Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Қырықжапырақтектес өсімдіктер

Конспект

Жалпы сипаттамасы, құрылысының ерекшеліктері, көбеюі. Қырықжапырақтектестер (папоротниковые), жоғарғы сатыдағы споралы өсімдіктердің ішіндегі ең ерте пайда болған тобы. Ертедегі жойылып кеткен үлкен ағаш тәрізді түрлері ылғалды тропиктік орман болып өскен.

 

Қазіргі кезде қырықжапырақтектестердің 10 000-нан астам түрлері белгілі. Қырықжапырақтылар тропикте ағаш, лиана (басқа өсімдікке оралып өсу) түрінде өседі. Суда өсетіндері де бар. Австрия мен Жаңа Зеландияда ағаш болып өсетін түрлерінің биіктігі 20 метрге дейін жетеді. Қазақстанда ағаш тәрізді қырықжапырақтектестерді тек ботаникалық бақтардан ғана көруге болады.

 

Қырықжапырақтар – тең споралы және әр түрлі споралы өсімдіктер. Қазақстанда көпжылдық шөптекті түрлері ғана кездеседі. Олардың кең тараған өкілдерінің бірі – усасыр қырықжапырағы. Ол ылғалды, көлеңкелі жерлерде, орман шетінде және сайлар мен жыраларда өседі. Усасыр қырықжапырағы – тамырсабақты өсімдік. Тамырсабақтарынан төмен қарай – қосалқы тамырлары, ал жоғары қарай жапырақтары өседі. Бізде шөптекті болып өсетін қырықжапырақтың жерүсті сабағы дамымаған. Оның есесіне жерасты тамырсабағы жақсы дамыған. Сондықтан тамырсабағын қысқарған сабақ дейді. Усасыр қырықжапырақтың жапырақтары өте баяу өседі. Фотосинтез процесі болатын жапырақтарында сағағы мен тақтасы бар. Жапырақ тақтасы қауырсын тәрізді бірнеше қайтара тілімделгендіктен, өсімдік қырықжапырақ деп аталады.

 

Қырықжапырақтар өсімді, жыныссыз және жынысты жолдармен көбейеді. Өсімді көбеюі тамырсабақтары және өнім бүршіктері арқылы жүзеге асады. Өнім бүршіктері қырықжапырақтардың барлығында бірдей бола бермейді. Ол талақдәрі (аспленум) қырықжапырағының кейбір түрлеріне ғана тән. Мұндай бүршіктер жапырақтың негізгі жүйкесін бойлай орналасады. Олардан жапырақтың нышаны бар кішкентай қырықжапырақтар пайда болады. Олар үзіліп түсіп, тамырланып, топыраққа бекиді де нағыз қырықжапыраққа айналады.

 

Қырықжапырақтың сыртқы көрінісі Спорангийлер тобы - сорус

 

Жыныссыз көбею жаз кезінде усасыр қырықжапырақ жапырағының астыңғы бетінде, орталық жүйкені бойлай қоңыр төмпешіктер түзіледі.

 

Оларды сорустар деп атайды. «Сорус» дегеніміз спорангийлердің жиынтығы. «Спорангий» – споралар дамып жетілетін орын – қалта. Спорангийлері жапырақтың астыңғы бетінде ұзын аяқшалары арқылы негізгі жүйкеге бекініп тұрады. Сорустың үстін жауып тұратын бүйрек тәрізді жарғақша жамылғысы болады. Пісіп жетілген споралар спорангийдің қабықшаларының жыртылуының нәтижесінде жерге шашылады. Қолайлы жерге түскен споралар өніп, өскіншелер береді. Усасыр қырықжапырақ – тең споралы өсімдік.

