Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлар

Конспект

 

Батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ ауыз әдебиетінен ауқымды орын алатын жанрдың бірі. Батырлар жырында тарихи оқиғалардың ізі сақталған. Батырлар жырының басты тақырыбы – ерлік, батырлық, елді сыртқы жаулардан қорғау. Батырлар жырының басты қаһарманы – батыр.

 

Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар».

 

«Алпамыс батыр» жыры – басқа батырлар жырына қарағанда көне жыр болып есептеледі. Жырдың кейбір оқиғалары: Алпамыстың дүниеге келуі, түртіп қалған баланың өліп қалуы, зынданда жеті жыл жатуы сияқты оқиғалар жырдың көне жыр екенін айғақтай түседі. Жыр жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөліп қарастыруға болады.

 

Жырдағы жақсылық иелері

Жырдағы жамандық иелері

Алпамыс – негізгі кейіпкер

Байбөрі – Алпамыстың әкесі, Қоңырат елінің байы

Аналық – Алпамыстың анасы

Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы

Жәдігер – Алпамыстың баласы

Шұбар ат –Алпамыстың тұлпары

Гүлбаршын – Алпамыстың сүйген жары

Алтыншаш – Гүлбаршынның анасы

Қаракөз – Алпамысқа ғашық болған Тайшық ханның қызы

Кейқуат – Алпамыстың зынданнан шығуына себепкер болған қойшы

Құлтай, Тортай – Алпамыстың туыстары

Ұлтан – зорлық-зомбылықты өз жақындарына жасаған залым адам

Сарыбай – Шекті елінің байы, Гүлбаршынның әкесі

Қараман – Гүлбаршынды зорлықпен алмақ болған қалмақ ханы

Тайшық хан – Байбөрінің жылқысын алып кеткен хан

Таймас – Алпамыспен шайқасқан жігіт

Бадамша – Ұлтанның сақау әйелі

Мыстан кемпір – Алпамысты алдап қолға түсірген жауыздық иесі

 

Жыр соңында жақсылық пен әділдік жеңіп, Алпамыстың еліне, халқына, ата-анасына, туған-туыстарына жасаған жақсылығымен аяқталады.

 

«Қамбар батыр» жыры – ел арасына көп тараған, ел намысы мен жер намысын қорғау жолындағы Қамбардың бойындағы батырлық, ерлік, батылдық, бірбеткейлік, намысшылдық сияқты ізгі қасиеттерді марапаттауға арналған жыр. Он сегіз жасқа толып, жар іздеген Назымды суреттеуден басталған жыр Қамбардың азаматтық іс-әрекеттерімен жалғасып, өрбіп, дамып отырады. «Қамбар батыр» жырының кейіпкерлері:

 

Әзімбай – атағы жер жарған бай

Назым – Әзімбайдың жалғыз қызы

Қамбар – жалғыз атты кедей жігіт

Қара қасқа ат – Қамбар батырдың тұлпары

 

«Қобыланды батыр» – халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының бірі. Ата-анасының зарығып жүріп көрген жалғыз баласы Қобыланды бойына жастайынан ерге, батырға тән қасиеттерді жиып өседі. Ер-азаматқа лайық ісімен шартты орындап, Көктім аймақ ханның жалғыз қызы Құртқаны ұзатып алуынан басталған жыр оқиғасы Қобыланды батырдың ерлік, батырлық, намысшылдық іс-әрекеттерімен жалғаса береді. Жыр кейіпкерлері:

 

Қобыланды – негізгі кейіпкер

Аналық пен Тоқтарбай – Қобыландының ата-анасы

Қарлығаш – Қобыландының қарындасы

Естеміс – Тоқтарбайдың жылқышыларының, тоқсан құлының бастығы

Көктім аймақ – Қызылбас елінің ханы

Құртқа – Көктім аймақ ханның қызы, Қобыландының сүйген жары

Қызыл ер – Қызылбас елінің батыры

Қазан – Қызылбас елінің батыры

Сейілдің ұлы Қараман – Қобыландының жолдасы, Қазанға қарсы күресетін батыр

Алшағыр – қалмақтың ханы

Тайбурыл – Қобыландының тұлпары

Көбікті – хан

Қарлыға – Көбікті ханның қызы

Ақмоншақ – Қарлығаның тұлпары

Орақ – Қобыландыға көмекке келген жас батыр

Қамқа – Орақтың анасы

Қара қасқа ат – Қазанның тұлпары

 

«Қобыланды батыр» жыры Қобыландының барлық жауларын жеңіп, ел-жұртын, ата-анасын молшылыққа кенелтуімен аяқталады.

