Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Әдебиет теориясы: әдебиеттің тектері. Әдеби жанрлар. Тілдің көркемдегіш тәсілдері. Өлең ұйқастары

Конспект

Эпос – өмір шындығын мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін терең ашып жан-жақты танытатын күрделі жанр.

 

Лирика – суреттеп отырған өмір құбылысына ақынның түсінігін, күйінішін, сүйінішін көрсететін көлемі шағын өлеңдер.

 

Драма – шындықты айрықша тәсілдермен, шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, оқиғаға қатысатын адамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдында қолма-қол көрсететін жанр.

 

Әдеби жанрлар

 

Эпикалық жанрға жататын шығармалар: батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, ертегілер, аңыздар, эпопея, роман, хикаят (повесть), әңгіме, очерк, новелла, т.б.

 

Лирикалық жанрға жататын шығармалар: арнау-өлең, баллада, өлең, сонет, рубаи, т.б.

 

Драмалық жанрға жататын шығармалар: трагедия, комедия, интермедия, скетч, пьеса, т.б.

 

Тілдің көркемдегіш тәсілдері

 

Ажарлау

 

Теңеу – заттың не құбылыстың ерекше белгілерін басқа затпен не құбылыспен салыстыра суреттеу.

 

Келеді желдей зуылдап,

 

Жеткізбейді Шұбар ат.

 

Атқан оқтай зырылдап,

 

Жал-құйрығы суылдап. («Алпамыс батыр» жырынан)

 

Эпитет (айқындау) – заттың не құбылыстың айрықша сипатын, сапасын, белгісін білдіретін суретті сөз.

 

Алтын күнді, қара жерді сағындым,

 

Жан-жолдасым – жүйрік желді сағындым. (М.Жұмабаев, «Сағындым)

 

Ассонанс – бірыңғай дауысты дыбыстарды қайталау.

 

Ашу деген – ағын су,

 

Алдын ашсаң, арқырар.

 

Ақыл деген – дария,

 

Алдын тоссаң, тоқырар. (Қазыбек би)

Аллитерация – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау.

 

Түніменен түйіндік,

 

Таң атқанда тарандық.

 

Таң ағарып атқан соң,

 

Төңірек жаққа қарандық. (Махамбет, «Соғыс»)

 

Ажарлаудың бұл түрлері поэзияда да, прозада да кездеседі.

 

Құбылту – троптар

 

Метафора (ауыстыру) – суреттелген затты не құбылысты айқындай түсу үшін оларды сөздеріне ұқсас затқа не құбылысқа балау.

 

Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,

 

Ойнақтап басылайын аз желдетіп. (І. Жансүгіров, «Әнші»)

 

Кейіптеу – табиғат құбылыстарын жандандырып, адам кейпінде суреттеу.

 

Мөлдіреген «Жетімкөл» көкке қарап,

 

Мөлдіреген көз жасын тыя алмай тұр. (М. Мақатаев, «Аққулар ұйықтағанда»)

 

Метонимия (алмастыру) – өзара байланысты ұғымдар мен шартты сөздерді бірінің орнына бірін алмастыра қолдану.

 

Үйі мәз боп қой сойды,

 

Сүйіншіге шапқанға. («Абай, «Мәз болады болысың»)

 

Синекдоха (мегзеу) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны немесе керісінше қолдану.

 

Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,

 

Бермек болған айғырдың көзі қайда? (Абай)

 

Аллегория (пернелеу) – адамдар арасындағы қатынастарды астарлап жануарлар мен жәндіктер әрекетімен көрсету. Аллегорияға А. Байтұрсыновтың, С. Дөнентаевтың мысал өлеңдері жатады.

 

Ирония (кекесін) – адамды, затты, құбылысты сырттай мақтап суреттеп, іштей келекелеп, мысқалдап айту.

 

Көрінсін Біржан салға ай секілді,

 

Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.

 

Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,

 

Біржанға баламаймын тай секілді. («Біржан мен Сара» айтысынан)

 

Гипербола (ұлғайту) – затты не құбылысты шамадан тыс ұлғайтып көрсету.

 

Литота (кішірейту) – затты не құбылысты кішірейтіп көрсету.

