Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

І тарау. Тіршіліктің анықтамасы. Тірі организмдердің негізгі қасиеттері

Конспект

Адам баласын ежелден толғандырып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі - тіршіліктің пайда болуы, оның түрлі геологиялық замандардағы тарихи даму заңдылықтары. "Тіршілік" ұғымы жер бетіндегі барлық тірі организмдердің жиынтығын және олар тіршілік ететін табиғи орта жағдайларын тұтасымен қамтиды. Тіршіліктің мәні тірі организмдердің өзінен кейін үнемі ұрпақ қалдырып отыруымен айқындалады. Бұл кезде ұрпақтан-ұрпаққа генетикалық ақпараттар беріліп, организмдер әрі өзін-өзі реттеп, әрі ұрпақтары арқылы қалпына келіп отырады. Сондықтан да тіршілік дегеніміз — тірі организмдердің ұрпақ қалдыру арқылы өмір сүруінің ерекше сапалық көрінісі. "Тіршілік" ұғымына алғаш анықтаманы Ф.Энгельс берген. Оның анықтамасы бойынша, тіршілік дегеніміз - тірі организмдердің қоршаған ортамен тұрақты түрде зат алмасуына негізделген, нәруызды денелердің тіршілік ету тәсілі. Тірі организмдер мен қоршаған орта арасында зат алмасу процесі тоқтаған кезде, нәруыздар ыдырап, тіршілік жойылады. Қазіргі кезде биология ғылымдарының соңғы ғылыми жетістіктеріне сүйене отырып, тіршілікке мынадай анықтама беріледі. Тіршілік дегеніміз — құрылымы нәруыздар (белоктар) мен нуклеин қышқылдарының күрделі биологиялық полимерлерінен тұратын, өзін-өзі реттейтін, өзінен кейін өзі тектес ұрпақ қалдырып отыратын тірі организмдер жиынтығының ашық жүйесі.Тіршілік ұғымы өмір ұғымының ауқымында, оған қарағанда мағынасы тар ұғым. Себебі өмір ұғымы – жанға байланысты, оның өмір сүру формасы ретінде қолданылса, тіршілік дененің өмір сүру формасын анықтау үшін қолданылады. Фридрих Энгельс былай деп ұсынған: «Тіршілік дегеніміз - нәруыздық денелердің өмір сүру жолы...».

 

Тірі организмдердің химиялық құрамының біркелкі болуы. Тірі организмдердің құрамында табиғатта кездесетін 70-тен астам химиялық элементтер болады. Тірі организмдер мен өлі табиғаттың құрамындағы химиялық элементтердің мөлшері әр түрлі. Мысалы, өлі табиғаттың құрамында оттектен басқа кремний, темір, магний, алюминий, т.б. элементтер көбірек кездеседі. Тірі организмдердің химиялық құрамының 98%-ын, негізінен, 4 химиялық элемент құрайды. Ондай элементтерге - көміртек, оттек, азот және сутек жатады. Тірі организмдерде бұл элементтер күрделі органикалық молекулалардың түзілуіне қатысады. Өлі табиғатта бұл элементтер басқаша мөлшерде және өзгеше сапада болады. Өлі табиғатта кездесетін органикалық қосылыстар, негізінен, тірі организмдердің тіршілік әрекеттерінен пайда болған. Тірі организмдер құрамындағы органикалық молекулалардың өздеріне тән ерекшеліктері бар және олар тірі организмдерде белгілі бір қызмет атқарады.

Сурет -1. Метаболизм

 

Метаболизм гректің "metabole" сөзінен алынған, "өзгеру", "алмасу" деген ұғымды білдіреді. Қоршаған орта мен тірі организмдер арасында үнемі заттар мен энергия алмасу процесі жүреді. Зат алмасу кезінде тірі организмдер өздеріне қажетті қоректік заттарды сіңіріп, тіршілік әрекетінен пайда болған ыдырау өнімдерін сыртқа шығарады. Өлі табиғатта да зат алмасу болады. Өлі табиғаттағы зат алмасу кезінде заттар бір орыннан екінші орынға тасымалданады немесе бір күйден екінші күйге ауысады. Мысалы, топырақтың шайылып тасымалдануы, судың буға не мұзға айналуы, т.б. Тірі организмдерде жүретін зат алмасудың сапалық жағынан өлі табиғатта болатын зат алмасудан үлкен айырмашылығы болады.

 

Тірі организмдер қоршаған ортадан түрлі заттарды қабылдап, өзінің тіршілігіне қажетті заттарға айналдырады және сол арқылы тіршілігін сақтайды. Бұл процесс анаболизм (пластикалық алмасу немесе ассимиляция) деп аталады. Ол грекше "anabole" - "өрлеу" деген ұғымды білдіреді.

 

Зат алмасудың екінші кезеңі - катаболизм (энергетикалық алмасу немесе диссимиляция) деп аталады. Ол грекше "Katabole"- ыдырау (бұзылу) деген ұғымды білдіреді. Катаболизм процесінде организмдер денесіндегі күрделі органикалық қосылыстар қарапайым заттарға ыдырайды да, сол организмнің тіршілігіне қажетті энергия бөлінеді. Заттар мен энергия алмасу арқылы тірі организмдердің ішкі ортасының құрамына кіретін заттар мөлшерінің өзара тұрақтылығы қамтамасыз етіледі.



Сұрақтар
  1. «Тіршілік дегеніміз - нәруыздық денелердің өмір сүру жолы...» деген ұғымды  ұсынған ғалым.
  2. Табиғатта тірі организмдердің құрамында кездесетін химиялық элементтер санын ата.
  3. Қоршаған орта мен тірі организмдер арасында үнемі заттар мен энергия алмасу процесі қалай аталатынын көрсет.
  4. Тірі организмдердің қоршаған ортадан түрлі заттарды қабылдап, өзінің тіршілігіне қажетті заттарға айналдыратын процесс.
  5. Зат алмасудың екінші кезеңі -
  6. «Тіршілік»  ұғымына  алғаш анықтама берген ғалымды ата.
  7. Организмдер құрылысының оқшаулануы оның қай қасиеті?

  8. Тітіркендіргіштерге жүйке жүйесі арқылы жауап қайтару:

  9. Организмнің ішкі ортасының тұрақтылығы не деп аталады?

  10. Тірі организмдердің химиялық құрамының негізін құрайтын элементтер:

Қате туралы хабарландыру