Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Нәсіредин Сералиев, Бауыржан Момышұлы, Талап Сұлтанбеков, Иса Байзақов шығармалары

Конспект

 

Нәсіреддин Сералиев 1930 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қашқансу деген жерде дүниеге келген. Н. Сералиевтің балаларға арналған «Ақ лақ пен қара лақ», «Әңгелек», «Ақбөпе», «Ақ қайың», «Ыстық күлше», «Аңсау» деген прозалық шығармалары бар. Н. Сералиев «Пионер», «Балдырған» журналдарында қызмет істеген. «Еңлікгүл» деген көркем фильмнің сценарийін жазған.

 

Жазушының «Аңсау» әңгімесі немеренің атаға деген сағынышын, адамдар арасындағы қарым-қатынас, қазақ әйелінің бойындағы парасаттылық, әдептілік, кішіпейілділік, үлкенге құрмет сияқты игі қасиеттерді көрсеткен. Әңгіменің кейіпкері Қалымбет қарияның бойынан мейірімділік пен қарияларға тән қазақилық танылса, бала Ермектен үлкен адамдарға деген сүйіспеншілік, Ермектің анасының бойынан қазақ әйеліне тән парасаттылықты көруге болады.

 

Балалар жазушысы Нәсіреддин Сералиев 1984 жылы қайтыс болған.

 

Жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданының Көлбастау ауылында дүниеге келген. Ғұмырының жиырма бес жылын әскери қызметте өткізген Б. Момышұлының «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің жанұя» атты алғашқы әңгімелерінен бастап жазған шығармалары негізінен әскери тақырыпқа арналған. Жазушының «Қанмен жазылған кітап» жинағынан алынған «Жауынгердің тұлғасы» деген үзінді Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Мәскеу өлкесіндегі қырғын майданның бір сәтін бейнелеуге арналған. Шығармадағы полковник Серебряков, Мұқаметқұл Исламқұлов сияқты кейіпкерлер шынайы бейнеде алынған. Шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазатын Б. Момышұлының «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Майдандағы кездесулер», «Ел басына күн туса», «Төлеген Тоқтаров», «Генерал Панфилов», «Жауынгердің тұлғасы» деген шығармалары – Ұлы Отан соғысының шежіресі іспетті туындылар.

 

Бауыржан Момышұлының қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы А. Бек «Волоколамск тас жолы», «Арпалыс» повесін, Әзілхан Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-дилогиясын жазған. Б. Момышұлының шығармасы бойынша «Ел басына күн туса» көркем фильмі түсірілген.

 

Отан соғысы кезіндегі батырлығы мен әскери шеберлігі аңызға айналған Бауыржан Момышұлы 1982 жылы қайтыс болған.

 

Фантаст жазушы Талап Сұлтанбеков 1930 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Алғашқы шығармаларын спорт тақырыбына арнаған жазушының «Дойбы деген не?», «Дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ» атты көмекші кітаптары бар. Т. Сұлтанбековтің «Көшпелі алтын», «Жүрек тулайды», «Жұлдыз ат», «Лұқпан Хакім», «Тізгін», «Темір еліне саяхат» деген әңгімелері – жасөспірімдерді қиялға, арманға жетелейтін қызықты оқиғаларға құрылған шығармалар. Т. Сұлтанбеков – қазақ әдебиетінің тарихында ғылыми фантастика жанрына тұңғыш қалам тартқан жазушы.

 

Жазушының «Ғажайып планета» атты фантастикалық әңгімесі биолог Тұрановтың, «Байқоңыр – 12» космос кемесінің командирі Елшібек Оразовтың, жасанды адам физиомеханикалық Кибердің, Осипов пен Мәриямның жұмбақ ғаламшарға экспедициясы туралы қызықты да тартымды баяндалған.

