Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары

Конспект

 

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиетіндегі ірі тұлға, ғалым, әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, аудармашы, қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы, аса көрнекті қазақ ақыны – Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай атырабындағы Сартүбек деген жерде өмірге келген.

Ахмет он үш жасынан бастап әділетсіздіктің ащы зарын тартқан. Әкесі Байтұрсын інісі Ақтас екеуі ауылына келіп ойран салған, қарапайым адамдарға зорлық-зомбылық көрсеткен ояз бастығы Яковлевтің басын жарып, қамшының астына алып сілейте сабағаны үшін он бес жылға сотталып, Сібірге жер аударылған. Бұл кезде Ахмет он үш жаста болған. Көкірегіне шемен болған осы оқиға Ахметтің «Анама хат» өлеңінде:

 

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,

 

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам,

 

деген жолдармен берілген.

 

Ауыл молдасынан хат таныған А. Байтұрсынов отаршыл озбырларға қарсы күресу үшін орысша оқу қажет екенін түсініп, Торғай, Орынбор қалаларына барып, білімін толықтырып отырған. Өз ұлтының бостандық жолындағы рухани басшысына айналған А. Байтұрсыновтан сескенген патша жандармдары оны сегіз ай Семей түрмесінде қамауда ұстап, кейіннен Қазақстанда тұру мүмкіндігінен айырып, Орынборға жер аударған. Осылайша елім деп еңіреген, халқым деп қабырғасы қайысқан нар тұлға Ахмет әке тағдырын өз басынан кешірген. Ел-жұртты оятудың бірден-бір жолы бұқаралық ақпарат құралы екенін түсінген А. Байтұрсынов 1913 жылы Орынборда тұңғыш қазақ баспасөзі«Қазақ» газетін ашқан. 1918 жылы жабылғанға дейін, А. Байтұрсыновтың өзі айтқандай, газет «... халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған.

 

А. Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақаласы арқылы Абайтанудың ғылым ретінде қалыптасуына негіз салған.

 

А. Байтұрсынов – ақындық пен аудармашылықты тең ұстаған дарынды тұлға. А. Байтұрсыновтың әдеби, ғылыми мұрасын үш салаға бөліп қарастыруға болады: 1) өлеңдері; 2) аудармалары; 3) тіл және әдебиеттану саласындағы еңбектері.

 

А. Байтұрсыновтың аудармалар жинағы 1909 жылы «Қырық мысал» деген атпен Петерборда басылып шыққан. Жинаққа орыстың мысалшысы И.А. Крыловтың мысалдарынан аударған қырық мысал топтасқан. «Қайырымды түлкі», «Ала қойлар», «Қартайған арыстан», «Өгіз бен бақа», «Қайыршы мен қыдыр», «Ат пен есек» мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды меңзейтін оқиғалар, адамдар психологиясындағы іс-әрекеттер көрініс тапқан. «Қырық мысал» жинағындағы қырық өлеңнің әрқайсысы әр алуан оқиғаны баяндап, қырық түрлі ғибратпен, тұжырыммен, түйінмен аяқталып отырған. Мысалы, «Өгіз бен бақа» мысалында суды қанша сімірсе де өгіздей бола алмай қарны жарылып өлген көлбақаның іс-әрекеті арқылы «Әлін білмеген әлек» деген нақылды насихаттаса, «Қара бұлт» мысалы кедей, жарлыға қайырым жасамайтын сараң байларды сынай отырып, «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деген ойға негізделген.