 

«Ер Тарғын» жыры – батырлар жырының ішіндегі таңдаулы шығармалардың бірі. Жырда көтерілген негізгі өзекті мәселелер – елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, адал махаббат пен намысшылдық. «Ер Тарғын» жырында тарихи оқиғалар элементі де кездеседі. Жыр оқиғасы Тарғын деген батырдың қырғыз ханының бір адамын өлтіріп, Қырық сан Қырым жұртына қашып келуімен басталады. «Ер Тарғын» жырының кейіпкерлері:

 

Ер Тарғын – жырдың негізгі кейіпкері

Ақжүніс – Ер Тарғынның сүйген жары

Ақшахан – Ақжүністің әкесі, Қырық сан Қырым жұртының қырық ханының үлкені

Ханзада хан – Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайының ханы

Қарасай ұлы Көбен, Алшағырұлы Тебен, Өмірұлы Себен – Ер Тарғынның батыр жолдастары

Сыпыра жырау – Ер Тарғынға басу айтқан ақылды қария

Ардаби – Ер Тарғын мен Ақжүністің ұлы

Әжігерей, Айтқожа – Ардабидің ұлдары

Тарлан – Ер Тарғынның тұлпары

Қанатты қара – Ақшаханның тұлпары

Қартқожақ – Ер Тарғын мен Ақжүністі қуып жеткен Ақшаханның қарт батыры

Домбауыл – қалмақтың батыры

 

Жыр соңында барлық қиындықтарды жеңген Тарғын елдің әрі ханы, әрі батыры болады. Ақжүніс екеуінен туған баласы Ардаби де бек әрі асыл би болады. Оның баласы Айтқожа да бес қалаға хан болып, мұратына жетеді.

 

Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар – халық ауыз әдебиетінің мол рухани қазынасы. Лиро-эпос жырлары ауыз әдебиетінің классикалық дәрежеге көтерілген нұсқасы болып табылады. Лиро-эпостық лирика мен эпикалық тектер элементтерін бірдей қамтитын шығармалар деген ұғымды білдіреді. Лиро-эпостық жырларға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Күлше қыз» шығармалары жатады. Лиро-эпостық жырлары мен батырлар жырының өзіне тән ерекшеліктері бар.

 

Батырлар (эпостық) жыры

Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар

1.Батырлар халық мүддесі жолында күресіп, ерлік, батырлық көрсетеді.

2.Рулық қарым-қатынас, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы жыр оқиғасына енбейді.

3.Кейіпкерлері шындықтан алыс, шартты түрде алынады.

Екі жастың бақытқа жету жолындағы қасірет-зары, махаббаты, бас бостандығы үшін күресі жырланады.

Рулық қарым-қатынас, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы ғашықтық жырлардың негізгі өзегі болып келеді.

Образдары реалистік түрде сипатталады, іс-әрекеттері өздеріне тән суреттеледі.

 

Лиро-эпостық жырлардың басты тақырыбыжастардың бас бостандығы, екі жастың арасындағы махаббат, сүйіспеншілік. Кейіпкерлері батырлар емес, қарапайым адамдар. Ғашықтық жырларында көшпелі қазақ тіршілігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, әдет-ғұрып, салт-сана кең түрде жырланады. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында қазақ халқының өте ертедегі «еже-қабыл» салты (ата-аналары әлі өмірге келмеген сәбилерді атастырып, белқұда болып қояды), «Қыз Жібек» жырында қазақ халқының көшпелі өмірі мен әмеңгерлік, «Айман-Шолпан» жырында барымта салты көрініс тапқан.

 

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – ел арасына ең көп тараған, қазақ лиро-эпостық жырлар арасындағы көне ғашықтық жыр. Жырда тұрмыс-салт жырларының үлгілері – жар-жар, қоштасу, естірту, жоқтау – сияқты түрлері кездеседі.

