iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
I тарау. Ауру туғызатын бактериялар және олармен күресу шаралары
Адамдарды, жануарларды, өсімдіктерді ауруға шалдықтыратын бактериялар тобы ауру туғызатын бактериялар деп аталады. Бактериялардың оба, сіреспе, туберкулез, іш сүзек, баспа, топалаң және т.б. сияқты ауруларды туғызатыны ертеден-ақ белгілі болды. Ауру туғызатын бактериялар адам денесіне енген соң оның ағзалық затымен қоректеніп, тез көбейе бастайды. Сөйтіп өзінен бөлінген улы заттармен ағзаны улайды (мысалы, баспа мен сіреспе аурулары кезінде, ағзаның қанайналымына улы заттар шығарады).
Қан улы заттарды ауру адамның бүкіл денесіне таратады.
Ауру туғызатын бактериялар ауада, суда, тағамда болатындықтан, солар арқылы сау адамдарға жұғады. Көпшілік орындарда, бөлмеде неғұрлым ауа таза болса, соғұрлым адамдар аз ауырады. Оба мен көкжөтел бактериялары ауада тез жойылады. Туберкулез таяқшалары лас шаңда 3 айға дейін тіршілік етіп, шаңмен бірге ауаға таралады. Сондықтан үйді, сынып бөлмесін күнде желдетіп отыру қажет. Оба бактериясы топырақта 25 күнге дейін, ал іш сүзегінің бактериясы 3 айға дейін сақталады. Ауру туғызатын бактериялар мен (4-сурет) адамдардың жаппай ауруын індет (эпидемия) дейді.
1 2 3
4-сурет.
Ауру тудыратын бактериялар: 1 – ішек бактериясы; 2 – тамақ ауруын туғызатын бактерия; 3 – сальмонелла бактериясы; суретте көрсетілген шаршыға 10 миллион бактерия сыйып кетеді.
Сальмонеллез — жұқпалы ішек ауруы. Аурудың қоздырғышы — сальмонелла туысына жататын таяқшалы бактериялар. Бұл бактерияларды алғаш рет 1885 ж. Америка ғалымдары Дж.Смит пен Д.Е. Сальмон обамен ауырған шошқалардан тапқан. Қазіргі кезде 2500-ден астам сальмонелла бактериясы бар. Сальмонеллалар сыртқы ортада қолайлы жағдай туса, көбейе береді. Олар суда 5, ет-шұжық, сары майда 4 айға, сүтте 20 күнге, ірімшікте 1 жылға дейін тіршілігін жоймайды. Малға беретін жемдерде 10 ай, топырақта 18 айға дейін сақталады. Сальмонеллар — негізінен көптеген жабайы және үй жануарларының ішек жолының қалыпты микрофлорасы. Адамдарға Сальмонеллез әр түрлі үй жануарлары мен құстардан жұғады. Ауру, әсіресе, нәрестелер мен қарт адамдарда ауыр өтеді. Ауруды лаб-да арнайы бактериол. (қан, нәжіс, құсық қалдығы, т.б. алынады) және серол. әдіспен (Видаль реакциясы, т.б.) анықтайды. Емі: асқазанды жедел жуып-шаяды, дененің улануын әлсірететін, жоғалтқан тұз-су балансын қалпына келтіретін әр түрлі сұйықтықтарды тамырға құю, витаминдер, бактериофагтар, антибиотиктер (левомицетин, циклофлоксацин, т.б.) қабылдау. Сальмонеллез бен күресу және оның алдын алу үшін сан.-гигиен., ветеринар. және індетке қарсы шаралар кешені жүргізіледі. [1][2]
Тек медицинаның қарқынды дамуының нәтижесінде ғана микробиология өнеркәсібінде микробтармен күресу шаралары табылды. Ауру туғызатын бактерияларды жоятын қасиеті бар іш сүзегіне, дизентерияға қарсы қолданылатын дәрілер алынды. Ауырған кезде адам түрлі дәріні пайдаланады. Дәрі адам денесіндегі бактерияларды өлтіреді, сөйтіп адамның ағзасын жұқпалы микробтардан тазартады. Қазіргі кезде жұқпалы ауруларға арналған дәрілердің жаңа түрлері өндірілуде.
