Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қазақ халқының өнері мен музыка мәдениеті

Конспект

Прогресшіл бағыттағы орыс суретшілері қазақ халқының тұрмысы мен табиғатын бейнелеуде зор үлес қосты. Б.Смирнов, О.Федченко, П.Кошаров қазақ халқының өмірін бейнеледі. В.Верещагиннің “Лепсі алқабын қоршаған таулар” картинасы қазақ жерінің сұлулығын көрсетеді. Н.Хлудовтың өнері негізінен Қазақстан тақырыбымен байланысты. “Мал айдау”, "Көш", “Отынға бару” шығармаларында қазақ елі аса сүйіспеншілікпен бейнеленген.

Қазақтың қолөнерлік, зергерлік өнер туындылары Ресей мен шетелдерде де белгілі болды. 1868 жылы Париждегі дүниежүзілік көрмеде қазақ зергерлік бұйымдары мен ұлттық киімдері қойылды. 1872 жылы Мəскеу көрмесінде қазақ музыка аспаптары көрсетілді. 1896 жылы жергілікті шеберлер мен зергерлер дайындаған бұйымдар Петропавлдағы, Көкшетаудағы көрмелерде көрсетілді.

19 ғасырдың екінші жартысы – халық сазгерлері мен классикалық сипатта қалыптаса бастаған музыка өнерінің негізі қаланған кез.

Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) – күйші, сазгер, аспапты музыканың (күйдің) классигі. Туған жері – Бөкей ордасының Жиделі деген жері. Алғашқы ұстазы – Ханбазар, күйші Ұзақтан Байбақты, Байжұма, Баламайсаң, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйренген. Құрманғазының бүкіл өмірі мен шығармашылығы əлеуметтік əділетсіздік пен озбырлыққа қарсы күрес жолында өтті.

Алғашқы күйлерінің бірі – “Кішкентай” Исатайға арналды. Би күйлері – “Қызыл қайың”, “Балбырауын”, Ал “Ақбай”, “Ақсақ киік”, “Көбік шашқан”, “Түрмеден қашқан”, “Кісен ашқан”, “Адай” күйлерінде азаттықты аңсаған халықтың үміті, езушілерге қарсы өшпенділігі суреттелген. “Сарыарқа” туындысы арқылы туған жерді, кең даланы, еркіндікті аңсаған халықтың кейпін сипаттады. Құрманғазы үстем тап өкілдерінің ұры, қарақшы деген жаласымен Орал, Орынбор абақтысында отырып, Иркутск түрмесіне қамалды. 1880 жылдардың аяғында күйші Астрахан маңындағы Сахмаға қоныс аударды. Құрманғазының 60-тан астам күйлері сақталған. Шəкірттері – Дина, Ерғали, Меңдіғали, Сүгірəлі, Көкбала, Шора.

Тəттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) – шертпе күйдің негізін қалаушылардың бірі, лирик сазгер. Домбыра тартуды əкесінің інісі Əлиден үйренген. 40-тан астам күй шығарған. “Саржайлау”, “Былқылдақ”, “Сылқылдақ”, “Сал қоңыр”, “Алшағыр” күйлерінде негізінен өмір тартысы, сұлулыққа құштарлық байқалады. Тәттімбет шығармаларында əлеуметтік теңсіздікке қарсы əуен байқалады. Сазгердің “Бестөре” күйі халықты қыспаққа алып, жәбірлеп жатқан төрелерді түйреуге арналған. Сазгер-күйші 1855 жылы Петербургте өнер көрсетіп, күміс медальға ие болды.

Дəулеткерей Шығайұлы (1820-1887) – күйші, сазгер, домбыра өнеріндегі лирикалық бағыттың негізін салушы. Күйші көзқарасын қалыптастыруда 1836-1838 жылғы көтеріліс əсері мол. Дəулеткерей Бөкей Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің төрағасы Г.В.Ващенконың көмегімен далалық əкімшілік құрамына сайланды. Сазгердің орыс зиялыларына жақын болуы, Орынбор, Мəскеу, Петербургке барып, мəдени мұралармен танысуы оның талантын ұштай түсті. Орыс музыкасының əскери марш əсерімен шығарған күйлері: “Ващенко”, “Қос ішек”, “Топан”, “Қоңыр”. Тұрмыстық саланы бейнелейтін күйлері: “Желдірме”, “Қосалқа”, “Ақбала қыз”, “Тартыс”, “Ысқырма”, “Құдаша”, “Жұмабике”. Сазгердің 40-қа жуық күйлері сақталған.

Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) – сазгер, əнші, ақын. Көкшетау маңында кедей шаруа отбасында туған. 20 жасынан əн шығара бастаған. 1865 жылы Абаймен кездесуі оның сазгерлік, əншілік, ақындық өнерінің дамуына əсер етті. Біржан патриархалдық-феодалдық қоғамның озбырлығына қарсы тұрды. “Жанбота” өлеңі cол заманның азулы өкілдерін түйреуге бағытталды. Біржанның Сарамен айтысы оның суырып салма ақындық талантын елге танытты. Шоқтығы биік туындылары – “Ғашығым”, “Біржан сал”, “Айтбай”. 40-қа жуық əндері бізге жетті. Біржан мектебінен тəлім алған дарындылар – Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ.

