Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Х тарау. Тістің құрылысы. Асқорыту бездері. Асқорыту ферменттері

Конспект

Тістің құрылысы. Әрбір жеке тістің сауыты, мойны және түбірі болады. Тіс сауытының сырты жылтыр кіреукемен (эмаль) қапталған. Кіреуке адам денесіндегі ең қатты ұлпа. Оның бір шаршы миллиметр ауданы 400 килограмдай салмаққа төтеп береді. Кіреукенің бұл қасиеті, оның құрамындағы бейорганикалық заттарға тікелей байланысты. Тіс кіреукесінің 95% кальций фосфатының қосылысынан тұрады. Бұдан басқа оның құрамында фтор, мыс, мырыш, темір, кремний және т.б. заттар кездеседі. Тіс кіреукесінің қалыңдығы да түрліше болады. Тіс сауытының үстіңгі бұдырларында кіреуке едәуір қалың. Балалар тістерінің кіреукесінің құрамында минералдық заттар аз болғандықтан ол жұқа болады. Тістің қызылиектен шығып тұрған бөлігі – тіс сауыты деп аталады. Тістің келесі бөлімі – мойны. Тіс мойны арқылы тіс ұяшықтарына цемент заты арқылы бекиді.

 

Тістің үшінші бөлімі – түбірі. Тістің түбірі жақ сүйектеріндегі арнайы ұяшықтарда орналасқан. Күрек және сойдақ тістердің түбірі бір-бірден болса, азу тістердің түбірі екеу (кіші азу тістерде) немесе үшеу (үлкен азу тістерде). Тіс түбірінің ұшында кішкене тесік болады. Осы тесік арқылы тістің ішіне қантамырлары мен жүйкелер енеді. Тістің ішкі қуысы борпылдақ дәнекер ұлпасымен толтырылған. Тістің түбірлері дәнекер ұлпалы талшықтар арқылы тіс ұяшықтарына өте берік бекіген.

Тіске келетін қантамырлар оны қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Тіс ауырғанда немесе тісті жұлғанда ауыратыны жүйкелердің сезімталдығына байланысты.

Тістің көп бөлігін дентин (латынша «dens» – тіс) заты құрайды. Дентин өте тығыз сүйек ұлпасынан түзілген. Оның құрамының 70% фосфаттардан, фтордан және кальций карбонаттарының қосылыстарынан тұрады. Микробтардың әсерінен тістің дентин затының бұзылуынан болатын ауру тісжегі (кариес ) деп аталады.

Бүтін, әрі сау тістер адам денсаулығының басты кепілі. Ауырған тістерде ауру қоздырушы микробтар көптеп кездеседі. Тістің бүлінуі тіс кіреукесінің шытынауынан басталады. Тіс кіреукесінің шытынауы қатты заттарды (мысалы, жаңғақ) шағудан және т.б. жағдайлардан да болады. Кейде тым ыстық немесе өте салқын сусындарды бірінің артынан бірін ішу кіреукенің шытынауына әсер етеді. Тіс кіреукесіндегі шытынаған жерлерге микробтар шоғырланып, тістің бүлінуі жалғаса береді. Ауру тістер адам ағзасындағы басқа мүшелерге (жүрекке, бүйрекке, буындарға және т.б.) де зардабын тигізеді. «Ауру ауыздан кіреді» деген сөзде терең мағына бар. «Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді. Іш бүлінді дегенше, іс бүлінді» деген сөздер тістің ауруының ішкі мүшелерге әсерін дәл көрсетіп тұр.

 

Ауыз қуысына түскен тағам алдымен тістердің көмегі арқылы шайналып ұсақталады да, сілекеймен араласады. Ауызда толық шайналған, әрі сілекеймен шыланған тағам ағзада жеңіл қорытылып, тез сіңеді. Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың «апыл-ғұпыл ішкен ас, асқазанға түскен тас» деген нақылынан өздерің қорытынды шығарыңдар.

 

Адамның да тістері басқа сүтқоректі жануарларға ұқсас жеке топтарға бөлінген. Тістер күрек, сойдақ, кіші және үлкен азу тістер деп бөлінеді.

