Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Антропогенездің қозғаушы күші. Адам нәсілдері

Конспект

Антропогенез (грек. anthropos – адам, genesіs – шығу тегі) – антропология ғылымының адамның шығу тегін, даму тарихын, оның жеке биологилық түр болып қалыптасуын және адамзат қоғамының даму кезеңдерін әрі жаратылыстану, әрі қоғамдық ғылымдарға сүйене отырып зерттейтін негізгі саласы. Бұларды шешуде антропогенез приматология, эмбриология, физиология, психология, геология, археология, этнография, тіл білімі сияқты ғылымдардың нақты деректеріне сүйенеді. Ч. Дарвиннің эволюциялық білім жүйесі бойынша адам тегі адам тәріздес маймылдан пайда болған, яғни адам баласы биологиялық жағынан бір түрге жатады деп дәлелденді.

 

Адам – органикалық дүние эволюциясында ең соңында пайда болған биологиялық түр. Органикалық дүниеде болатын тұқым қуалайтын өзгергіштік, тіршілік үшін күрес және табиғи сұрыпталу адам эволюциясында да маңызды орын алады. Адам эволюциясындағы мұндай табиғи заңдылықтарды Ч.Дарвин нақтылы мысалдармен дәлелдеп берді. Осындай табиғи әсерлердің нәтижесінде ертеде тіршілік еткен адамтектес маймылдардың денесінде елеулі анатомиялық және физиологиялық өзгерістер пайда болды. Адамтектес маймылдар бірте-бірте тік жүруге көшіп, қол мен аяқтың қызметі бір-бірінен бөліне бастады. Қолдары еңбек құралдарын жасауға дағдылана түсті. Табиғи сұрыпталу адамдардың жеке топтарының еңбек құралдарын жасауды жетілдіре түсуіне, ұжымдасып аң аулауына, қарттарға қамқорлық жасалуына қолайлы жағдай туғызды.

Фридрих Энгельс

Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде жекелей сұрыпталумен бірге, топтық сұрыпталу жүріп отырды. Бірақ антропогенезді тек қана биологиялық заңдылықтармен түсіндіруге болмайды. Бұл арада әлеуметтік өмірдің де елеулі орын алатынын Фридрих Энгельс (1820–1895) өз еңбектерінде дәлелдеп берді. Ол, әсіресе еңбектің, қоғамдасып тіршілік етудің, ақыл-ойдың және сөздің маңызын атап көрсетті.

 

Еңбек – адам эволюциясының маңызды факторларының бірі Кез келген еңбек құралдарын дайындау үшін адам еңбек етуі қажет. Еңбек құралдарын жасау қол арқылы жүзеге асады. Фридрих Энгельс адамның қалыптасуындағы еңбектің рөлін жоғары бағалады. Ол:"Еңбек – адамзат өмірінің бірінші негізгі шарты, адамды адам еткен еңбек деген дәрежеде айтуға тиістіміз",– деп жазды. Олай болса, еңбек антропогенездің басты әлеуметтік қозғаушы күші болды. Адам өз еңбегі арқылы еңбек құралдарын жасай алады. Кейбір адамтектес маймылдар қарапайым құралдарды пайдалана алғанымен, еңбек құралдарын жасай алмайды. Жануарлар табиғатқа өз тіршілік әрекеті арқылы ғана әсер етеді. Ал адам өзінің саналы еңбегі арқасында табиғатты өзгерте алады. Адамның табиғатқа әсері орасан зор және сан қилы болады. Еңбек етудің нәтижесінде біздің ежелгі маймылға ұқсас ата тегімізде морфологиялық және физиологиялық өзгерістер пайда болды. Оны антропоморфоз деп атайды. Адам өз еңбегі арқылы өзіне де өзгерістер енгізді. Еңбек – адам эволюциясына тән негізгі фактор. Маймылдар алғашында ағаш басында өрмелеп жүріп тіршілік еткен. Кейіннен ағаштан жерге түсіп күн көрген. Олардың тіршілігіндегі бұл өзгеріс бірте-бірте екі аяғының көмегімен тік жүріп, өмір сүруіне жағдай жасады. Адамның екі аяғымен тік жүруі – "маймылдан адамға өтуде шешуші қадам болды" (Энгельс). Тік жүрудің нәтижесінде адамның омыртқа жотасында "S" әрпі тәрізді иіліс-бұрылыс пайда болып, ол Денеге солқылдақтық қасиет берді. Ал аяқтың басы (табан сүйектері) күмбездене түсті, жамбас сүйектері жалпайып, сегізкөзбен байланысы артты, жақсүйектері бұрынғыдан жеңілдене түсті. Мұндай өзгерістер тұқым қуалаушылықтың нәтижесінде, миллиондаған жылдар бойы жүріп отырды. Сондықтан да адам бірден тік жүріп кеткен жоқ. Тік жүруге көшудің де өз қиындықтары болды. Тік жүру жүріс жылдамдығын баяулатты, сегізкөздің жамбаспен тұтаса байланысуы ұрпақ тууды қиындатты. Адам денесінің ауыр салмағы жалпақ табандылыққа жағдай жасады. Оның есесіне қолдың жерден босауы еңбек құралдарын жасауға едәуір жеңілдік туғызды. Қорыта айтқанда, тік жүруге көшу адам эволюциясындағы ең негізгі басқыш болды. Адамның алғашқы қалыптасу кезеңінде қол нашар дамығандықтан, ол қарапайым ғана құралдар жасай білді. Бірте-бірте осындай белгілер тұқым қуалау арқылы ұрпақтарға беріліп отырды. Ф. Энгельс: "Қол – еңбек ету құралы ғана емес, сонымен бірге – қол еңбектің өз жемісі", – деп түсіндірді. Маймылға ұқсас ата тектеріміз алғашында өздері өмір сүрген жерлердегі тастан, жануар сүйектерінен өте қарапайым құралдар жасап пайдаланды. Мұның өзі олардың ой-өрісіне, мінез-қылығына әсер етті әрі еңбек құралдарын жетілдіре түсуіне де септігін тигізді. Адамның еңбек етуге дағдылана түсуі антропогенездегі әлеуметтік әсерлердің ықпалының артуына септігін тигізеді. Биологиялық заңдылықтардың адам өміріне әсері бірте-бірте бәсеңдей түсті.

