Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Махамбет Өтемісұлы поэзиясы

Конспект

 

Қазақ халқы талай қиын кезеңдерді басынан кешірді. Елін, жерін қорғап, азаттығы үшін ішкі, сыртқы жаулармен жан алысып, жан беріскен сұрапыл айқасқа түсті. Сондай елеулі оқиғаның бірі – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Бөкей Ордасында Еділ мен Жайық арасындағы атақоныс мекені үшін болған шаруалар көтерілісі еді. Көтерілісті Исатай мен Махамбет басқарды. Шаруалар көтерілісі ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясының демократтық бағытын белгілеп, идеялық-көркемдік ерекшеліктерін айқындады. Көтерілістің жалынды жыршысы Махамбет поэзиясы ереуілге шыққан халықтың құдіретті үнін танытты. Исатай мен Махамбетке «Ереуіл атқа ер салдырған да, егеулі найза қолға алдырған да, беркініп садақ астырған да» – «Қара қазан сары бала қамы», «толарсақтан саз кештіріп» жүрген де қарындас қамы, ел қамы еді. Көтерілістің мақсаты Махамбеттің «Ұлы күн» өлеңінде:

 

Желп-желп еткен ала ту,

 

Жиырып алар күн қайда?!

 

Орама мылтық тарс ұрып,

 

Жауға аттанар күн қайда?! –

 

деген жолдармен берілген. Халық жазушысы С. Мұқанов Махамбет жырларын. «Ереуіл толғаулары» деп бағалаған.

 

Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасындағы Бекетай аймағында, қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Жастайынан Жәңгір ханның ордасында, ханның баласы Зұлқарнайынның қасында өскен Махамбет арабша да, орысша да сауатты болған. Махамбет он ағайынды болған. Ол туралы өзінің «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» деген толғауында:

 

Өтемістен туған он едік,

 

Онымыз атқа мінгенде,

 

Жер қайысқан қол едік, –

 

деп жырлаған.

 

Исатай – Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі хан жасағын басқарып келген Қарауылқожа Бабажанұлына қарсы 1836 жылы 4 сәуір күні Қиялымола деген жерде болған. Тас-түйін дайындалып келген Жәңгір ханның қарулы күшіне Исатай қолының шамасы келмей, қатарлары сирей бастайды. Сонда Махамбет:

 

Ханнан қырық туғанша,

 

Қарадан бір-ақ тусайшы,

 

Халықтың кегін қусайшы, –

 

деп, сарбаздарға жырмен күш-қуат берген. 1837 жылы 2 қарашада Исатай мен Махамбет хан ордасына екінші шабуыл жасаған. 3 мыңдай қолмен жасанып келген қолдан сескенген Жәңгір хан айлаға көшіп, Исатайды алдап арбауына түсіріп, Орынбордан қарулы әскер алғызып, Исатай мен Махамбеттің жасағына күйрете соққы берген. Бұл оқиға Махамбеттің Исатай атынан шығарған «Әй, Махамбет, жолдасым» өлеңінде:

 

Әй, Махамбет, жолдасым,

 

Аш арыстан жолбарысым.

 

Ісімнің білдім оңбасын.

 

Қанша айтса да болмадым,

 

Сөзіңе құлақ салмадым

 

Қисық туған сорлы ағаң,

 

Хан сөзіне сенгенім,

 

Он күн мұрсат бергенім... –

 

деген жолдар арқылы көрініс тапқан.

 

Бекетай құмында болған қарулы қақтығыс Махамбеттің «Соғыс» өлеңінде:

Әскер жиып аттандық,

 

Бекетай еді тұрағым,

 

Айқайлап жауға тигенде,

 

Ағатай, беріш ұраным.

 

Исатай – басшы, мен – қосшы,

 

Исатайдың сол күнде

 

Ақтабан аты астында,

 

Дулығасы басында

 

Зығырданы қайнайды,

 

Астына мінген Ақтабан

 

Ақбөкендей ойнайды,

 

Түніменен түйіндік,

 

Таң атқанша тарандық.