 

Ересек адамдарда 28–32 тұрақты тіс болады. Олар үстіңгі және астыңғы жақ сүйектеріндегі арнайы тіс ұяшықтарында орналасқан. Әрбір жақ сүйектерінде 16 тіс бар. Тістердің пішіні де әр түрлі. Жақ сүйектерінің алдыңғы жағында орналасқан жалпақ тістерді күрек тістер деп атайды. Кейде оларды халық арасында маңдай тістер немесе қасқа тістер деп те атай береді. Жалпы күрек тістердің саны 8. Күрек тістердің екі шетіндегі пішіні үшкірлеу келген сойдақ тістер. Олардың саны 4. Адам күрек және сойдақ тістері арқылы тағамды жұлып алып жейді. Бұл тістерден кейін кіші азу тістер орналасқан. Олардың саны 8. Кіші азу тістерден кейін үлкен азу тістер бар. Олардың саны 12. Азу тістердің үстіңгі беті кедір-бұдырлы болады. Азу тістердің көмегімен тағамды ұсақтап шайнайды.

 

Сәби дүниеге тіссіз келеді. Сәбидің 6–9 айлығында алғаш рет күрек тістер шыға бастайды. Сәбиде 2 жасқа дейін барлығы 20 тіс шығады. Бұл тістер сүт тістер деп аталады. 6–7 жастан бастап сүт тістер түсіп, орнына тұрақты тістер шығады. «Баланың жетіде тісі түседі» деген нақыл соны аңғартады. Өйткені балалардың жақ сүйектерінің мөлшері мен пішіні ересек адамдардан өзгеше болады. Тұрақты тістердің бастапқы нышаны сүт тістердің түбірінің астында орналасқан. Олар бірте-бірте сүт тістерін ығыстыра бастайды да, сүт тістеріне қоректің келуіне кедергі жасайды. Қорек келмеген сүт тістер бірте-бірте түседі, оның орнына астыңғы жағынан тұрақты тістер шығады. 12–14 жаста толық тұрақты тістер шығып бітеді. Ең соңғы үлкен азу тістер 18–20 (одан да кешірек) жаста шығады. Оларды кеш шығатындықтан «ақыл тістер» деп атайды. Шын мәнінде олардың ақылға ешбір қатысы болмайды.

Тіс гигиенасы. Тісті сау қалпында сақтау үшін әрбір тамақтанғаннан кейін ауызды шайып, тісті тазалау қажет. Күн сайын тісті таңертең және кешке мұқият тазалап жуу керек. Тісті тазалауда белгілі ережені есте ұстау шарт. Алдымен бөлме температурасындағыдай сумен ауызды бірнеше рет шаю; содан соң арнайы тіс щеткасымен тазалау; алдыңғы жағын үйкелей бермей алдыңғы, артқы бүйір тұстарын да мұқият тазалау. Тіс щеткасын тістердің арасымен жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарай ысқылау; тістердің ауыз қуысына қараған ішкі беттерін де тазалау қажет.

 

Әрбір адамның жеке басының арнайы тіс щеткасы болуы тиіс. Тіс щетканы пайдаланғаннан кейін жақсылап тазартып жуып, сабындап қою керек. Келесі пайдаланарда сабынын жуып тазартып алу қажет.

 

Қазақ халқының көрнекті ғалымы, әрі алғашқы кәсіби дәрігері Халел Досмұхамедұлы да тістің тазалығына зор мән берген. «Аузыңды таза ұстасаң, тіс ауруының көбінен құтыласың. Тамақ жеген сайын тісіңді мәсуекпен (тіс тазалағышпен) жақсылап тазала. Ішкен-жеген сайын және ертеңінде, кешінде аузыңды тазалап шайып отыр». Ғалымның бұл даналық сөздері әрбір адамның есінде жүрер ережеге айналуы шарт.

Тісті тазалаудың басты құралы – тіс щеткасы. Ондағы қылшықтардың орташа ұзындығы 25–30 мм, ені 8–12 мм болуы шарт. Жаңа тіс щеткасын пайдаланудан бұрын сабынмен, әрі ыстық сумен жуу керек. Тіс щеткасын әрбір 2–3 айда жаңартып отыру қажет. Тіс пасталарын да дұрыс таңдай білу керек. Мектеп оқушыларына «Ну, погоди», «Буратино», «Карлсон», «Детская», «Мятная», «Апельсиновая», «Олимп» және т.б. пасталар ұсынылады. Тістің кіреукесінің беріктігін сақтау үшін құрамында фторы бар пасталар қолданылады. Ондай пасталарға «Чебурашка», «Фтородент», «Флюродент», «Сигнал», «Пепсодент», «Колгейт» жатады.

 

Асқорыту бездерінен бөлінетін сұйықтықты сөл (секрет) деп атайды. Асқорыту бездері сыртқы секреция бездеріне жатады. Олар өздерінен бөлетін сөлді арнайы өзектері арқылы асқорыту мүшелеріне бөледі. Әрбір асқорыту безінің бөлетін сөлінің өз атаулары бар. Мысалы, бауырдан бөлінетін сөл – өт, сілекей бездерінен бөлінетін сөл – сілекей және т. б.

