Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

ХІ тарау. Зәр шығару мүшелер жүйесінің құрылысы

Конспект

Бүйрек арқылы ағзадан су, тұздар, зат алмасудың кейбір қалдық өнімдері, бөгде заттар мен улы заттар шығарылады. Терідегі тер бездері арқылы су мен тұздар бөлінеді. Өкпе – ағзадан көмірқышқыл газы, су, кейбір ұшқыш заттардың (эфир, хлороформның булары) шығарылуына қатысады.

Зәр шығару жүйесі: Бүйректің жарып көрсетілгендегі құрылысы: 1 – қыртысты қабат; 2 – милы қабат; 3 – пирамидалар; 4 – бүйрек емізікшелері; 5 – кіші тостағаншалар; 6 – бүйрек қақпасы; 7 – бүйрек астаушасы; 8 – несепағар

 

Бүйректің құрылысы. Ыдырау өнімдерін шығарудың негізгі мүшесі – бүйрек. Ағзадан зат алмасу соңғы өнімдерінің 75%-ы бүйрек арқылы шығарады. Бүйрек құрсақ қуысында 1–2-бел омыртқаның екі жағына орналасқан. Ол үрмебұршақ пішінді қызғылт-қоңыр түсті. Оң жақтағы бүйрек сол жақтағы бүйректен сәл төменірек (1–1,5 см) орналасады.

Әрбір бүйректің салмағы шамамен 150 г. Бүйректің сыртын қалың май қабаты қаптайды. Бүйрек қоңырқай түсті сырты қыртысты және іші бозғылт түсті милы заттан түзілген.

 

Бүйректің құрылысы өте күрделі. Бүйректің құрылымдық және қызметтік бірлігі – нефрон (грекше «nephros» – бүйрек) деп аталады. Әрбір бүйректе 1 млн-нан астам нефрон болады. Нефронның өзі екі бөлімнен тұрады. Сыртынан қоршап жатқан бөлімі – бүйрек денешігі деп аталады, ол қыртысты затта орналасқан. Екінші бөлімі – иір өзекшелер, олар бүйректің иір-иір болып шумақталып, боз (милы) затында орналасқан. Нефрон өзекшелері иректеліп әрі өзара қосылып жинағыш түтікшелерді құрайды. Олар тікелей пирамидалармен байланысқан.

Нефронның құрылысы:

1 – капилляр шумағының капсуласы; 2 – капилляр шумағы; 3 – иір өзекшелер; 4 – капилляр кантамырлары; 5 – жинағыш түтікше; 6 – бүйрек артерия қантамыры; 7 – бүйрек вена қантамыры

 

Бүйректің қызметі. 1. Қандағы тұз концентрациясы мен жасушалардан ағып өтетін сұйықтықтардың осмостық қысымын реттейді. Дене сұйықтығындағы тұздың концентрациясы жасуша ішіндегі концентрациясынан артық болса, су жасушадан шығып, жасуша бүрісіп қалады. 2. Қан мен басқа да сұйықтықтың құрамын реттейді. 3. Бүйрек – күрделі биологиялық сүзгі: ағзадағы артық су, тұз, дәрі заттарды шығарып, жетіспейтін заттарды сүзіп алып қалады. 4. Бүйректе зәр (несеп) түзіледі. 5. Ағзаның ішкі ортасы құрамының тұрақтылығын сақтайды. 6. Су мен тұздың мөлшерін реттейді.

 

Несепағардың құрылысы. Несепағар – қабырғасы қалың бұлшықетті түтікше пішінді жұп мүше. Ересек адамдарда оның диаметрі 6–8 мм, ұзындығы 25–30 см. Несепағар бүйректі қуықпен жалғастырады.

 

Қуықтың құрылысы. Қуық кіші жамбас қуысындағы тік ішектің алдыңғы жағында орналасқан бұлшықетті мүше. Қуықта зәр уақытша жиналады. Ол ересек адамда қабырғасы қалың бұлшықеттен түзілген. Несепағардың да, қуықтың да қабырғасындағы бұлшықет талшықтары бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасынан тұрады. Қуықтың бұлшықеті жиырылғанда жиналған зәр зәр шығару өзегі арқылы сыртқа шығарылады. Ересек адамда қуықтың сыйымдылығы шамамен 500 мл.



Сұрақтар
  1. Ыдырау өнімдерін шығаруға қатысатын мүшелер:
  2. Ыдырау өнімдерін шығарудың негізгі мүшесі:

  3. Әрбір бүйректің салмағы шамамен:

  4. Бүйректің құрылымдық және қызметтік бірлігі:
  5. Кіші жамбас қуысында орналасқан бұлшықетті мүше:
  6. Қабырғасы қалың бұлшықетті түтікше пішінді жұп мүше:

  7. Несепағардың, қуықтың қабырғасындағы бұлшықет талшықтары қандай ұлпадан тұрады?

  8. Бүйректің ойыс жағындағы шағын қуыс не деп аталады?

  9. Бүйрек құрсақ қуысының қай жерінде орналасқан?

  10. Бүйректің қызметіне жатпайды:

Қате туралы хабарландыру