 

Астында мінген тарланның

 

Тұрпатына қараса,

 

От орнындай тұяқтан (гипербола)

 

Оймақтайы қалыпты. (литота)

 

Етектейін еріннен (гипербола)

 

Екі елісі қалыпты. (литота)

 

Қиған қамыс құлақтан

 

Бір тұтамы қалыпты. (литота)

 

Жалбыраған жалынан

 

Жалғыз қарыс қалыпты. (литота)

 

Бір құшақтай құйрықтан (гипербола)

 

Бір уыстай қалыпты. (литота)

 

Айшықтау

 

Арнау – автордың өзіне не өзгеге, кейде тіпті жалпы жұртқа арнайы тіл қатуы, олармен іштей тілдесуі.

 

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

 

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

 

Жақсы менен жаманды айырмадың,

 

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың... (Абай)

 

Қайталау

1. Жай қайталау.

 

Мен, мен едім, мен едім,

 

Мен Нарында жүргенде,

 

Еңіреп жүрген ер едім. (Махамбет)

2. Еспе қайталау.

 

Сарыарқаның бір тауы бар,

 

Бір тауы бар сымбатты.

 

Сол таудан сен сыр тауып ал,

 

Сыр тауып ал, қымбаттым. (С. Сейфуллин)

 

3. Анафора – өлең тармақтарында белгілі бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол басында қайталануы.

 

Алтын күн аспаны, 

 

Алтын дән даласы,

 

Ерліктің дастаны,

 

Еліме қарашы!

 

4. Эпифора – өлең тармақтарында бір сөздің немесе сөз тіркесінің жол аяғында қайталануы.

 

Атадан туған мен бір шоқ,

 

Садаққа байлар сайман жоқ.

 

Балталыдай көлім жоқ,

 

Бақалыдай көлім жоқ,

 

Алдымда менің ағам жоқ,

 

Артымда менің інім жоқ. («Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан)

 

5. Риторикалық сұрақ – риторикалық сұраққа, әдетте, жауап күтілмейді, айтылған ойға тыңдаушының назарын аударып, екпін түсіру үшін қолданылады.

 

Айналайын ақ Жайық,

 

Ат салмай өтер күн қайда?

 

Еңсесі биік ақ орда,

 

Еміне кірер күн қайда? (Махамбет)

 

6. Антитеза (шендестіру) – кереғар екі затты не құбылысты қатар қоя отырып, келесі бір заттың, ұғымның, құбылыстың сипатын суреттеу.

 

Бұқар барсаң қолаң бар,

 

Қолаңды көр де шашым көр.

 

Зергер барсаң қасында

 

Алтыннан соққан түйме бар.

 

Түймені көр де басым көр.

 

Молаға барсаң қасында

 

Қиюлы жатқан қалам бар,

 

Қаламды көр де қасым көр. («Ер Тарғын» жырынан)

 

7. Градация (дамыту) – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылысты асыра, асқақтата суреттеу.

 

Сары ала туы салбырап,

 

Қабағы тастай түйіліп,

 

Аллалап Тарғын шабады.

 

Ай бетіне кіреді,

 

Күн бетінен шығады.

 

Қойға бір бөрі

 

Бөріктіре қырады.

 

Талай қалмақ құлады,

 

Ер қайратын сынады.

 

Сүйіп мінген Тарланға

 

Басты келіп дойырды,

 

Тарлан салды мойынды,

 

Толып жатқан қалмаққа

 

Тарғын салды ойынды,

 

Талай қалмақ жойылды. («Ер Тарғын» жырынан)

 

8. Параллелизм (егіздеу) – екі құбылысты немесе екі затты қатар қойып, жұптап суреттеу.

 

Асыл туған Ақжүніс,

 

Күнді бұлт қоршайды,

 

Күнді байқай қарасам,

 

Күн жауарға ұқсайды!

 

Айды бұлт қоршайды,

 

Айды байқай қарасам,

 

Түн жауарға ұқсайды!

