ХI-ХV ғасырлардағы Орта, Орталық Азия және Африка елдері

Дүниежүзі тарихы

Тақырыптың тесті
Конспект

ХІ ғасырдың аяғына қарай Кіші Азияда қуатты мемлекет Түрік-Осман империясы құрыла бастады. Оғыз тайпаларының басым көпшілігі Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға көшіп келе бастайды. 1071-1081 жылдары Оғыздардың салжұқ тайпалары Кіші Азияны жаулап алды.

Оғыздардың Қынық тайпасынан шыққан әскербасшысы Салжұқтың немересі Тоғрыл-бек 1040-1060 жылдары Кіші Азияда Салжұқ түріктерінің мемлекетін құрды. Монғолдардың шапқыншылығынан кейін ыдырап кеткен Салжұқ мемлекетінің орнына 1299 жылы Осман түріктерінің мемлекеті келді. Оның негізін Осман сұлтан (1258-1326) қалаған еді.

ХIV ғасырдың екінші жартысында Осман империясы көрші елдерге жорықтар ұйымдастыра бастайды. 1352-1354 жылдары түріктер Дарданелл жағалауын және бірқатар қалаларды басып алып, Балкан түбегінде тұрып жатқан Болгария мен Сербияға соғыс бастайды. 1363 жылы сұлтан I Мұрад Андрионопольды басып алып өз астанасын сонда көшіреді. 1453 жылы сәуірдің басында II Мехмед сұлтан 260 мың түрік әскерімен Константинополь қаласын жаулап алады.

Константинопольдің құлауы Византия империясының өмір сүруін тоқтатты. Ол Осман империясының астанасына айналдырылды. Түркия Осман империясы болып жарияланды.

Балкан түбегіндегі жер түрік сұлтанының иелігіне көшті. Түрік жерінен шаруаларды көшіріп әкеліп, оларға жер бөлді. Феодалдық жер иелігі – спахи деп аталды. Ал мешіт иелігіндегі жерлер – вакуф деп аталды. Түркияда жер мемлекет меншігі саналды. Жердің едәуір бөлігі феодалдарға уақытша меншікке берілді. Бұл уақытша берілген жер лен деп аталды. Леннің иелері сипахилер болды.

Осман империясы 4 әлеуметтік топтан тұрды. Қала тұрғындары мен шаруалардың құқықтары шектеулі болды.

Балкан түбегіндегі халықтардың 5-7 жастағы ер балаларын Түркияда тәрбиелеп, әскери янычар құрамдарына алып отырды.

Империяның қол астында қалған халықтар түрік езгісіне қарсы күресін тоқтатпады. Болгар және серб партизандары өздерін «гайдуктер» деп атады. Олар мұсылман мекендерін өртеді, тонады, түрік әскерлеріне шабуыл жасады.

Түркияда жазба әдебиеттің алғашқы үлгілері ХIII ғасырда пайда болды. Математика, астрономия ғылымдарына талдау жасаған және философия пәндері бойынша бірқатар еңбек жазған Лютфи Такади еді.

Түрік эпостық дастандары қатарынан «Оғызнама», «Китаб Дәдәм Коркуд» пен «Көрұғлы» шығармалары ерекше орын алады. Географ адмирал Пири Реис 1513 жылы дүние жүзінің картасын, ал 1523 жылы «Бахрийе» атты теңіз атласын жасады.

Х ғасырдың соңында Солтүстік Хорезм билеушісі Мамун ибн-Мұхаммед елді біріктіріп, біртұтас қуатты мемлекет құрады. Хорезм мемлекетінің астанасы – Үргеніш қаласы болды.

Орта Азия қалаларының орталығы – цитадель, ал қаланың сыртындағы қолөнершілер мен саудагерлер тұратын бөлігі рабад деп аталды.

Монғол шапқыншылығы алдында Хорезмді II Мұхаммед (1200-1220 жж.) биледі. Хорезм мемлекетінің ірі қаласы Самарқанда 1212 жылы Мұхаммед хорезмшахқа қарсы халық көтерілісі болды. Мұхаммед қалаға көп әскер жіберіп, көтерілісшілерді қатал жазалайды. Самарқан қаласында 10 мыңдай адам қаза табады.

1219-1220 жылдарда Шыңғысхан бастаған моңғол әскері Отырар қаласын алған соң, Мұхаммед Хорезмшах әскерін Самарқан қаласында талқандайды. Хорезм мемлекеті жойылып, Орта Азия жерінде монғол үстемдігі орнайды.

Орта Азияда феодалдық жер иеленудің негізгі түрі сойырғал болды. Феодалдар жерін шаруаларға үлестіріп беретін де, олардан ақы алып отырды. Сойырғалға берілген жер әкеден балаға көшіп отырды.

1428-1429 жылдары Самарқан қаласында аспан әлемін бақылайтын орын – обсерватория салынды.

Әбу Әли ибн Сина (980-1037) әл-Фарабидің шәкірті болған. Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Әли ибн Синаның балалық және жастық шағы Бұхара қаласында өтті.

Самарқан қаласында сол заманғы ең ірі кітапхана болды. Кітапхана қорында 15 мың кітап сақталған.