 

А. Байтұрсыновтың өлеңдер жинағы «Маса» деген атпен 1911 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан. Жинаққа енген өлеңдерге Ахмет Байтұрсыновтың өз басынан кешкен ауыр күндер, қуғын-сүргін, жоқтық пен қиыншылық арқау болған. А. Байтұрсынов жеке бастың мұң-шерімен шектеліп қалмаған, жинаққа енген өлеңдерінде ел тағдыры, халық қамы, бостандық, әлеуметтік-қоғамдық, азаматтық идеялар айтылған. «Туысыма», «Досыма хат», «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Көк есектерге», «Жұртыма», «Қарқаралы қаласына», «Жиған-терген» өлеңдері Абай үлгісімен жазылған. Ақынның «Анама хат», «Жауға түскен жан сөзі» өлеңдері бостандықты, азаттықты армандаған, қорлық-зорлыққа мойымайтын азаматтың тұлғасын суреттесе, «Қазақ салты», «Қазақ қалпы» өлеңдерінде қазақ халқын шарпыған отаршылдықтың өртіне, «еспесі жоқ қалтылдақ қайық мініп, теңізде жүрген» халықтың ауыр халіне наразылық білдірген. «Маса» жинағында А.С. Пушкиннен аударған «Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің», «Ат», «Данышпан Аликтің атасы», «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», И.А. Крыловтан аударған «Сорлы болған мұжық», «Қаздар» шығармалары да берілген.

 

А. Байтұрсынов қоғамдағы әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, жер мәселесіне байланысты көптеген мақалалар да жазған. А. Байтұрсыновтың тілші, әдебиетші ретінде жазған мақалаларының ішіндегі оқшау тұрған «Қазақтың бас ақыны» мақаласы – Абайтанудың ғылым ретінде қалыптасуына қосылған қомақты үлес. А. Байтұрсынов ел аузындағы фольклорлық шығармаларды да жинап, өңдеп бастырған. Соның бірі – Шоқанның досы, әйгілі орыс ғалымы Г.Н. Потанинге тарту еткен, 1923 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан шыққан «Ер Сайын» жыры. А. Байтұрсынов жинап, сұрыптап бастырған екінші фольклорлық мұра – қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын, 1926 жылы Мәскеуде жарияланған «23 жоқтау» атты трагедиялық жырлар жинағы.

 

Ахмет Байтұрсыновты ғалым, әдебиеттанушы, тілші, зерттеуші ретінде танытатын күрделі туындысы – 1926 жылы Ташкентте шыққан «Әдебиет танытқыш» еңбегі. «Әдебиет танытқыштың» бірінші бөлімі «Сөз өнерінің ғылымы» деп аталған. Кітаптың бір тарауы жазба әдебиет мәселелеріне арналған.

 

Ахмет Байтұрсынов есімі қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы, қазақ әдебиетануындағы әдеби терминдердің баламасын ойлап тапқан ғалым, көрнекті ақын, аудармашы ретінде қазақ әдебиеті тарихында өшпестей болып жазылған.

 

Қоғамда әділетсіздік бел алып тұрған 1929 жылы бір рет ұсталып, лагерьде ұзақ азап көрген А. Байтұрсынов 1937 жылы репрессияға ұшырап атылған.

 

Қазақ халқына «Оян, қазақ!» деп ұран салған қоғам қайраткері, ақын, жазушы, Міржақып Дулатов 1885 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Екі жаста анасынан, он екі жаста әкесінен айырылған Міржақыптың бүкіл ғұмыры жоқшылықпен, әділетсіздікпен күрес үстінде өткен.

 

1906 жылы Петерборда шыққан «Серке» газетінде М. Дулатовтың «Жастарға» өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» деген мақаласы жарияланған.

 

М. Дулатовтың 1913-1918 жылдары ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Қазақ» газетін шығаруы сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтерген, қазақ журналистикасының негізін салған, баспасөз мәдениетін, тілін қалыптастырған ең жемісті жылдары болып табылады.

 

Міржақып Дулатовтың есімін тек қазақ халқына ғана емес, Ресейдегі түрік әлеміне тұтас жайған «Оян, қазақ!» кітабы бірінші рет 1909 жылы Уфада, екінші рет 1911 жылы Орынборда басылып шыққан. «Оян, қазақ!» – қазақ әдебиетінің тарихында ең көп қудаланған кітап. Осы кітабы үшін М. Дулатов 1911 жылы Семей түрмесінде 19 ай абақтыда отырған. «Оян, қазақ!» кітабына шұрайлы жерлерінен, атақоныстан айырылған қазақ халқының басына түскен ауыртпалықты, халқының өткен тарихын, қазіргі халін көрсеткен «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі», «Қазақ халқының бұрынға мағишаты», «Өнермен хасил болған нәрселер», «Сайлаулар хақында», «Қазақ жерлері», «Мешіт-медресе хақында», «Жастарға», «Терме», «Таршылық халіміз хақында аз мінажат», «Жесір даулары хақында», «Жігіттер», «Насихат ғұмумия» т.б. өлеңдері топтастырылған.