Қоғамдасып тіршілік ету адам эволюциясының қозғаушы күші Кез келген жануарлардың тіршілік әрекеті рефлекстер мен түйсіктер (инстинктер) арқылы ғана жүзеге асады. Жануарлардың топтасып тіршілік етуге көшуі тек табиғи сұрыпталу арқылы ғана жүріп отырды. Адамның ең ежелгі маймылға ұқсас ата тектері де топтасып өмір сүрді. Олардың еңбек етуі де қоғамдық сипатта болды. Сондықтан Ф.Энгельс адамның арғы ата тегін топтасып тіршілік еткен маймылдардан іздестіру керек екенін атап көрсетті. Топтаса жүріп еңбек еткендіктен, олардың арасында өзара қауымдық қарым-қатынас қалыптаса түсті. Еңбек қоғам мүшелерінің қауымдасуына септігін тигізді. Олар ұжым болып аң аулауды, жыртқыш аңдардан қорғануды үйренді, қоғамдасып бала тәрбиесіне көңіл бөлді. Ересектер өз өмір тәжірибелерін ұрпақтарына үйретті. Адам бірте-бірте отты пайдалануды және оны сақтауды үйренді. Адамның арғы ата тектері бірте-бірте өсімдіктекті тағамдарды пайдаланудан жануартекті тағамдарды көбірек пайдалануға көшті. Етті тағамдар адам организмін қажетті өте сапалы амин қышқылдарымен қамтамасыз етті. Ол үшін олар аң мен балық аулау құралдарын жасауды жетілдіре түсті. Жануартекті тағамға көшу адам организміне де өзгерістер енгізді. Мысалы, адам ішегінің қысқаруы, шайнау бұлшық еттерінің жетіле түсуі, т.б. Отты пайдалану адамның арғы ата тектеріне көп жеңілдіктер мен мүмкіндіктер туғызды. Қоғамдасып тіршілік ету жағдайы адамның арғы ататектерінің табиғатты танып білуіне, өмір тәжірибелерінің жинақтала түсуіне мүмкіндік жасады. Олардан бір-бірімен ымдау, ишарат және дыбыс шығарып хабарласуды талап етті. Ең ежелгі адам пайдаланған сөздер еңбекпен тікелей байланысты болды. Бірте-бірте көмекейдің, ауыз қуысындағы мүшелердің құрылысы сөйлеуге байланысты өзгерді. Тұқым қуалау және табиғи сұрыпталу арқылы айқын сөйлеу мүшелері қалыптасты. Адам да жануарлар сияқты сезім мүшелері арқылы сыртқы орта тітіркендірулерін қабылдайды. Бұл – бірінші хабаршы жүйе арқылы жүзеге асады. Екінші хабаршы жүйе адамның жоғары дәрежелі жүйке қызметіне тікелей байланысты. Адамның арғы тектерінің өзара сөзбен қарым-қатынас жасауы адам миының дамуына, ойлау қабілетінің арта түсуіне ықпал жасады. Сөз бірте-бірте тәрбие құралына айналды. Сөз арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас арта түсіп, қоғамдық байланыс дамыды. Адамның арғы ата тектерінің эволюциясында биологиялық және әлеуметтік факторлар бірлесе ықпал жасады. Қоғамдық қарым-қатынастардың қалыптасуына сәйкес адамдар арасында табиғи сұрыпталу өз мәнін бірте-бірте жойды. Оның есесіне әлеуметтік фактор (еңбек ету, сөз) адам эволюциясында негізгі орын алды. Ойлау, сөйлеу, ұжымдасып еңбек ету қабілеттері ешқашан тұқым қуаламайды. Тек адамның морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктері ғана тұқым қуалайды. Кейде адам қоғамынан тыс тәрбиеленген жас балаларда (кейбір аңдар асырап алған) ойлау, сөйлеу қабілеттері мүлде дамымайтыны анықталды. Қоғамдық құрылыста әрбір аға ұрпақ өз білімін, өмірлік тәжірибелерін кейінгі ұрпаққа тәрбие, білім беру арқылы жалғастырады. Қоғамның дамуына байланысты адамдардың еңбек ету қабілеті арта түсті. Түрлі шаруашылық салалары дамыды, өнеркәсіп өркендеді, ғылым,өнер, сауда, дін, т.б. өрісін кең жайды. Тайпалардан бірте-бірте ұлттар пайда болды. Жаңа мемлекеттер құрылды. Қорыта айтқанда, биологиялық (тұқым қуалайтын өзгергіштік, тіршілік үшін күрес және табиғи сұрыпталу) және әлеуметтік факторлардың (еңбек әрекеті, етті тағамды пайдалану, қоғамдық қарым-қатынас, сөз және ойлау) бірлескен жиынтығы.