Әл-Хорезми (795-857) – алгебра ғылымының негізін салушы. Математика саласында ең ірі еңбегі «Китабал-жабрва мукабаа» деп аталады. Заманында бұл еңбегі жоғары бағаланып, оны «алгоритм атасы» деп атаған.

ХI ғ. Қарахан дәурінде өмір сүрген ақын, ойшыл ғалымдардың бірі Жүсіп Баласағұни болды. Оның 1069 жылы жазған атақты шығармасы «Құтадғу-білік» түрік әдебиетінің ескерткіштері қатарына жатады.

XIV ғасырдың соңында – Әмір Темір дәуірінде Орта Азияда қала салу, суландыру жүйелерін құру, керуен сарайлар, медреселер, діни ғимараттар тұрғызу ерекше қолға алынды. Олардың санатында сол дәуір сәулетшілерінің тамаша туындысы – Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесі бар. Ол құрылысты Темір бастап салғызып, Ұлықбек аяқтаған.

Африкадағы ең ежелгі мемлекет Египет еді. Египетті 639-642 жылдары арабтар басып алды. Жергілікті копт халқы арабтарды өздерін Византия қысымшылығынан құтқарушылар ретінде қуана қарсы алды.

VII ғасырдың ортасына қарай Египеттің халқы ислам дінін қабылдап, араб тіліне көше бастады. IХ ғасырда Араб халифатының әлсіреуіне байланысты Египет тәуелсіздігін алды.

1171 жылы Египеттегі өкімет билігі Айюбилер әулетінің қолына көшті. Ол әулеттің негізін қалаушы сұлтан Салах ад-дин болды. Айюбилер сұлтандары мәмлюктер деп аталған құлдардан құрылған ұлан ұстады. 1250 жылы мәмлүктер өкімет билігін басып алды.

Мәмлюктердің ұлы әскери және мемлекет қайраткері қазақ даласының перзенті, қыпшақ Бейбарыс болды. Ол 1260-1277 жылдары Египетті биледі. 1517 жылы мәмлюктерді түріктер жеңіп, Египетті Осман империясына қосып алды. ХI ғасырдың басында Каир қаласында «Білім үйі» ашылды. 1004 жылы обсерватория салынды. Каир мәдениеттің, ғылым-білімнің орталығы болды.

Орта ғасырларда Африкадағы қуатты мемлекеттің бірі Аксум болды. Ол қазіргі Эфиопия мемлекетінің солтүстігінде III ғасырға қарай құрылған болатын. IV ғасырда аксумдықтар христиан дінін қабылдады. VII ғасырға қарай өзінше жеке мемлекет болуын тоқтатты.

Орта ғасырларда Африкадағы қуатты мемлекеттердің бірі Мали болды. Оның қалыптасуы VIII ғасырға жатады. ХI ғасырда билік құрып тұрған әулет ислам дінін қабылдады.

Мали мемлекеті әлсірей бастағанда оның шығысындағы Сонгай мемлекеті күшейіп келе жатты. Ол тәуелсіздігін XV ғасырдың басында жеңіп алды.

Конспект сұрақтар
  1. ХІ ғасырда Осман империясын құрған түрік тайпалары:
  2. Египет тұрғындары Византия езгісінен құтқарушылар деп қарсы алды:
  3. Осман түріктерінің мемлекеті құрылған жыл:
  4. Византия астанасы Константинопольды басып алған түрік сұлтаны:
  5. Түріктерде феодалдық жер иелігінің атауы:
  6. Жаулап алған халықтардың балаларынан жасақталаған әскери құрама:
  7. Болгар және Серб партизандары өздерін атады:
  8. Мешіт иелігіндегі жерлер:
  9. Осман империясының әлеуметтік құрамында құқығы шектелген топтар:
  10. Дүниежүзінің картасы мен теңіз атласын жасаған түрік географы:
  11. ХІІІ ғасырда Хорезм мемлекетінің жойылуына әкелген жағдай:
  12. 1212 жылы Мұхаммед хорезмшахқа қарсы халық көтерілісі болған қала:
  13. Біртұтас Хорезм мемлекетін құрған билеуші:
  14. Орта Азияда жер иеленудің негізгі түрі:
  15. Хорезм мемлекетінің астанасы
  16. Орта Азия жеріндегі қалаларда қолөнершілер мен саудагерлер тұратын бөлігі:
  17. Самарқан қаласында салынған ірі ғылыми орталық
  18. Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Ибн Синаның жастық шағы өткен қала
  19. Самарқан кітапханасының қорындағы кітаптар саны:
  20. Орта ғасырларда «алгоритм атасы» атағын алған:
  21. ХI ғасырда Қарахан дәурінде өмір сүрген ақын, ойшыл ғалым:
  22. 1250 жылы Египеттегі өкімет билігін басып алғандар:
  23. Б.з. III ғасырында қазіргі Эфиопия жерінде құрылған мемлекет:
  24. ХI ғасырдың басында қай қалада «Білім үйі» ашылған қала
  25. Түркістандағы сәулет өнерінің тамаша туындысы
Тақырыптың тесті