 

Таң ағарып атқан соң,

 

Төңірек жаққа қарандық, –

 

деп жан-жақты бейнеленген. Осындай қарулы қақтығыстардың бірінде 1838 жылы Исатай қаза табады да, Махамбет бірнеше жолдасымен патша әскерінің шебін бұзып қашып шығады. Жәңгір ханға қарсы күресті жалғастыру мақсатында Хиуа хандығынан қол жинамақ болған әрекеті сәтсіз аяқталған Махамбет 1840 жылдары Ембі, Жайық арасындағы ел ішін паналайды. Жәңгір ханның пәрменімен Баймағанбет сұлтан бастаған іздеушілер 1841 жылы тұтқындап, Орынбор абақтысына айдалады. Сол кездегі Махамбеттің түр-әлпеті «Жасы 37-де, бойы екі аршын және 5 вершок, шашы, қасы, мұрты, сақалы қара, бетінде дағы жоқ, қара торы, қой көзді» – деп сипатталған. Түрмеден ақталып шығып, Кіші жүздің сұлтаны Арыслан Жантөриннің бақылауына жіберілген Махамбет бірде Баймағанбетпен ұшырасып қалады. «Махамбеттің Баймағанбет сұлтанға айтқаны» деген он екі бөлімнен тұратын өлеңі сол кезде табан астында шыққан.

 

Махамбеттің «Қызғыш құс», «Тарланым», «Исатай деген ағам бар», «Тайманның ұлы Исатай», «Мұнар күн», «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай» деген өлеңдері көтеріліс басшысы Исатайға арналған. Аталған өлеңдерінде Махамбет Исатай тұлғасын әр қырынан бейнелеген. «Тарланым» өлеңінде Исатайдың бейнесін:

 

Кермиығым, кербезім!

 

Құландай ащы дауыстым!

 

Құлжадай айбар мүйіздім!

 

Қырмызыдай ажарлым!

 

Хиуадай базарлым! –

 

деп түрлі теңеулер арқылы айшықтап көрсете келе, «Арыстан еді-ау Исатай, бұл фәнидің жүзінде, арыстан одан кім өткен?!» деп оның бейнесін асқақтата суреттейді. «Мұнар күн» өлеңінде Исатайдың қаза тапқан күнін:

 

...Буыршын мұзға тайған күн,

 

Желпілдеген ала ту

 

Жиырылып ойға түскен күн,

 

Біздің ер Исатай өлген күн... –

 

деп, мұң мен өкінішке толы элегиялық сарынмен Исатайды жоқтау түрінде шығарған.

 

Махамбет шығармаларында өз бейнесі де батырға, қаһарманға лайық тұрпатпен ерекше сомдалған. «Толарсақтан саз кешіп» өлеңінде:

 

Толарсақтан саз кешіп,

 

Тоқтамай тартып шығуға

 

Қас үлектен туған кәтепті

 

Қара нар керек біздің бұл іске, –

 

деп, ел қорғар батырды нар түйенің таза тұқымды бурасы – үлекке – теңейді. «Атадан туған аруақты ер, жауды көрсе жапырар», «Азамат ердің баласы аз ұйықтар да, көп жортар», «Беркініп садақ асынбай, біртіндеп жауды қашырмай, ерлердің ісі бітер ме?», «Боз ағаштан биік мен едім, бұлтқа жетпей шарт сынбан» – деген жолдар арқылы ақын нағыз батырдың тұлғасын сипаттайды.

 

Ақынның «Адыра қалған Нарынның», «Нарын» «Нарында» өлеңдері өзінің туған жеріне – атақонысы Нарынға деген сағыныш пен сүйіспеншіліктен туған. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Алтын жақса жарасар», «Мұңайма», «Бағаналы терек жарылса» өлеңдерінде көпшілікті күреске шақырған, жақсылықты алдағы күннен күткен оптимистік, прогресшіл романтизм элементі жиі кездеседі.