 

Жыныстық көбеюі осы өскіншеде жүзеге асады. Өскінше жүрек пішінді, жасыл түсті, диаметрі 4 миллиметрдей. Ол ризоидтары арқылы топыраққа бекиді. Өскіншенің астыңғы бетінде аталық және аналық жыныс мүшелері жетіледі. Аталық жыныс мүшесінен – аталық жынысжасушалары, ал аналық жыныс мүшесінен аналық жынысжасушасы (жұмыртқажасушасы) пайда болады. Екі әр түрлі жыныстық жасушалардың қосылуының нәтижесінде өсімдік ұрықтанады. Ұрықта болашақ өсімдік тамырының, сабағының, жапырағының бастамасы болады. Ұрық алғашқы кезде өскіншенің есебінен қоректенеді. Кейін ұрықтан тамыр және жапырақ жетіледі.

 

Қырықжапырақтектестерді сәндік өсімдіктер ретінде өсімдікжайда (оранжереяларда) өсіреді және жұмыс орындарын көгалдандыруға жиі пайдаланады. Кейбір түрлері дәрілік өсімдіктер болып табылады. Мысалы, усасыр қырықжапырағы дәрілік өсімдік ретінде көп уақыттан бері белгілі. Оны ішекқұрт ауруларына қарсы қолданады. Жапырағынан жараларды жазатын тұнбалар, суық тигенде және ауырғанды басатын препараттар алынады. Ағаш тәрізді жойылып кеткен қырықжапырақтар таскөмірдің түзілуінде орасан зор рөл атқарған.

 

Бұдан 300 млн жыл бұрын қырықжапырақтектестерден түзілген орманға су көп жайылған. Сөйтіп жер жиі батпақты жерге айналған. Жердің батпақтануына климаттың өзгеріп, қалың нөсердің болуы да әсер еткен. Спора арқылы ғана көбейетін, биіктігі 40 метрге жететін қырықжапырақтектес ағаштар құлап, лайға батқан, құм басқан. Су қысымы үйінділер астында қалған қырықжапырақты ағаштарды нығыздап, оттегінің қатысуына мүмкіндік қалдырмаған. Миллиондаған жылдар бойы оттегі қатысынсыз нығыздалған ағаштардан тас көмір пайда болған.

 

Тас көмір – өте қызулы отын. Тас көмірден алынатын химиялық шикізаттар қаншама? Жанғыш газ, пластмасса, асфальт, сабын, шайыр, өзге де халық шаруашылығына қажетті өнімдер тас көмірден алынады. Қырықжапырақтектестерге қырықжапырақ, плаун, қырықбуындар жататыны өздеріңе мәлім. Демек қырықжапырақтектестердің табиғат және адам тіршілігі үшін маңызы ерекше екенін естен шығаруға болмайды.

 

Қазіргі кездерде қырықжапырақтың кейбір түрлерінің саны жылдан-жылға азайып келеді. Соған байланысты оларды қорғаудың қажеттігі туындауда. Мысалы, Қазақстанның өзінде олардың сирек кездесетін, тіптен жойылуға жақын түрлері бар. Бұларға мыңжылқы қырықжапырағы мен шолпаншаш сүмбілі жатады. Олардың екеуі де Қазақстанның Қызыл кітабына енген.



Сұрақтар
  1. Қырықжапырақтылар тропикте өседі:
  2. Тең споралы және әр түрлі споралы:

  3. Қырықжапырақтардың Қазақстанда кездесетін көпжылдық шөптекті өкілдері:

  4. Қырықжапырақтардың тамырсабағы:

  5. Жапырақ тақтасы қауырсын тәрізді бірнеше қайтара тілімделген өсімдік:

  6. Спорангийлер жиынтығы:

  7. Қазақстанның Қызыл кітабына енген қырықжапырақ:
  8. Жоғарғы сатыдағы споралы өсімдіктердің ішіндегі ең ерте пайда болған тобы:
  9. Жапырақ тақтасы қауырсын тәрізді бірнеше қайтара тілімделгендіктен, өсімдік:

  10. Қырықжапырақтардың қауырсын тәрізді ірі жапырақтар:

  11. Қырықжапырақ жапырағының астыңғы бетінде, орталық жүйкені бойлай орналасқан қоңыр төмпешік:

  12. Таскөмірдің түзілуінде орасан зор рөл атқарған өсімдік:
Қате туралы хабарландыру