 

Бойды байқай қарасам,

 

Қол-аяғым көсіліп,

 

Аузы-мұрным ісініп,

 

Алланың хаһ бұйрығы

 

Маған таянғанға ұқсайды! («Ер Тарғын» жырынан)

 

9. Инверсия – сөздердің орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құру.

 

Қасымдағы қырық жігіт

 

Суыра алмады оғымды,

 

Тасқа кірген тартқанда. («Ер Тарғын» жырынан)

 

10. Эллипсис – сөйлем ішінде атап айтпаса да түсінікті кейбір сөздерді әдейі жазбай кету.

 

Таң бозарып атқанда,

 

Таң шолпаны батқанда,

 

Ұйқыда ел жатқанда

 

«Аттан!» деген бір дауыс

 

Құлаққа сар-сар келеді... (Мұнда «Жау шапты» деген сөз тіркесі айтылмаған)

 

Өлең ұйқастары

 

Белгілі бір өлшеммен, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесін өлең дейді.

 

Өлең жолдары буын саны, тармағы, ырғағы мен мағынасы жағынан және ұйқасу үйлесімі жағынан жеке жүйе құрайды. Мұны өлеңнің шумағы деп атайды.

 

Шумақ тармақтардан, яғни өлең жолдарынан тұрады. Тармақ өз ішінен бунақтарға бөлініп, олар ырғағын тудырады. Тармақтың соңғы сөздерінің дыбыстық жағынан үндесуін өлең ұйқасы деп атайды.

 

Академик Қ. Жұмалиев қазақ поэзиясындағы ұйқастардың түрін төмендегідей көрсеткен:

 

1. Қара өлең ұйқасы (а, а, б, а)

2. Шұбырпалы ұйқас (а, а, а, а)

3. Ерікті ұйқас (а, б, в, г, б)

4. Шалыс ұйқас (а, б, а, б)

5. Егіз ұйқас (а, а, б, б)

6. Аралас ұйқас (а, а, б, в, б, в, б, б, б)

7. Шалыс ұйқас (а, б, а, б, в, г, д, г, ж, д)

 

Ұйқас түрлерінің үлгі кестесі.

 

 

Ұйқас түрлері

Мысалдар

 
1

Қара өлең

ұйқасы

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, /а/

Қиыннан қиыстырар ер данасы. /а/

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, /б/

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы. /а/ (Абай)

2

Кезекті ұйқас

 

Желп-желп еткен ала ту, /а/

Жиырып алар күн қайда? /б/

Орама мылтық тарс ұрып, /в/

Жауға аттанар күн қайда? /б/

(Махамбет)

3

Шұбыртпалы

ұйқас

Бұған Қобылан қуанып: /а/

«Шырағым, Бурыл, шу!» - деді, /б/

Құбылып Бурыл гуледі, /б/

Табаны жерге тимеді, /б/

Тау менен тасты өрледі, /б/

Төрт аяқты сермеді, /б/

Құлақтың түбі терледі, /б/

Тер шыққан соң, өрледі, /б/

Адырды көзі көрмеді. /б/

(«Қобыланды батыр» жырынан)

4

Ерікті ұйқас

Алты жасқа келгенде /а/

Арыстан туған Қобылан /б/

Қазынадан қамқа киеді. /в/

Өзімнің еншім болсын деп, /г/

Тобылғы меңді торы атты /д/

Енші қылып мінеді. /в/

Қобыландының тілегін /ж/

Бүкіл Қыпшақ тіледі. /в/

(«Қобыланды батыр» жырынан)

5

Шалыс ұйқас

Қараңғы қазақ көгіне /а/

Өрмелеп шығып күн болам. /б/

Қараңғылықтың кегіне /а/

Күн болмағанда, кім болам? /б/

(Сұлтанмахмұт)

 

 

 



Сұрақтар
  1. «Фольклор» деген сөздің анықтамасын көрсетіңіз.
  2. «Фольклор» қай тілден енген сөз екенін көрсетіңіз.
  3. «Ұшқыш кілем» қай жанрға жататын шығарма екенін табыңыз.
  4. Лиро-эпостық жанрға жататын шығарманы көрсетіңіз.

  5. А. Құнанбаевтың «Қыс» өлеңі неше шумақтан тұратынын көрсетіңіз.

