Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IX тарау. Организм және орта жағдайлары. Организмнің негізгі тіршілік орталары

Конспект

Жер бетінде тіршілік алғаш рет пайда болған кездің өзінде-ақ кейбір жеке организм тіршілік ортасына айналган. Бір организмді екінші бір организм тіршілік ортасы ретінде пайдалану табиғатта кеңінен таралған. Организмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланатын организмдер тобын — эндобионттар (грекше "endon"—ішкі) деп атайды. Оларды тіршілік ету ерекшеліктеріне сәйкес паразиттер, симбионттар (селбесіп тіршілік ететіндер), комменсалдар және т.б. деп бөледі.

 

Адам тиіспеген өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ортасы

Су — тіршілік ортасы. Су көптеген организмдер үшін ең қолайлы орта болып саналады. Сулы ортаның өзіне тән физикалық және химиялық қасиеттері бар. Организмдер үшін судың химиялық құрамы, тұнықтылығы, тығыздылығы, тұтқырлығы, оттек пен жарықтың болуы және т.б. негізгі рөл атқарады. Судың құрамында көптеген минералдық заттар мен химиялық косылыстар кездеседі. Табиғи судың құрамындағы минералдық тұздардың мөлшері де түрліше болады. Мысалы, тұщы судың бір литрінде 0,5 г тұз болса, теңіз суында тұздың мөлшері 35—40 г болады. Судың құрамында оттек мөлшері атмосферадан 20 есе аз және суға жарық аз түседі. Суда қысым күрт өзгереді. Мұның бәрі де кейбір организмдер тіршілігі үшін едәуір қолайсыздық туғызады.

 

 

Суда тіршілік етуге бейімделген организмдер тобы — гидробионттар (грекше "hydor" — су, "biontos" — тіршілік ететін) деп аталады. Олар судың түрлі қабаттарында тіршілік етуге бейімделген. Гидробионттар Дүниежүзілік мұхиттарда, жер асты суларында, құрлықтағы су айдындарында кеңінен таралған. Су айдындарында екі түрлі тіршілік ортасын ажыратады. Оның бірі — судың қалың қабаты (пелагиаль грекше "pelagos" — теңіз). Бұл қабатта тіршілік ететін организмдерді пелагостар деп атайды. Екіншісі — су тубі (бенталь грекше "benthos" — терең) деп аталады. Мұнда тіршілік ететін организмдер бентостар деп аталады.

Судың беткі қабатында судың ағысымен қалқып жүріп тіршілік ететін ұсак организмдерді (фитопланктондар мен зоопланктондарды) планктондар (грекше "planktos" — қалқып жүретіндер) деп атайды.

 

Судың түрлі қабаттарында белсенді түрде жүзіп жүріп тіршілік ететін ірі организмдерді (басаяқты ұлуларды, балықтарды, және т.б.) нектондар (грекше "nektos" — жүзіп жүретіндер) деп атайды. Ал судың ең беткі қабатында тіршілік ететін әрі микроскопиялық, әрі ұсақ организмдер пейстондар (грекше "heustos" — жүзетіндер) деп аталады.

 

Құрлық-ауа тіршілік ортасы. Бұл табиғи тіршілік ортасы атмосфералық ауаның көп болуымен ерекшеленеді. Сондықтан да бұл ортада тіршілік ететін организмдер — аэробионттар (грекше "Air" — ауа) деп аталады. Бұл ортаның тығыздығы мен қысымы төмен.

 

Құрлықта тіршілік етуге бейімделген организмдерді террабионттар (латынша "terra" — "жер") деп атайды. Бұл ортада тіршілік ететін организмдер денесіндегі суды үнемдеп жұмсайды, жылу реттеу механизмдері де түрліше. Оттектің мол болуына сәйкес ондай организмдерде арнайы тыныс алу мүшелері пайда болған. Температураның күрт өзгеруіне сәйкес организмдерде қорғану үшін түрліше бейімделушілік белгілер калыптасқан.

 

Топырақ — тіршілік ортасы. Топырақ құрлықтың беткі қабаты. Ол үнемі литосферамен және атмосферамен жанасып жатады. Топырақ ұзақ уақыттар ішінде үгітілген тау жыныстары мен тірі организмдердің шіріген қалдықтарының қосылуынан пайда болған әрі тарихи, әрі табиғи дене. Сондықтан да топырақ құрамында минералдық және органикалық заттардың қосылыстары болады. Топырақ қабатын педосфера (грекше "podos"—аяк) қабығы деп атайды. Топырақтың беткі кабатында органикалық заттарды ыдыратушы ұсақ организмдер (бактериялар, саңырауқұлақтар, құрттар және т.б.) тіршілік етеді.

 

Топырақ көптеген организмдердің тіршілігі үшін өте қолайлы орта. Топырақта тіршілік ететін организмдер — педобионттар деп аталады.

 



Сұрақтар
  1. Организмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланатын организмдер тобы:

  2. Суда тіршілік етуге бейімделген организмдер тобы:
  3. Судың қалың қабатында тіршілік етуге бейімделген организмдер тобы:
  4. Су түбінде  тіршілік етуге бейімделген организмдер тобы:
  5. Судың беткі қабатында судың ағысымен қалқып жүріп тіршілік ететін ұсақ организмдерді:
  6. Судың түрлі қабаттарында белсенді түрде жүзіп жүріп тіршілік ететін ірі организмдерді:
  7. Судың ең беткі қабатында тіршілік ететін әрі микроскопиялық, әрі ұсақ организмдер:

  8. Табиғи тіршілік ортасы атмосфералық ортада тіршілік ететін организмдер:
  9. Құрлықта тіршілік етуге бейімделген организмдер:
  10. Топырақ қабатын:
  11. Топырақта тіршілік ететін организмдер:
Қате туралы хабарландыру