 

«Қорлықта жүрген халқына бостандық алып берем» деп, дұшпанымен кескілесе шайқасқан жауынгер-ақын Махамбет Өтемісұлы 1846 жылы 43 жасында ашық айқаста емес, адал дастарқаны үстінде жалған досы Ықыластың қолынан қапыда қаза табады.

 

Махамбет Өтемісұлы шығармашылығының орыс тіліндегі аудармаларымен келесі сілтемелер арқылы өтіп таныса аласыз:

Переводы Аллы Никольской

Переводы Арона Атабека

Переводы Кайрата Едиля

 

Және де Махамбеттің шығармашылығымен толығырақ танысу үшін:

 

Қызғыш құс

Құжаттар мен тарихи деректер

Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы

Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеулер

 

сілтемелеріне өтіп, таныса аласыздар.



Сұрақтар
  1. Исатай мен Махамбет қай өзендер үшін ханға қарсы шыққанын көрсетіңіз.

  2. М. Өтемісұлы шығармаларына Қазақстан тарихындағы қандай оқиға арқау болғанын көрсетіңіз.

  3. М. Өтемісұлының өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.

  4. Махамбеттің қай ханның тұсында өмір сүргенін белгілеңіз.

  5. Махамбеттің туған жерін табыңыз.
  6. Махамбет қай тілді білгенін көрсетіңіз.

  7. Махамбеттің қай ханға қарсы ашық күреске шыққанын табыңыз.

  8. Махамбет қай жылдары түрмеге отырғанын белгілеңіз.

  9. Көтеріліс кезіндегі Махамбеттің сенімді басшысын көрсетіңіз.

  10. Ақын «Әй, Махамбет, жолдасым» өлеңін кімнің атынан шығарғанын көрсетіңіз.

  11. Исатай мен Махамбет кім үшін «ханға қылыш сермегенін» табыңыз.

  12. Махамбеттің «Соғыс» өлеңіндегі оқиға қай жерде өткенін табыңыз.

  13. Исатайдың қаза тапқан уақытын көрсетіңіз.

  14. «Жасы 37-де, бойы екі аршын және 5 вершок, шашы, қасы, мұрты, сақалы қара, бетінде дағы жоқ, қара торы, қой көзді». Берілген түр-әлпеттің кімнің сипаттамасы екенін көрсетіңіз.

  15. «Желп-желп еткен ала ту,

    Жиырып алар күн қайда?!» – деген үзінді Махамбеттің қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  16. Бос орынға қажет сөздерді көрсетіңіз.

    Өтемістен туған _____ едік,

    ________ атқа мінгенде,

    Жер қайысқан қол едік.

  17. Махамбеттің ХІІ бөлімнен тұратын өлеңін көрсетіңіз.
  18. Махамбет: «...Бұл фәнидің жүзінде

    Арыстан одан кім өткен?!» – деп кімге айтқанын көрсетіңіз.

  19. «...Қас үлектен туған кәтепті

    Қара нар керек біздің бұл іске» – деген өлең жолдарындағы «үлек» сөзінің мағынасын табыңыз.

  20. Махамбеттің «Мұнар күн» өлеңі қандай сарында жазылғанын белгілеңіз.
  21. Махамбет өлеңдерінде жиі кездесетін элементті көрсетіңіз.

  22. Махамбеттің өлеңіндегі:

    «Кермиғым, кербезім!

    Құландай ащы дауыстым!

    Қырмызыдай ажарлым!

    Хиуадай базарлым!» – деген жолдар кімге арналғанын көрсетіңіз.

  23. Исатайдың тұлпарын көрсетіңіз.
  24. Махамбеттің «Тарланым» өлеңі кімге арналғанын белгілеңіз.
  25. «...Қас үлектен туған кәтепті

    Қара нар керек біздің бұл іске» – деген өлең жолдарындағы «үлек», «нар» сөздері төрт түліктің қай түрі екенін табыңыз.

  26. Махамбет Өтемісұлының Исатайға арнап жазған шығармасы (-лары)

Қате туралы хабарландыру