  6. Табиғат құбылыстарын жандандырып суреттеу қалай аталатынын табыңыз.

  7. «Шеген сұлу, сұңғақ денелі, бұлшық еттері болаттай иірілетін, күнге күйген, тобылғы торы екен» деген әдеби теориялық ұғымның қай түрі екенін көрсетіңіз.
  8. Қазақ әдебиетінде баллада жазу дәстүрін бастаған жазушыны көрсетіңіз.

  9. Берілген үзіндідегі асты сызылған сөздер көркемдегіш тәсілдің қай түрі екенін табыңыз.

    Келеді желдей зуылдап,

    Жеткізбейді шұбар ат.

    Атқан оқтай зырылдап.

    Жал-құйрығы суылдап.

  10. Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы әдеби жанрдың қай түріне жататынын белгілеңіз.

  11. Берілген үзінді құбылтудың қай түріне жататынын көрсетіңіз.

    Әйнегі – күн, шатыры – аспан,

    Кең дала төсі толқыған егін.

  12. Композицияның құрылысына жатпайтын қатарды көрсетіңіз.
  13. Берілген үзінді айшықтаудың қай түріне жататынын көрсетіңіз.

    Молдаға барсаң қасында

    Қиюлы жатқан қалам бар,

    Қаламды көр де қасым көр.

  14. Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,

    Біржанға баламаймын тай секілді, – деген үзінді құбылтудың қай түрі екенін табыңыз.

  15. С. Торайғыровтың құбылтудың түрі ирония мен сатираны пайдаланып жазған шығармасын көрсетіңіз.

  16. Үзінді қайталаудың қай түрі екенін табыңыз.

    Саған мінер белім жоқ,

    Белге қылар емім жоқ.

    Ауызға жерге жемім жоқ.

    Сүйегімді ұстар теңім жоқ.

  17. Қ. Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» шығармасы әдеби жанрдың қай түрі екенін көрсетіңіз.

  18. Балладаға жататын шығарманы көрсетіңіз.

  19. Б. Бұлқышевтің «Өмір сүргім келеді» шығармасы әдеби жанрдың қай түрі екенін табыңыз.

  20. Метафораны көрсетіңіз.

  21. Ш. Мұртазаның «Бесеудің хаты» шығармасы әдеби жанрдың қай түрі екенін көрсетіңіз.

  22. С. Торайғыровтың «Шәкірт ойы» өлеңінен алынған шумақтың ұйқас түрін көрсетіңіз.

    Қараңғы қазақ көгіне

    Өрмелеп шығып, күн болам!

    Қараңғылықтың кегіне,

    Күн болмағанда кім болам?

  23. Өлең құрылысына жатпайтын қатарды табыңыз.

  24. М. Дулатовтың «Жастарға» өлеңінен алынған шумақтың ұйқасын көрсетіңіз.

    Етемін үміт жастардан,

    Жаңа гүл шашқан бақшадай.

    Мұрадын оңай кім табар,

    Жар салып жұртқа қақсамай?

  25. О. Сүлейменовтің «Қыз қуу» өлеңінің бірінші шумағы ұйқастың қай түрімен жазылғанын белгілеңіз.

  26. «Пейзаж» терминінің мағынасын анықтаңыз.

  27. Қара жерге қар жауар,

    Қарды көр де, етім көр!

    Бейнелеу тәсілінің қай түріне жататынын анықтаңыз.

  28. «Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,

    Бөгелмей білім біл, бөбек.

    Білмесең білім бекерсің,

    Бет алдыңа кетерсің».

    Шумақтағы дыбыс үндесу тәсілін табыңыз.

  29. Өлеңнің әрбір жолы қалай аталатындығын көрсетіңіз.

  30. Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,

    Нәзік бел талшыбықтай бұраңдайды (Абай).

    Қарамен бөлінген сөзді қандай тіл айшығы деуге болатынын табыңыз.

  31. «Сәлем – борыш, сөз – қулық болғаннан соң» (Абай). Көркем бейнелеудің қай түрі екенін табыңыз.

  32. Метафораның ерекшелігін көрсетіңіз.

