Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Ерінгүлділер де қосжарнақты өсімдіктер тұқымдасы

Конспект

Ерінгүлділер тұқымдастарына жататын өсімдіктердің ортақ белгілері. Бұлар – жапырақтары қарама-қарсы орналасатын шөптекті өсімдіктер. Бұлардың шала бұталы, анда-санда бұталы және ағаштекті түрлері кездеседі. Сабағы 4 қырлы. Жапырақтары қарама-қарсы орналасады. Күлтесі бітісіп кеткендіктен, қосерін тәрізді болып көрінеді. Сондықтан бұл өсімдіктерді ерінгүлділер тұқымдасы деп те атайды. Аталығының саны 2,4. Аналығы әдетте 2 жеміс жапырақты болып келеді. Жоғары жатынды. Жемісі – сүйекті жеміс немесе бір-бір тұқымнан төртке бөлінетін жаңғақша. Гүл формуласы: Т(5)С(2+3)А 4Ж(2).

 

Ерінгүлділер тұқымдасына жататын өсімдіктердің 3 500-ге жуық түрлері белгілі. Олардан эфир майы алынады, дәрі ретінде пайдаланылатын түрлері де бар. Гүлшетен, лаванда, молдавандық жыланбас, мысық көкбасшөп және басқа өсімдіктер парфюмерия өнеркәсібіне шикізат есебінде пайдаланылады. Өте хош иісті.

 

Кермек жалбыз. Қазақстанда жалбыздың 9 түрі бар. Олар суармалы жерлерде, бұлақ, өзен, көл маңында, арықты бойлай өседі. Шалғындықта, тоғайда, таулы аймақта да өсетін жалбыз түрлерін кездестіруге болады. Солардың бірі – кермек жалбыз. Оны кейде бұрыш жалбыз деп те атайды. Кермек жалбыз – биіктігі 30–120 см шамасындағы көпжылдық шөптектес өсімдік. Оның тармақталған тамырсабағы көлбей өседі. Жапырақтары жұмыртқа тәрізді, бір ұшы сүйірлеу болады. Өзіне ғана тән хош иісі бар. Гүлдері ұсақ, түсі – бозғылт күлгін немесе қызғылтым, шоғырланып орналасады. Өркендердің ұшында масақ тәрізді гүлшоғыр түзіледі. Гүл шірнесінде бал жинақтайды.

 

Кермек жалбыз – маңызды дәрілік өсімдік. Оның жапырақтарында 3%-ға дейін, гүлшоғырларында 6%-ға дейін эфир майы болады. Жалбыз майы ауырсынуды басатын дәрі ретінде пайдаланылады. Бас сақинасы, асқазан, тыныс жолдарының ауруларын емдеуге таптырмайтын дәрі. Дәрілерге, парфюмерия бұйымдарына хош иіс беру үшін өте пайдалы. Соңғы кезде Ресей кермек жалбызды қолда өсіре бастады. Кермек жалбыздың бір гектарынан 18–25 ц түсім алуға болатыны анықталды.

 

Кермек жалбыз – ылғал, жарық, топырақ құнарлылығын талап ететін өсімдік. Оны тамырсабақ кесінділерінен көбейтеді. Өсімдіктің қаулап өсуі үшін орташа тәулікте 18–22°С температура қажет. Температура бұдан жоғарылап кетсе, жалбыздың өсуіне кедергі жасайды. Тамырсабақты ерте көктемде егеді. Ол үшін жыртылған жердің тереңдігі 8–10 см болуы шарт. Жалбыздың түсімін гүлдеу кезінде жинайды. Өсімдік сабақтарын жасыл күйінде орып алып, май алады. Дәріханаға қажетті жапырақтар бөлігін кептіріп, кепкен жапырақтарды бастырады.

 

Ерінгүлділер тұқымдастарының ең көп таралған түрі – сәлбен (шалфей). Олардың 700-ге жуық түрі белгілі. Сәлбен қоңыржай, субтропиктік және тропиктік аймақтарда көп таралған. Олардың дәрілік, эфир майы алынатын және сәндік түрлері бар. Сәлбенді халық «тіршілік шөбі» деп те атайды. Халықтық медицинада оның жапырағы ойық жараны емдеуге қолданылады. Гүлдерінен өрілген шеңбер адамның жасын ұзартып, жасартады, тұқымынан алынған тұнба бала көтеруге себепші болады деген ұғымдар болған. Сәлбен қазіргі медицинада да дәрілік өсімдік болып саналады. Жұпарлық сәлбен – эфир майы өндірілетін өсімдік. Жылтыр сәлбен, қызыл сәлбен, айқарылма сәлбен сәндік мақсатта қолданылады. Сәлбен – балды өсімдік. Гүл формуласы: Т(5)К(2+3)А 2Ж(2).



Сұрақтар
  1. Күлтесі бітісіп кеткен, қосерін тәрізді болып көрінетін өсімдіктер:
  2. Бұлақ, өзен, көл маңында, арықты бойлай өсетін өсімдік:
  3. Дәрілік өсімдік:

  4. Халықтық медицинада жапырағы ойық жараны емдеуге, қолданатын дәрілік өсімдік:
  5. Ерінгүлділердің жапырақтары қалай орналасады?

  6. Ерінгүлділердің жемісі:

  7. Асқазан, тыныс жолдарының ауруларын емдеуге қолданылады:

  8. Жалбыз майы қолданылады?

  9. «Тіршілік шөбі»:

  10. Ерінгүлділер тұқымдасында жататын өсімдіктер саны қанша?

Қате туралы хабарландыру