмастырды. Жаңа мемлекеттік құрылым Түркістан автономиясы деп аталды. Ислам – мемлекеттік дін деп танылды.

1917 жылғы қарашада Қоқанда мұсылмандардың манифестациясы болды. Ташкентте Жәми мешітінде мыңдаған адам қатысқан митинг өтті. Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі орталыққа: "Қоқанда кертартпа тап өкілдері Түркістан өлкесінің автономиясын жариялады" – деп хабарлады. 1918 жылы қаңтарда Ташкент Кеңесі мұсылман үкіметін жоймақшы болып ұйғарды. Қызыл жұмысшылар отрядтары, армян партиясының милиция отрядтары, Ташкент гарнизонының бөлімі Қоқанға аттандырылды. 5 ақпанда Қоқан қаласы шабуылмен алынып, өртелді.

1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда жалпықазақ съезі өткізілді. Съезде қазақ халқының автономиясы туралы мәселе қаралды.

1. Аумақтық-ұлттық автономия құру.

2. Қазақ (қырғыз) облыстарының автономиясына Алаш атауын беру.

3. Автономиялы Алаш облыстарының аумағын Алаштың мемлекеттік меншігі деп жариялау.

4. Алаш автономиясының барлық мекемелерінде барлық ұлттардан өкілдер болуы тиіс.

5. Алашорда Уақытша Халық Кеңесін 25 мүшеден құрып, оның 10 мүшесін орыс жəне басқа халық өкілдерінен сайлау.

6. Алашорданың уақытша орталығы етіп Семей қаласын таңдау.

Алашорда Кеңесінің төрағасы болып Ə.Бөкейханов сайланды.

1917 жылы “Қазақ” газетінде “Алаш” партиясы бағдарламасының 10 бөлімдік жобасы жарияланды. Бұл құжатта партияның мемлекеттік құрылыс, қорғаныс, дін, ғылым мен ағарту, аграрлық мәселелер көрсетілді. “Алаш” партиясы сол кездің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қазақ халқы дамуының балама жолын ұсынды.

1917 жылғы қараша мен 1918 жылғы қаңтар аралығында өткен сайлау қазақ еңбекшілерінің көпшілігі «Алаш» партиясының бағдарламалық талаптарын қолдайтынын көрсетті. Жетісу губерниясында – 57,5%, Семей уезінде – 85,6%, Торғай, Орал губернияларында – 75% жинады.

Билеуші партияға айналған большевиктер Алашордамен тіл табысу жолдарын қарастырмады. Əр түрлі саяси күштердің билік жолындағы тайталасы басталды. “Алаш” партиясы өкімет билігі жолындағы күресте большевиктерге оппозиция болды.



Сұрақтар
  1. 1917 жылы қарашада Бүкілтүркістандық IV төтенше съезді ашылды:

  2. 1917 жылы аштық жайлаған облыстар:

  3. 1917 жылғы мамырда 8 сағаттық жұмыс күні енгізілді:

  4. 1917 жылы қазақ шаруаларының бой көрсетулері болған жерлер:

  5. Революциялық өрлеу қуатты серпін алған кез:

  6. 1917 жылғы 22 қарашада құрылған мемлекеттік құрылым:

  7. Түркістан автономиясы  жойылды:

  8. Орынбордағы жалпықазақ съезінде қаралған мәселе:

  9. “Алаш” партиясы бағдарламасындағы бөлім саны:

  10. Большевиктерге оппозиция болған партия:

  11. Қай жылы Әулиеатада, Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды:

  12. 1907 жылы 28 жасында II Мемлекеттік Думаға Жетісу облысы атынан депутат болып сайланады:

  13. Қазақ социалистік Үш жүз партиясының құрамына кірді:

  14. 1917-жылғы 21-26-шілдеде Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезінде қай мәселелер қаралды?

  15. Түркістан автономиясының басшылары кімдер?

  16. Ақпан революциясынан кейін Ақмолада, Семейде, Петропавлда пайда болған жастар ұйымдары мен үйірмелерін көрсет.

  17. Уақытша үкіметтің бұрынғы империяның артынан қалған шешілмеген мәселелері қайсы?

Қате туралы хабарландыру