  33. Дыбыс үндестігіне құрылған:

    «Ойыл деген ойыңды, Отын тапсаң тойынды...

    Елбең-елбең жүгірген Ебелең отқа семірген» – деген шумақ дыбыс қайталаудың қай түрі екенін белгілеңіз.

  34. «Аласыз қара көзі айнадайын» деген жолдағы тіл айшығын табыңыз.

  35. Шығарманың тақырыбы деген ұғымға сәйкес келетін жауапты көрсетіңіз.

  36. Анафора анықтамасына сәйкес келетінін белгілеңіз.

  37. Шумақтағы ұйқастың түрін табыңыз.

    Гималайда қуат бар,

    Қозғалды оны құрауға.

    Гималайда ұлы от бар,

    Таянып тұр тұтауға.

  38. а, а, б, а түріндегі ұйқас ұйқастың қай түріне жататындығын табыңыз.

  39. Әдет-ғұрыпқа байланысты туған өлең-жырлар қандай жанр түріне жақын екенін белгілеңіз.

  40. Диалог дегеніміздің не екенін табыңыз.

  41. а, а, б, б түріндегі ұйқас ұйқастың қай түріне жататындығын табыңыз.

  42. Метафораны табыңыз.

    «Таулар – менің таусылмайтын бақытым,

    Ал ырысым – ұлан-ғайыр кең далам».

  43. Сом тұяқ тасты жарар сермегенде,

    Жүйріктің жаны кірер терлегенде.

    Өлеңнен тоят іздеп түлеп ұшқан

    Қыранмын қанат қақпас өрлегенде, – деген шумақта көркемдік тәсілдің қай түрі қолданылғанын көрсетіңіз. (Шашубай Қошқарбайұлы айтысы)

  44. Мына өлең жолдарындағы асты сызылған сөздер қандай көркемдеу құралына жататынын анықтаңыз.

    «Ақ иық мұзбалақпын жерге түспес,

    Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес»

  45. І. Жансүгіровтің «Дала» поэмасының «Той бастау» тарауындағы көркемдік ерекшелікті табыңыз.

  46. Сюжет

  47. Градация дегеніміз не?

  48. «Әдебиет» сөзі араб тілінде қандай мағына береді?

  49. Коллизия

  50. Өлең жолдарындағы тілдің көркемдегіш тәсілдері

    Айналайын ақ Жайық,

    Ат салмай өтер күн қайда?

    Еңсесі биік ақ орда,

    Еміне кірер күн қайда?

  51. Троп түрлері

    Сен – сұңқарсың, мен – қумын.

    Саған дұспан – маған жау.

    Керекті күні алдыңда

    Ғазизлеген сұлтан жаным аяман!

  52. Үзінді көркемдік құралдың мына түрлеріне жатады

    ...Есіркеген қазір шым-шытырық жұмбақ ойдың шешімін таба алмай шатасуда еді. «Расымен, мен қателесіп жүрмін бе? Түбі жауынан құтыла алмайтынын білген жаралы жолбарыс тәрізді не болса да айқасып өлем деген Кенесарыныкі дұрыс па?»

  53. Берілген үзіндіде кездесетін көркемдік тәсіл (-дер)

    Домбыра, сенде мін бар ма?

    Мінсіз болсаң, тіл бар ма?

    Тіл жоқ деуге бола ма?

    Тілден артық үн барда?

  54. Көркемдік әдіс тұрғысынан образдың қандай түрлері болады?

     

  55. Халық ауыз әдебиетінің жанрлық құрамына жататын жанр түрі (-лері)

  56. Берілген тізімдегі поэма жанрында жазылған шығарма (-лар)

  57. Лирика жанрының анықтамасы болатын белгілер

  58. Өлең жолдарындағы тілдің көркемдегіш тәсілдері

    Таң мен күннің арасы таянғанда,

    Таудың басы алаумен боялғанда,

    Тірілетін таудағы бар тіршілік,

    Қанатынан аққудың оянған ба?

  59. Әпсана деп қандай жанрды айтамыз? Әпсанаға анықтама болатын сөздер

  60. Миф анықтамасына жататын сөздер

Қате туралы хабарландыру