 

Ақын М. Дулатов «Қазақ жерлері» өлеңінде:

 

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

 

Мұжыққа қош-аман боп барасың ба?

 

Қасиетті бабамыздың зияраты,

 

Қалдың ғой көшесінің арасында, –

 

деп жерінен айырылған қазақтың мұң-зарына үн қосқан.

 

17 бөлімнен, 556 тармақтан тұратын «Насихат ғұмумия» толғауы жеке өлеңдерде айтылған ақын ойының қорытындысы, жинақтамасы іспеттес. Шығармада ақынның аты-жөні, тайпасы, шыққан тегі, жері, кітаптың 25 жасында жазылғаны туралы айта келіп, халқымен, замандасымен, елінің сөз ұғарлық азаматтарымен сырласқан. Толғау қара өлең үлгісімен жазылған.

 

М. Дулатовтың мысал үлгісімен жазған «Жұмбақ» өлеңінде патша өкіметінің отар елдерді билеудегі қатыгездігін жұмбақтап, көрген түс түрінде жеткізген. М. Дулатовтың «Азамат», «Терме» жинақтары да ақын мұрасынан елеулі орын алатын көркем туындылар болып табылады. Жинақтарға енген «Мұң» «Сырым», «Шағым», «Қажыған көңіл», «Елім-ай», «Шешенің балаларын сүюі» өлеңдері – ақынның азаматтық позициясын танытатын шығармалар. «Шағым» өлеңінде:

 

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

 

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

 

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,

 

Пайдалан керегіңе жараса, Алаш! –

 

деп, саналы өмірін халқының азаттығы жолындағы күреске арнаған азамат атынан үн қатқан.

 

Ақынның біршама өлеңдері А. Байтұрсыновқа, Ә. Бөкейхановқа, Г. Потанинге арнау түрінде жазылған.

 

М. Дулатов драматургия саласында да қалам тартқан. «Балқия» пьесасы – қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтерген, қазақ әдебиетінде баспа бетін көрген алғашқы пьесалардың қатарынан орын алған туынды.

 

Сонымен бірге Міржақып Дулатовтың «Бүркіт кегі» поэмасы, оқу-ағарту саласындағы «Есеп құралы», «Қирағат кітабы» деген оқу кітаптары бар.

 

М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы – қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық атау қойылған прозалық туынды. Роман тақырыбы – қазақ әйелдерінің бас бостандығы, әлеуметтік теңсіздік мәселелері. Романның негізгі кейіпкерлері:

 

Жамал – романның негізгі кейіпкері, оқыған, білімді, ақылына көркі сай, сөзге шешен, өнерімен ел арасында «екінші Сара» деген атаққа ие болған өнерлі қыз. Ата-анасы баладан зарығып жүріп, мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған бала. Жазушы Жамалды: «Сұлулық, ақыл, салтанат – үшеуі бір-біріне муафик келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Бұл артықшылығының үстіне Жамал сөзге де ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды», – деп ерекше суреттеген.

Ғали – өнерлі де ақылды, алған бетінен қайтпайтын, сөзінде тұратын, Жамалдың сүйген жігіті. Жамалмен той үстінде танысып, айтыса келе бір-бірін ұнатқан екі жас қашып кетуге бел байлайды. Ғали: «Айтқан сертіне қыз жетіп, мен жетпей қалсам, маған тірідей өлім ғой, мен «тәуекел» деп бұл іске басымды байладым», – деп өзінің бірбеткейлігін көрсетіп, Жамалды алып қашады. Бірақ екі жастың бақытты өмірі ұзаққа бармайды. Ғали небәрі он үш күн ауырып қайтыс болады да, Жамал тағдыр талқысынан қашып құтыла алмай, өзін айттырған жеріне барып, көрген зорлығына шыдай алмай, қашып шығып, боранда адасып өледі.