Жаяу Мұса Байжанұлы (1835-1929) – сазгер, əнші. Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасында туған. 4 жасында əкесінің ағасы Тайжан қолына алып, арабша оқытқан. 1851 жылы Петропавлда орысша оқып, гармоньда, скрипкада ойнауды үйренді. “Кел балалар, оқылық” өлеңіне əн шығарды. Шоқанмен бірге жүріп, Абайға өлең арнады.

Жаяу Мұса 1852 жылы Омбыға келіп, 1854 жылы орыс мектебіне оқуға түседі. Желтоқсаншылар мен петрашевшілер тарихы оның əлеуметтік көзқарасының қалыптасуына əсер етеді. 1856 жылы ауылына қайтып, ел ішіндегі дауларға араласады. Баянауыл дуанының аға сұлтаны Мұса мен інісі Мұстафа Шорманұлдары Байжанның балалары өздерімен аттас болмасын деп, Мұсаны – “Жаяу”, інісі Мұстафаны – “Жалаң аяқ” атандырды. 1860 жылы Шорман балаларының жаласымен Тобылға жер аударылды. Жаяу Мұса 1862 жылы өз еркімен əскерге алынды. Генерал М.Г.Черняев тобының құрамында Шымкент, Əулиеата жорықтарына қатысты. Өзін қуғынға ұшыратқандарға шағымданып, қолдау таба алмай, жиһан кезіп кетеді. Польша, Латвияда болып, Қазанда тұрақтайды. Оның сазгерлік талабы жаңа сатыға көтерілді. “Ақсиса”, “Хаулау”, “Шорманұлына”, “Толғау”, “Баянауыл”, “Сұршақыз” осы кезде туған. Жаяу Мұса – ақын-публицист. Өзі шығарған 70-ке жуық əннің сөздерін өзі жазған.

Ақан сері (Ақжігіт) Қорамсаұлы (1843-1913) – ақын, сазгер, күйші. Көкшетаудағы Үлкен Қоскөлдің маңында шаруа отбасында туған. 16-17 жасынан өнер жолына түскен. Оның шығармашылық қалыптасуына негіз болған қазақтың халық музыкасы жəне орыс шаруалары, қала тұрғындарының əндері. Ақан сері 1905-1907 жылдардағы Ресей революциясының лебімен сықақ өлеңдер шығарды: “Шоғырмаққа”, “Сұрағанға”, “Смағұлға”. Сазгердің “Маң-маң кер”, “Сырымбет”, “Балқадиша” əндері халықтық музыка мəдениетінде ерекше орын алады. “Құлагер” өлеңінде ақынның көңіл- күйі, ашу-ызасы, үміт-сезімі жырланады. Ақан серінің жақын серіктері – Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай.

Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) – күйші, қобызшы, сазгер. Алғаш қобыз үйретуші және күй шығаруға бейімдігін қолдаған әкесі болды. Аса белгілі туындылары – “Ықыластың күйі” мен “Қоңыр күйі”. Эпикалық аңыздар негізінде шығарған күйлері – “Қорқыт күйі”, “Қамбар күйі”, “Қазан күйі”. Патша шенеуніктері мен байларды келекелейтін “Жарым патша” күйін шығарған. Баласы Жүсіпбек оның “Қорқыт” күйін кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізді.



Сұрақтар
  1. Үстем тап өкілдерінің Құрманғазыға жапқан жаласы:

  2. Шертпе күйдің негізін қалаушылардың бірі:

  3. Тәтімбеттің халықты жәбірлеуші ақсүйектерді түйреуге арналған күйі:

  4. Дəулеткерей Г.В.Ващенконың көмегімен cайланды:

  5. Дәулеткерейдің әскери марш əсерімен шығарған күйлері:

  6. Біржанның сазгерлік, əншілік, ақындық өнерінің дамуына əсер еткен жағдай:

  7. Біржанның Сарамен айтысы оны елге қай қырынан танытты?

  8. Жаяу Мұса Байжанұлының туған жері:

  9. Жаяу  Мұса жер аударылды:

  10. Жаяу Мұсаның Генерал Черняев тобы құрамында қатысқан жорықтары:

  11. Ақан сері Қорамсаұлының өмір сүрген жылдары:

  12. Ақан серінің 1905-1907 жылдардағы революция лебімен шығарған сықақ өлеңдері:

  13. Құрманғазының би күйлері:

  14. Аспапты музыканың классигі:

  15. 1868 жылы қазақ зергерлік бұйымдары мен ұлттық киімдері қойылған көрме өткізілді:

  16. Суретші В.Верещагиннің картинасы:

  17. Ықыластың күй шығаруға бейімдігін қолдады:

  18. Атақты «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинақтарының авторын көрсетіңіз:

  19. Т. Шевченконың шығармаларын анықтаңыз.

  20. Н. Хлудов шығармаларын анықтаңыз.

  21. 1868-, 1872-жылдарында қазақ зергерлік өнерінің заттары, ұлттық киімдер, музыка аспаптары көрсетілген көрмелер қайда өтті?

  22. 1868-жылы Париждегі дүниежүзілік көрмеге қандай бұйымдар қойылды?

Қате туралы хабарландыру