Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

ХІ тарау. Терінің маңызы мен құрылысы

Конспект

Терінің маңызы. Тері – адам денесінің сыртқы жабыны. Тері ағзада әр түрлі қызмет атқарады. Ішкі мүшелерді сыртқы ортаның механикалық әсерінен (соғылудан, жарақаттанудан) қорғайды.

 

Тері микробтарды, еріген улы және зиянды заттарды өткізбей қорғаныштық қызмет атқарады.

 

Тері ағзадағы зат алмасу процесіне қатысады. Негізінен су мен жылу алмасуда маңызы бар. Сыртқы ортаның температурасы қаншалықты ауытқығанымен адамның дене температурасы үнемі тұрақты болады. Дене температурасының үнемі тұрақты деңгейде болуын қамтамасыз ететін физиологиялық процестерді жылу реттелу дейді.

 

Теріде көптеген жүйке талшықтары, сезгіш жасушалар шоғырланған. Сондықтан тері сезім мүшесінің қызметін атқарады. Адам тері арқылы бір заттың жанасқандығын, температураны, ауырғанды сезеді.

 

Терінің витаминдер алмасуына да қатысы бар. (Бұрын өтіп кеткен витаминдер тақырыбын естеріңе түсіріңдер.) Теріде болатын ерекше заттардан күннің ультракүлгін сәулелерінің әсерінен Д витамині түзіледі.

Теріде аздаған мөлшерде газ алмасу процесі жүреді, яғни оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газын бөледі. Адам терісіндегі тер, май және сүт бездері арқылы ыдырау өнімдері бөлінеді.

 

Теріде ағзадағы артық май қор ретінде жиналады.

 

Терінің құрылысы. Адам терісі негізінен үш қабаттан тұрады. Терінің сыртқы қабаты – эпидермис (грекше «epі» – сырты, үсті, «derma» – тері), ортаңғы қабаты – нағыз тері (дерма), ішкі қабаты – тері асты шел (клетчатка) қабаты деп аталады. Соңғы кезде тері асты шел қабатын нағыз тері қабатымен қосып, бір қабат деп санайды.

Терінің құрылысы:

І – эпидермис

ІІ – дерма (нағыз тері қабаты)

ІІІ – тері асты шел қабаты.

1 – түк; 2 – мүйізді қабат; 3 – өсуші қабат; 4 – тер безінің саңылауы; 5 – жүйке талшықтарының ұштары; 6 – тер безі; 7 – түкті тікірейтетін бұлшықет; 8 –май безі; 9 – шел қабатындағы май ұлпасы; 10 – қантамырлар

 

Терінің эпидермис қабаты – көп қабатты жалпақ эпителий (жабын) ұлпасынан тұрады. Оның қалыңдығы атқаратын қызметіне сәйкес түрліше болады. Үнемі механикалық күш түсетін жерлерде (алақанда, табанда) эпидермис едәуір қалың (0,5–2,3 мм). Көкіректе, құрсақта, санда, білекте, мойында эпидермис қабатының қалыңдығы 0,02–0,05 мм-ден аспайды.

 

Терінің екінші қабаты – нағыз тері қабаты (дерма). Дерма тері деген ұғымды білдіреді. Сондықтан да тері ауруларын емдейтін дәрігерді дерматолог деп атайтынын ұмытпаңдар!

 

Шаш, түктер, тырнақ – эпидермистің қосалқы мүйізді түзілістері. Алақанда, табанда, ерінде түктер болмайды. Бас терісінде қалың өскен түктер – шаш деп аталады. Шаштың теріден сыртқа шығып тұрған бөлігі – сояуы (қылшығы), терінің астында түбірі мен жуашығы орналасқан. Түктің жуашығы мен түбірінің сыртын түк қалтасы қоршап тұрады. Түк жуашығымен қантамырлар, жүйкелер және түкті тікірейтетін бұлшықеттер байланысқан. Түк қалтасына май бездерінің өзегі ашылып, шашты (түктерді), теріні майлап тұрады.

 

Тырнақ – саусақ ұштарының сыртында орналасқан жалпақ мүйізді түзіліс. Тырнақ та шашқа ұқсас үнемі өсіп отырады. Шаш пен тырнақтың тазалығына үнемі көңіл бөліп отыруды ұмытпаңдар!

 



Сұрақтар
  1. Адам  денесінің  сыртқы  жабыны:
  2. Ағзадағы зат алмасу процесі:

  3. Ересек адамның терісінің капилляр қантамырларында болатын қан мөлшері:
  4. Көп қабатты жалпақ эпителий ұлпасынан тұратын тері бөлімі:

  5. Эпидермистің ішкі қабаты:

  6. Терінің екінші қабаты:

  7. Тірек қызметін атқаратын терінің  қабаты:
  8. Эпидермистің сыртқы қабатының сипаттамасы?

  9. Тері ауруларын емдейтін дәрігер?

  10. Дерманың сыртқы – емізікшелі қабатының қызметі?

  11. Күн өткенде көрсетілетін алғашқы жәрдем

  12. Терінің мүйізді түзілісі

  13. Адам денесіндегі жылудың реттелу жолы

Қате туралы хабарландыру