 

Табанда өткір әрі отты өлең шығаратын суырыпсалма ақын, домбырашы, дарынды әртіс Иса Байзақов 1900 жылы Павлодар облысының Ертіс өңірінде дүниеге келген. Тоғыз жасында анасы қайтыс болған Иса ел арасына әншілігімен танымал болған нағашы атасы Рахметтің тәрбиесінде өскен. Ақындық, әншілік, домбырашылық өнерімен қатар Исаның бойындағы ерекше қабілет оның актерлік шеберлігі еді. И. Байзақов 1926 жылы Қызылордада қазақтың тұңғыш ұлттық театры ашылғанда М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше – тоқал» драмаларында басты рөлдерде ойнаған. Иса Байзақов әйгілі «Құралай сұлу» дастанын шығарған. Исаның бойында айтыскерлік шеберлік те болған 1919-1920 жылдары ел ішінде Бағит, Құдайберген деген ақындармен айтысып жеңген. Ақынның «Жазғы кеш» өлеңі туған жер табиғатын, жаздың әсем кешін суреттеуге арналған.

 

Жас шағынан ән-жырға сусындап өскен Иса Байзақовтың бес түрлі «Желдірмесі» халық арасына кеңінен тараған. Жазушы Н. Анов «Ән қанаты» романында және кинофильмде әнші-ақынның көркем бейнесін тамаша сомдаған. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар Иса Байзақов 1946 жылы қайтыс болған.



Сұрақтар
  1. Н. Сералиевтің әңгімесін көрсетіңіз.

  2. Н. Сералиев қызмет істеген журналды табыңыз.

  3. Н. Сералиев сценарийін жазған көркем фильмді белгілеңіз.

  4. Н. Сералиевтің «Аңсау» әңгімесіндегі қарияның есімін көрсетіңіз.

  5. Н. Сералиевтің «Аңсау» әңгімесіндегі баланың есімін белгілеңіз.

  6. Н. Сералиевтің «Аңсау» әңгімесіндегі Ермектің анасының бойындағы қасиетті көрсетіңіз.

  7. Б. Момышұлының шығармасын көрсетіңіз.

  8. «Жауынгердің тұлғасы» Б. Момышұлының қай шығармасынан алынған үзінді екенін көрсетіңіз.

  9. Б. Момышұлының ерлігі туралы жазған орыс жазушысын көрсетіңіз.

  10. Б. Момышұлының «Жауынгердің тұлғасы» шығармасының оқиғасы қай жерде өткенін көрсетіңіз.

  11. Б. Момышұлы шығармаларына арқау болған кейіпкерді белгілеңіз.

  12. Б. Момышұлы туралы жазылған шығарманы көрсетіңіз.

  13. Б. Момышұлы туралы жазылған А. Бектің шығармасын көрсетіңіз.

  14. Б. Момышұлы қанша жыл әскери қызметте болғанын көрсетіңіз.

  15. «Ғажайып планета» шығармасының авторын көрсетіңіз.

  16. «Ғажайып планета» қандай шығармаға жататынын табыңыз.

  17. Т. Сұлтанбековтің «Ғажайып планета» шығармасындағы биологті көрсетіңіз.

  18. «Ғажайып планета» шығармасының кейіпкерлері қандай космос кемесімен шыққанын табыңыз.

  19. «Ғажайып планета» шығармасындағы «Байқоңыр-12» космос кемесінің командирін көрсетіңіз.

  20. Т. Сұлтанбековтің шығармасын көрсетіңіз.

  21. И. Байзақов кімнің тәрбиесінде өскенін табыңыз.

  22. И. Байзақовтың өлеңін көрсетіңіз.

  23. И. Байзақов айтысқан ақынды көрсетіңіз.

  24. И. Байзақовтың бойындағы қасиетті көрсетіңіз.

  25. И. Байзақовтың дастанын табыңыз.

  26. «Москва үшін шайқас» шығармасының авторын табыңыз.

  27. «Сен жаудан қашсаң, өмір сенен қашады» деген нақыл сөздің иесін табыңыз.

  28. Б. Момышұлының «Жауынгер тұлғасы» шығармасындағы негізгі идея

Қате туралы хабарландыру