 

Мысалы, жырда Сарыбайдың өлімін Тазша өзінің түсі арқылы естіртеді. Жыр кейіпкерлері Ай мен Таңсық әкелері Қарабай көшкенде ел-жұртымен, ағайын-туыспен, атамекенімен жыр арқылы қоштасады. Тазша Сарыбайдың өлімін естірте келіп, жыр соңында Сарыбайдың бәйбішесіне өлеңмен көңіл айтады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының оқиғасы екі топтың арасындағы тартысқа – жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөлуге болады.

 

Жырдағы жақсылық иелері

Жырдағы жамандық иелері

Баян сұлу, Қозы Көрпеш – жырдың негізгі кейіпкерлері

Сарыбай – Қозы Көрпештің әкесі

Ай, Таңсық – Баян сұлудың апалары

Тайлақ – Сарыбайдың құрдасы

Айбас – Тайлақтың кенже інісі, Қозы мен Баянның қосылуына дәнекер жан

Қарабай – Баянның әкесі, сараң, қараниетті адам

Қодар – кекшіл, қара күштің иесі, Қарабайдың қолшоқпары

Сасан би – Қарабай көшіп барған елдің биі

 

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының негізгі тақырыбы – халықтың ғасырлар бойы армандаған мұраты – жастардың бас бостандығы.

 

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, Қарабайдың өтініші бойынша Сарыбай буаз маралды атқанда, ішінен егіз лақтың шығуымен басталады. Бұған шыдай алмаған Сарыбай сол жерде қаза табады. Сарыбай мен Қарабай балалары дүниеге келмей тұрып, «еже-қабыл» – белқұда болып қойған, яғни дүниеге келмеген балаларды атастырып қойған. Қарабай жырда сараң, қараниетті адам болып суреттеледі. «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп елінен ауа көшкен Қарабай қылығы оның бітім-болмысын айқындай түседі. Қарабай, Қодар, Сасан би – жырда тек жамандық иелері болып суреттелсе, Тайлақ, Айбас, Қозылар оларға қарама-қарсы жақсы жақтарымен ерекшеленеді. Жыр осы қараниетті адамдардың Қозыға у беріп өлтіруімен аяқталады.

 

Шығыс зерттеушілері, ғалымдар, әдебиетшілер жыр туралы көптеген құнды пікірлер айтқан, көңіл аударған. Мысалы, Г.И. Потанин: «Бұл – жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма», – десе, В.В.Радлов жырды неміс тіліне аударған. А.С. Пушкин жазып алып, жыр етпекші болған.

 

«Қыз Жібек» жыры – лиро-эпостық жырлардың ішіндегі үздік жыр. Жырдың негізгі өзегі – Төлеген мен Қыз Жібек арасындағы адал махаббат пен шынайы сезім. Өз елінен лайықты қыз таппаған Төлеген саудагер шалдың айтуымен 80 жігіт қосшы, 15 жігіт басшы, 25 жорға алып, анасының қарсы болғанына қарамастан, Ақ Жайыққа жол тартады. Жол бойы қанша қызды көрсе де, ешқайсысы Төлегенге ұнамайды. Төлегеннің қыз таңдап жүргенін естіген Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай ханның ақылшысы әрі ақын Қаршыға оны өзіндей сұлу әрі ақылды жігітті армандаған, бірде-бір жігітке мойын бұрмай жүрген ханның қызы Жібекке жолықтырмақ болады. Сырлыбай ханның көшіне киліккен Төлеген он бір көштен өтіп барып Қыз Жібектің күймесіне жетеді. Қыз Жібекті бір көріп ғашық болған Төлеген қыз әкесіне келіп, өз мақсатын айтады. Адам тани білетін хан келісімін берген соң, Төлеген Қыз Жібекпен үш ай қалыңдық ойнап, көктем шыға қайта оралмақ болып, өз еліне аттанып кетеді. Айтқан уақытында келе жатқан Төлеген орта жолда қараниетті қарақшы Бекежан қолынан қаза табады. Төлегеннен айырылып, бақытсыздыққа ұшыраған Қыз Жібекті қалмақтың ханы Хорен зорлықпен алмақшы болады. Көркіне ақылы сай Жібек Хоренді алдап өзі құрған торға түсіріп, Сансызбай мен Шегеге қосылып, Жағалбайлы еліне аттанып кетеді. Сөйтіп, Қыз Жібек арманына жетеді. Жыр кейіпкерлері:

 

Қыз Жібек пен Төлеген – жырдың негізгі кейіпкерлері

Сырлыбай – хан, Қыз Жібектің әкесі

Базарбай – Төлегеннің әкесі

Сансызбай – Төлегеннің інісі, қазақтың әмеңгерлік салтымен Қыз Жібекке үйленеді

Қаршыға – Сырлыбай ханның ақылшысы, әрі ақын, әрі шешен

Шеге –Жібекті Сансызбайға қосатын Төлегеннің досы, ақын

Бекежан – Төлегенді атып өлтірген қараниет қарақшы

 

«Айман-Шолпан» – басқа лиро-эпостық жырларға қарағанда жаңа сюжетке құрылған жыр. Оның дәлелі – халықтың тұрмысы базармен, қаламен, сауда-саттықпен байланыса болуы. «Батыр» Маман байдың елін шауып, екі қызды жайдақ нарға мінгізіп алып кеткенде, Айманның сүйген жігіті Орынборға мал айдап кетеді. Жыр кейіпкерлері:

 

Айман, Шолпан – жырдың негізгі кейіпкерлері

Маман – Айман мен Шолпанның әкесі, бай

Әлібек – Айманның сүйген жігіті

Арыстан – Көтібардың інісі, Шолпанның сүйген жігіті

Көтібар – қара күштің иесі, батыр

Теңге – «Батырдың» ерке де долы тоқалы

Есет – «Батыр» мен Арыстанның жалғыз бауыры

 

Жырда Көтібар, Есет, Арыстан сияқты тарихи тұлғалардың есімдерінің аталуы – жырдың тарихилық сипатын арттыра түседі.

 

«Көңілі кең, ақылы дана» Айман сіңілісі Шолпан екеуінің басына іс түскенде, аспай-саспай барлық қиыншылықты ақылмен, сабырмен жеңеді. Өзі сүйген жары Әлібекке қосылады, Шолпан мен Арыстанның тіл табысуына өзі дәнекер болып, Көтібарды ақыл мен айланың торына шырмап тастайды. Жырдағы күні өтіп бара жатқан ескі мен жаңаның арасындағы тартыс жаңашыл топтардың жеңісімен аяқталады.



Сұрақтар
  1. Батырлар жырын көрсетіңіз.
  2. Батырлар жырына жатпайтын қатарды көрсетіңіз.
  3. «Батырлар жырының көбі Алтын Орда дәуірінде болған тарихи адамдар туралы», – деген пікірді кім айтқанын көрсетіңіз.
  4. Өз елінің ханына қылмысты болып, Қырық сан Қырым жұртына қашып келген батырды көрсетіңіз.
  5. Қобыланды батырдың қарындасының атын табыңыз.
  6. Қызылбас елінің ханы кім екенін белгілеңіз.
  7. Үзіндідегі бос орынға керек сөзді көрсетіңіз.

    ...Сұлтаныма сәлем де

    Тілімді алса, бармасын,

    Біз байлаған Бурылда

    ________ күндік кемдік бар.

  8. Қобыландыға «Аяғыммен күрес» деп, астамшылық көрсеткен кім екенін көрсетіңіз.
  9. Қобыланды батырға ғашық болған сұлу қызды көрсетіңіз.
  10. Қазанның Сырлы қаласын Қобыланды неше күнде алғанын табыңыз.
  11. Қобыландының өзі жоқта елін жаулап алған ханды көрсетіңіз.
  12. «Қобыланды батыр» жырындағы Қарлыға сұлудың тұлпарын көрсетіңіз.
  13. Өзі сүйген қызды алып қашқан батырды көрсетіңіз.
  14. Үзінді қай жырдан алынғанын және кімнің бейнесі екенін көрсетіңіз.

    ...Кеудесі болды кепедей,

    Мұрны болды төбедей.