Дүйсебек – Ғалидің әкесі.

Сәрсенбай – Жамалдың әкесі. Байлықтың буы басын айналдырған және қыздырманың тіліне ерген Сәрсенбай болыстыққа түсіп малын шығындайды. Мансап үшін бәріне дайын Сәрсенбай өзін қолдамақ болған Байжанның таз баласы Жұманға Жамалды беруге бел буады.

Шолпан – Жамалдың шешесі. Сәрсенбайдың тоқалы. Жамалдың тағдырына жаны ашитын жалғыз жан.

Қалампыр – Сәрсенбайдың бәйбішесі.

Жұман – Жамалдың күйеуі, ақылы аз, таз, байдың баласы.

Байжан – Сәрсенбайды алдап-арбап торына түсірген, қу да айлакер адам. Кек қайтару үшін қандай қулыққа да, айлакерлікке де баратын қанқұйлы әрекеттің бәрін ұйымдастырушы. Жұманның әкесі.

Жүніс, Нұрмаш – Ғалимен тілектес достары.

Фатихолла – Қашып барған Ғали мен Жамалды паналатқан саудагер.

 

«Бақытсыз Жамал» романы туралы А. Байтұрсынов: «Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды», – деп алғаш пікір айтқан.

 

Бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаев:

 

«Оян!» – дедің қазаққа»

 

Бас көтеріп, тірлік қыл!»

 

Ақыл айттың ұлтыңа:

 

«Таста талас, тірлік қыл!», –

 

деп, М. Дулатовтың елі үшін еткен еңбегін ерекше бағалаған.

 

Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік істерге жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатов 1928 жылы ұсталып, 1935 жылы Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Сосновец лагерінде қайтыс болған.

 

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі ұлы Абайдан кейінгі ірі тұлға Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазан күні қазіргі Көкшетау облысының Қызылту ауданында кедей отбасында өмірге келген. Екі жасында шешесінен айырылған Сұлтанмахмұт жастайынан жетімдік пен жоқшылықты тартып өскен. Сұлтанмахмұттың әкесі Әбубәкір Шоқпыт атанған кедей, момын шаруа адамы болған. Алты жасқа келгенде әкесі Шоқпыттан оқып хат таныған Сұлтанмахмұт өмірінің соңына дейін оқу үйренумен, білім іздеумен болған. Әлі, Тортай, Мұқан, Әбдірахман деген әр түрлі молдалардан дәріс алған Сұлтанмахмұт он үш жасында шығарған «Секілді өмір қысқа жарты тұтам» деген алғашқы өлеңінде:

 

Әкемнен «Әліп-биді» үйде оқыдым,

 

Үйреніп намаз-сабақ жат тоқыдым, –

 

деп өзі дәріс алған ұстаздарын, олардың шәкірт үшін сіңірген еңбегін айта

келе:

 

Лепес қып өзі бастап ақын бол деп,

 

Дұғасын ықыласпен берді маған, –

 

деп, Мұқан молданы ерекше атаған. Өзіне сабақ берген ұстаздарының ішінде Сұлтанмахмұтқа бірден-бір дұрыс бағыт сілтеген – Нұрғали Бекбауов үлкен қалаларға барып білім алу туралы ақыл-кеңес берген. Өзінің білімінің таяздығын сезген Сұлтанмахмұт 1912 жылы Троицк қаласына барып, Ахун Рахманқули деген татардың медресесіне оқуға түскен.

 

1913 жылы осы қаладағы «Айқап» журналы редакциясында қызмет еткен Сұлтанмахмұт «Оқып жүрген жастарға», «Шәкірттерге», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау» деген өлеңдерін жазып, өзінің ағартушылық көзқарасын танытқан.

 

С. Торайғыров өміріндегі негізгі кезеңдерді, маңызды оқиғаларды төмендегі кесте арқылы көруге болады.

