Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Бұқар жырау толғаулары

Конспект

 

ХVІІІ ғасыр – қазақ халқы үшін ең бір қиын кезең болды. Жоңғар қалмақтары қазақ жерін басып алу мақсатымен талай шабуыл жасады. Қалмақтардың шабуылына төтеп бере алмаған қазақ халқы ата жұртын тастап, босып кетуге мәжбүр болды. Бұл кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Бұқар шығармалары осындай қиын-қыстау кезеңде туып, қазақ әдебиетінде өзіндік өрнекпен сақталып қалды.

 

Бұқар Қалқаманұлы 1668 жылы Баянауылда дүниеге келіп, 1781 жылы Далба тауында дүние салған әйгілі жырау, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында хандық құрған Абылайдың ақылшы, кеңесшісі болған. Сондықтан ол Абылайға батыл тіл қатып, оған «Абылайшам», «Абылайша» деп еркін сөйлеген. Бұқар өзінің «Ей, Абылай» деген толғауында:

 

Ей, Абылай, Абылай!

 

Сені мен көргенде –

 

Тұрымтайдай ұл едің,

 

Түркістанда жүр едің.

 

Әбілмәмбет төренің

 

Қызметінде тұр едің, –

 

деп, Абылайды он бір жасынан білетінін тілге тиек еткен.

 

Бұқар шығармаларында жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, адалдық пен арамдық туралы баса жырланған. «Жар басына қонбаңыз» толғауында:

 

Жаманмен жолдас болсаңыз

 

Көрінгенге күлкі етер.

 

Жақсымен жолдас болсаңыз,

 

Айырылмасқа серт етер, –

 

деп, жақсылық пен жамандықты психологиялық параллелизм арқылы салыстыра суреттесе, «Алыстан қызыл көрінсе» толғауында:

 

Айтқан сөзге түспеген

 

Жаман емей немене,

 

Сұрағанда бермеген

 

Сараң емей немене,

 

Кісі ақысын көп жеген

 

Арам емей немене, –

 

деген жолдармен жамандықтың белгілерін тарқатып айтқан.

 

Бұқар жырау замана, өмір жайлы көп толғанған. «Асқар таудың өлгені» толғауында табиғатта бәрі өшіп, өніп, өзгеріп отыратынын айта келіп, «Өлмегенде не өлмейді?» деген сұрақ қойып, оған «Жақсының аты өлмейді, әлімнің хаты өлмейді» – деп жауап беріп, бүкіл саналы ғұмырын адамзаттың жақсылығы үшін жұмсаған адамның өзі де, сөзі де өлмейді деген тұжырым жасаған. Жыраудың «Жиырма деген жасыңыз», «Атам болған жиырма бес», «Сен он бір жасыңда», «Ей, Абылай, Абылай» деген толғаулары адам өмірінің кезең-кезеңіне арналған. Бұқар жырау «Жиырма деген жасыңыз» толғауында:

 

Жиырма деген жасыңыз

 

Ағып жатқан бұлақтай,

 

Отыз деген жасыңыз

 

Жарға ойнаған лақтай,

 

Қырық деген жасыңыз

 

Ерттеп қойған құр аттай... –

 

деп адам өмірінің әр кезеңінің ерекшеліктеріне тоқтала келе, жастық шақты «ағып жатқан бұлаққа», «жарға ойнаған лаққа», «ерттеп қойған құр атқа» теңейді. Кәріліктің дәрменсіз шақтарын:

 

Сексен деген жасыңыз

 

Қараңғы тұман түн екен,

 

Тоқсан деген жасыңда

 

Ажалдан басқа жоқ екен, –

 

деп жастық шаққа қарама-қарсы суреттейді. Адамның жастық шағы мен кәрілік кезеңін бір-біріне қарама-қарсы суреттеу арқылы жырау жас ұрпаққа шастық шақты өз мәнінде өткізу керектігі туралы өсиет тастаған.

 

Бұқар толғауларының басты тақырыбы – ел бірлігі. Жоңғар шапқыншылығынан кейін тоз-тоз болған елдің басын бір тудың астына жинау мақсатын терең түсінген Бұқар жырау:

 

Ағайынның аразы

 

Елдің сәнін кетірер,

 

Абысынның аразы

 

Ауыл сәнін кетірер, –

 

дей келе,

 

Айнала алмай ат өлсін,

 

Айыра алмай жат өлсін,

 

Жат бойынан түңілсін,

 

Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, –

 

деп, ел-жұртын береке-бірлікке, татулыққа, ұйымшылдыққа шақырған. Бұқар жырау бұл ойын өзінің «Тілек» өлеңінде одан әрі нақтылай түскен.

 

Бірінші тілек тілеңіз,

 

Бір Аллаға жазбасқа.

 

Екінші тілек тілеңіз,

 

Пиғылы жаман залымның

 

Тіліне еріп азбасқа.

 

Үшінші тілек тілеңіз

 

Үшкілсіз көйлек кимеске.

 

Төртінші тілек тілеңіз

 

Төрде төсек тартып жатпасқа.

 

Бесінші тілек тілеңіз

 

Бес уақытта бес намаз

 

Біреуі қаза қалмасқа... –

 

деп, еліне тек жақсылық береке, ынтымақ, татулық беретін он бір тілек тілейді. Бұл тілектің орындалуы елдің бірлігіне байланысты деген ой түйеді.

 

Бұқардың ел бірлігін сақтау мәселесі «Керей, қайда барасың?» толғауында өз жалғасын тапқан.