Жұқпалы аурулардың алдын алудың негізгі жолы – тазалық ережелерін сақтау. Мысалы, қайнамаған, лай су ішпеу. Тамақ ішер алдында қолды жуу. Киімді таза ұстау, ағзаны шынықтыру. Дененің жарақаттанған жеріне дереу йод жағу, тағамдарды көгеруден сақтау және т.б. (Ауасы тазартылған бөлмеде бактериялар саны 13 есе азаяды.)
Бактерияның басқа түрлері сары ауру, қызамық, құздама (ревматизм) ауруларын туғызады. Бұл бактерия түрлері де ауа арқылы таралады.
Адамның өкпесінде туберкулез ауруын тудыратын бактерияларды 1882 ж Р. Кох анықтады. Туберкулез жұқпалы ауру болғандықтан, сілекей тамшылары арқылы таралады. Мал туберкулезбен ауырғанда бұл ауруды қоздыратын бактериялар адам денесіне сүт арқылы беріледі. Тамақ, су арқылы сүзек, сaльмoнeллa ауруларын қоздырушы бактериялар жұғады.
Қантышқақ (дизентерия) ауруын дизентерия бактериялары қоздырады. Ауыратын сиырдың сүті арқылы сарып (бруцеллез) ауруы таралады. Кейде сүрлемеленген көкөністің құрамында кездесетін клостериум, ботулинус бактерияларының споралары жоғарғы температурада қайнатқаннан кейін де сақталады. Тығыз жабылған ыдыстың ішінде дамуын жалғастырады да, улы заттар бөледі. Мұндай тағам адамдарда ботулизм ауруын туғызады. Ондай кезде адамның қазаға ұшырауы мүмкін.
Пенициллин дәрісін (антибиотик) қабылдағанда ауру қоздырғыш бактериялар тіршілігін жояды. Сондықтан да бактериялар қоздыратын түрлі ауруларды пенициллин, ампициллин, бисептол сияқты дәрілермен емдейді. Адамға суық тиіп ауырғанда да ағзада бактериялар көбейіп кетеді. Сондықтан ол ауруды антибиотиктердің көмегімен 2– 24 сағат арасында жазып жіберуге болады.
Ертеде (VІ ғасырда) Қытайдан басталып, Еуропаға таралған оба ауруы күніне (үлкен қалаларда) он мыңдаған адамдардың қазаға ұшырауына себепші болған.
Бактериялардың көптеген түрі өсімдіктерді де зақымдайды, ол ауруды бактериоз дейді. Олар бау-бақша, техникалық жеміс-жидек өсімдіктерін зақымдап, зор нұқсан келтіреді.
Бактериялар өсімдіктің сабағын, тамырын, жемісін шірітеді. Өсімдіктердің бактерия ауруларына қарсы негізгі күрес шаралары – тұқымды себер алдында улы химикаттармен өңдеу, ауруға төзе алатын іріктемелерді таңдап алу.
Бактериялар мақта өсімдігінде гоммоз (шайыр ағу) ауруын туғызады. Мақта тұқымында сақталған бактерия спорасы тұқыммен бірге өнеді. Мақта сабағын, жапырағын, қауашағын зақымдайды да, ірі қошқыл қоңыр түсті дақтар пайда болады. Оның беті сілемейленіп, жабысқақ болып тұрады, онда бактериялар шоғырланып, кейін кеуіп, қабыршақтанады. Одан соң жел ұшырып, екінші өсімдікке жұғады.
-
Ауада тез жойылатын бактерия:
-
Адамның өкпесінде туберкулез ауруын тудыратын бактерияларды 1882 жылы ашқан ғалым:
- Бактериялар зақымдайтын өсімдік ауруы:
- Бактериялар мақта өсімдігінде ... ауруын туғызады:
-
Үш айға дейін топырақта сақталатын бактерия?
-
Қантышқақ ауруын қоздырушы?
-
Ауру сиырдың сүті арқылы таралатын бактериялық ауру?
-
Сүзек ауруының қоздырушысының жұғу жолдары:
-
Мақта өсімдігіндегі гоммоз ауруының белгісі:
-
Топырақта 25 күнге дейін сақталатын қоздырушы?