 

 

Өміріндегі маңызды жылдар

Өміріндегі негізгі оқиғалар

Осы жылдарда жазған шығармалары

1. 1893 жыл 28 қазан

 

 

Қазіргі Көкшетау облысы Қызылту ауданында туған.

 

2. 1902-1903 жж.

 

Әлі молдадан дәріс алған.

 

3. 1904-1905 жж.

Тортай молдадан оқыған.

Әзіл-сықақ өлеңдер құрастыра бастаған.

4. 1906-1907 жж.

Мұқан молдадан оқуын жалғастырған.

«Секілді өмір қысқа, жарты тұтам» өлеңін жазған.

5. 1908 ж.

 

 

Баянауылдағы Әбдірахман молданың медресесіне түскен.

«Орнымыз медресе оқып жатқан» өлеңін жазған.

6. 1911 жж.

Нұрғали Бекбауов деген мұғалімнен жаңаша оқыған.

«Оқу», «Кезек қашан келеді?», «Дін», «Зарландым» шығармаларын жазған.

7. 1912 ж. қыс айларында

Троицк қаласындағы Ахун Рахманқулидың медресесінде оқыған.

«Оқып жүрген жастарға», «Талиптарға» өлеңдерін жазған.

8. 1912 ж. көктем-жаз айларында

Троицк маңындағы ауылда бала оқытқан.

«Ауырмай есімнен жаңылғаным» әңгімесі, мысал өлеңдерін жазған.

9. 1912-1913 жж.

Троицк қаласында “Айқап” журналының редакциясында қызмет істеген.

«Қамар сұлу» романын, мақалаларын, «Шығамын тірі болсам, адам болып» өлеңін жазған.

10. 1914 жылдың жазы

Баянауылға келіп бала оқытқан. “Шоң серіктігін” құрған.

«Бір адамға», «Туған еліме», «Ендігі беталыс», «Қос үй» өлеңдерін жазған.

11. 1914 жылдың күзі

Семей қаласына оқуға келген. Аз ғана тұрып қаладан кетеді.

«Лағнет бұлты шатырлап», «Өмірімнің уәдесі» өлеңдерін жазған.

12. 1914-1916 жж.

 

 

Қатонқарағай, Зайсан өңірінде бала оқытқан.

 

«Кім жазықты?» романын жазған.

13. 1916-1917 жж.

Томск қаласындағы даярлық курсында оқыған.

«Шәкірт ойы» өлеңін жазған.

14. 1917 ж. наурыз

Семейге келіп, қоғамдық жұмыстарға араласқан.

«Алаш ұраны» өлеңін, «Таныстыру» поэмасын жазған.

15. 1918 жж.

Өз елі Баянауылға келген. Өздігінен білімін көтерген.

«Адасқан өмір» поэмасын жазған

16. 1919 ж.

 

 

Шідерті болысындағы комитет төрағасы болып сайланған.

«Кедей» поэмасын жазған.

17. 1920 ж.

20 мамыр

С. Торайғыров 27 жасында ауыр науқастан қайтыс болған.

«Айтыс» поэмасын бастап жазған, бірақ аяқтамаған.

 

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған демократ ақын «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңінде:

 

Мен – балаң жарық күннен сәуле қуған,

 

Алуға күнді барып белін буған.

 

Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,

 

Болмасам толған айдай балқып туған, –

 

деп, өзінің алға қойған мақсат-мұратын айқын да ашық жеткізген. Бар ғұмырын оқу-білім үйренуге бағыштаған ақын «Оқудағы мақсат не?» деген өлеңінде «оқудағы мақсат молда болып, ескілікті бағу да, әкім болып, шен-шекпенді болу да емес, – өнер табу, халыққа пайдалы іс істеу» деп нақтылай түскен.