 

Керей, қайда барасың?

 

Сен қашсаң де мен қойман,

 

Арғымағым жебелеп...

 

Уа, сен танымай кетіп барамысың?

 

Мен – Арғын деген арыспын,

 

Азуы кере қарыспын.

 

Сен – бұзау терісі шөншіксің,

 

Мен өгіз терісі талыспын, –

 

деп, өзін өгіз терісі талысқа, Керейді бұзау терісінен жасалған жарғақ қалта – шөншікке теңеген. Елден бөлініп көшіп кетпек болған Керейді райынан қайтарып, ел бүтіндігін сақтап қалған.

 

Бұқар толғауларынан Абылай бейнесі ерекше орын алған. Бұқардың «Ай, Абылай, Абылай», «Абылай ханның қасында», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Құбылып тұрған бәйшешек», «Қалданменен ұрысып», «Қазақтың ханы Абылай», «Ал, тілімді алмасаң» сияқты көптеген толғаулары Абылайға арналған. «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» толғауында:

 

...Елу жасқа келгенде,

 

Үш жүздің баласының

 

Атының басын бір кезеңге тіредің, –

 

деп, Абылайдың азаттық жолындағы қолбасшылық ерлігін дәріптеген. Тиісті жерінде Абылайдың кемшіліктерін де батыл айтып отырған. «Сен қамалды бұзған Қанжығалы Бөгенбайдан асқан батыр ма едің? Қабанбайдан бұрын жауға найза сілтеп пе едің?» деп ханның жауды жеңуі батырлардың арқасында екенін, ханның олармен әрдайым санасуы керектігін айтқан.

 

Бұқар жырау поэзиясы нақылға, өсиетке, ғибратқа құрылған. Жырау толғауларынан мақал-мәтел болып кеткен жолдар да кездеседі. Мысалы, «Шаршы топта сөз бастау қиын», «Ежелгі дұшпан ел болмас», «Әкелі бала жаужүрек», «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар», «Жақсының аты өлмейді», т.б.

 

Бұқар жырау өлеңдерін жинап, қағаз бетіне түсірген – белгілі фольклорист, ақын, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев.



Сұрақтар
  1. Бос орынға қажет сөзді көрсетіңіз. Жиырма деген жасыңыз – Ағып жатқан _________ .

  2. Бұқар жыраудың «Сен он бір жасыңда» деген толғауы кімге арналғанын көрсетіңіз.
  3. Бұқар жырау «Сен – бұзау терісі шөншіксің» деп кімге айтқанын табыңыз.
  4. Бұқар жырау адам өмірі туралы толғауында отыз жасты неге теңегенін көрсетіңіз.
  5. Бұқар жыраудың «Тілек» толғауындағы бесінші тілекті белгілеңіз.
  6. «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады.

    Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады.

    Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» – деген сөз қай жыраудікі екенін көрсетіңіз.

  7. «Сен – бұзау терісі шөншіксің» деген жолдағы «шөншік» сөзінің мағынасын табыңыз.
  8. Бұқар жыраудың Абылай ханға арнаған толғауын көрсетіңіз.
  9. Бұқар жыраудың «Тілек» толғауы неше тілектен тұратынын көрсетіңіз.
  10. Бұқар жыраудың толғауын көрсетіңіз.

  11. Бұқар жыраудың жақсылық пен жамандықты салыстыра жырлаған толғауын табыңыз.
  12. Бұқар жыраудың қазақ батырларын жырлаған толғауын белгілеңіз.
  13. «Бұқар шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады» – деп Бұқар туралы айтқан ғалымды көрсетіңіз.

  14. Бұқар жыраудың:

    «Ағайынның аразы

    Елдің сәнін кетірер,

    Абысынның аразы

    Ауыл сәнін кетірер» – деген толғауы поэзияның қай түріне жататынын көрсетіңіз.

  15. ХVІІІ ғасырда қазақ халқы қандай тарихи оқиғаны бастан кешіргенін белгілеңіз.

  16. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген жырауды көрсетіңіз.
  17. Бұқар жырауға берілген атауды белгілеңіз.
  18. Бұқар жырау қай ханның тұсында өмір сүргенін көрсетіңіз.
  19. Бұқар жыраудың толғауын көрсетіңіз.
  20. Жырау өлеңдерін жинап, қағаз бетіне түсірген фольклорист-ақынды табыңыз.

  21. «Жақсының аты өлмейді, әлімнің хаты өлмейді» деген сөзді айтқан жырауды табыңыз.
  22. Үмбетей жыраудан кейін Бөгембай өлімін Абылай ханға естірткен жырауды белгілеңіз.
  23. Бұқар жыраудың адам өмірі туралы толғауын көрсетіңіз.
  24. «Керей, қайда барасың?» толғауының тақырыбын көрсетіңіз.

  25. Бұқар жыраудың әкесінің атын көрсетіңіз.
  26. Бұқар жыраудың: Қиядан қиқу төгілсе, Аттың басын тартпаған, – деген тармақтарындағы «аттың басын тартпау» тіркесінің қолданылу мағынасын анықтаңыз.

  27. XVІІІ ғасырда өмір сүріп, Тәуке, Абылай хандарға кеңесші болған қай жырау екенін белгілеңіз.

  28. Бұқар жыраудың «Ай, Абылай!» толғауынан алынған үзінді

Қате туралы хабарландыру