Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

II тарау. Саңырауқұлақтардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы

Конспект

Саңырауқұлақтар тайгада, тундрада, далалы жерлерде, тау ормандарында, шалғындықта, батпақта, қоймаларда, құрылыстарда кездеседі. Сөйтіп табиғатта зат айналымына қатысады. Бактериялар мен топырақта болатын басқа да майда саңырауқұлақтар бірлесіп, өсімдіктер мен жануарлардың, саңырауқұлақ қалдықтарын (өсімдіктің қураған тамырлары, сабақтары, жапырақтары, сылынып түскен қабықтары, қураған бұтақтары, жануарлардың өлекселері, жүндері, сынып түскен мүйіздері, тұяқтары, сүйектері, майда бунақденелілердің өлекселері) ыдыратып, шірітеді. Сөйтіп топырақты ағзалық заттармен байытып, құнарлылығын арттырады.

 

Қалың ағашты ормандардың жапырақтары жыл сайын жаппай түсетіні белгілі. Ағаштардың түбінде өсетін қалпақшалы саңырауқұлақтар жапырақтарды ыдыратып, оларға бактериялар қоңыстанады да, қара топыраққа айналдырады, сондықтан орман арасындағы топырақтың құрамы өсімдіктерге қажетті минералды тұздарға өте бай болады.

 

Сазды-батпақты жерлерде шымтезек мүгі қалың болып өседі. Ағзалық заттармен қоректенетін қалпақшалы саңырауқұлақтар тобының да қатысуымен батпақ кепкен кезде шымтезек қабаты құнарлы топыраққа айналады. Саңырауқұлақтардың құрамы ферменттерге бай. Ферменттерді әр түрлі салаға пайдаланады, олар: жеміс шырынының түсін өзгертеді; шикізаттарды (мал азығын, қағаз қалдықтарын) өңдейді; нәруыздарды, крахмалды сұйылтады. Зең саңырауқұлағынан пенициллин антибиотигі алынады. Аспергилден – лимон қышқылы өндіріліп, медицинада, өнеркәсіпте кеңінен қолданылады.

 

Жеуге жарамды қалпақшалы саңырауқұлақтар мен ашытқы саңырауқұлақтары тағамға пайдаланылады.

 

Саңырауқұлақтың 250-ге жуық түрлері қағаздарды, суреттерді, темір жолға төселген, шахтадағы тірекке қойылған ағаштарды бүлдіреді. Сонымен бірге ағаш үйлерді, металды зақымдап, құрамындағы заттармен қоректеніп, оларды бұзады.

 

Аспергилл саңырауқұлағы құстардың өкпесінде аспергиллез ауруын туғызады. Адамдардың құлағын, кеңсірігін, көзін, терісін, шашының түбін, тырнағын зақымдайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер бетінде әрбір 5 адам саңырауқұлақ ауруымен ауырады. Әрбір екінші адамның тырнағы зақымдалған. Бұрын тырнақты алып тастап емдейтін. Қазір орунгал деген дәріні ішу арқылы емдейді.

 

Египет фараондары туралы естіген боларсыңдар. Тутанхомон фараонының қорымын ашуға қатысқан 21 адам аспергилл саңырауқұлағының споралары өкпені зақымдағандықтан, өмірден озды. Оны кейін басқа египет қорымдарындағы адам мүрделеріне қаптап өскен аспергилдер арқылы анықтаған.

 

Саңырауқұлақтар мен бактериялар топырақ құрамындағы кейбір зиянды бактериялардың көбейіп кетпеуіне ықпал етеді. Өздерінен арнайы зат бөліп, зиянды бактериялардың өсуін тежейді. Оларды антибиотиктер деп атайды. Ондай антибиотиктерге бактериялардан бөлінетін стрептомицин, тетрациклин және саңырауқұлақтардан алынатын пенициллин жатады. Бұл антибиотиктерді өндірісте қолдан алу жолға қойылған. Адам баласы бұл дәрілерді күнделікті пайдаланады. Соңғы кезде медицинада жүректі, бүйректі операция жасап ауыстырғанда пайдаланылатын дәрі топырақтағы саңырауқұлақтан бөлініп алынады. Өсімдіктерді тез өсіретін белсенді зат – гибереллин, зиянды бунақденелілерге қарсы қолданыла тын боверин де саңырауқұлақтардан алынады. Саңырауқұлақтардың пайдалы жақтары толық анықтауды қажет етеді.



Сұрақтар
  1. Зең саңырауқұлағынан алынады:
  2. Саңырауқұлақтардың құрамы:
  3. Аспергилл саңырауқұлағы құстардың өкпесінде:
  4. Өздерінен арнайы зат бөліп, зиянды бактериялардың өсуін тежейтіндерді:
  5. Өсімдіктерді тез өсіретін белсенді зат:

  6. Саңырауқұлақтардан алынатын, зиянды бунақденелілерге қарсы қолданылатын зат:
  7. Жапырақтарды ыдыратып, қара топыраққа айналдырушы?

  8. Аспергилден медицинаға қажетті не өндіріліп, алынады?

  9. Аспергил саңырауқұлағы арқылы зақымдалған тырнақты емдеуге қолданатын препарат?

  10. Саңырауқұлақтар құрамындағы ферменттер қандай салаларда қолданылады?

Қате туралы хабарландыру