Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Мәдени өсімдіктердің шыққан орталықтары

Конспект

Осы заманғы адам мәдени өсімдіктерсіз өмір сүре алмаған болар еді. Мәдени өсімдіктер адамды ең қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Мәдени өсімдіктер – астық, көкөніс, жеміс-жидек, мата тоқуға қажетті шикізат. Мәдени өсімдіктерсіз қант, май, мал азығы да болмас еді. Үй жиһазы, қағаз, дәрі, үй-ішін әлемдейтін әр түрлі заттардан өзге де қажеттіліктерді тек мәдени өсімдіктерден аламыз. Мәдени өсімдіктердің сан алуан түрлері мен іріктемелерін алу үшін қаншама жылдар өтті емес пе?

 

Алғашқы адамдар тек жабайы өсімдіктердің тұқымы, жемісі, пиязшығы және басқа бөліктерін пайдаланды. Өсімдіктерді қолда өсіру әдісін меңгере алмағандықтан, табиғаттың бергенін ғана місе тұтты. Сондықтан бұл кезең жинаушы кезең деп аталды. Адамзат тарихындағы бұл кезең сан ғасырларға созылды.

 

Адамдар біртіндеп кейбір өсімдіктерді тұқымынан өсіру жолын тапты. Ондай адамдар құнарлы топыраққа өсімдікті өсірумен ғана шектелмей, ол өсімдіктің сапасын өзгертуді де меңгерді. Өсімдіктің өзіне қажетті өнім беруін реттеу үшін сұрыптап, іріктеу қажет болды. Адам сұрыптау жолымен қолдан шығарған бір түр дараларының жиынтығы іріктеме деп аталады. Сөйтіп өмірге селекция ғылымы келді. Жануарлардың қолдан шығарылған түрі қолтұқым деп аталады. Өсімдіктердің жаңа іріктемелерін, жануарлардың жаңа қолтұқымдарын шығарумен шұғылданатын ғылым селекция деп аталады.

 

Мәдени өсімдіктердің сан алуандығы және шығу орталығын орыс ғалымы Н. И. Вавилов зерттеді. Ол бес континентті айналып шығып, дүниежүзінің 52 елдерінде болды. Н. И. Вавилов өсімдіктердің 400-ге жуық түрінің Оңтүстік Азияда, 200-ге жуық түрінің Оңтүстік Америкада мәденилендірілгенін дәлелдеді. Ол осы сапарында мәдени өсімдіктердің 1000-ға жуық түрін зерттеді. Сөйтіп өсімдіктер сан алуандығының орталықтарын белгіледі.

 

Н. И. Вавилов (1887–1943)

 

Н. И. Вавилов алғашқыда 8 орталық бар деп есептеді. Кейінгі еңбектерінде негізгі 7 орталықты ажыратып жазды. Олар мыналар:

1. Оңтүстік азиялық тропиктік орталық. Бұл – күріштің, қант қамысының, көптеген жеміс және көкөністік дақылдар отаны. Бұған тропиктік Үндістан, Үндіқытай, Оңтүстік-Шығыс Азияның аралдағы жатады.

2. Шығысазиялық орталық. Бұл – сояның, тарының бірнеше түрінің, көптеген жемістік және көкөністік дақылдардың отаны. Бұған Орталық және Шығыс Қытай, Жапония, Тайван аралдары, Корея жатады;

3. Оңтүстік-батысазиялық орталық. Бұл – бидай, қарабидайдың бірнеше түрлерінің, көптеген дәнді дақылдар, бұршақ, жүзімнің отаны. Бұған Кіші Азия, Орта Азия, Иран, Ауғанстан, Солтүстік-Батыс Үндістан жатады;

4. Жерортатеңіздік орталық. Бұл орталық мәдени өсімдіктер түрінің 11%-ға жуығын берді. Атап айтқанда: зәйтүн, көптеген малазықтық өсімдіктер (жоңышқа, біргүлді жасымық), көптеген көкөністік (орамжапырақ) және малазықтық дақылдар өскен;

5. Абиссиналық орталық. Бұл – дәндік құмай, бананның бір түрінің, майлы ноқат өсімдігі, бидай мен арпаның бірқатар ерекше түрлерінің отаны. Бұған мәдени өсімдіктердің өте ерекше флорасы бар Африка материгінің шағын ауданы жатады;

6. Орталық америкалық орталық. Бұл – жүгері, ұзын талшықты мақта, какао, бірқатар асқабақ, үрмебұршақ – 900-ге жуық мәдени өсімдіктердің отаны. Бұған Оңтүстік Мексика жатады;

7. Андылық (Оңтүстік америкалық) орталық. Бұл – көптеген түйнекті өсімдіктердің, соның ішінде картоптың, дәрілік өсімдіктердің (кокаинды бұта, хинин ағашы) отаны. Бұған Оңтүстік Американың батыс жағалауын бойлай созылған Анд тау жотасы атырабының бөлігі жатады.



Сұрақтар
  1. Адам сұрыптау жолымен қолдан шығарған бір түр дараларының жиынтығы:

  2. Жануарлардың қолдан шығарылған түрінің атауы:
  3. Күріштің, қант қамысының, көптеген жеміс және көкөністік дақылдың отаны:

  4. Сояның, тарының бірнеше түрінің, көптеген жемістік және көкөністік дақылдың отаны:

  5. Бидай, қарабидайдың бірнеше түрлерінің, көптеген дәнді дақылдар, бұршақ, жүзімнің отаны:
  6. Дәндік құмай, бананның бір түрінің, майлы ноқат өсімдігі, бидай мен арпаның бірқатар ерекше түрлерінің отаны:
  7. Жүгері, ұзын талшықты мақта, какао, бірқатар асқабақ, үрмебұршақ – 900-ге жуық мәдени өсімдіктің отаны:

  8. Көптеген түйнекті өсімдіктердің, соның ішінде картоптың, дәрілік өсімдіктің (кокаинды бұта, хинин ағашы) отаны:

  9. Өсімдіктерің жаңа іріктемелерін, жануарлардың жаңа қолтұқымдарын шығарумен шұғылданатын ғылым саласы?

  10. Мәдени өсімдіктердің шығу орталығын зерттеген ғалым?

  11. Эфиопиялық аймақ қамтиды

  12. Отаны – Абиссиния

Қате туралы хабарландыру