Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Пияз және інжугүл тұқымдастар

Конспект

Пияз тұқымдастар – даражарнақтылар класы лалагүлділер қатарына жататын даражарнақты өсімдіктер. Бұлар пиязшықты, кейде түйнек-пиязшықты және тамырсабақты, көпжылдық өсімдіктер болып табылады. Таспа тәрізді немесе сопақша жапырақтары жалпақ және түтікшелі болып келеді. Пиязшығы мен жапырақтарында сүтті шырын болады. Гүлдері – ұсақ, жай шатыршагүлге жиналады. Күлтелері қызғылт, ақ, күлгін және қаңқызыл түсті.

 

Гүлдері жапырақсыз гүлсидамның ұшында дамиды. Гүлдері ашылғанға дейін бүкіл гүлшоғырының сыртын мөлдір қабықша қаптайды. Гүл жарған соң қабықша құрап қалады. Пияз тұқымдастарды бунақденелілер тозаңдандырады. Жемісі – қауашақ. Пияз тұқымдастарды тұқымынан да, өсімді мүшесінен де көбейтуге болады. Тұқымдары жел, құмырсқалар, жануарлар арқылы таралады. Ғаламшарымызда пияз тұқымдастардың 650-ге жуық түрі таралған. Қазақстанда олардың 110-ға жуық түрі өседі. Пияз тұқымдастар – азықтық, мал азықтық, дәрілік және сәндік бағалы өсімдіктер.

 

Пияз тұқымдастар: 1 – сарымсақ; 2 – пияз; 3 – басты пияз; 4 – жуа

 

Басты пияз – даражарнақты, көпжылдық өсімдік, көкөністік дақылдардың маңыздыларының бірі. Диаметрі 15 сантиметрге дейін жететін қабыршақты пиязшығы болады. Пиязшықтың сыртын құрғақ, сары, ақ кейде күлгін түсті қабық қаптайды. Қабыршақтарының барлығы түбіртек деп аталатын қысқарған сабақта орналасады. Түбіртектегі шырынды қабыршақтардың қолтығында бүршіктер болады. Болашақ пиязшықтар сол бүршіктерден өсіп, дамиды. Көкшіл сұр-жасыл, түтік тәрізді жапырақтары бар. Гүлсидамның биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді. Оның іші қампиған, қуыс, ұшы өте көп гүлдері бар шатыршагүлді гүлшоғырмен аяқталады. Гүлдері ұзын гүлсағақтарда орналасады. Жасылдау ақ түсті, диаметрі 1 сантиметрдей гүлсерігі бар. Гүлсерік 6 жапырақшалардан құралады. Гүлсерікте 6 аталық орналасады. Үш ұяшықты жатыннан тұратын гүл аналығы – 1. Кейде гүлшоғырда гүлдерден өзге ұсақ пиязшықтар (түйіншелер) түзіледі. Жемісі – 6 тұқымды қауашақ. Ұрығы үш қырлы, бұжырлы ұсақ болады. Ұрықтың түсі – қара. Басты пияздың гүл формуласы: *Гс3+3А3+3Ж (3) (біріккен 3 жемісжапырақшалы).

 

Сарымсақ – пияз туысты, даражарнақты, көпжылдық өсімдік. Оның пиязшығы өте көп пиязшықтардан – «тілшелерден» құралады. Сарымсақтың пиязшығы және тілшелері жұқа құрғақ қабықшамен қапталады. Сабағының биіктігі 1 метрге дейін жетеді. Сабағы – жалпақ, қатар жүйкелі. Гүлсидамы 1,5 м биіктікке дейін өседі. Ол гүл шыққанға дейін шиыршықталып тұрады да соңынан тарқатылып кетеді. Сарымсақтың өзіне тән иісі болады. Сарымсақ пиязшығының құрамында 20–27% полисахарид, нәруыз, 7–28 мг % С витамині бар. Бактерияларды жойып жіберетін эфир майы медицинада қолданылады. Пияз бен сарымсақта болатын ерекше ұшпа заттар фитонцидтер деп аталады. Бұл грекше «фитон – өсімдік» + латынша «каедере – жою», яғни «жойғыш өсімдік» деген мағына береді. Сөйтіп пияз бен сарымсақ медицинада тұмауға қарсы дәрі ретінде пайдаланылады.

 

Інжугүл туыстастар – кейінгі кезде өзінше тұқымдас болып бөлінді, көпжылдық, шөптекті өсімдіктер. Өте аз бөлікте таралғандықтан май інжугүлі Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.

 

Інжугүл – тамырсабақты өсімдік. Көлбеу жатып, өрмелеп өсетін тамырсабағының буынаралықтары ұзарып, тармақталады. Тамырсабақ тың буынаралықтарында қабыршақ тәрізді жапырақтар болады. Жапырақтардың қолтық бүршігінен жаңа тамырсабақ өседі. Тамырсабақтан өте қысқарған буынаралық бөлік 1–2 см биіктеп өседі.

 

Бұл – жыл сайын жер бетіне көтерілетін бір жылдық өркен. Сол өркеннен қандауырша тәрізді – 1 қабыршақты және 2 жасыл жапырақтар өсіп шығады. Қабыршақтанған жапырақтың қолтығынан жапырақсыз, гүл беретін сабақ өседі. Інжугүлдің тамырсабағы ғана қыстап шығады.

 

Інжугүл – биіктігі 15–20 см улы өсімдік. Гүлдері қоңырау пішінді. Жай гүлсерікті. Аталығы – 6. Аналығы – 1, аналық мойны қысқа, аналықтың аузы 3 телімді. Інжугүлдің гүл формуласы: Гс(3+3)А3+3Ж (3). Інжугүлдің гүлдерінде шірнелік болмайды. Сондықтан тозаңдандырғыштарды хош иісімен және тозаңдығымен тартады. Інжугүлді түкті ара, балара, сондай-ақ шыбындар тозаңдандырады. Інжугүлдің жемісі – қызылсары-қызыл түсті домалақ жидек. Жидекте 2–8 тұқым болады. Оның тұқымдарын құстар таратады. Інжугүлдің барлық мүшелері улы.

 

Дәрі үшін інжугүлдің жапырақтары пайдаланылады. Ол жүрек жұмысын жақсартады. Өсімдіктің гүлі парфюмерияда інжугүл иісін алуға қолданылады. Інжугүл Жайық өзенінің оң жақ жағалауында өседі. Алматы, Қарағанды ботаникалық бақтарында өсіріледі.



Сұрақтар
  1. Пияз тұқымдастардың жемісі:
  2. Даражарнақты, көпжылдық өсімдік, көкөністік дақылдардың маңыздыларының бірі:
  3. Пияз туысты, даражарнақты, көпжылдық өсімдік:
  4. Тамырсабақты өсімдік:
  5. Інжугүлдің гүл формуласы:
  6. Пияз тұқымдастарында қай дәрумен ең көп мөлшерде болады?

  7. Інжугүлдің жемісі:

  8. Інжугүл қандай мақсатта пайдаланылады?

  9. Пияз тұқымдастардың гүлшоғыры қандай?

  10. Пияз бен сарымсақта болатын ерекше ұшпа заттар:

  11. Фитонцид бөлетін өсімдік

  12. Пияздың жапырағы  

  13. Пияздар туысы

  14. Сарымсақ пиязшығының құрамында кездеседі

  15. Інжугүл өсімдігі

  16. Інжугүл өсімдігіне тән белгі

  17. Пияздың емдік қасиеті

Қате туралы хабарландыру