 

Асқорыту бездерінің қызметін фистула әдісі арқылы зерттеуде көрнекті орыс ғалымы И.П. Павловтың еңбегі зор. Ғалымның бұл саладағы еңбегіне физиология ғылымындағы іргелі жаңалық ретінде Нобель сыйлығы берілген. Қазіргі кезде асқорыту мүшелерінің ішкі кілегейлі қабығындағы өзгерістерді зерттеуде эндоскопия әдісі қолданылады. Онда жарықты арнайы оптикалық құралдар арқылы асқорыту мүшелерінің ішкі құрылысын көруге және суретке түсіріп алуға болады.

Асқорыту бездерінен бөлінетін сөлдің құрамында күрделі органикалық заттарды қарапайым заттарға дейін ыдырататын ерекше заттар болады. Оларды ферменттер деп атайды.

 

Асқорыту ферменттері. Ферменттер химиялық құрамы жөнінен нәруызтектес органикалық заттарға жатады. Ферменттер тірі жасушалардың барлығында кездеседі. Олар жасушада жүретін реакциялардың белсенділігін арттырады. Сондықтан да ферменттерді кейде биологиялық өршіткі – катализаторлар деп те атайды. Ферменттердің белсенді әсер етуіне қолайлы температура +37, 38°С.

Ферменттердің өздеріне тән қасиеттері бар. Біріншіден, әрбір фермент белгілі бір органикалық затты ғана ыдырата алады. Екіншіден, әрбір фермент белгілі бір химиялық ортада белсенді әсер етеді. Мысалы, қарын сөлінің құрамындағы ферменті қышқылды, ұйқы безінің сөліндегі ферменті – сілтілі ортада әсер етеді.

 

Көптеген ұсақ және ірі үш жұп сілекей бездерінің өзектері ауыз қуысына ашылады. Сілекей бездерінің ең ірісі – жұп шықшыт безі. Ол құлақ қалқанының астында орналасқан. Оның өзегі ұртқа ашылады, салмағы 20–30 г. Астыңғы жақасты сілекей бездерінің салмағы 14–15 г. Оның өзегі тілдің астына ашылады. Сілекей бездерінің ең кішісі – тіласты бездері. Оның салмағы 5 г, өзегі тілдің астына ашылады. Тағамның құрамына байланысты сілекей бездерінен тәулігіне шамамен 1,5–2 литрге дейін сілекей бөлінеді.

 

Сілекей – тұтқыр, түссіз сұйықтық. Оның құрамында 99–99,5% су, 0,5–1% органикалық және бейорганикалық заттар болады. Бейорганикалық заттардың мөлшері органикалық заттарға қарағанда 2–3 есе аз. Сілекейдің реакциясы әлсіз сілтілі. Сілекейдің құрамында көмірсуларды ыдырататын фермент – амилаза болады. Сілекейдің құрамында бактерияларды жоятын лизоцим болады.

 

Сілекейдің бөлінуі рефлекторлық жолмен реттеледі. Сілекей бөліну орталығы сопақша мида орналасқан. Тамақ ауызға түскенде ондағы жүйке талшықтарының ұштары (рецепторлар) тітіркенеді де, сілекей бөлінеді. Бұл сілекей бөлінудің шартсыз рефлексіне жатады. Ал сілекейдің тамақтың иісіне, көрінісіне, тамақ туралы айтылған сөздерге байланысты бөлінуі – шартты рефлекске жатады.

Шықшыт сілекей бездері қабынған кезде ісініп, жақпен тұтасып айқын байқалады. Ондай ауру паротит (свинка) деп аталады.

 



Сұрақтар
  1. Адам денесіндегі ең қатты ұлпа.
  2. Тістің қызылиектен шығып тұрған бөлігі.
  3. Тістің көп бөлігін құрайды.
  4. Ересек адамдардағы тұрақты тіс саны.
  5. Балаларда тұрақты тістер шығатын кез.
  6. Асқорыту бездерінің қызметін фистула әдісі арқылы зерттеген көрнекті орыс ғалымы.

  7. Күрделі органикалық заттарды қарапайым заттарға дейін ыдырататын ерекше заттар.
  8. Астыңғы жақ асты сілекей бездерінің салмағы.

  9. Тұтқыр, түссіз сұйықтық.
  10. Сілекей құрамында бактерияларды жояды:

Қате туралы хабарландыру