 

1917 жылы Семей қаласындағы «Сарыарқа» газеті мен «Айқап» журналына өлеңдері мен мақалаларын бастырған. Осы жылдың қазан айында Әлихан Бөкейхановтың Семейге келуіне орай «Сарыарқа» газетінде Сұлтанмахмұттың «Әлиханның Семейге келуі» деген мақаласы жарияланған. Бұл тұста жазған «Алаш ұраны» өлеңінде ақын:

 

Алаш туы астында Қанымызға тоймаған

 

Біз – Алаштың баласы. Қолымызды байлаған,

 

Күніміз туып көгерді Ерімізді айдаған,

 

Сарыарқаның даласы Елімізді лайлаған

 

Құрт аурудай жайлаған, Жерімізді шимайлаған

 

Құртпаққа бізді ойлаған, Өшті залым қарасы.

 

Жасасын, Алаш, жасасын! –

 

деп, Алаш ісіне адал болуға, оны қолдауға үндейді, елді бірлікке, тәуелсіздік үшін күреске шақырады.

 

С. Торайғыров шығармаларының өзекті тақырыбы – оқу-ағарту мәселесі. «Шығамын тірі болсам, адам болып», «Шәкірт ойы», «Оқудағы мақсат не?», «Оқып жүрген жастарға», «Оқу», «Орнымыз медресе оқып жатқан», «Талиптарға» өлеңдерінде халықты, жастарды оқу-білімге, өнерге, кәсіп үйренуге, өркениетті елдерден үлгі алуға, ілгері өркендеуге, басқалармен теңелуге шақырған.

 

С. Торайғыровтың: «Зарлау», «Жазғы қайғы», «Түсімде көрген бір аянышты хал», «Мұңдылардың жолыққаны», «Нешелер көз жасы төгілді», «Қайғы», «Мейірімсіз ажал», «Жапырақтар», «Туған еліме», «Шал алған қызға«, «Жүрегім тулап шабасың», «Алты аяқ» өлеңдері адам мен қоғам, қоғамдағы әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік, әйел тағдыры тақырыбына арналған.

 

«Ендігі бет алыс», «Бір адамға», «Сарыарқаның жаңбыры», «Осы да әділдік пе?», «Кезек қашан келеді?», «Өң бе, түс пе?», «Анау-мынау» атты шығармалары Сұлтанмахмұттың азаматтық көзқарасын танытатын саяси лирикаға жатады.

 

«Гүл», «Жапырақтар», «Кеш», «Жылы кеш», «Жан қалқа» өлеңдері адамның ішкі сезімін, сырын суреттейтін махаббат лирикасы болып табылады.

 

С. Торайғыровтың: «Тұрмысқа», «Көңілді көндіретін тағдыр», «Жақсылық көрсем өзімнен», «Туған еліме», «Жүрегім тулап шабасың», «Неге жасаймын?», «Жас жүрек» өлеңдері көңіл күй лирикасына жатады.

 

С. Торайғыровтың «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», «Таныстыру» атты поэмалары бар. «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары – философиялық мәселерді, заманның түйінді тақырыптарын қозғайтын, жаңа идеяны суреттейтін жаңа мазмұнды шығармалар.

С. Торайғыров шығармашылығынан ерекше орын алатын туынды – Алашорда үкіметінің белгілі қайраткерлері мен қазақтың ұлы адамдарын елге таныстыру мақсатында 1917 жылы жазған «Таныстыру» поэмасы.

 

Көптеген өлеңдерінде қоғамдағы ең күрделі мәселе әйел тағдырын, олардың бас бостандығын жырлаған С. Торайғыров бұл тақырыпты өзінің «Қамар сұлу» және «Кім жазықты?» романдарында тереңдете жалғастырған.

 

«Қамар сұлу» романы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі ірі туынды, алғашқы қазақ романдарының бірі. Романның тақырыбы – қазақ әйелінің бас бостандығы. Романның негізгі кейіпкерлері:

Қамар – сұлу, ақылды, алды-артын ойлайтын пайымды, оқығаны бар, сөзге ұста, ақындығымен танылған , он бес жасар қыз. Романның негізгі кейіпкері.

 

Ахмет – Қамардың сүйген жігіті. Оқыған, зерек, ақылды, ел аузына ерте ілінген кедей жігіт.