    Күрек тісі кетпендей...

  15. Ш. Уәлихановтың айтуынша, батырлар жыры қай ғасырларда жасалғанын көрсетіңіз.

  16. Ғашықтық, сүйіспеншілік тақырыбындағы жыр қалай аталатынын табыңыз.
  17. Лиро-эпос жырына жатпайтын қатарды белгілеңіз.
  18. Лиро-эпос жырын көрсетіңіз.
  19. Көшпенді қазақ қауымының тіршілігі көбірек суреттелген жырды көрсетіңіз.
  20. Үзінді ауыз әдебиетінің қай түріне жататынын табыңыз.

    Сегіз сай тау біткенді сала, аман бол!

    Халайық, қалған елдің шалы, аман бол!

    Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,

    Ойнап-күліп, ержеткен, жер аман бол!

  21. Ақ Жайық аруларына ынтық болған ер жігітті көрсетіңіз.  
  22. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Айбастың кім екенін көрсетіңіз.
  23. Үзінді қай жырдан алынғанын көрсетіңіз.

    Мен бір сұлу табайын,

    Патшамыздың жалғызы –

    Аты Жібек сұрасаң,

    Кереметін барып көр.

  24. Төлеген Қыз Жібекті неше көштен кейін кездестіретінін белгілеңіз.
  25. «Аруақты туған ер болсаң, не қыласың бір қызды» – деп, Ер Тарғынға тоқтау айтатын жырауды белгілеңіз.

  26. Сонда Бурыл гуледі,

    Табаны жерге тимеді,

    Көлденең жатқан көк тасты,

    Тіктеп тиген тұяғы

    Саз балшықтай иледі («Қобыланды батыр»). Үзіндідегі көркемдік тәсілді табыңыз.

  27. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында Қозы мен Баянға тілеулес боп, көмектесетін жандар кімдер екенін белгілеңіз.

  28. «Қолаң шашты, қой көзді алшаңдаған аруым» деп, қай батырдың сүйген жарына тіл қататынын табыңыз.

  29. «Аспанда ұшқан, алты қаз,

    Сіздер тірі, мен өлі» – деп, өлім алдында алты қазбен қоштасатын лиро-эпостық жыр кейіпкерін табыңыз.

  30. «Ер Тарғын» жырында батырды 2 рет алдаған ханды белгілеңіз.

  31. 1675-1768 жылдары өмір сүрген, әйгілі Бөгенбай батырға жыр арнаған жырауды көрсетіңіз.

  32. Қазанның Сырлы қаласын Қобыландының неше күнде алғандығын көрсетіңіз.

  33. Қозы мен Баянға арналған ескерткіш тұрған жерді табыңыз.

  34. «Қобыланды батыр жырының» негізгі тақырыбы (-тары)

  35. «Алпамыс батыр» жырының көне жыр екенін айғақтайтын белгісі (-лері)

  36. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының кейіпкерлері

  37. Ер Тарғын жырынан берілген үзіндідегі теңеулер

    От орындай тұяқтым,

    Омыртқаң бар отаудай.

    Жаурыныңа қарасам,

    Сыпыра шапқан тақтайдай.

    Құйрығыңа болайын;

    Қыныптан шыққан қанжардай!

  38. Қамбар батыр жырындағы Назым қыздың ағаларының аттары

  39. Шығыс әдебиеті негізінде нәзира дәстүрімен жазылған қисса-дастандар

  40. Берілген үзінді қай батырлар жырынан алынған?

     

    Тобылғы меңді торы атпен,

    Дөңгелентіп жөнелді.

    Атып жатқан жеріне

    Іркілместен келеді.

    Келгендігін баланың,

    Көктім Аймақ көреді.

     

    Арқа-басын сипалап,

    Шұбарды бала ұстады.

    Қарғып мініп жас бала,

    Ашуы кернеп жөнелді.

  41. Берілген үзінділер алынған батырлар жыры  

     

    Тоқтарбайдың жылқыда

    Тоқсан құлы бар еді,

    Тоқсанының бастығы Естеміс деген ер еді.

     

    Сол уақытта Шұбар ат,

    Алдына келсе тістеді,

    Артына келсе тебеді.

Қате туралы хабарландыру