 

Қазіргі кезде жер ғаламшарында адамның бір ғана түрі – саналы адам тіршілік етеді. Адамның әртүрлі құрлықтарда тіршілік етуіне қарамастан олардың бәрінің де анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері бірдей тек сыртқы терісінің түсінде ғана айырмашылықтар бар.

 

Қазіргі кезде бүкіл адамзатты төрт ірі нәсілге бөледі. Олар Австралоидтық, Негроидтық, Еуропоидтық және Монголоидтық нәсілдер деп аталады. Олардың өзі 30-дан астам ұсақ нәсілдерге бөлінеді. Кейбір құрлықтарда ірі нәсілдер бірлесе өмір сүргендіктен, олардың арасында некелесу жағдайынан аралас нәсілдер пайда болған.

 

Нәсілдердің пайда болуы туралы түрлі көзқарастар бар. Мысалы, неміс ғалымы К.Фогт казіргі адамдардың әртүрлі нәсілдері әр түрлі адам тәрізді маймылдардан пайда болған деген пікірді қолдайды. Соңғы кездегі генетикалық, биохимиялық зерттеу нәтижелері барлық нәсілдердің арғы тегі саналы адамнан басталғанын дәлелдеп берді.

Нәсілдер арасындағы негізгі айырмашылық адамдардың сыртқы түрінің өзгешілігіне: терісінің, шашының, көзінің түсінің, мұрынның, еріннің пішініне негізделген. Мұндай айырмашылықтар әрбір нәсілдің бір-бірінен айырмашылығы бар табиғи жағдайларда ұзақ уақыт өмір сүруінен пайда болған.

 

Бірқатар қоғамдық – экономикалық факторлар әсерінен, әртүрлі нәсілді халықтардың мәдени даму деңгейі түрліше болады. Әртүрлі нәсілдер арасында болатын некелесудің араласып кетуі нәтижесінде адам нәсілдерінің оқшаулануы және олардың арасындағы морфологиялық айырмашылықтары кеми береді.

 

Нәсілдердің шығу тегі мен араларындағы туыстық жақындықтарын, тарихи қалыптасуын және оларға сыртқы орта жағдайларының ықпалын нәсілтану ғылымы зерттейді. Бұл ғылымның зерттеу нәтижелері адамның пайда болуын ғылыми тұрғыда түсіндіруге септігін тигізеді.

 

Қазіргі кезде алдыңғы қатарлы ойшыл ғалымдар нәсілдердің шыққан тегі бір деп түсіндіреді.



Сұрақтар
  1.   Антропология ғылымының адамның шығу тегін, даму тарихын, оның жеке биологилық түр болып қалыптасуын зерттейтін негізгі саласы.
  2. Органикалық  дүние эволюциясында ең соңында пайда болған биологиялық түр.
  3. "Еңбек – адамзат өмірінің бірінші негізгі шарты, адамды адам еткен еңбек деген дәрежеде айтуға тиістіміз", – деп жазған ғалым:
  4. Нәсілдердің пайда болуы туралы тұжырым ... деп аталады:
  5. Негроидтік нәсілге тән белгілер:
  6. Қазіргі кезде бүкіл адамзатты бөледі:
  7. Қайсысының тіршілік әрекеті рефлекстер мен түйсіктер арқылы ғана жүзеге асады?

  8. Нәсілдер әрбір аймақта өз алдына жекелей пайда болған деп түсіндіретін  тұжырым қандай?

  9. Табиғат заңдылықтарын қоғамға пайдалануға ұмтылған теріс пиғылдағы теория қалай аталады?

  10. Еңбек ету нәтижесінде біздің ежелгі маймылға ұқсас ататектерімізде морфологиялық және физиологиялық өзгерістер пайда болуы:

Қате туралы хабарландыру