Омар – Қамардың әкесі. Қамарды Нұрымға беруге қарсы шыққан, көзі ашық адам.

Жәуке – Ахметтің әкесі, кедей адам.

Қасен – Қамардың ағасы. Қамардың Нұрымға ұзатылуына қарсы шыққан, қарындасына жаны ашитын, оқыған азамат.

Оспан би, Қалтан қажы, Жорға Нұрым – романдағы Қамар, Ахмет, Омар, Қасендерге қарама-қарсы бейнеде алынған жағымсыз кейіпкерлер.

Роман оқиғасы трагедиямен – бас кейіпкер Қамардың қайғылы өлімімен аяқталады. Қамар сол дәуірдегі әлеуметтік теңсіздіктің құрбаны болады.

«Қамар сұлу» – тақырыбы мен мазмұны жағынан ескі қазақ қоғамының шындығын танытқан, өз дәуірінің көкейкесті мәселесінің бірі әйелдердің бас бостандығын барынша өткір, батыл көтерген, қалыңмал алушылықтың сорақы түрін әшкерелеген танымдық мәні жоғары әлеуметтік роман. Романның негізгі идеясы әр қилы адам тағдыры, адамдардың қарым-қатынасы арқылы ашылған. Романда жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен ізгілік, қара күш пен адамгершілік тартысқа түскен.

 

С. Торайғыровтың ақындық, азаматтық тұлғасын зерттеуші-ғалым Т. Нұртазин: «С. Торайғыров – қазақ тарихындағы ой-санасы ең қырағы, ең қанатты, ең қазыналы қайраткердің бірі», – деп өте жоғары бағалаған.

 

ХХ ғасырдың басындағы ұлы Абайдан кейінгі ірі тұлға, көрнекті ақын, прозашы, публицист, бар ғұмыры мұқтаждықта, азапта, тартыс-күресте өткен жалынды тұлға Сұлтанмахмұт Торайғыров 1920 жылы 21 мамыр күні бар болғаны 27 жасында ауыр науқастан қайтыс болған. Қиыншылықпен өткен қысқа ғұмырында С. Торайғыров 110-дай өлең, 5-6 поэма, 2 роман, 7-8 мақала, очерк, әңгіме жазып қалдырған.

 

 



Сұрақтар
  1. «Қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» аса көрнекті қазақ ақынын көрсетіңіз.

  2. А. Байтұрсыновтың әйгілі орыс ғалымы Г.Н. Потанинге тарту еткен жыр жинағын көрсетіңіз.

  3. «Өгіздей болу саған қайда, шырақ?!

    Араңыз екеуіңіздің тым-ақ жырақ!

    Онымен бірдей болып толмақ түгіл,

    Қалпыңнан асқан жоқсың артығырақ», – деген үзінді А. Байтұрсыновтың қай шығармасынан алынғанын табыңыз.

  4. «Бай – байға құяды, сай – сайға құяды» деген мақал-мәтел А. Байтұрсыновтың қай өлеңінің идеясына сай келетінін көрсетіңіз.

  5. А. Байтұрсыновтың Қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын жинағын көрсетіңіз.

  6. «Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсынов» ғұмырнамалық очеркінің авторын көрсетіңіз.

  7. Әкесі айдалып кеткенде Ахмет неше жаста болғанын табыңыз.

  8. А. Байтұрсыновтың ғылыми еңбегін көрсетіңіз.

  9. А. Байтұрсыновтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалының негізгі идеясын көрсетіңіз.

  10. Қазақ әдебиеттануындағы әдеби терминдердің баламасын ойлап тапқан ғалымды көрсетіңіз.

  11. М. Дулатовқа арналған:

    «Оян!» – дедің халқыңа,

    Бас көтеріп тірлік қыл!»

    Ақыл айттың ұлтыңа:

    «Таста талас, тірлік қыл!» – деген өлең жолдарының авторын көрсетіңіз.

  12. Міржақып Дулатовтың пьесасын көрсетіңіз.
  13. «Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

    Мұжыққа қош-аман боп барасың ба?

