Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Ертегілер. Аңыз-әңгімелер

Конспект

Ертегілер – ауыз әдебиетінің ең көне жанры болып табылады. Ертегілерде оқиғасы өмірде сирек кездесетін не болмаса адамның қиялынан туған, өмірде мүлдем кездеспейтін оқиғалар баяндалады. Ертегілер көбінесе қарасөз түрінде айтылады. Қазақ ертегілері үш жікке бөлінеді: 1) қиял-ғажайып ертегі; 2) хайуанаттар жайлы ертегілер; 3) тұрмыс-салт ертегісі.

Қиял-ғажайып ертегілер халықтың сана-сезімінің балаң кезінде пайда болған. Қиял-ғажайып ертегілерде жақсы өмір, адамдардың ауыр еңбегін жеңілдету арманы көрсетілген. Ертегілердің кейіпкерлері – өмірде болмаған, адамның қиялынан туған кейіпкерлер. Мысалы: жалмауыз кемпір, жеті басты жылан, жалғыз көзді дәу, жезтырнақ, айдаһар, т.б. Қиял-ғажайып ертегілерде жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, жауыздық пен ізгілік тартысқа түсіп, әр уақытта жақсылық, ізгілік, достық жеңіп шығады. Қиял-ғажайып ертегілер: «Үш өнерпаз», «Ер Төстік», «Ұшқыш кілем», «Ыста тас», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», т.б.

Ертегілердің тағы бір түрі хайуанаттар туралы ертегілер де өте ерте кезде пайда болған. Хайуанаттар туралы ертегілер: «Алтын сақа», «Бозінген», «Маймыл мен түлкі», «Түлкі аю, қойшы», т.б. Ертегідегі хайуанаттардың іс-әрекеті, жағымсыз қылықтары арқылы адамдардың мінез-құлқы сыналады. Хайуанаттар туралы ертегілерде түлкі – қу, айлакер, қасқыр – қорқау, аю – аңғал, қой – қарапайым адамдар бейнесінде алынады.

Тұрмыс-салт ертегілерінде өмірде болған, болуға тиіс оқиғалар туралы айтылады. Кейіпкерлері де – өмірде болған қарапайым еңбек адамдары.

Ертегілер ауызша айтуға лайықты, тілге жеңіл болып келеді. Ертегілер тек жақсылықпен аяқталып отырады.

Ауыз әдебиетінің бір түрі – аңыз әңгімелер. Аңыз оқиғалары шындық өмірден алынады, кейіпкерлері де – өмірде болған тарихта аты белгілі адамдар.

Аңыз оқиғалары да күнделікті өмірдегі сюжетке құрылады. Халық ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелердің кейіпкерлері: Қорқыт, Жиренше, Қарашаш сұлу, Алдаркөсе, Қожанасыр. Аңыз кейіпкерлері әсіресе, Алдаркөсе, Жиренше халық атынан сөйлеп, ханға қарсы өз ойын ашық айтып отырған. Халық арасына көп тараған аңыз әңгімелер: «Алдаркөсе мен Шықбермес Шығайбай», «Жиренше мен Қарашаш сұлу», «Жиреншенің хан сынағына түскені», «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?», «Асан қайғының Жерұйықты іздеуі», «Ақсақ құлан, Жошы хан», «Алдаркөсе мен Алаша хан», т.б.



Сұрақтар
  1. Қазақ ертегілері неше жікке бөлінетінін көрсетіңіз.
  2. «Үш өнерпаз» ертегісі ертегінің қай түріне жататынын көрсетіңіз.
  3. Қиял-ғажайып ертегіні көрсетіңіз.
  4. «Қыршыныңнан қиылғыр, ... ! Менің жалғыз балама әлің жеткенше, айдалада тентіреп өлген сегіз ағаңның қураған сүйегін тауып алсаң болмай ма, – дейді». Үзінді қай ертегіден алынғанын және кімге айтылғанын көрсетіңіз.

  5. «Ер Төстік» ертегісіндегі Ерназардың ақылды келінінің атын табыңыз.

  6. Ерназарға келіні қай жерге қонбау туралы айтып, кісі жіберетінін көрсетіңіз.
  7. «Ер Төстік» ертегісіндегі перінің қызының атын көрсетіңіз.

  8. Кенжекейдің көшінен жоғалған інгенді көрсетіңіз.
  9. Ерназар жалмауызға Төстіктің қандай затын беріп кеткенін көрсетіңіз.
  10. Шалқұйрықтың көлдің астынан аман-есен шығуының белгісі қандай көбік екенін табыңыз.
  11. Шалқұйрық ауыз әдебиетінің қай түріндегі қай кейіпкердің тұлпары екенін көрсетіңіз.
  12. Тұрмыс-салт ертегісін көрсетіңіз.
  13. Аяз бидің алғашқы аты қалай екенін көрсетіңіз.
  14. «Аяз би» ертегісі қандай сөздермен аяқталатынын көрсетіңіз.

  15. Қазанғап, Мергенбай қай ертегінің кейіпкері екенін белгілеңіз.
  16. Кендебай ханға биенің құлындағанын немен дәлелдейтінін табыңыз.
  17. Толағайдың ата-анасының атын көрсетіңіз.
  18. Аңыз әңгіме кейіпкерін көрсетіңіз.
  19. Асан Қайғы қандай жер іздегенін табыңыз.  
  20. Жошы ханның баласының өлімін қандай аспаппен естірткенін көрсетіңіз.

  21. Жиренше шешеннің ақылды әйелінің атын көрсетіңіз.
  22. – Еркек адам бала тумаса, еркек қой қалай қоздайды? – деген сөзді кім айтқанын табыңыз.
  23. Кендебай құлынын ненің сүтімен асырағанын көрсетіңіз
  24. «Сырттандар» ертегісінде бала неден қашатынын көрсетіңіз.
  25. Жиренше Қарашашты алғаш рет қай жерде кездестіргенін көрсетіңіз.

  26. Хан сынағына түскен Жиренше ханның шақыртуы бойынша хан үйіне немен келетінін көрсетіңіз.
  27. Ер Төстіктің сүйген жарының есімін табыңыз.

  28. Eр Төстік жер бетіне шыққан соң күресетін жауыздық иесін белгілеңіз.

  29. Шығайбай қандай образ екенін белгілеңіз.

  30. «Алдар көсе» аңызында: –«Отырайын он ай», – деп төрге шығатын кейіпкерді табыңыз.

  31. Алдардың: …Алдады деген осы, Әкем моласының қасы…– деген сөздері кімге арналғандығын табыңыз.

  32. Шыншыл ертегі (-лер)

  33. Қиял-ғажайып ертегісі (-лері)

  34. «Ер Төстік» ертегісіндегі Ер Төстікке көмекке келетін ерекше күш иелері, адал достары

  35. Қазақ аңыз әңгімелеріндегі негізгі кейіпкерлер

Қате туралы хабарландыру