    Қасиетті бабамыздың зияраты

    Қалдың ғой көшесінің арасында», – деген үзінді М. Дулатовтың қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.

  14. М. Дулатовтың мысал өлеңін белгілеңіз.

  15. М. Дулатовтың «Өлеңмен хасил болған нәрселер» деп аталатын өлеңіндегі «хасил» сөзінің мағынасын көрсетіңіз.

  16. Бос орынға қажет М. Дулатов шығармасының кейіпкерінің атын көрсетіңіз. «Сұлулық, ақыл, салтанат – үшеуі бір-біріне муафик келіп, _______ сол елдің қызының алды болды. Бұл артықшылығының үстіне _____ сөзге де ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды».

  17. «Айтқан сертіне қыз жетіп, мен жетпей қалсам, маған тірідей өлім ғой, мен «тәуекел» деп бұл іске басымды байладым», – деген қай кейіпкердің сөзі екенін көрсетіңіз.

  18. М. Дулатовтың «екінші Сара» атанған кейіпкерін табыңыз.

  19. «С. Торайғыров – қазақ тарихындағы ой-санасы ең қырағы, ең қанатты, ең қазыналы қайраткердің бірі», – деген сөзді айтқан ғалымды көрсетіңіз.

  20. «Мен – балаң жарық күннен сәуле қуған,

    Алуға күнді барып белін буған.

    Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,

    Болмасам толған айдай балқып туған», – деген өлең жолдарының авторын көрсетіңіз.

  21. С. Торайғыровтың әңгімесін көрсетіңіз.

  22. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған ақынды көрсетіңіз.

  23. С. Торайғыров айтқан оқудағы мақсатты көрсетіңіз.

  24. С. Торайғыровтың Алашорда үкіметінің белгілі қайраткерлері мен қазақтың ұлы адамдарын елге таныстыру мақсатында жазған шығармасын көрсетіңіз.

  25. С. Торайғыров қызмет істеген журналды және оның қай қалада болғанын көрсетіңіз.

  26. Қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық құрылымын талдаған А. Байтұрсыновтың тұңғыш еңбегін көрсетіңіз.

  27. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романында Жамал қалай қайтыс болғанын белгілеңіз.

  28. С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы қандай туынды екенін табыңыз.

  29. «Бақытсыз Жамал» повесіндегі Сәрсембайдың бәйбішесін көрсетіңіз.

  30. С. Торайғыровтың:

    Мен – балаң, жарық күнде сәуле қуған,

    Алуға күнді барып белді буған.

    Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,

    Болмасам толған айдай балқып туған, – деген өлең тармақтарындағы буын саны мен ұйқас түрін табыңыз.

  31. Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайтын А. Байтұрсыновтың мақаласын көрсетіңіз.

  32. С. Торайғыровтың бір шығармасындағы қай қызды жынданған деп, соққыға жығып, басын тесіп өлтіретінін табыңыз.

  33. М. Дулатовтың пьесасының атын табыңыз.

  34. С. Торайғыровтың 5 бөлімнен тұратын, сюжетсіз поэмасын белгілеңіз.

  35. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романында Ғали мен Жамал «Қырыққұдық» деген жерде кімді паналағанын табыңыз.

  36. С. Торайғыровтың негізгі кейіпкерлері қазақтың ел билеуші үстем тап өкілдері болып келген шығармасын белгілеңіз.

  37. Ахмет Байтұрсынов 1913-1918 жылдар арасында қай газетте редактор болғанын белгілеңіз.

  38. Ахмет Байтұрсынұлы

  39. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабы оның қандай қырын айқындайды?

  40. «Бақытсыз Жамал» романының кейіпкерлері

  41. Міржақып Дулатұлының өлеңі (-дері)

  42. А. Байтұрсынұлының  «Қара бұлт» өлеңінің негізгі идеясы

  43. С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романындағы кейіпкерлер

  44. М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романының кейіпкерлер

  45. Ахмет Байтұрсынұлының мысал өлеңі (-дері)

  46. С. Торайғыровтың «Мен – қазақ» өлеңінен алынған үзінді

Қате туралы хабарландыру